Алматы – қайырымдылық бастамаларының ұйытқысы, әртүрлі қайырымдылық ұйымдарының орталығы. Қалада түрлі бағыттағы көптеген қорлар мен еріктілер ұйымдары жұмыс істейді. Алайда олардың ашықтығы мен заңдылығы қоғамда жиі талқыға түсіп жүр. Қайырымдылықтың қайырлы болуы үшін бақылау мен сенімнің орны ерекше.
«Он адам жүрген жерде із қалады, жүз адам жүрген жер – соқпақ, мың адам жүрген жерде жол қалады» деген қазақ жақсылықта, игілікті істе әрқашан қайырым болатынын меңзейді. Иә, қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің. Халқымыз қашанда көмекке әзір. Оны осы көктемдегі су тасқыны кезінде жұмыла бас қосып, табиғи апатты бірге еңсерген елден байқауға болады...
Кейінгі кездері елімізде көмекке зәру адамдарға жәрдемдесетін ұйымдар да, жеке адамдар да көбейген. Халықтың қайырымдылыққа берген ақшасын бас пайдасына жарататын қайыры жоқ қайырымдылық қорлары да жоқ емес. Жалпы, қорлар мен ұйымдардың жұмысын кім бақылап, қай мекеме реттейді?
Уәкілетті органдардың биылғы тексерісінің қорытындысы бойынша Алматы қаласында қайырымдылықпен және білім беру саласындағы қызметпен айналысатын 26 мекеменің тек 11-і нақты жұмыс істеген, ал 15-і тіркелген жерінде жоқ екені анықталған.
Қоғамның сенімін пайдаланып, қаражат жинап, оны нақты көмекке жұмсамай, өз мүддесіне пайдаланатын қорлар өздерінің қаржылық есептерін дұрыс жүргізбейді немесе халықтан жиналған қаржының бәрін қайырымдылыққа жұмсамайды. Әдетте, мұндай ұйымдардың әрекетін халықтың алдында есеп бермеуінен байқауға болады.
Бізде қазақтың ұлы қасиетін, қайырымдылығы мен ұйымшылдығын танытатын игі дәстүр бар, ол – асар. Көпшіліктің көмегін пайдаланып, ауыр жұмыстарда бірлесе көмек қолын созу. Міне, осы дәстүрді атына, мақсатына арқау еткен танымал қайырымдылық қорына қатысты жақында әлеуметтік желіде дау шықты. Желіде «Асар-Уме» қайырымдылық қорының шынайылығына қатысты пікір тарады. Қоғам белсенділері мен оқырмандар қордың жұмысына шағымданып, миллиардтаған қаржы қайда кетіп жатқанына күмән келтірді. Халыққа нақты есебін көрсетуін талап етті. Көп ұзамай қор басшысы ұйымның ресми парақшасында халықтан түскен ақшаның қайда жұмсалғанын айтып, жазба жариялады. «Асар-Умеге» қатысты дау-дамайлар басылмай жатып, қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайрат 1,5 млрд теңге жымқырды деген күдікпен ұсталды. Қаржы мониторингі агенттігі күдікті заңсыз әрекеттерімен еріктілер қозғалысының беделіне нұқсан келтіріп, халықтың сеніп тапсырған қаражатын талан-таражға салған деп есептейді.
Қазақстанда қанша қайырымдылық қоры жұмыс істейтіні жөнінде нақты ақпарат жоқ. Ресми емес мәлімет бойынша, елімізде 1371 қайырымдылық ұйымы тіркелген (2021 – 512, 2022 – 842, 2023 – 1055). 20-дан астам мемлекеттік меншік нысаны қайырымдылық ұйымдарына берілген. Әлеуметтік көмек көрсетіп, мүгедектерге, жетім балаларға, аз қамтылған отбасыларға және басқа да мұқтаж жандарға жәрдемдеседі. Бірақ сол қайырымдылықты бақылайтын жүйе мен арнайы мекемелер жоқ.
