ffin.kz

Орта Азиядағы су мәселесі: Қазірден шешуді қажет етеді

Орта Азиядағы су мәселесі:  Қазірден шешуді қажет етеді flickr.com

Еліміздің географиялық орнала­суы көптеген артықшылықтарға ие. Алайда, дәл осы география­лық орналасуымыздың тиімсіз тұстары да бар. Түрлі жерасты байлықтарына бай әрі Орта Азиядағы ең үлкен территория су ресурстарына бай емес. Мол су көздерінің басым көпшілігі транысшекаралық өзендер арқылы көршілес Ресей, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан территорияларынан ағып келеді. Айтарға болмаса, елімізде су ресурсына қатысты мәселе жылдан-жылға тереңдеп барады. Ең қиыны, ғаламдық климат өзгерісі біздің бұл мәсе­лемізді тіпті де ауырлата түсуде. Өткен аптада Қырғызстанның елімізге кіретін егіс суын тоқта­туы қоғамға осы мәселенің өзектілігін қайталай еске түсірді.


Мәселенің табиғи қыры


Орта Азияда су мәселесі болашақта тіпті де қиындап, мемлекеттер арасындағы қайшы­лықты күшейтетінін көптеген зерттеушілер айтып келеді. Тіпті, аймақта су мәселесі со­ғыстың себебіне айналады деген де бол­жамдар айтылған. Ертеректе жасалған бұл болжамның шындыққа жақын екенін, соңғы жылдары анық байқап жүрміз. Бірақ соғыс­тың бетін аулақ қылсын. Аймақтағы елдер бір-бірімен жақын бауырластығын, мәдени- тарихи ортақтығы негізінде мәселені қақты­ғыссыз реттеуге қабілетті деп сенеміз.


Дегенмен, біз аталған мәселеге жаһандық климат өзгерісінің әсері де күшейіп келе жат­қанын көбірек ескергеніміз дұрыс. Қазір су ресурстарының тапшылығы Еуразиядағы бірқатар мемлекеттердің ортақ мәселесіне айналып келеді. Орта Шығыстағы әйгілі Еф­рат пен Тигр дариялары ағып өтетін елдерде құрғақшылық жыл сайын ауырлап, дария суы жылдан-жылға азайып келеді. Ал Иран көп жылдан бері құрғақшылықтың ауыр зардабын көріп келеді. Жалпы Орта Азияны қамтыған осы аймақ Сахара шөлінің әсеріне ұшырап жатқаны туралы көп жылдан бері ғалымдар айтып келеді. Алдағы уақытта Орта Азия ел­дерінде топырақ шөлейттену тіпті де күшеюі мүмкін деген ғылыми болжамдар да кезде­седі. Егер еліміздің Қызылорда, Маңғыстау облыстарындағы, оған қоса Атырау, Ақтөбе және Ұлытау облыстарының кейбір өңір­леріндегі жаратылыстық өзгерістерге назар аударатын болсақ, аталған ғылыми бол­жамның растығына көз жеткізе түсеміз. Де­мек, бұл алдағы уақытта аймақтағы су мәсе­лесінің өзектілігін тіпті де айқындап береді.


Бір қырынан қарағанда, бұл бізге мәсе­ленің салмақтылығын танытса, енді бір жағы­нан су ресурстарына қатысты проблеманың жеке бізге ғана тиесілі қиыншылық болмай­тынын да ұғындырады. Сондықтан, Орта Азия елдері үшін ең түйткілді бұл мәселені аймақтың ортақ тақырыбы деңгейінде қарас­тыруды қазірден бастап қолға алынуы тиіс.


Мәселенің саяси қыры


Су табиғи ресурс болғанымен, мемлекет­тердің мүдде мәселесіне келгенде саясилана кететіні белгілі. Кей жағдайда Қырғызстан­ның Қазақстанға кіретін егістік суларын тоқ­татуында саяси себептердің болатынын да жоққа шығара алмаймыз. Қырғызстаннан ке­летін су мәселесі талқыланғанда, кейде мәсе­леге солтүстік көршіміздің қатысы бар деген де сөздер айтылып қалып жатады. Бір кезде қырғыз ағайынның бізден өтетін тауарлары кедендік бақылауда ұзақ тұрып қалған уақыт­та, анау Талас өзенінің біздің аумақтағы аға­рында су азайып кетті дегендей. Қыл қысқа­сына келгенде Қазақстанның әлсіз тұсы ретінде көршілеріміз суды өзінің саяси мақ­саттарына пайдаланғысы келіп қалатыны рас.


