ffin.kz

Өнерде де өмір бар

Өнерде де өмір бар almaty-akshamy.kz

Көрме



 Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде «Заманауи сәндік-қолданбалы өнер» атты көрме ұйымдастырылды. Көрмеге гобелендер, киіз және кестеленген паннолар, теріден жасалған картиналар, сондай-ақ әр жылдары Қазақстанның қолданбалы өнерінің белгілі кәсіби шеберлерінің қолынан шыққан күміс және мельхиордан жасалған авторлық зергерлік бұйымдар қойылған.


Гобелендер сиқыры


Көрме  қазақ халқының дүниетанымын, салт-дәстүрі мен өмірін көз алдыңызға әкеледі. Экспозицияның төбесінде ілулі тұрған шаңырақ береке-бірліктің ұйытқысы болса, айналасындағы ою-өрнектер, ал қызыл гүлдермен бейнеленген гобелендер қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін хабардар етеді. Тіпті, ырымға негізделген туындыларды да байқауға болады. Балбал тастар, күмістен жасалған зергерлік бұйымдар, сайын сахараның тәрбиесінен көрініс береді.


«Экспозицияға шолу Құрасбек Тыныбековтің «Тау мен дала аңызы», «Байқоңыр» атты монументалдық туындыларынан басталады. Автор қазақ халқының гобелен өнерін дамытуда сүбелі үлес қосқан. Ол шығармашылық жұмыспен айналысу кезінде  символизм, метафоризм, таңбаларды зерттеуге талпынды. Осылайша  көркем туындысын мәдени мұраға айналдыруда ежелгі және ортағасырлық жауһар туындыларды жасап шығарды. Мұндай таңғажайып туындылар  тек хас шебердің қолынан келетін талант десем артық айтпағаным болар», – дейді экскурсовод Нұржамал Ажарова.


Расымен ақ, «Тау мен дала аңызы» шығармасын тамашалап отырып, дархан даланың тұмса табиғатына, самал желіне, керуен көшіне кез боласыз. Аспанда қалықтап жүрген құстар қошқар мүйізбен бейнеленген. Ақсақал елге батасын беріп, ел амандығын тілегендей кейіпте. Қызара батқан күннің сәулесі айналаға шуағын төгіп тұр. Басында кимешегі бар ардақты ананың қолында садақ ұстаған бозбала. Айналада ақбоз аты, құмай тазысы, қыран бүркіті бар көшпелі қазақ өмірін әсем бейнелеген. Сондай-ақ, «Байқоңыр» атты туындысы қазақ даласындағы өзіндік ғарышты бейнелейді. Төмен жағындағы өрнектелген тау байыптылықты, мамыражай уақытты көз алыңызға әкеледі. Жұлдыздарға көмкерілген кішігірім тас, бейнебір галактика дерсіз. Сырлы өрнекпен безендірілген гобелен сіздің де көңіліңізден шығары сөзсіз.


Қазақ гобелен өнерінің негізін қалаған марқұм суретші Құрасбек Тыныбеков болса, қазақ қыздарының ішінен осы салаға тұңғыш сара жол салған Бәтима Зәуірбекова апайымыз. Ол кісінің де туындылары көрерменнің назарына ұсынылды.


«Әрмен қарай, ҚР сіңірген қайраткері Шоқан Уәлиханов атындағы  Қазақ КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бәтима Зәуірбекованың «Кеңістік» гобелені қойылды. Ол көбінесе үйлесімділік, тазалық және руханияттың символы ретінде әйел бейнелерін жасайды. Қарап отырсаңыз, туындының аты затына сай.  Еркіндікті, шабытты, бақытты сезуге болады. Бұған дейін бұл туынды көп жерде қойылмаған. Сол себептен анықтап қарасаңыздар, ерекше тұстарын байқауға болады», – дейді Нұржамал Ажарова.


Орта ғасырларда өмір сүрген ағайынды Гобелендер негізін салған өнер сайын сахараны артқа тастап, қазақ даласында да кеңінен танылған. Гобеленге қарап, қазақтың тоқыма, тақыр кілемін салыстырар болсақ ешқандай да айырмашылық байқалмайды. Тура бір егіз өнер дерсіз. Бүгінде көпшілігі гобеленді  «алашаның заманауи түрі» деп атап кеткен. Қалай десек те, гобелен өнерінің қалыптасуы қазақ халқының қолөнерінде басымдылыққа ие болды.


«Барлығын тамашалап жүріп ерекше әсер алдым. Маған мұражайдағы туындылар көңілімнен шықты. Барлығын дерлік ерекше ықыласпен жасағандығы көрініп тұр. Түстердің үйлесімділігін, шаңырақтың орналасуы мені таңқалдырды. Сондай-ақ, Ә.Бапановтың «Зымыраған уақыт» гобелені мені қатты ойландырды, қарап отырып көзім де, көңілім де тойды. Алдағы уақытта осындай іс-шаралардың көп ұйымдастырылғанын қалар едім», – дейді көрермен Сымбат Ержанқызы.


