ffin.kz

«Мен адам іздеп жүрмін»

«Мен адам іздеп жүрмін» almaty-akshamy.kz

Түрік тілін үйретіп жүрген Неше ЙЫЛДЫРЫМ ханыммен сырласу




Былтырғы мамырда біздің «Alatau Aqparat» медиахолдингі мен Еуразиялық ғылыми-зерттеу институты арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Осынау әріптестік құжаты шеңберінде қазір журналистер түрік тілін тегін үйреніп жүр.


Түркия – Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш болып мойындаған мемлекет. Ал тіл білгеннің еш артықшылығы жоқ. Тіл – халықтарды жақындастырады, бір-бірін жақын танып, терең түсінуге дәнекер болады. Курс аяқталған соң қатысушыларға Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті лингвистикалық орталығының арнайы сертификаты беріледі. Ал бізге аптасына үш рет сабақ беріп жүрген Неше ЙЫЛДЫРЫМ (Neşe YILDIRIM) ханым Алматыға Түркиядан арнайы келген ұстаз. Түрік қызымен болған сыр-сұхбатымызды сіз де оқи отырыңыз.


 


АЛМАТЫ ҰНАДЫ МА?


– Елден жырақта жүргеніңізге қанша жыл болды, кімді көбірек сағынасыз?


– Менің Ахмет Ясауи университетінде түрік тілінен сабақ беріп жүргеніме екі жарым жыл болды. Былтырғы қарашадан бері Алматы Еуразиялық зерттеулер институтында дәрісімді жалғастырып жүрмін.


Иә, мен қазір отбасымнан, ағайын-туыс, достарымнан, студенттерімнен алыстамын. Сондықтан сағынатын адамдарым көп десем, артық айтқаным емес. Мен бұған дейін Ыстамбұлда жұмыс істегенмін. Ел жақтағы ортамды, әсіресе кітап клубындағы пікірлес, рухтас достарымды және қандай тақырыпта болмасын емін-еркін, тосылмай, ашық сөйлесетін замандастарымды сағындым. Бәрінен де кейінгі кездері отбасынан жырақта, алыста жүрген, жұмысы көп мені уайымдап, үнемі алаңдап, тілеуімді тілеп отыратын анамды сағынамын.


– Алматыға бірінші рет келуіңіз бе? Біздің қалаға келген кезде сізді ең бірінші баурап алған не? Керісінше, не ұнамады?


– Алматыға бұл екінші сапарым. Табиғатты қатты жақсы көретіндіктен болар, назарыма бірден жасыл желекті әдемі ағаштар ілікті. Шаһар бейне орман ішіне тұрғызылғандай. Қала аса үлкен емес дер едім, бірақ тұрғыны көп. Дегенмен, үлкен болмаса да, іздегеніңіздің бәрі табыла кететін жер. Барлық жол сызғышпен сызылғандай түп-түзу, бір-бірімен қиылыса кетеді. Сондықтан сіздің адасып кетуіңіз мүмкін емес. Әйел заты сыртқа қалаған уақытында оңай шыға алады. Алматы көшелері мен үшін қауіпсіз, жайлы атмосфераны сезінемін. Мен мұнда өзімді бөтен сезінбеймін. Әрине, бұған екі халықтың адами қасиеттерінің де ықпалы бар шығар деп ойлаймын.



Алматының осыншама жасыл желекке оранғанына қарамастан, ауасының таза еместігіне таңданамын. Естуімше, зауыттардан шығатын түтіндер ластап жатқан көрінеді. Маған осы тынысыңды тарылта түсетін лас ауа ұнаңқырамайды. Бұл мәселе тезірек шешіліп, жасыл Алматы өзіне лайықты таза ауаға ие болады деп сенемін.



Айтпақшы, сөз орайы келіп тұрғанда тағы бір мәселені айта кетейін. Кейбір риэлторлар пәтер іздеп жүрген жандардың ішінен шетелдіктер екенін білсе, үйді көрсетпей жатып ақшасын алдын ала алып қойып, тақырға отырғызып кетіп жатады. Бұл да ескерілуі тиіс мәселе деп ойлаймын.


