Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі еліміздегі тарихы терең және ірі музейлердің бірі. Екі ғасырға жуық тарихы бар Орталық музей Ұлттық мәртебе иеленген болатын. Жақында Халықаралық музей күніне орай, жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Музей түні» акциясы ұйымдастырылады. Айтулы мереке қарсаңында Аqshamnews.kz тілшісі мәдени ошақ басшысы Сержан Бараханұлын сөзге тартып, сұхбат алды.
- Сержан мырза, алдымен осынау ірі мәдени ошақтың тарихына тоқталып өтсеңіз?
- Орталық музейдің қор коллекцияларының жинақталу тарихы ХІХ ғасырдың 30-жылдары «Орынбор өлкесінің музеумінен» бастау алады. 1921 жылғы ҚАКСР басшылық қаулысымен Орталық Қазақ өлкетану музейі құрылып, оған Орынбор өлкесі музейіндегі коллекциялардың бір бөлігі берілген. Музей 1929 жылы Қазақ Автономиялық республикасының жаңа астанасы – Алматыға көшіп келіп, Возненсенский кафедаралды шіркеуінің ғимаратына орналасты. 1944 жылы Қазақ КСР Орталық Мемлекеттік музейі деп аталды. Музейдің қазіргі ораналқан ғимараты 1985 жылы архитектор Ю.Ратушный, З.Мустафин және Б.Рзагалиевтың арнайы жобасы бойынша салынып, бүгінгі күні Алматы қаласындағы көрікті архитектуралық ғимараттардың бірі саналады.
Музейде танымал тарихи тұлғалар (тарихшы, этнограф, музейтанушы, жазушы, лингвист тіл мамандары, қоғамдық және саяси тұлғала және т.б.) – Ахмет Байтұрсынұлы, Әлкей Марғұлан, Әбілхан Қастеев, Әбусағит Жиренчин, Александр Бернштам, Юрий Домбровский, Владимир Даль, Николай Гаврилович Хлудов және т.б. жұмыс істеген.
- Музейдің негізгі жетістіктерін атап өтсеңіз?
- Бүгінде музей қорында ежелгі дәуірлерден бастап тәуелсіз мемлекеттімізге дейінгі тарихынан сыр шертетін 300 мыңға жуық материалдық және рухани мәдениет құндылықтары жинақталып, алты экспозициялық зал мен көрме галлериясы арқылы көрермендерге насихатталуда.
2006 жылдан бастап музей ғылыми-зерттеу мекемесі статусын иеленген. Ғылыми және қор сақтау бөлімінің қызметкерлері музей қорындағы материалдарды зерттеу және дәріптеуге бағытталған істерді атқарады. Бүгінде археология, антропология және этнология, тарих, музейлік деректану және қолжазбаларды зерттеу бөлімдері жұмыс істейді. Олар музей қорының материалдары мен өзге де отандық және шетелдік музейлердің, мұрағаттардың дереккөздері негізінде түрлі ғылыми жобаларды жүзеге асырып келеді.
Музей қызметкерлері археологиялық, этнографиялық, археографиялық т.б. зерттеу жұмыстары бойынша ғылыми экспедициялар мен іс-сапарлар ұйымдастырып, зерттеу жұмыстарымен қатар, музей қорын толықтыру бағытындағы істерді атқарып келеді.
Орталық музей халықаралық байланыстарға үлкен мән беріп, әлемдік мәдени және ғылыми мекемелермен тығыз байланыс орнатқан. Музей қызметкерлері халықаралық көрмелер ұйымдастарап, ғылыми конференциялар, семинарлар мен симпозиумдарға қатысады. Музейлермен, мұрағаттармен, кітапханалармен, ғылыми-зерттеу мекемелерімен ынтымақтастықты жүзеге асырып, көптеген ғылыми және мәдени-білім беру шараларын өткізіп келеді. Орталық музей халықаралық ғылыми және мәдени байланыстарды жүзеге асыру арқылы еліміздің музей ісі саласын дамытуға, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге, жалпы мәдениетаралық қарым-қатынас нығайтуға қомақты үлесін қосып келеді.
