Алматыдағы белсенді ұзақ өмір сүру орталығына егде жастағы 12 мың адам барады
Мегаполисте барлығы 10 белсенді ұзақ өмір сүру орталығы бар, олардың 9-ы аудандарда орналасқан. Өткен жылы қалалық орталық ашылған болатын. Бұл туралы Алматы қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен «Белсенді ұзақ өмір сұру орталығының» өкілдері Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында сөз етті.
Спикерлердің сөзінше, орталықтарда өткен жылы 33 мың зейнеткер тіркелген, 649 мыңнан астам түрлі қызмет түрлері көрсетілген. Биыл 219 мың қызмет көрсетілді.
«Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының негізгі басымдықтарының бірі - қарт адамдардың денсаулығын күту. Әрбір орталықтың штатында дәрігер, психолог, нутрициолог және геронтолог бар, белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары сапалы медициналық көмек пен кеңейтілген кнсультациялар беру үшін медициналық ұйымдармен және медициналық жоғары оқу орындарымен белсенді ынтымақтастықта жұмыс жасайды. Сондай-ақ, біз физикалық белсенділік жаттығуларын ұйымдастырамыз, салауатты өмір салтын насихаттайтын және аурулардың алдын алуға бағытталған іс-шаралар өткіземіз», - деді Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Қалибек Ақылбеков.
Алматы қаласының «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» директоры Сәуле Бекетаеваның айтуынша, жобаның мақсаты – қарт адамдардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру, әлеуметтік-медициналық көмек көрсету және оларды белсені шығармашылық және қоғамдық өмірге тарту.
«Бүгінгі таңда белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары Алматының барлық аудандарында жұмыс істейді, бұл қоғамдық өмірдің түрлі салаларына қатысатын қарт адамдардың ауқымын кеңейтуге, белсенді азаматтардың көбеюі мен олардың өмір сапасының артуына мүмкіндік берді. Жастары егде тартқан адамдарға арналған орталықтар ашу арқылы біз де Жапония еліндегі сияқты жетістіктерге жете аламыз. Жапондықтардың орташа өмір сүру жасы – 84,2, ал Қазақстанда – 75 жас», - деді ол.
Орталықтарда білім беру, сауықтыру, бос уақытын өткізу іс-шаралары тегін көрсетіледі, ал білікті мамандар қарттарға барлық кезеңдерде көмек көрсетеді.
Қарттарға кеңінен көрсетілетін қызметтер арасында гериатр, геронтолог дәрігерлердің, психолог мамандардың көмегі бар, емдік дене шынықтыру, айкуне гимнастикасы, йога, кинезиология, скандинавиялық жүріс сынды қызметтер көрсетіледі. Сондай-ақ, классикалық және заманауи би, интеллектуалды ойындардан – шахмат, тоғызқұмалақ бар, сурет, графика, қол еңбегі, IT сауаттылық, вокал, хор және т.б.қатысып, уақытты тиімді өткізуге болады.
«Сонымен қатар, көпшілігі ағылшын және қазақ тілін үйренеді, би және музыкалық ансамбльдер де құрылған. Зейнеткерлерді көбі мемлекеттік электронды қызмет түрлерін меңгергісі келеді, ол үшін смартфон және компьютерлік сауаттылық курстары қарастырылған. Денсаулықты дәрі-дәрімексіз нығайту бойынша сабақтар да сұранысқа ие болып шықты, олардың барысында зейнеткерлерге дұрыс тамақтануды ұйымдастыру, диетология және нутрициология негіздері, бюджетті рационалды құрубойынша әлеуметтік-экономикалық және заңды кеңестер берілген», - деп бөлісті спикер.
Орталықта жүзеге асырылып жатқан бірегей әрі қызықты жобалардың бірі – агрокраудсорсинг. Биыл оған қатысуға 80 адам өтініш білдірген және өз учаскелерін алған.
«Алматы облысындағы 29 гектар жер учаскесінде біздің зейнеткерлер жеміс-жидек пен бау-бақша өсіреді, ауылшаруашылық еңбегіне тартылған, осы арқылы табиғатта дем алып, денсаулықтарын нығайту мүмкіндігіне ие болады. Қарттарға оларды немерелері де көмектеседі, олар егінді бірге суарып, күтіп-баптайды. Қысқыға қамдарын да жасайды. Ал қалған өнімді «Бақытты отбасы» орталықтарына қатысушы көп балалы аналар ашқан әлеуметтік дүкендер арқылы сатады», - деді С.Бекетаева.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарына бару арқылы қарт адамдар өздерімен қызығушылықтары бір адамдарды табады, тіпті отбасын құратында да кездесіп жатады.