 


ШЫНАЙЫЛЫҚ ҰНАЙДЫ


– Біздің Алматыдан дос таптыңыз ба? Адамдармен қарым-қатынаста неге көбірек мән бересіз?


– Мен ересектерге сабақ беретіндіктен, мұғалім мен оқушы арасындағы байланыстан гөрі көбімен достық, сыйластық қарым-қатынастамын. Мәдениетті, білімді шәкірттерім көп. Мен олармен сөйлескенді ұнатамын. Адамдармен қарым-қатынаста шынайылыққа аса мән беремін. Көлгірсу, екіжүзділік мүлдем ұнамайды.


Мен идеясы, ойы, көзқарасы мүлдем басқа жандармен де араласа беремін. Шын мәнінде мұны қажет деп санаймын, өйткені ол адамды дамытады. Тек бір-бірімізге шынайы болсақ сол жетіп жатыр. Мавлана Джалаладдин Румидің «Қандай болсаң, солай көрін. Қалай көрінсең, сондай бол!» деген тәмсілі маған ұнайды.


– Алматының қандай мәдени орындары көбірек ұнайды? Қайтып айналып бара бергіңіз келетін жері қайсы?


– Алматыда мәдени-рухани іс-шаралар өтетін орындар өте көп. Мүмкіндігінше бәріне баруға тырысамын. Мен мәселен көрмелерге, концерттерге барамын. Кофе ішіп отырып, тыныштықта кітап оқығанды жақсы көретінім бар. Қалада дәл осылай отыруға болатын жайлы кафелер де көп екен. Дегенмен де, мен үшін ең жайлы орындар – саябақтар, жапырағы жайқалған, көлеңкесі мол ағаштар.


 


ЖАРАПАЗАН


– Мегаполиске келген кездегі ең бір күлкілі қызықты оқиғаңызбен бөлісе отырсаңыз?


– Менде ондай оқиғалар жиі болып тұрады. Бірақ Алматыда емес, Түркістандағы ерекше есімде қалған бір жағдайды айтып берейін. Өткен жылы Рамазан айы болатын. Үйде онлайн-семинарда отырғанмын. Есік қоңырауы шырылдады. Бірақ экранда көптің алдында отырғандықтан тұрып кете алмадым. Қоңырау үсті-үстіне шырылдай берді. Бір кезде есікті сындырып жіберердей қаға бастады. Ал менің сөзім әлі аяқталмаған сәт еді. Семинарға қатысушылардан кешірім сұрадым да, барып аштым. Сөйтсем, қарсы алдымда бес пен тоғыз жас аралығындағы cүп-сүйкімді қыздар мен ұлдар тұр. Олар мені көре салып бірден өлеңдете жөнелді. Мұндай тосын жағдайға қатты күліп жібердім. Әрине, олардың өнері үшін тәттілер беруім керек екенін бірден түсіне қойдым. Менің жалпы жайшылықта да алдымнан балалар кезіксе, қалтамнан кәмпит шығарып беретін әдетім бар еді. Бұл жолы да сөйттім. Балалар – періште ғой.


– Қазақстанның басқа қай өңірлерінде болдыңыз? Қазақ ұлтының қай қасиеті ерекше тәнті етті?


– Түркістан мен Шымкент қалаларында болдым. Ахмет Ясауи мазарына барғанда қатты әсерленгенім есімде. Кесене төңірегінде қуаты күшті рухани аура бар, маған ол қатты сезіледі. Ерекше күйге бөленемін. Екеуі де әдемі қала. Дегенмен, мені Алматының табиғаты мен биік таулары көбірек баурап алды.


Қазақтың қай қасиеті дегенде, сіздердің жеті атаны жатқа біліп, сол құндылықты шын жүректен құрметтейтіндеріңіз жанды тербейді.


 


АЛТЫН ЖҮЗІК


– Қазақтың қандай тағамын жақсы көресіз?