- Жуырда ұлттық мәртебе алдыңыздар! Ол үшін қандай талаптар қойылады? Бұл статус музейге не береді?
- «Ұлттық» мәртебесі мәдениет саласында қызмет ететін, ерекше мемлекеттік және қоғамдық мәні бар мемлекеттік мәдениет ұйымдары мен кәсіби көркем, шығармашылық ұжымдарына беріледі. Біздің музей де мемлекеттік мәдени ұйым болғандықтан осы мәртебені алуға толық құқылы болды. Әрине, ол үшін бірқатар талаптарға сәйкес болуы керек. Мәселен, кемінде жиырма бес жыл тұрақты жұмыс істеген, кәсіпқойлықты, жұмыстың тиімділігі мен сапасын арттыру үшін заманауи инновациялар енгізіп отырған, жеке ғимараты бар, халықаралық жобаларға қатысатын болуы тиіс. Сонымен қатар, музей қоры құрамының кемінде он пайызы ұлттық мәдени игілік болып табылатын мәдени құндылықтар болуы тиіс. Біздің музей Қазақстандағы ең алғашқы және ірі музей ретінде бұл талартардың барлығына сай жұмыс атқарып келген. Сондықтан да, 2024 жылы «Ұлттық» мәртебе алу бойынша талпынысымыз нәтижелі болып, арнайы комиссия мен парламенттің сараптамасынан оң бағасын алды. Нәтижесінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылдың қаңтар айында «Ұлттық» мәртебесін беру туралы жарлыққа қол қойды.
«Ұлттық» мәртебесі музей қызметкерлерінің сан жылдарғы жемісті еңбегінің нәтижесі деуге толық негіз бар. Алдағы уақытта да осы қарқынмен жұмыс істеп қана қоймай, жоғары мәртебеге сай жоғары мақсаттар қоямыз. Бұл тұрғыда музей қызметкерлерінің біліктіліктерін арттыруға күш сала отырып, өзге де кәсіби білікті мамандарды тартуға мүмкіндіктер туады. Өйткені қызметкерлердің жалақысы тиісінше артатын болады. Музейдің заман талабына сай болуы үшін жөндеу жұмыстарын жүргізіп, заманауи жарақталуы, экспозицияларының жаңа талаптар бойынша қайта жасақталуы бағытында жұмыстар жоспарланып отыр.
- Халықаралық «Музей түні» акциясы жақындап қалды. Көпшілік қандай қызықты шараларға куә болмақ?
- 18 мамыр – Халықаралық Музейлер күніне орай ұйымдастырылатын «Музей түні» дәстүрлі акциясы биыл Қазақстанда 20-шы рет өткізілгелі тұр. Қазақстан осы халықаралық акцияға алғаш рет 2006 жылы қосылды, алғашқы акция ҚР Мемлекеттік орталық музейінің бастамасымен өткізілді.