Қайырымдылық қорларының көбі мемлекеттік бақылаусыз жұмыс істейді, сондықтан олардың қызметі тек қоғамдық бақылауда болады.
Қайырымдылық қорларының заңды жұмыс істеуі мен қаржылық бақылауы біршама қиындыққа тап болып отыр. Себебі, қорлар мен ұйымдар халықтан түскен қаражаттың есебі мен қаржылық ақпаратты ашық жариялау керегін білсе де, біразы бұл талаптарды орындамай отыр. Ақпараттың бар-жоғын анықтау үшін көпшілікке танымал қорлардың біразының ресми сайттары мен парақшаларын қарап шықтық. Бірақ қайырымдылыққа деп жіберіп жатқан қаржының қайда жұмсалғандығы туралы нақты ақпаратты көрмедік. Әрине, бұл жерде қайырымдылық қорларының бәрі заңсыз деуден аулақпыз. Олардың арасында өз жұмыстарымен қоғам назарын әлеуметтік мәселелерге аударып, қайырымдылықты насихаттап жүрген, көптің алғысына бөленіп жүрген жандар жетерлік.
Қорлардың жұмысын заңды түрде реттейтін арнайы мекемелердің болмауы алаяқтыққа әкеп соғуы мүмкін. Қоғам белсенділері қорлардың жұмысын тексеріп, жүйелі реттеу мен ашықтықтың қажет екенін айтып отыр. Заңды түрде реттейтін механизмдер мен арнайы органдардың құрылуы, осы саладағы сенімді арттырып, халықтың көмек көрсетуге деген ынтасын күшейтуі мүмкін.
2015 жылы қабылданған «Қайырымдылық туралы» заң бар. Қайырымдылық қызметін жүзеге асыру осы заңмен реттеледі. Заңгерлер мен сарапшылар бұл заңның ескіргенін, қазіргі заман талабына және ел өміріндегі өзгерістерге толыққанды жауап бермейтінін айтады.
· Сіз не дейсіз?
Шолпан БОСТАНҚЫЗЫ, заңгер, қоғам белсендісі:
Прокуратура мен қоғамның бақылауында болады
Бізде қазір қайырымдылық қорлары көп-ақ. Көп болғаны жақсы. Себебі, мұндай ұйымдар азаматтық қоғамды тәрбиелеуге көмектеседі. Бірақ бүгінгі күні қайырымдылық қорларын бақылау туралы заңнама еш жерде көрсетілмеген. Олардың қызметіне бақылау жасау тек прокуратураның құзыретінде. Үлкен қорлар көбіне баспанасыз жүрген отбасыларға, жалғызбасты аналарға үй берумен, жылжымалы немесе жылжымайтын мүлік берумен айналысады. Ақшаның есебі берілмейді. Соның арқасында біреу байып жатады.
2023 жылы «Қоғамдық бақылау» туралы заң күшіне енді. Содан кейін сең қозғалды десек болады. Азаматтар, заңгерлер мен қоғам белсенділері өздері бастама көтеріп осындай қорлар мен ұйымдарды барып тексере алады. Мұның өзі қоғамдық қатынасты реттеу амалдарына жатады. Қайырымдылықты әр адам өз еркімен саналы түрде жасайды. Сол арқылы мұқтаж жанның тұрмыстық өмірін жақсартып, несие мәселесін шешуге көмектесуі мүмкін. Ал ол заңды ма, заңсыз ба – ешкім дөп басып айта алмайды. Сондықтан міндетті түрде қоғамдық бақылау болғаны дұрыс деп есептеймін. Қоғамды тәрбиелейтін – өзіміз. Қорлардың заңсыз әрекетіне мемлекетті, үкіметті кінәлаудың қажеті жоқ. Үкімет олардың жұмысын бақылай алмайды. Қор құрылтайшысы сол ұйымды құрып, жауапкершілікті алды ма, халықтан қаражат жинады ма, соңында есебін беруге міндетті. Халықтың да өзінің берген ақшасының қайда жұмсалғанын білуге құқығы бар.