– Бауырсақ, кілегей ұнайды. Таңғы асқа бал қосып шәй ішкенді жақсы көремін. Айтпақшы, шәйді құрт тістеп ішетінімді көрген кейбір достарымның қатты күлгені бар. Құрт – өте пайдалы тағам. Асқазанға пайдалы, жүрек жалғауға таптырмас, әрі сөмкеңіздің бір бұрышынан да орын табыла кететін өте қолайлы тағам. Түркияда да құртпен шәй ішуді дағдыға айналдырсақ жақсы болар еді деп ойлаймын.


– Арманның бәрі жүрегімізге бала шақтан құндақталады ғой. Бала күнгі арманыңыз орындалды ма?


– Бастауыш сыныпта оқып жүргенде мұғалім болуды армандадым. Иә, ол орындалды. Содан кейін әлеуметтану саласын меңгергім келді, оған да қол жеткіздім.  Бірақ журналист болсам деген арманыма қолым жетпей қалды. Қазір журналистерге түрік тілінен сабақ беремін. Сондықтан мен өзімді осы арманыма ішінара жақын жүргендей сезінемін.


– Ең алғашқы жалақыңызды қайда жұмсағаныңыз есіңізде ме? Анаңызға жасаған ең алғашқы сыйлығыңыз ше?


– Алғашқы жалақыма жаңа үйіме жақсы заттар сатып алдым. Сол жалақыма өзіме көк көзі бар алтын жүзік алған болатынмын. Сол сақина анама қатты ұнады. Мен ойланып жатпастан анама сыйладым. Әлі күнге қолынан шешкен емес. Анам риза болып жүрсе, менің де көңілім жәй.


 


ҚОЛ ШАМЫ


– Міне, бүгін көктем мерекесі. Арулар жігітінен көбіне қандай сыйлық күтеді? Өміріңіздегі ең ұмытылмас сыйлық?


– Менде сыйлық күту, дәмету деген ұғым жоқ десем де болады. Сондықтан «арулар жігітінен көбіне қандай сыйлық күтеді?» деген сауалыңызға нақты қалай жауап берерімді білмей отырмын.


Осыдан бірнеше жыл бұрынғы оқиға. Жақсы жүзетін досым теңіз түбіне сүңгіп кетті де, біразға дейін жоқ болып кетті. Сөйтсе, теңіз түбінен көп етіп теңіз қабыршақтарын жинап алып шығыпты. Солардан маған әдемі алқа түзіп, сыйлыққа бергені бар. Толқыған теңіз астынан алып шығу дегеніңіз асқан күшті талап ететіні сөзсіз. Сондықтан да ол сыйлық мен үшін бағалы болды.



Ал таяуда бір әріптесім қол шамын сыйға тартты. Мен мұны алғашында мүлдем түсінбей қалдым. Мәнісін кейінірек ұқтым. Бірде мен әңгіме барысында әйгілі философ Диогеннің күндіз қолында шам ұстап көше кезіп жүргенде, сұрағандарға «Мен адам іздеп жүрмін» деп жауап бергені туралы айтқаным бар екен. Сол оқиға есінде қалған болуы керек, маған қол шамын сыйлапты. Бұл да көңілге жылылық беретін сәт.



– Адамды көрікті ететін не, киімі, әлде мінезі? Қазақ қыздары әдемі ме? Қалай ойлайсыз, олар неге көбірек мән беретін сияқты?


– Біз алғаш кездескен адамның, иә, алдымен сыртқы келбетін, киімін көреміз. Ал онымен сөйлесе бастағанда киім өзінен-өзі кейінге ысырылып қалады да, біз адамның нақ өзін көреміз. Маған адамның қарапайымдылығы, мінезге бай болғаны ұнайды. Қазақ қыздарының да өзіндік сұлулығы бар. Әсіресе, олардың ұлттық киімдегі болмысы ұнайды.


– Сізді өнердің қай саласы көбірек шабыттандырады? Хоббиіңіз?


– Мен өнердің барлық саласын жақсы көремін және олардың бәрінен шабыт аламын десем, қателеспеймін. Ал әдебиет – мен үшін ең құндысы, кітап оқығанды сүйемін. Суретті де жақсы көремін. Бұрын сурет салумен айналысқанмын. Бәлкім, қайта қолға алатын шығармын.


