ffin.kz

Мінсіз мектептен қай бала қашады?..

Мінсіз мектептен қай бала қашады?.. Алматы әкімдігі

Күз түсті. Күзбен бірге мектепке із түсті... Жаз бойғы алаңсыз күндер артта қалып, бала біткен білім ошағына бет түзеді. Оларға қарап тұрып, баяғыда балабақшаға барып жүрген кезінде ұлыма тәрбиешілері жаттатқан бір шумақ ойыма еріксіз оралды. Оның «Алтын, алтын, сары алтын, Алтын күзде нұр жатыр. Біз мектепке баратын, Алақай-ау, күн жақын!» деген тақпағына орай, әкесі: «Ертең мектепке барғанда «алақай!» дегеніңді көрем» деп күлетін.

Айтса-айтқандай, бастапқыда құшынып-ақ барған баланың уақыт өте келе «мектеп» десе көңілі нілдей бұзылатынды шығарды, жоғары сыныпқа көшкенде тіпті сабаққа қызығушылығын жоғалтып алғандай да болды. Жалпы, бір ғана бұл бала емес, оқушылардың көпшілігінің мектепке деген әуелде алып ұшқан көңілі ерте басылатыны рас және оған себеп болатын жайттар да аз емес.

Дегенде, соңғы жылдары орта білім ордасы нағыз сынақ алаңына айналғанын айтсақ та жеткілікті. Үштілділіқті енгізуге тырысу, Әліппенің аласталып барып қайта оралуы, базбір пәндерді біріктіріп оқытуға талпыну, педагогикалық университеттерге бұрынғыдай мамандарды жеке пәндер бойынша емес, бірнеше пәнді қатар меңгерген әмбебап ұстаз етіп шығаруды міндеттеу, мұның бәрі өткен күннің үлесіндегі жайттар десек те, сол кезеңдегі білім жүйесінің барысына, сәйкесінше, мектептегі оқу процесіне айтарлықтай кері әсері болғаны анық.

Мұның сыртында кейінгі жылдардағы Ұлттық Бірыңғай Тестілеу де орта мектептің жылдар бойы қалыптасқан оқыту үрдісін, жұрттың мектеп ролі, базалық білімнің жасөспірім өміріндегі мән-маңызы жөніндегі әдеттегі таным-түсінігін күрт өзгерткендей болды. Барлық мақсат ҰБТ-дан жоғары балл алу. Сөйтіп, сыныбы жоғарылаған сайын бала назары ҰБТ тапсыруға қажетті 4-5 пәнге ауып, соған ғана дайындалуға көшеді.

Білім саласының ардагерлері мен кәсіби мамандардың дені бала ойын дамытпайтын ҰБТ білім берудің негізгі сипатына қайшы келеді дегенді айтудай айтып жүр. Бұл орайдағы көзқарас «Мектеп бағдарламасындағы әртүрлі пәндерді оқып-игеру негізінде балада өзін қоршаған әлем, дүние туралы біртұтас түсінік қалыптасады, жасөспірім ақ пен қараны, жақсы мен жаманды айыра алатын халге жетеді. Ал жоғары сыныпта басқа сабақтың бәрін жиып қойып, тест тапсыратын пәндерге ғана ден қою, онда да дұрыс жауаптарын ғана жаттап дайындалу балаға өмірлік азық болатындай ілім де, білім де бермейді» дегенге саяды. 

Танымал журналист, жазушы Сәкен Сыбанбай да Білім күні қарсаңында фейзбукте жариялаған «Жауап нұсқаларын жаттағыш ұрпақ» деген жазбасында ресейлік сатирик-жазушы Михаил Задорновтың жеке концерттік бағдарламасында айтқан бір әзілін келтіріпті. Қазір бізде де сол сатириктің: «Бір мектеп оқушысы менің «Бірінші дүниежүзілік соғыста кім жеңді?» деген сұрағыма «Ал сіз маған ол соғысқа кімдердің қатысқанын айтыңыз, соның ішінен біреуін таңдайын» деп жауап берді»... дегенінің кері. Жас ұрпақ дүниетанымының жадаулығына, рухани жүдеулігіне тоқтала келе: «Расында да, қазір біз техниканың тілін «шашқанымен», компьютерді игергенімен, күні-түні ғаламтор ақтарып отырғанымен, әдебиеттен, мәдениеттен, өнерден, тарихтан, әлемдік өркениет нышандарынан еш хабары жоқ ұрпақ тәрбиелеп отырғандаймыз. Олар Құрманғазыны – Қобыландымен, Аймановты – Айтматовпен, Швецияны – Швейцариямен, Австрияны – Австралиямен, кинологті – кинотанушымен, генеалогияны – гинекологиямен шатастырады. «Бернард Шоу деген кім?» деген сұраққа «шетелдік шоумен шығар» деп жауап берген студентті де көргенбіз», – деп қынжылады Сәкен.     

Бұл жағдайдың ең бір өрескел, тіпті қисынсыз тұсы сол ҰБТ үшін ғана оқушылардың басым көпшілігі арнайы дайындық орталықтарына айлап, жылдап баруға мәжбүр. Олардың барлығы ақылы және бағасы бірінен бірі өтеді. Егер мектепте сапалы білім берілсе, пән мұғалімдері әр оқушыға жеткілікті көңіл бөліп, дұрыс жұмыс жүргізсе, бала біткен мектептен безіп, керегін сырттан іздер ме еді?! Түптеп келгенде, мектеп мінсіз болса, одан қай бала қашады?!  Біздегі орта білім жүйесінің жағдайын, базбір мектептердегі мұғалімдер деңгейін осының өзі-ақ көрсетіп тұрған жоқ па?!

Жалпы, қала демей, ауыл демей, қосымша білім беру орталықтарының көбейіп жатқаны аса бір қуанарлық нәрсе емес. Демек еліміздегі дәстүрлі білім жүйесі тұралады, орта мектеп өзінің қоғамдағы бастапқы маңызын, салмағын жоғалта бастады деген сөз.

Рас, соңғы уақытта жер-жерде жайлы мектептер құрылысы қарқын алып, білім ордаларының қатары артуда, үш ауысымдық мектептерді азайтуға күш салынуда. Мұғалімдердің айлығы, педагогикалық мамандықта оқитын студенттердің шәкіртақысы өсуде. Дұрыс-ақ. Бірақ енді мектепке, ұстазға деген баяғы сенім, баяғы құрмет қашан оянады, дұрысы, қайткенде оянады?! Осыны ойлайық.

Жақында ғана әлеуметтік желінің біріне күлкілі видео шықты: 1-сыныптың баласы болса керек, мектептен қашып бара жатыр. Артынан жүгіріп келе жатқан апайы қуып жете берген бойда бала шыңғырып жерге отыра кетті. Ары қарай қандай «концерт» қойғанын Құдай білсін. Видеоны жүктеген адам «Мұғалімдерге Алла сабыр берсін» деген сыңайда пікір қалдырыпты... Иә, ол да жөн.

Сонымен бірге ұстаз атаулы шын мәнісінде «мектептің жүрегіне» айнала алардай ақыл-парасат, бала жанын баурай білердей терең білім иесі болғай деп тілейік. Әйтпесе үлкен демей, кіші демей, бала атаулының мектептен осы қашқаны қашқан.   

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:43

17:13

17:12

16:43

16:09

15:49

15:10

14:44

14:14

13:43

13:13

12:44

12:12

11:41

11:11

10:43

10:36

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55