ffin.kz

Қайсар қыз

Қайсар қыз

немесе «патриоттық сезім дегеніңіз жаһанға жар сала  айқайлап айтатын дүние емес»


Дина жылдың төрт мезгілінің ішінде қоңыр күзді жақсы көреді. Кейбіреулер бұл мезгілді қойны-қонышыңды суық желімен толтырып тоңдыратыны, бір толастамай жауатын суық жаңбыры һәм адамды жиі-жиі мұңға батыра беретіні үшін жақсы көре қоймайды. Өзі сол күрең күзде туғандықтан да болар, әйтеуір сап-сары жапырақтары аяқ астында көрпе болып жайылып жатқан саябақ ішін аралауды, жаңбырлы күндері қолшатырын сая етіп жалғыз қыдыруды жаны сүйеді.


Дина – күздің емес, Желтоқсанның ызғарына тоңған қыз...


«Алматылық қыз-жігіттерге дем берейік!»


Оның Алматы энергетика институтын бітіріп, Көкшетау қаласындағы №1 кәсіптік училищеде жұмыс істеп жүрген кезі еді. Тарихта алтын әріптермен жазылып қалған сонау 1986 жылдың 18 желтоқсанында радиодан Алматыдағы «араққа тойып алып, есірткіге елірген қазақ жастарының балабақша, дүкен біткеннің есік-терезелерін қиратып», Орталық алаңға шығып, билікке қарсы наразылық білдіріп жатқандығы туралы естігенде, бір орнында байыз тауып отыра алмады. Жүрегі өз кеудесіне сыймай, мың тұлпардың тұяғындай дүрсілдеп, бөлмені шыр айналып жүрді де қойды. Ақыры шыдамай, көрші бөлмедегі Гауһарға барды.


– Билік басына сонау Мәскеуден өзге ұлт өкілінің келуіне басқа облыстардағы жастардың да қарсы екендігін білдірейік. Алаңға шығайық, алматылық ұл-қыздарға дем берейік, – деп еді, ер мінезді Гауһар құрбысы бірден қолдай кетті. Сол мезетте өзі жетекшілік ететін топтың оқушылары да есік қағып келіп қалды:


– Дина апай, естідіңіз бе, Алматыда көтеріліс болып жатыр дейді, – деп даурықты жеткіншектер. Ел деп, ұлт деп соққан кішкентай жүректерінен айналып кетейін өрендер өздері де ештеңе түсіне алмай аптығып тұрған болатын. Дина Нұрғазықызы оларға да ойын ашып айтты.


Жатақхананың бір қанатында училище қызметкерлері, екінші жағында сол білім ордасының оқушылары тұратын. Сол түні біразы ұйықтамай, шәкірттер арасындағы әскерден келген ересектеулері плакаттар жазып, дайындады. Ертеңіне жатақханадан алпыс шақты жас Көкшетау алаңын бетке алып шығып кетті.


Бірақ олардың «сапары» бес минутқа да созылған жоқ, бұларды алаңда сақадай сай болып күтіп тұрған «қызыл жағалылар» бірден суретке, бейнекамераға түсіріп алып, арнайы көліктерге желкелей тоғыта бастады.


Бір жұтым қара су


Тергеу кезінде басты нысанаға Дина Талданбаева ілікті. Себебі, бәрі «жастардың басын қосып ұйымдастырған осы» деп бірауыздан түсінік берген еді. ҰҚК қызметкерлері мен милиция өкілдері оның жатақханадағы бөлмесіне астын үстіне шығарып тінту жүргізді. Ештеңе таппаған соң:


– Көкшетау халқы орыстанып кеткен, сондықтан олар үшін билікке кім келіп, кім кетсе де бәрібір. Ал сен осы аймаққа о баста арнайы тапсырмамен келгенсің. Студенттер арасына жік салып, үгіт-насихат жүргіздің. Плакаттарға ұран-сөздер жаздырып, бәрін алаңға жинадың. Шыныңды айт, сол түні саған астанадан ұшақпен ұшып келіп ақпар бергендер кімдер?  – деп қыса бастады.


