Кәдімгі қақпақтар өнер туындысына айналып шыға келді

Кәдімгі қақпақтар өнер туындысына айналып шыға келді Самат Серікбайұлы

Мегаполистегі Молл Апорт East сауда орталығында «Мейірімді қақпақ» экологиялық акциясына белсене қатысқан жеткіншектер марапатталды. Іс-шара барысында бірегей бұйымдар қойылған эко-жәрмеңке, қалдықтарды қайта өңдеу бойынша шеберлік сабақтары және экологиялық тәжірибелер туралы оқыту сессиялары өтті.

Иә, республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Алматы қаласында пластикалық қақпақтарды жинау бойынша экологиялық акцияның бірінші маусымы сәтті аяқталды.
Экология мәселелеріне назар аударуға және жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бұл бастама мектеп оқушыларын, балабақша балдырғандарын және олардың ата-аналарын бір арнаға тоғыстырды.

— Немерем қақпақ жинап жатырмыз дегесін, отбасы мүшелері түгел атсалыстық. Бұл қақпақтарды іске асырып, ойыншықтар жасайды екен деп түсіндірді бізге. Балабақшаға сөйтіп үш-төрт рет жинап бердік. Өзі де қызығып, ішкелі отырған сусынымыздың қақпақтарын дереу ашып алып, жинап қоятын. Бұл да балада жауапкершілік сезімін қалыптастырады деп ойлаймын. Міне, бүгін қызықты іс-шараға немереммен бірге мен де келдім, — дейді қаладағы 96-балабақшаның Адия есімді тәрбиеленушісінің апасы.

Ортақ күш-жігердің арқасында қатысушылар 1,26 млн.-нан астам пластикалық қақпақ жинады. Акцияның көшбасшылары ретінде қаланың үш ауданы танылды. Олар: Жетісу ауданы – 570 кг (жалпы көлемнің 22,7%-ы); Алмалы ауданы – 484 кг (19,3%); Әуезов ауданы – 328 кг (13,0%).

– Біз бұл жобаны қолға алғанда, балалар осыншалықты қызығушылық тудырады деп ойламадық. Тіпті, олар түрлі түсті қақпақтарды әр жерден, тұрмыстық қалдықтар арасынан да жинап алып, бізге таза күйінде өткізіп жатты. Бұл да жауапкершілікті сезінгендік деп білемін. Ерекше балалар эко-жаттықтырушылардың жетекшілігімен қайта өңделген осы қақпақтардан мерекелік ойыншықтар жасады. Бұл бұйымдарды ірі компаниялар сатып алып, экологиялық бастаманы қолдады. Қақпақтарды жинау акциясына үн қосқан мүсінші Талғат Жұмағұл қайта өңделген пластиктен бірегей жаңа жылдық шырша жасады. Бұл өнер туындысы да экологиялық мәселелерді шешуге деген үміттің символына айналып, қаланы Жаңа жыл қарсаңында сәндендірді, — дейді Eco Network жобасының негізін қалаушы Евгений Мұхамеджанов.

Иә, бұл акция – жеткіншектердің қоршаған ортаны қорғауға үндейтін, еліміздегі экологиялық бастамаларды жеткізетін тамаша мүмкіндік.

— Біз бастауыш сынып оқушыларына бөлек, жоғары сынып оқушыларына бөлек орын дайындап қойдық. Балалар қақпақтарын сонда әкеліп жинады. Екі жақ та белсенді, қызыға қатысты. Үйлерінен әкелді. Өзіміздің асханада ішкен сусындарының қақпағын да осында жинады. Тіпті, көшеде аяқ астында жатқан қақпақтарды да жуып, тазалап әкеліп өткізді. Балаларға айналаның тазалығына атсалысып жүруін, пайдаланылған заттарға да екінші өмір сыйлауға, оларды да кәдеге жаратуға болатынын түсіндірдік. Біздің еңбегіміз ақталды, алғашқы үштікке кірдік. Жалпы, біз балаларға қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауды күнде айтып отырамыз. Мектебімізде түрлі қалдықтарды салатын арнайы бокстар орнатылған. Оған сыртындағы жазуларына қарай әр қалдықты жеке-жеке салады. Бізде айналасына, өзін қоршаған ортаға бейжай қарамайтын ұлағатты балалар өсіп келеді, — дейді N143 мектеп-лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Дариға Жолдыбаева.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде қолға алынған “Мейірімді қақпақ” алдағы уақытта да жалғасын табады дейді ұйымдастырушылар.

— Біз 120 келі қақпақ жинап, қала мектептерінің арасынан 1-орын алдық. Балалар үйлерінен әкелді. Бұл акция туралы туыстарын да хабардар етті. Біз де, мұғалімдер де атсалыстық. Табиғат үлкен-кіші бірігіп қамқорлық танытқанда да ғана таза болатының насихаттадық деп ойлаймын, — дейді N6 мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Роза Сәуленбайқызы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:40

17:46

17:15

16:46

16:15

15:46

15:42

15:15

14:56

14:41

14:13

13:49

13:46

13:15

12:32

12:11

11:50

11:37

10:43

10:26

10:10

20:55

20:17

19:50

19:19