Алматы көлік және коммуникациялар колледжіне – 95 жыл
Алматы көлік және коммуникациялар колледжі сонау Түрксіб теміржолы салынған жылдардан бері еліміз үшін мыңдаған теміржол мамандарын даярлап келе жатқан қара шаңырақ, бүгінде сапалы білім мен сұранысқа ие кадрлардың ордасы.
Атаулы датаға орай колледжде ерекше мерейтойлық іс-шара ұйымдастырылып, жаңа «Көлік, коммуникациялар және логистика» өңірлік құзыреттіліктер орталығы мен оқу орнының тарихынан сыр шертетін мұражайдың тұсауы кесілді. Салтанатты жиын Алматы қаласы әкімдігі мен Алматы қаласы Білім басқармасының қолдауымен өтті. Жиынға «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, әлеуметтік серіктестер мен қаламыздағы өзге де мемлекеттік колледждердің директорлары және БАҚ өкілдері қатысты.
Мақсат – бәсекеге қабілетті маман дайындау
Мерекелік жиында колледж директоры Ербол Жароллаұлы Мағазов құттықтау сөз сөйлеп, жаңа орталықтың маңыздылығын атап өтті:
– Колледжіміздің 95 жылдық мерейтойы аясында құзыреттілік орталығының ашылуы – біз үшін үлкен жетістік. Бұл орталық тек студенттерге ғана емес, оқытушылар мен сала мамандарына да кәсіби білімін шыңдауға жол ашады. Заманауи оқу жабдықтарымен жабдықталған аталмыш орталықта қайта даярлау, біліктілікті арттыру және қысқа мерзімді курстар өткізу жоспарланған. Басты мақсатымыз – еңбек нарығының сұранысына сай, бәсекеге қабілетті мамандарды дайындау, – деді колледж директоры Ербол Жароллаұлы.
2021-2022 оқу жылында «Жас маман» жобасы аясында құны 185 миллион теңге тұратын заманауи оқу құрал-жабдықтары – оның ішінде ТЭ33А тепловозының тренажер кабинеті орнатылып, оқу үдерісіне енгізілді. Бұл – колледждің техникалық базасының заманауи талаптарға сай екенін көрсетеді.
Тарихтан тәбәрік
Колледждің бай тарихы мен болашаққа жол сілтейтін мұрасын сақтау мақсатында арнайы мұражай ашылды. Мұнда оқу орнының өткені мен жетістіктері, елге қызмет еткен түлектері жайлы құнды деректер мен жәдігерлер жинақталған. Бұл – болашақ мамандар үшін шабыт, тарих үшін – құнды қазына.
Колледждің 2014 жылғы түлегі, қазіргі таңда жылжымалы құрам бөлімінің меңгерушісі Нұргүл Дарханқызы жаңа мұражайды қонақтарға ерекше ықыласпен таныстырып, әрбір жәдігердің тарихын әсерлі жеткізді: «Білім ордасы жеті мамандық бойынша білікті мамандар даярлайды. 95 жыл ішінде оқу ордасын 80 мыңнан астам түлек тәмамдады. Олар еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп, Қазақстан экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Бұл мұражай – тек өткеннің естелігі емес, болашаққа жол сілтейтін тағылымды тарих».
Саңлақтар түлеп ұшқан орда
Алматы көлік және коммуникациялар колледжі осы күнге дейін 60 мыңнан астам білікті маман даярлаған. Түлектерінің арасында елімізге белгілі басшылар, сала ардагерлері мен үздік инженерлер бар. Соның ішінде – Әсет Мұханбетов, Айдын Сатыбалдин, Серік Ибрагимов, Асем Шыныбаева, Бағдәулет Абызбаев сынды мамандар бүгінде теміржол және білім саласындағы түрлі құрылымдарда басшылық қызмет атқаруда.
Колледж дуалды оқыту жүйесін, кәсіптік тәжірибе мен білімді ұштастыруға басымдық береді. Заманауи талаптарға сай оқытушылар құрамы мен өндірістік шеберлер бірлесе отырып, болашақ мамандарды тек біліммен ғана емес, өмірлік дағдылармен де қаруландырып отыр.
Алматы көлік және коммуникациялар колледжі – өткеннің өнегесін ұлықтап, болашаққа нық қадам басқан білім ордасы. 95 жылдық тарих – тек сандар ғана емес, онда мыңдаған тағдыр, еңбек пен жетістік жатыр. Жаңа орталықтар мен бастамалар арқылы колледж алдағы ғасырды да сеніммен қарсы алатынына күмән жоқ.
Салтанатты жиында колледж студенттері концерттік бағдарлама әзірледі. Жас өнерпаздар ән шырқап, би билеп, колледждің гимнін зор мақтанышпен орындады. Кеш қонақтары колледж ұжымына Алғыс хаттар табыстап, естелік сыйлықтар мен гүл шоқтарын ұсынды.
· Тақырыпқа орай
Мұхит СМАҒҰЛОВ, өндірістік оқыту шебері:
Заманауи басқару құрылғылары қолданылады
Бізде теміржол учаскесінің нақты макеті жасалған. Бұл жерде студенттер пойыз қабылдау, жөнелту, бағдаршамдар мен бағыттамаларды басқару сияқты жұмыстарды толықтай орындайды. Автобұғаттау, микропроцессорлық жүйелер секілді заманауи басқару құрылғылары қолданылады. Мұндай толыққанды макет Қазақстанда тек біздің колледжде ғана бар.
Леонид БОЙКО, арнайы пәндер оқытушысы:
Арнайы тренажер саланы толық меңгеруге мүмкіндік береді
Мен – теміржолшы отбасынан шыққан колледж түлегімін. Қазіргі заманғы электровоздар 25 мың вольттық кернеумен жұмыс істейді. Колледждегі тренажер студенттерге пойызды жүргізу, тежеу және қауіпсіздік шараларын толық меңгеруге мүмкіндік береді. Оқу кезінде алғашқы медициналық көмек көрсету дағдылары да үйретіледі.
Нұрлан ИБРАЙЫМ, А-3-1 тобының 3-курс студенті:
Сапалы білім мен өндірістік тәжірибе үйлескен
Мен WorldSkills жарысында «Автоматшы» және «СТВ құрылғыларын жөндеу және монтаждау» бағыты бойынша бірінші орын иелендім. Әлбетте, бұл – колледжде алған сапалы білім мен өндірістік тәжірибенің нәтижесі. Неге десеңіз, мұнда кәсіби білікті ұстаздардан үйреніп, заманауи жабдықтармен жұмыс істеу мүмкіндігі бар. Өз мамандығымды қиын болса да қызық, болашағы бар сала деп санаймын. Барлық жағдай жасалған бұл оқу орны – шын мәнінде білікті маман болуға жол ашатын керемет мүмкіндік деп есептеймін.
Артем ЕМЕЛЬЯНОВ, Т-3-1 тобының 3-курс студенті:
Динамикалық платформа қозғалысты толықтай қайталайды
Біздің колледждегі тепловоз кабинасының тренажері – нағыз локомотивтің дәл көшірмесі. Мұнда машинист пен оның көмекшісіне арналған орындар, басқару тетіктері – барлығы шынайы. Бұл тренажер динамикалық платформада орналасқан, яғни қозғалысты толықтай қайталайды. Қазақстанда мұндай тренажер тек екеу – біреуі Астанада, екіншісі біздің колледжде. Бұл – үлкен мүмкіндік.