Алматы мектептерінің бірінде бірнеше күн бұрын оқушы қыздың сынып жетекшісіне қатысты шағым айтылған видео тарады.
Ол жерде 9-сынып оқушысы өзінің сынып жетекшісін «өте қатыгез апай» деп сипаттаған. Айтуынша, мұғалім оған қол көтеріп, жұлқылаған. Дауыс көтеріп, көңілге келетін сөздер айтқан.
Осы мәслеге байланысты бүгін қаладағы №133 мектеп-гимназиясында кәмелет жасқа толмағандардың құқығын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Бұл жағдайдың жай-жапсарын аталған мектептің директоры Сабыркүл Оразбековаға хабарласып білдік. Директордың сөзінше, оқушыға қол көтерді деп жала жабылған мұғалімге қатаң сөгіс беріліп, ол сынып жетекшілігі мен өзінің қарамағында болған 9-сыныпқа сабақ беруден шеттетілген. Бірақ мекеме басшысы әлі де сол бұған дейін айтылған уәжінде, мұғалім тарапынан балаға қол көтеру болмаған дейді.
«Мұғалім оқушыға қаттырақ дауыс көтерген шығар. Бірақ, балағаттамаған, ешкімді ұрмаған. Осы кезге дейін бұл мұғалімге қатысты ешқандай шағым болған емес. Жұмысына жауапты, өз ісіне адал маман», - дейді №133 мектеп-гимназиясының директоры Сабыркүл Оразбекова.
Дегенмен сыңар егіздің анасы Ақмарал Ибадуллаева мұғалімнің қызына қол көтеріп, жұлқылағанын айтуда. Салдарынан оқушы иығынан жарақат алыпты.
«Бұл бірінші жыл емес. Менің талабым - сынып жетекшімізді мұғалімдік қабілетінен айыру керек. Бұл мектепте жұмыс істегенін қаламаймын. Менің қызым 9 майдан бері сабаққа келмейді. Психикасын бәрін құртқан, неврологический уже ауру. Қызыма қатты зақым тиген, ушибтер бар. Қызымды бүкіл ата-ана мен оқушылардың арасында сынып жетекшісі қарсы қойып отыр», - дейді ата-ана Ақмарал Имадуллаева.
Шын мәнісінде 9-сыныптың басқа ата-аналары мұғалімді қорғаштап, оны жақтап отыр.
«Мұғалімдер тарапынан, мектеп тарапынан қараусыз қалып, ешқандай жұмыстар жүргізілмей, балалар арасында осындай нәрселер орын алды дегенмен келісе алмаймын. Балалы үйдің ұрлығы жатпайды дейді. Егер осындай жағдай болса, тек қана Баян ғана жанұясына айтып барып, басқа балалар айтпай қалу мүмкін емес қой», - дейді ата-ана Ләйлә Есалиева.
«Сыныпта кедергі жасап, өзінің сабақ оқып отырған сыныптастарына көп минус жағдай жасайды екен. Өзі бастайды. Мұғалімдерге сөз қайтарады. Сабақта неше түрлі сөздер айтып отырады. Әлеуметтік желіге шығып тұрған видеоларындағы ұру, ұрсу, сыныпта осылай жасау деген, менің қызым ашық «мама, ондай болмайды» дейді. Айтқаны жалған», - дейді ата-ана Жазира Баймұқан.
Қазір сынып жетекшілігінен шеттетілген мұғалім 15 жылдан бері қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп келеді.
№133 мектеп директоры Сабыркүл Оразбекова бала құқығы бірінші орында екенін айтуда. Қазір осы жағдайға байланысты балалармен де, мұғаліммен де психолог, невропатолог мамандар жұмыс істеп жатыр.
Осы жағдайға байланысты басқа да ата-аналардың ойын сұрап көрдік. Әркім мәселені тек біржақты қарап, біржақты шешім қабылдаған дұрыс емес дейді. Оқушы - мұғалім - мектеп - ата-аналар арасында осындай дау-дамай соңғы уақытта жиілеп кеткені рас.
- Қазір өзі бала кіші болсын, үлкен болсын, балаға қарап сөз айта алмайтын болдық. Психологтардың сөзін тыңдасақ, баланың бетін қағуға болмайды. Ұрсуға болмайды. Қол көтеруді былай қойғанда. Баланың бетін қақпаса, ескерту жасамаса оған қалай бағыт-бағдар береміз сонда?!
- Қандай жағдай болмасын мұғалім ұстамдылық танытып, қатты ашу шақырмағаны дұрыс. Өзінің ашуын баса алмаса, ол қалай мұғалім болып жүр. Баланың тілін табу керек.
- Жағдайға қарай, бала кінәлі болса, ескерту жасап, қаттырақ айтқанда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Тіпті тыңдамаса, ата-анасына айту керек. Бірақ қол көтеріп, жұлқып-сілкілеу дұрыс емес.
Біржақты пікір болмасын деп өзге мектеп ұстаздарынан да осындай жайттарға қатысты ойларын сұрастырып көрдік.
«Қазір ата-аналардың көбі мұғалімге қарағанда баласының сөзіне сенеді және соның сөзін сөйлейді. Кейде дауыс көтеріп сөйлейтін сәттер болады. Себебі кейбір балаларға қаттырақ айтпасаң, айтқаныңды орындай қоймайды. Ұстаздар балалардың жанын жаралайтын сөз айтып, қол көтеретін әреккетке барады деп айта алмаймын. Керісінше, қандай жағдай болмасын баланың жанын түсінуге, қолдау көрсетуге тырысады», - дейді Жанар есімді қазақ тілі мұғалімі
«Қазір шамасы жеткен адамның бәрі мұғалімді айыптап шығатын болды. Үйлерінде бетін қақпай өсірген балаларына ешқандай ескерту жасап, түзете алмайтындай болдық. Керек кезінде мұғалімнің қаталдық танытуы керек. Осыны көбі, әсіресе балалар шектен тыс қаттылықпен шатастырады. Қаттырақ сөйлеу арқылы баланы ширатып алғысы келетін болуы керек», - дейді Нұргүл есімді көпжылдық тәжірибесі бар мұғалім.