2025 жылғы ҚР Мемлекеттік орталық музейіндегі акцияның тақырыбы «Музей – тарихты сақтаушы: қазіргі қоғамдағы музейдің рөлі».Тақырып музейдің әлеуметтік, технологиялық және экологиялық өзгерістерді бастан кешіріп отырған қоғамдағы орнын анықтауға бағытталған. Биылғы «Музей түні -2025» іс-шарасы негізгі екі бағытты қамтиды. Олар – «Музей – руханият шаңырағы» және «Ерлік пен елдік – егіз». Осы тақырыптар аясындағы көрмелер мен іс-шаралар Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына, ЮНЕСКО көлемінде аталып отырған Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына, көрнекті музыкатанушы ғалымдар Ахмет және Ғазиза Жұбановтардың мұрасына арналады. Сонымен бірге ІІ Дүниежүзілік соғыс кезінде қан майданда ел қорғаған Мәншүк Мәметова, Боран Нысанбаев сынды тұлғалардың мемориалдық музейлері қатысуымен «Музейлік шеру» өтеді. «Музей – руханият шаңырағы» бағыты бойынша бірнеше көрме ұйымдастырылады. Жетісу облысы Алтын Емелдегі Шоқан Уәлихановтың мемориалды музейінің көрмесі этнограф-ғалымның 190 жылдығына орай ұйымдастырылады. Сонымен бірге, суретші М.Кенбаевтың және мүсінші Х.Наурызбаевтың 100 жылдығы, суретшілер В.И.Антощенко-Оленевтың 125-жылдығы, Н.Цывчинскийдың 120-жылдығы, Е.Сидоркиннің 95-жылдығы, Е.Сергебаевтың 85-жылдығына арналған «Шабыт жаңғырығы» атты мерейтойлық көрмесі де көрермен назарына ұсынылады. Акция аясында Атыраулық суретші Юлия Проскураның «Көшпенділер әлемі» (Душа кочевника) атты дербес көрмесі әрі авторлық экскурсиясы өтеді. Тағы бір қызықты көрме – музейіміздің қорындағы жәдігерлерден дайындалған «Хат жазып тұр...» көрмесі. Бұл көрменің негізгі мақсаты – дәстүрлі хат-хабар алмасудың әдістерін, түрлерін, механизмдерін қазіргі таңдағы байланыстың басқа да құралдарымен сабақтастыра көрсету. Көрмеде ҚР МОМ қорындағы араб, латын және кирилл әліпбилерінде жазылған хат нұсқалары көрсетіледі. Сонымен қатар, Ш.Уәлиханов, А.Құнанбаев, Ә.Марғұлан, М.Әуезов, С.Мұқанов cынды қазақтың зиялы тұлғаларының тарихи хат-құжаттарының түпнұсқаларымен қатар, көшірме нұсқалары қойылмақ. Қарапайым еңбек адамдарының Е.Өмірзақовқа, И.Есенберлинге, М.Ғабдуллинге жазған хаттары, басқа да тарихи деректер көрсетіледі. Әр кезеңдердегі әртүрлі мазмұнда жазылған хаттарды, ашықхаттарды, конвертерді және алуан түрлі пошта маркаларын да осы көрмеден тамашалауға болады. Экспозицияда көрменің тақырыбын айқындайтын байланыс құралдарының Морзе аппараты, жазу машинкасы сияқты т.б. қосымша экспонаттар қойылады. Ал, сол кештің ең есте қаларлық көрмесі – музей қорындағы өте құнды, бірегей экспонаттардан құралған «Жауһар жәдігер» көрмесі болмақ. Бұл көрмеге қойылатын музейлік заттар музей қорында сақталады, әрі тұрақты экспозициядан оларды көре алмайсыз. Бұдан бұрын көпшілік көрмеген, «Музей түнінде» ғана жарқырайтын жәдігерлерден құралған бұл көрме ешкімді де бей-жай қалдырмасы анық.
Тағы бір бірегей іс-шара - «Сирек кездесетін қияқты саз аспаптарының мемлекеттік коллекциясы» РМҚК қорындағы аспаптарындағы классикалық музыка концерті. Атақты аспап жасаушылар Гварнери, Страдивари секілді шеберлердің туындыларын көріп қана қоймай, шанағынан шыққан сиқырлы сазға елітесіз.
Бұл кеште Орталық мемлекеттік музейдің ғылыми кітапханасы әзірлеген «Білім беру жүйесін дамыту» кітап көрмесі мен «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының кітап көрме-жәрмеңкесі өтеді.
Иран Ислам Республикасы Бас консулдығы «Иранның дәстүрлі мәдениеті мен өнері» көрмесін ұсынады.
Сонымен бірге қолонершілердің қолонер шеберлерінің, музей қалпына келтірушілерінің шеберлік сағаттары және ғылыми интерактив, музейлік квесттер, балалар мен жасөспірімдерге арналған әртүрлі ойындар мен викториналар кеш көрігін қыздыра түседі.
Бұл кеште арнайы қонақтарымыз – отандық өнер жұлдыздарының өнерін тамашалай аласыздар.
- Музей залдары қанша бөлімге бөлінген? Қандай экспонаттар бар? Қай ғасырды көрсетеді?