Осылай бірнеше күн едені сыз тартқан төрт қабырғада қамауда отырды. Бір тілім нан тұрмақ, қара су да жоқ. Ашқұрсақ қыздың сөйлеуге шамасы да қалмаған, тіпті тергеуге еңбектеп шығатын. Бірақ 24 жастағы қайсар қызды тергеуден олар да жалығар емес, түсініктен түсінік алып, әбден жан азабын шеккізді. Әлі есінде, сонда қазақтың бір қара баласы – айдауыл жігіт жаны ашып, жан-жағына жалтақтай қарап бір стакан су әкеліп бергені бар.


Сол кезде туған бауыры да Көкшетауда жұмыс істеп жүрген болатын. Олармен де тілдесуге болмайды. Сонда терезеден күнде бауыры езіле қарап тұратын ағасының бірде Динаға:


– Жерге қарап жүрмеші, адам өлтірген жоқсың ғой. Қиын болса да еңсеңді тік ұстап жүрші. Нең бар еді алаңға шығып, Қонаев саған ай сайын жалақыңа жиырма сом артық төлеп тұрып па еді?! – деп кемсеңдегені бар иығы селкілдеп.


Бұдан кейін №1 кәсіптік училище ұжымында ашық партия, комсомол жиналыстары өткізіліп, «Теріс қылық жасады, үгіт-насихат жүргізіп, училище оқушыларын жағымсыз әрекеттер істеуге итермеледі», – деп Дина арнайы баппен жұмыстан шығарылды. Еңбек кітапшасына «аморальный поступок» көрсеткені үшін шығарылғандығын білдіретін дәу мөр де басылды. Сол кезде үлкен бір ұжым ішінен оларды жақтап бір ауыз сөз айтатын қаракөз аға буын табылмай, бұлардан бәрі тегіс теріс айналып шыға келді. Бастауыш партия ұйымының хатшысы болған, өте батыл, кез келген жерде ойын тіліп айтатын Бақыт деген апайлары да өзіне жалтақтай қараған қыздарға қарап, жұмған аузын аша алмаған. Сөйтіп, бір күнде бүкіл қала, дос-жаран жат болып шыға келді. Тіпті бұрынғы сәлемі түзу көзтаныс жандардың көрген жерде дереу бұдан құбыжық көргендей теріс айналып кете  баратын сәттерін қалай ұмытар! Жас маман ретінде берілген баспанасынан да бір-ақ күнде шығарылды.


Ол аздай, Көкшетау облысының бірінші хатшысы облыстық газетке «Дина Талданбаева бұл өңірге басқа облыстан келіп, халық арасының аражігін ажыратпақ пиғылда үгіт-насихат жүргізген. Ал жергілікті халықтың бұл жерде еш кінәсі жоқ» деген мәтіндегі үндеуін жариялады. Бұл үндеу облыс көлемінде талқыланып, барлық аудан-ауылдағы мекеме-ұжымдарда дүркін-дүркін жиналыстар өткізіліп, бәрінде де Динаның аты бірінші аталған.



«Дина, саған келіп тұр!»


Аузы-мұрны жоқ мылқау адамның күйін кешкен қызды тергеп-тексеру бұнымен тоқтаған жоқ. Милиция органдарының есігін бір жылдай тоздырумен жүрді. «Ешқайда шықпаймыз, жан адаммен телефонмен сөйлеспейміз» деген қолхат та алынды.


Туған жеріне қайтуға болмайды. Бәрінен ада болған Гауһар екеуі Талшыққа келді. Бұл – құрбысының ауылы. Екеуі сол жерге жұмысқа орналасты. 1987 жылдың 17 желтоқсаны. Сағат түнгі үштің уақыты. Гауһар: «Дина, саған келіп тұр», – деп түртіп оятты. Жүрегі тағы зырқ етті. Өзі жұмыс істеп жүрген мекеменің директоры Исаев екен. «Менімен бірге жүргін. Маған солай тапсырма берілді», – деп, алды-артына қаратпастан ертіп әкетті. Кейін білгеніндей, «жоғарыдан» «көтерілістің бір жылдығына тағы да бүлік шығарғалы жүр, қамауға алыңдар» деген бұйрық келген екен.