Бұнымен бірге мына бір мәселені назарға алуға тура келеді. Қазір қырғыз қоғамында «суды тауар ретінде сату» деген ұсыныстар қайта көтеріліп жатыр. Бұл алғаш КСРО ыды­раған кездерде бір рет көтеріліп, кейін тоқтап қалған тақырып еді. Айтатын уәжі «Біз суды тауар ретінде сатып беруіміз керек, олар да бізге газды тегін бермейді ғой» дегенге жа­қын. Ерте кездері Турдакун Усубалиев сынды саясаткерлері Жоғорғы кеңеште «су тауар болсын» деген бастаманы көтерген.


Дегенмен, бұл жолы жағдай басқаша бол­ғандай. Қырғызстанның Ауылшаруашылық министрлігі ресми мәлімдемеде Жамбыл об­лысына берілетін судың лимиті ерте беткенін, оған екі ел арасындағы ресми келісім себеп болғанын айтқаны бар. Яғни екі ел өкілдері 17–19 шілде де кездескен, Қазақстан тарабы Киров су қоймасынан секундына 40 текше метрден 45 текше метрге дейін көбейтуді сұ­раған. Бұл бойынша лимит жылдағы уақыты­нан ерте біткен. Бұндағы Киров су қоймасы Талас өзенінің суын жинап ұстайды. Қырғыз тарабының ресми мәліметінде су қоймасы­ның 80 пайыз суын Қазақстан, 20 пайызын Қырғызстан пайдаланып отыр.


Қырғызстанда Орта-Тоғай (Орто-Тогой), Киров немесе Тоқтағұл (Токтогул) секілді 4 ірі су қоймасы, одан да бөлек шағын су қой­малары болып 34 млдр куб мөлшерінде су сақтап отырады. Бірақ бұл Кеңес дәуірінде бір ғана Қырғызстан үшін емес, көршілес Қазақстан мен Өзбекстанның да ортақ мүд­десі тұрғысынан жүзеге асырылған жобалар болатын. Мәселе қайдан шығып отыр, мәселе біз сол дәстүрлі күйде осы жобалардың игілігін көре берсек, ортақ игілікке асыра берсек дейміз. Бірақ қырғыз тарабы су мәсе­лесінің барған сайын қиындауына орай өзін­дегі артықшылықты кәдеге жаратқысы ке­леді дегендей. Бұған жаңа саяси себепті алға тартуға тағы болмайды. Қырғызстанның өз ішінде де кейбір аймақта су тапшылығының болып жатқаны шын. Айталық, қырғыз ақпа­рат құралдарындағы мәліметке сүйенсек, Киров су қоймасының ғана емес, жалпы ел аумағында сақтаған судың тек 20 пайызын ғана жаратып, қалғаны – 80 пайызы Қазақ­стан мен Өзбекстанға кетеді екен.


Ортақ мәселені өзімізден бастау керек


Жасырары жоқ, су мәселесі – еліміздің ең әлсіз тұсы. Бірақ су басында отырған Қыр­ғызстан мен Тәжікстан да мәселенің тек Қа­зақстан мен Өзбекстанға тәуелді емес екенін ұғынуы тиіс. Сондықтан да қазіргі уақыттағы саяси және өзге де себептерден өрбитін мәсе­лені маштабты деңгейде ортақ шешудің жол­дарын қарастыру маңызды. Бұл үшін аймақ­тағы бес ел ауылшаруашылығына суды тиімді пайдаланудың ортақ үлгісін енгізуі тиіс. Ай­талық, тамшылатып суару секілді тәсілдерді бір ел емес, өңір елдері бір уақытта дамыт­қанда өнімін көруге болады. Тіпті, қажет жағдайда аймақ елдерінің ауыл шаруашылы­ғында осындай технологияны енгізуге ауқым­ды инвестиция тартуға да әбден болады.


Бұған қоса, ауылшаруашылығынан тар­тып тұрмыста суды және энергияны пайдала­нудың ең үнемді жолдары енгізілуі қажет. Айталық, әлеуметтік орындардан бастап су мен жарықты тек пайдаланған кезде ғана қо­сылатын сенцорлы жүйелері жаппай енгізілсе де, бұның өзі миллиондаған текше метр су мен миллиондаған киловатт жарықты үнем­деп қалады. Қазақстан болашақтағы осы бір қиын мәселені шешуді қазірден бастап қолға алуы, энергия мен ресурстарды үнемдейтін жүйелерді енгізуде бастамашы болуы тиіс. Әрине, болашақтың мә­селелерін үшін қазірден бастап тиімді шарттарды қалыптастыру үшін басқа бағыттарда да басымдық­ты сақтап отыру бәрінен маңызды.


«Аlmaty-akshamу», №100, 22 тамыз, 2023 жыл

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:14

13:43

13:13

12:44

12:12

11:41

11:11

10:43

10:36

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30