- Орталық музейдің бірінші залы – Палеонтология және археология залы. Мұндағы экспозициялық кешен палеонтологиялық және археологиялық бөлімдерден тұрады. Палеонтология бөлімі Қазақстан аумағынан табылған жануарлар мен өсімдіктердің қалдықтары негізінде Жер бетіндегі тіршілік эвалюциясын көрсетеді. Археология бөлімі тас ғасыры, қола дәуірі, ерте темір дәуірі, орта ғасыр кезеңдерін көрсететін экспозициялық бөлімдерден тұрады. Онда ежелгі дәуірден бастап ХV ғасырға дейінгі Қазақстан аумағын мекендеген тайпалардың тарихы мен мәдениетін көрсететін экспонаттар шоғырланған.
«Тарихи этнография» залы қазақ халқының заттық және рухани мәдениетімен таныстырады. Мұнда қазақтың тұрмысы мен шаруашылығына, саяси өміріне, өнеріне, таным-түсінігіне қатысты қару-жарақтар, зергерлік бұйымдар, ұлттық киімдері, кілем-киіз бұйымдары орналасқан. Қазақ мәдениетінің басты көрсеткіші – киіз үй, Арыстан сұлтанның (ХІХ ғ. бірінші жартысы) жауынгерлік сауыты, бес мыңнан астам маржанмен әшекейленген ХІХ ғасырға тән тұскиізді ерекше атап өтуге болады.
«Тарих және диаспорология» залы Қазақстанда тұратын этникалық диаспорлардың тарихы, мәдениеті, тұрмыс-тіршілігімен таныстырады. Онда этникалық диаспорлардың тұрмыстық заттары, қолөнер туындылары, фотосуреттер мен құжаттар қойылған. Бұл залда 1941 – 1945 жылғы соғыс кезіндегі майдан мен тылда ерлік көрсеткен қазақстандықтарға арналған «Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында» экспозициялық кешені ерекше бөлімді құрайды.
«Тәуелсіз Қазақстан» залында 1991 жылдан бастап бүгінгі күнге дейінгі Қазақстанның тарихы қамтылған. Залда Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері, мемлекеттік марапаттар, сондай-ақ, Қазақстанның экономикасы, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ғылым мен спорт салаларына қатысты экспонаттар қойылған.
«Ашық қор» деп аталатын Қазақстанның архелогиялық алтыны залында Шілікті, Жалаулы (б.з.д. VIII-VII ғғ.), Покровка (б.з.д. V ғ.), Қарғалы (б.з.д. II-I ғғ.) қорымдарынан табылған алтын бұйымдарының түпнұсқалары қойылған. Сақтар мен үйсіндердің аң стилінде жасалған зергерлік бұйымдарының бірегей экспонаттарын осы залдан көруге болады.
«Антропология музейі» залы адамның пайда болуы мен олардың жер бетіне таралу процесін және Қазақстан тарихының этно-расогенетикалық дамуын көрсететін экспонаттар қойылған. Бұл Орталық Азия бойынша жалғыз бірегей музей. Залдан адамның даму эволюциясын көрсететін сызбалар, фотосуреттер мен мүсіндері орналастырылған.
- ҚР Мемлекеттік орталық музейі бүгінгі таңда ел мәдениетінің дамуына қомақты үлес қосуда. Музей қызметінің негізгі бағыттарын атап өтсеңіз??
- Бүгінгі таңда еліміздегі бірден-бір жетекші әрі ең ірі музей болып саналатын Орталық музей өз қызметінің негізгі бағыттары – мәдени-білім беру, экспозициялық-көрме, қор-сақтау, ғылыми-зерттеу, қалпына келтіру, жинау, есепке-алу, редакциялық-баспа, ақпарат және басқа да қызметтер бойынша нәтижелі жұмыс атқарып, алыс-жақын шетелдермен ынтымақтастық байланыс орнатып, мемлекетіміздің бүгінгі таңда жүргізіп отырған саясатын мәдениет пен ғылым саласына енгізуде зор үлесін қосып келеді.