ffin.kz

Қала келбеті шежірелі тарихты айшықтап тұрса игі... 

Қала келбеті шежірелі тарихты айшықтап тұрса игі...  vse.kz

Алатаудың баурайындағы әсем қала Алматының ел тарихындағы маңызы қашанда зор. 70 жылға жуық қазақтың Бас қаласы, бірден-бір астанасы болғаны өз алдына, ол қазақтың зиялы қауымының кешегі, бүгінгі көрнекті өкілдерінің табаны тиген киелі топырақ, ғылым-білімнің, мәдениеттің іргелі ордасы.


Кеңбайтақ Қазақстаннның түкпір-түкпірінен ілім, білім іздеп келіп, жастық шағының ұмытылмас сәттерін осында өткізген жандарды айтпағанда, бір көрген адам үшін де Алматыда тұру, жүру, тым болмаса қайта айналып соғу арманға айналатын. Мыңжылдық тарихы, тереңге бойлаған тамыры бар шаһар өзіндік кескін-келбетімен, көненің көзіндей жәдігерлерімен көз тартатын, толғандыратын.



Әрине, уақыт бір орнында тұрмайды. Өмір ағысымен қала келбеті де жаңарып, жаңғыру үстінде.  Мұнда осыдан 5-10-15 жыл бұрын болған адам қазір келсе оны аңғармай қалмайды. Өзіне ыстық жерді, ондағы таныс ғимаратты іздейді, таппайды. Ал оның орнында көк тіреген әйнек үй немесе зәулім сауда үйі немесе басқа бір нысан тұрады. Өзгерген қаламен бірге жұрт жадындағы естеліктер де өшіп, қоршаған ортаның бұрынғы бейнесімен бірге күресінге кете береді. Қала осылайша өзінің тарихи жадын, маңызын жоғалтады. Өзіндік бет-бейнесіз, тартымсыз ортаға айналады.



 Жалпы, Алматы аса құнды тарихи-мәдени мұра жәдігерлері санатына кіретін нысандарға өте бай. Кезінде Қазақ Ұлттық университетінде сабақ берген ұстазымыз, марқұм Ержан Бектұрғанов: «Алматыны бір аралап шықсаң, бір кітап оқығандай боласың. Алматының әр көшесі – тұнған тарих» деп бұл қала жайлы ерекше махаббатпен, тебіреніспен айтатын. Айтса-айтқандай, оңтүстік астана табиғи тартымдылығын айтпағанда, тұрқы бөлек тарихи ғимараттарымен және соған байланысты елеулі оқиғалармен де тұлғалы еді. Өкінішке қарай, сол тарихтың көптеген беттері көмескіленіп, кейбір нысандар сүріліп үлгерді.



Дегенде, «Саяхат» автобекеті мен оның сағатының өзі неге тұратын! Асқақ арманмен ауылдан келген қаншама жас кезінде ең әуелі сол  «Саяхатқа» ат басын тіреді! Қаншама жұрт кездесу орны ретінде сол жерді белгілеп, «Саяхат» сағатының түбінде табысып жүрді! Сол кезеңнің адамдары үшін «Саяхат» та, сағат та – енді мәңгі сағыныш. Сол сияқты, «кинотеатр повторного показа» ретінде танымал, көнеден келе жатқан, шағын ғана, бірақ құстың ұясында жылы да жайлы «Октябрь» кинотеатры болды. Архитектуралық жағынан да ерекше әдемі ғимарат еліміздің мәдени ескерткіштері тізіміне де енген, соған қарамастан сүріліп, орны ұзақ жылдар бойы қоршалып тұрды. Кейін сол маңайдан тұрғын үй кешені салына бастады. Жөн-жосықсыз жермен-жексен болған әуелгі нысанның назасына ұшырады ма, әйтеуір соның құрылысы ондаған жылдар тұралап тұрып, соңғы бірер жыл көлемінде ғана «біттіге» саналды.



Абылай хан мен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында бір кездері қаладағы тұңғыш балалар мен жастар театры болғанын білетіндер бүгінде некен-саяқ. Өйткені ол жерде қазір көпқабатты тұрғын үй тұр.


Одан кейін «Алатау», «Байқоңыр» кинотеатрлары да түрлі желеумен сүріліп, жоқ болды. Бір айта кетерлігі, бұдан 30-40 жыл бұрын Алматыда кинотеатр көп еді және әрқайсысы қаланың әр бөлігінде орналасқан, яғни тұрғындарға тиімді болатын. «Реконструкция» сылтауымен солардың дені ақырында жабылып тынды. Жоғарыда айтылғандардан бөлек, «Шұғыла», «Жалын», «Ракета», «Искра», «Қазақстан», «Целинный», «Сарыарқа», «Арман» кинотеатрларының барлығы да алматылықтар мен қала қонақтары жиі бас сұғатын сүйікті орын, маңызы зор мәдени ошақ болғаны анық. Бұлардың да кеткені кетті, енді қалғанын қожыратпай, қаусатпай, өңін өзгертіп, бағытын бұрып жібермей сақтап қалсақ қанеки! Біле-білсек, олар жай ғана қалқиған бірдеңе емес, әрқайсысында тарихтың ізі, тұлғалар демі бар. Өткеннің бағасын білмейінше, жаңаның қадіріне жету неғайбыл.        



Қаланың тарихи келбетін барынша сақтау өнер үшін де қажет. Мәселен, тарих немесе тарихи тұлға жайлы фильм түсіру үшін шығармашылық топ соған сай келетіндей орта іздейді. Режиссер Болат Қалымбетов «Мұқағали» фильмін түсіргенде ақын өмірінің Алматымен байланысты кезеңін көрсетуге болатын жер таппағанын, сөйтіп, ол көріністі еліміздегі ескі қаланың бірі – Семейде түсіргенін айтады. Алматы тарихи келбетін жоғалтып бара жатқанының бұл да бір мысалы.



Осы орайда, қаланың байырғы орталығында жаңа ғимараттар тұрғызуды шектеу, базбір ескі нысанды жөндеген, жаңғыртқан кезде оның бастапқы бейнесінің сақталуын қадағалау қажет. Тіпті болмаса Астанадағы, Түркістандағы сияқты, ғимараттарды қаламен іргелес аумақтан тұрғызып, заманауи жаңа орталық қалыптастыруға мән берілсе дейміз.        


Ескіні жаңаның алмастыруы, көненің жаңғыруы заңды. Дей тұрғанмен де, қаланың тарихи бейнесін сақтап қалу, қорғау бүгініміз үшін емес, ертеңгі ұрпақ, тарих үшін де маңызды. Әлдебір жәдігерді қирата отырып, біз базбір ғимараттардан ғана айырылмаймыз, тарихи жадымыздан айырыламыз, түбін, тамырын білмейтін дүмбілезге айналамыз.     



Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:14

13:43

13:13

12:44

12:12

11:41

11:11

10:43

10:36

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30