Паннолар да сыр шертеді


Көрмеге гобелендерден бөлек, панномен жазылған Үмбетов Жәңгір мен Иханова Алмагүлдің «Балбалдар», «Құшкөн», «Темірқазық», «Дала әуені», «Қорқыт» атты паннолары қойылған. Монументтік бенелеу өнерінің шығармасына жататын панноны шеберлер өз көзқарасымен жеткізген. Мәселен, «Балбалдар» туындысына қарап бабаның көзі, талай тарихтың куәсі болған тастарды байқаймыз. Түркілер мәдениеті мен өнерінен, өмірі мен діни-нанымынан хабар береді. Ежелгі түркі дәуірінен бастап, орта ғасырға дейін сақталып келген балбал ескерткіштері қазақ даласының әр жерінде кездеседі.



Сондай-ақ, ерлі-зайыпты Әлібай Бапанов пен Сәуле Бапановның шығармалары түрлі-түсті жағымды түстерге бай. Заманауи шығармашылық ізденістерімен ерекшеленетін отбасының «Жер-Ана», «Галактика» паннолары, «Үш әлем», «Зымыраған уақыт» гобелендері ұсынылды.


«Бапановтар әулетінің гобелендері мен киіз панноларында кескіндемелік және графикалық композициялардың принциптері, түстік қатынастардың сәнділігі мен қайшылығы үйлесім тапқан. Және табиғи тастарды өңдей отырып, жаңа техника мен материалдарға тәжірибе жасайды. Бұл шеберлердің шығармашылығын заманға сай бейнелі ете түседі», – дейді «Қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнері» бөлімінің ғылыми қызметкері Н.Ажарова.


Экспозицияға Попов Юрийдің «Керуен» атты қыш, глазурден жасалған мүсіні қойылған. Қазақ өркениетінен хабар беретін туындыда қарапайым көшпелі қазақ өнері бейнеленеді. Түйеге мінген ерлі-зайыптылар риясыз  көңіл күйде өрнектелген. Әйел адамның басында тақиясы, сәнді моншағы болса, ер жігітте жинақы шапаны бар.  Қасынан бақытты сәбиді де көруге болады. Кішігірім туынды көңілді таудай етері сөзсіз.


Әшекейлер әлемі


Сонымен қатар, көрмеде әйелдерге арналған көрсе көздің жауын аларлық зергерлік бұйымдар да орын алған. Ақ түсті металдан жасалған тойға арналған жүзікті білезік, алқа, әдемі сырғалар да қойылған. Сондай-ақ, түрлі-түсті тастардан өрнектелген әйелдердің белдігі, ақ түсті металдан жасалған камзолдың түймелері, көненің көзі боларлық кеудеге тағатын бойтұмары да бар.  Ержан Бәшіровтің қолынан шыққан «Үш белгі» алқасы көне түркілердің әдет-ғұрпына негізделген. Ал «Көне сарындар» білезігі қыз-келіншектің қолына әдемілік пен нәзік берері сөзсіз.


«Иә, көрмеде гобелен мен паннолардан бөлек әшекейлер де қойылды. Күміс кір жинамайды. Зергерлердің сүйікті материалы. Қазақ үшін қандай бұйымның болсын әсемдігімен қатар қасиеті мен киесі де айрықша мәнге ие болған. Жаман нәрселерден қорғау қасиетіне, мәніне қарай қалыбы мен ою-өрнегі, жасалатын материалы да түрліше болады. Күмістің жылтылы мен түсі ежелден айдың жарығына баланды. Боз ғаламшар мен күміс бір-бірімен тығыз байланысты. Бұл металды түнгі жарықтың бір бөлігі ретінде қабылдаған халқымыз оған түрліше құдіретті қасиет берген. Баланы шомылдырғанда суға күміс теңге мен сақина тастап, «Баланың күні күмістей жарық болсын» деуі тегіннен-тегін емес», – дейді музей қызметкері.



Заманауи сәндік-қолданбалы өнер экспозициясы суретшілердің түрлі ұрпағына жататын қазақстандық керамика және заманауи зергерлік өнер шеберлерінің шығармашылығымен таныстырады. 1970 жылдан 2000 жылдың басына дейінгі кезеңінде жасалған авторлық түпнұсқа туындылары жаңа формаларды, бейнелерді және көркем-пластикалық шешімдерді іздеумен сипатталады.


Талантты жандардың сіз бен біз біле бермейтін шығармалары әлі күнге өзектілігін жоймаған. Тарихы терең, өткеннен өнеге беретін өнер туындыларын тамашалауға асығыңыз!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04