Премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ директорлар кеңесінің отырысын өткізді, деп хабарлайды aqshamnews.kz
Жиынның басты мақсаты – қор компаниялары тобының негізінде Мемлекет басшысының экономиканы ырықтандыру жөніндегі тапсырмаларын орындау барысын бақылау. Қордың басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов биылғы 11 айдағы өндірістік және қаржылық көрсеткіштер бойынша баяндама жасады.
Қазіргі уақытта «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының инвестициялық портфелі жалпы сомасы 53,5 трлн теңгені құрайтын 130-ға жуық жобаны қамтиды.
Үкіметтің ерекше бақылауындағы 44 инвестициялық ірі жобаның жүзеге асырылу барысы қаралды. Бұл жобаларға мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, көлік-логистика және тау-кен секторларына салынған қаржының жалпы көлемі 28,8 трлн теңге. Қазіргі уақытта 23 жоба бойынша ЕРС-келісімдер жасалып, 15 жобада құрылыс-монтаждау жұмыстары басталған.
Нұрлан Жақыпов «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбыры жобасы бойынша 302 шақырымдық газ құбырының 95,5 шақырымы тартылғанын және жұмыстардың мерзімінен бұрын аяқталып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, «Достық – Мойынты» теміржол дәлізін жаңғырту аясында жоспарланған 836 шақырым жолдың 786 шақырымы салынған.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, әлеуметтік маңызға ие жобаларды жүзеге асыру үшін жеке компаниялардың қаржысын тарту жұмыстары жалғасуда. Осы орайда, Қызылорда облысында қуаты 1 ГВт жел электр станцияларын іске қосу жобасы бойынша Masdar (БАӘ) компаниясымен бірлескен инвестициялық келісімге қол қойылды.
Шымкент пен Батыс Қазақстан облыстарында аз қамтылған отбасыларға арналған «Әлеуметтік әмиян» пилоттық жобасы іске қосылды. Бұл жоба атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтарға газбен жабдықтау тарифтерінде жеңілдіктер ұсынуды көздейді.
Қордың 11 айлық есебінде отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында офтейк-келісімдердің сомасы 182,3 млрд теңгеге жеткені, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 12 есеге өскені айтылды. Жалпы, отандық тауар өндірушілермен 1 трлн теңгеден астам сомаға келісімшарт жасалды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 83%-ға жоғары.
2025-2029 жылдары қордың меншікті қаражатынан 3,6 трлн теңге, ал жалпы 9,6 трлн теңге инвестиция салу жоспарланған.
Отырыс қорытындысы бойынша бірқатар құжаттар қабылданып, алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспары бекітілді. Қор басшылығы мен қызметкерлерінің тиімділігі отандық қамту үлесін арттыру көрсеткіштерімен бағаланатын болады.