Гауһар бұдан ересектеу қыз еді, көп ұзамай Динаны әкесіне табыстап, «ата-анамның сүйегіне таңба салғандай болмайын» деп, бұрыннан сөз салып жүрген жігіттің етегінен ұстап кетіп қалды. Ал ең өкініштісі сол, «апасының төл қызы» болып ерке өскен Дина 1987 жылы әл үстінде жатқан апасымен бақұлдаса алмай қалған еді. «Неге келмей жатыр қара қызым?», – деп есікке елеңдеумен жатқан кейуанаға: «Қызыңыздың дәрежесі өсіп, жоғарылап кетіпті, қызметінен шыға алмай жатқан көрінеді», – деп жауап берген екен сонда туған-туыс.


Жетісу облысының Көксу ауданына қарасты Алғабас ауылының тумасы тек араға 20 жыл салып, Ақмола облыстық прокуратурасының 2006 жылғы 15 желтоқсандағы №17/123-06 ақтау туралы анықтамасына қол жеткізді.


Жүректің қалауы


Қазір бәрі орнында. Бала күннен жақсы таныс, бір сыныпта оқып жүріп көңіл жарастырған досымен қол ұстасып, бақытты ғұмыр кешуде. Отағасы екеуі үш перзент сүйді. Үлкендері – Аслан сәл жұмсақтау, көңілге қарап тұрады. Ал егізі – Алмас пен Гауһардың мінездері өзіне тартқан, қайсар. Айтпақшы, қызының есімін аяулы құрбысы, баяғы көкшетаулық Гауһардың – Гауһар Кәрімованың құрметіне қойған.


Дина Нұрғазықызы елге, Жетісу жеріне табаны тие салысымен, 1988 жылы Талдықорғандағы «Ажар» тігін фабрикасына орналасты. Сонда табан аудармай бақандай 14 жыл еңбек етті. Сосын мемлекеттік қызметке ауысып, абыройлы еңбек етіп келеді. Биыл ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.


Міне, биыл қазақ жастарының ұрандатып алаңға шыққанына 36 жыл болыпты. Жер-жерде сол елжанды жастардың қанымен келген Тәуелсіздік күні аталып өтеді. Әрине, бұл күні «желтоқсаншылар» да назардан тыс қалмақ емес. Бірақ Дина Нұрғазықызының жылда жүрегіне салмақ түсіретін бір жай бар: жазықсыз ұл-қыздарды жаппай қырып, қыршынынан қиған Желтоқсан оқиғасының шетіне тиіп-қашып барып қайтқан кейбіреулер жылда осы күнді малданып, әр-әр жерде жылт-жылт етіп, құшақ-құшақ гүлдерін, жылтырақ сый-сияпатын алып, шешенсіп сөз сөйлеп, дуылдап жүріп суретке түсіп жатады. Сонда жан жарасының бір сыздап өтетіні бар.


Былтыр Көкшетау жақтан бір азаматтардың хабарласқаны бар. «Сіз сонау жылдары Алматы жақтан келіп, біраз жапа шегіпсіз. Бізде «Құрметті азамат» атағын бергелі жатырмыз біраз кісіге. Сіз де келе аласыз ба?» деп. Дина Талданбаеваның сонда: «Мен ол тұста мені мақтан етсін деп, мақтан үшін шықпаған едім алаңға. Міндет етпеймін. Ол – жұдырықтай жүрегімдегі еліме деген шексіз құрметім болатын. Сол құрметім жүрегімнің түкпірінде сол күйінде қала берсін», – дегені бар.


– Патриоттық сезім дегеніңіз жаһанға жар салып айқайлап айтатын дүние емес. Отанға деген сүйіспеншілік тек жұдырықтай жүрегіңнің түбінде жып-жылы күйінде жатуы тиіс, – деп есептейді кезінде қаншама өзге ұлт өкілінің  ортасында жүріп небір теперіш көрсе де сағы сынбаған, рухы мұқалмаған біздің кейіпкер.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:13

11:56

11:52

11:40

11:29

11:11

11:05

10:49

10:47

10:36

10:16

10:08

09:54

09:17

09:03

08:49

08:05

19:58

19:03

19:00

18:35

18:08

17:48

17:41

17:33