 


«АНАМ» ДЕП САҚТАУЛЫ


– Ал егер сізге кино түсіру немесе спектакль қою керек болса, ол не туралы болуы мүмкін?


– Адамзаттың жоғалтқаны туралы болатын шығар.


– Осынау өмірде адам нені қадірлей білу керек?


– Көп нәрсені. Бірақ соның ішінде бірінші кезекте еңбекті қадірлеген абзал дер едім.


– Қазір өмірімізді сматрфонсыз елестету мүмкін емес. Кімге жиі қоңырау шаласыз? Телефоныңызда анаңыздың есімі қалай сақталып тұр?


– «Анам» деп сақтаулы тұр. Әрине, бірінші кезекте анама, сосын жақын достарыма, бауырларыма жиі қоңырау шаламын. Кейбір достарыммен телефонмен сағаттап сөйлесе беруге бармын. Әсіресе, маған бауырымдай болып кеткен досым екеуміз оқыған кітаптарымыз туралы ойларымызбен бөлісеміз. Мен ол досымнан көп нәрсені үйреніп жүрмін. Оның менің өмірімде бар болғаны үшін қуаныштымын.


– Әлеуметтік желіде не болып жатқаны сізді қызықтыра ма? Онда қаншалықты жиі отырасыз?


– Мен әлеуметтік желіні көп қолданбаймын. Әрине, бұл сөзім кейбір замандастарымның арасында күлкі тудыруы мүмкін. Себебі, қазір барша адамзат әлеуметтік желіге жіпсіз байланып қалған. Бірақ қоғамда, айналаңызда, күнделікті тыныс-тіршілігімізде не болып жатқанынан хабардар болып отыру үшін әлеуметтік желінің орны бар деп айта аламын. Тіпті, кейбір әлеуметтік оқиғаларға адамдардың өзі де ықпал ете алатын қуатты платформаға айналды. Сондықтан әлеуметтік желінің дәл бүгінгі қуатын елемеуге болмайды.


 


ӨЗІМЕ КЕҢЕС


– Лотерея ұтып алсаңыз, ол ақшаны қайда жұмсар едіңіз?


– Әлемді аралар ма едім. Көптеген жұмыс көзін ашып, адамдарға көмектесетін шығармын. Бірақ қазір ойлап қарасам, мәдени орталықтарды басқаша форматта ашу керек сияқты. Тіл, кітап, би, спорт үйірмелерін көбейтіп, оған тұрмысы төмен отбасылардың дарынды өрендерін тегін оқыту қажет.


Ақшаны пайдалану да мәдениет екенін білеміз. Менде ешқашан көп ақша болған емес. Егер мен лотереядан көп ақша ұтып алсам, ол бірден таусылып қалатын шығар. Иә, лотерея көп адамның арманы болар, бәлкім. Бірақ мен үшін таза өз еңбегіңмен ақша тауып, адал табысыңмен адами тұрғыда өмір сүру маңызды.


– Өткен уақыттар кері айналып келер болса, өміріңізде нені өзгерткен болар едіңіз?


– Кейбір босқа өткізген уақытымды өзімді жетілдіру үшін пайдаланғым келеді. Көбірек оқып, тоқуға көңіл бөліп, шет тілдеріне мән беріп, өзімді спорт саласында да көрсеткен болар ма едім.


– Қазір алдыңызда өмірге енді ғана қанат қаққалы тұрған кешегі жасөспірім Нeше отырса, оған бүгінгі ойы толысқан Нeше қандай кеңес айтқан болар еді?


– Сізге үйренетін нәрсе көп. Алда ұзақ жол жатыр. Уақыт өте құнды. Даму мүмкіндіктерін жіберіп алмаңыз. Сізді барлық жағынан да биіктететін ортада болыңыз. Өзіңіздің қадіріңізді біліңіз және ең бастысы – қандай жағдайда да жақсы адам болып қалу керектігін есте сақтаңыз.


 


Сұхбаттасқан Нұржамал ӘЛІШЕВА,


журналист.


 


 


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

08:49

08:05

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30