ffin.kz

Қали Сәрсенбайдың қос кітабының таныстырылымы өтті

Қали Сәрсенбайдың қос кітабының таныстырылымы өтті Сурет: Almaty-akshamy.kz. 

Белгілі қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының лауреаты Қали Сәрсенбайдың екі бірдей кітабының тұсауы кесілді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 


Оның бірі КСРО және Қазақстанның Халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімұлы туралы. «Корифей» деп аталады. Қали Сәрсенбайдың бұған дейін де аты аңызға айналған Асанәлі жайында жазған бір кітабы жарық көрген болатын. Ал кезекті туындысына белгілі тұлғаның өнердегі һәм өмірдегі жүріп өткен жолында кездескен оқиғалар, тосын қырлары мен сырлары баяндалады. Ал екінші «Журналист – өмір барлаушысы, журналистика – өмір мектебі» деген кітап кәсіби журналист, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жанболат Аупбаевпен жүргізілген сұхбаттарға арналған, сол замандасы жөніндегі «1001-ші мақала» деген эссемен түйінделеді. Жалпы, қазақ баспасөзіндегі тұлғалар жөнінде, олардың тағлымы, жалпы ұлт баспасөзіндегі қызықты деректер, оқиғалар баяндалатын бұл кітапты журналистика факультеттеріне қосымша оқулық ретінде ұсынуға болады деп отыр пікір білдірушілер.



Кітаптың таныстырылымына елімізге белгілі ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлерімен бірге, Қали Сәрсенбайдың екі кейіпкері де қатысып, лебіздерін жеткізді.


 Кенжехан МАТЫЖАНОВ, ғалым:



Қали Сәрсенбайды «жүректі журналист» деп атар едім. Және мұны екі түрлі мағынада айтуға болады. Біреуі ерлігі, батырлығы. Екіншісі – қазақ өнері мен мәдениетіне деген сүйіспеншілігі. Қалекеңнің журналистік еңбектерінің негізгі бөлігі – өнер мен мәдениет туралы. Бұрын әкімдердің іс-қызметі жөнінде ақпар ғана берумен шектелетін «Almaty aqshamy» газетін қазақ мәдениеті, өнері, әдебиеті қақында оқылатын дүниелер басатын рухани газетке айналдырды. Соның арқасында аталған газетке рухани жылылық келді. Әдетте өнер адамдары туралы өмірден өтіп кеткеннен кейін жазамыз. Тірі адам туралы жазу оңай емес. Қалекеңді жүректі журналист деп бағалайтыным сондықтан. «Корифей» - бүгінгі деректі прозаның табысы.




 


Әмірхан МЕҢДЕКЕ, сыншы:



«Корифей» – Асанәлі Әшімовтің күнделіктері туралы кітап. Сол туралы ой толғайды. Бір күні Қали Асекеңнің үйіне барса, үлкен-үлкен 29 кітапты көреді. Мұны халыққа бермейсіз бе деп жата жабысады. Іші толған тарихи уақыттың шындығы. Буниннің күнделіктерін оқығанда, оның ақсүйектігі, бекзаттығы көрініп тұрады. Асекеңнің күнделіктерінен де сол ірілігі, тектілігі байқалады. «Асанәліні тану – қазақты тану» деген Қалидың сөзі орынды. Қали тұлға деп кімді айтуға болатынын дәлелдеді. Жақында «Ана тілі» газетінен Қалидың «Нотаға сыймаған Нұрғиса» деген эссесін оқыдым. Оқып отырып екі рет орнымнан тұрып кеттім. Нұрғисаның «Махамбет» симфониялық поэмасын тыңдағанда Моцартты, Бетховенді тыңдағаннан да күшті әсер алғанын жазыпты. Өйткені ол өзіміз. Қанымыз, жанымыз. «Ұлтқа ең алдымен өз музыкасы керек» депті. Осындай дүниелерді студенттерге оқыту керек.




 


«Корифей» мен «Журналист – өмір барлаушысы, журналистика – өмір мектебі» - қаламгердің «Тұлғатану» сериясымен жарық көріп отырған жетінші, сегізінші кітабы. «ARNA-B» баспасынан жарық көрді.


«Тұран» универсиетінің төрінде өткен рухани кеш соңында универ ректоры Рахман Алшанов Асанәлі Әшімов пен Қали Сәрсенбайға «Құрметті профессор» атағын берді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

09:05

08:58

08:49

08:05

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07