Түскен ақша үйге немесе өзге де қажеттеліктерге жұмсалып жатыр ма, жоқ па қатаң қадағалануы қажет. 2015 жылы қабылданған заң қазір күшінде емес деп айтуға болмайды. Дегенмен, әлі де шикі тұстары көп екенін байқап жүрміз.
Қазақстанда қайырымдылық қорын тіркеу бірнеше кезеңнен тұрады және оны заңды түрде рәсімдеу үшін бірнеше талапты орындау қажет. Қорды тіркеу үшін құрылтайшы қордың жарғысын дайындауы керек. Одан кейін Әділет министрлігіне немесе оның аймақтық органдарына өтініш беріледі. Әділет органдары өтінішті қарап, құжаттардың заң талаптарына сәйкестігін тексереді. Егер барлығы дұрыс болса, қорды тіркеу туралы шешім қабылдайды. Қор тіркелгеннен кейін оның қызметі «Қайырымдылық туралы» және «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңдарға сәйкес реттеледі.
Айта кететін маңызды жайт, қайырымдылық қоры деп аталғанымен, оның дәрежесі жауапкершілігі шектеулі серіктестікпен тепе-тең. Ол жеке кәсіпкерлікке жатпайды. Заңды тұлғаның қызметін реттейтін ережелер жинағы, яғни жарғысы болуы міндетті.
· Тақырыпқа орай
Мақсатбек МАҚСОТҰЛЫ, ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры:
Қор жұмысы қатаң қадағалауда
Асыл дініміз Исламда зекет – көбею, өсу, берекет, тазалау, ағыл-тегіл, аста-төк нығыметтерге шүкірлік айту секілді мағынаны қамтиды. Мұсылман бауырларымыздың зекет парызын өтеу дұрыс бағытта жүргізілуі үшін 2012 жылы ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қоры құрылған болатын. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының бұл бастаманы қолға алуының да орасан зор маңызы бар. Жалпы, «Зекет және қайырымдылық» қорының жұмысын ҚМДБ мен оның құрамындағы Қамқоршылық кеңесі қадағалап, реттеп отырады.
Қаржылай ашықтық – ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының басты мақсаттарының бірі, әрі халықтың сенімі мен қордың өркендеуінің кепілі. Қор қаржылай есебін әр кезең сайын ресми сайтта, әлеуметтік желілерде ашық түрде жариялап отырады. Жиналған қайырымдылық көмектің барлығы мақсатты түрде арнайы көмек беру алгоритмі арқылы мұқтаждарға жеткізіледі.
Бізде 8 қайырымдылық жобасы бар. Оның есебіне қатысты біз жыл сайын аудит жүргізіп, бақылау жасап отырамыз. Сонымен бірге, бұл есептер біздің архивте сақталады.
Дәстүрлі ислам дінінде қайырымдылыққа үлкен орын берілген. Оның ішінде зекет туралы Алла Тағала Қасиетті Құранның көптеген аятында намаз құлшылығымен бірге орындауды бұйырған. Бұл зекеттің қаншалықты маңызды іс екенін көрсетеді. Мысалы, қасиетті Құрандағы «Бақара» сүресінің 43-аятында: «Намазды толық орындаңдар және зекетті беріңдер», – деп айтылған. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) зекетті бес парыздың ішінде атап: «Ислам бес нәрсеге негізделген: Алладан басқа құдай жоқ екендігіне және Мұхаммед (с.ғ.с.) Оның Елшісі екендігіне куәлік беру, намазды орындау, зекет беру, рамазан оразасын ұстау, шамасы келген кісіге Алланың үйіне қажылық ету», – деген.
Хакім Абай:
Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,
Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс, – деп, мұсылман адам бес парызын толығымен орындау керектігін де айтқан.