немесе қатардағы құлдан – мемлекет билеушісіне дейін
Сұлтан Бейбарыстың туғанына 800 жыл
Биыл – Сұлтан Бейбарыстың туғанына 800 жыл. Біз бұл тұлға туралы оқулықтардан оқып, Болат Мансұров түсірген «Сұлтан Бейбарыс» фильмінен көріп өстік. Иә, Сұлтан Бейбарыс десе, көз алдымызға бірден кинокартинадан қалып қойған ойлы, әр адымын аңдап басатын, түсі суық, жанары өткір, мысы басым, ақылды, сөзге сараң билеушінің (рөлін сомдаған белгілі актер Нұрмұхан Жантөрин, ал жігіт шағын ойнаған Дәулет Бейсенов) келе қалатыны бар.
Дешті Қыпшақ баласы
Көптің ықыласына ие болған бұл кинокартинаның соңына таман Сұлтан Бейбарыс алтын тағын тастап, туған жерінің, қазақ даласының жусан иісін сағынып жолға жаяу шығады. Басына ораған ақ шалмасы, қолында сүйенген таяғы, иығына асқан ала дорбасы, үстінде етегі ұзын көнетоз киімі, аяғында қонышы ұзын қоңыр етігі бар. Фильм басты кейіпкердің алдынан кезіккен жусанда алақанында уыстай ұстап, құшырлана иіскеп, өмір бойы аңсаған иісіне көзін жұмып, рахаттана ләззат алып тұрған бейнесімен түйінделеді.
Иә, Бейбарыс – өзге елде жүріп сұлтан болса да, туған жердің қара топырағын алтын тақтан да артық көрген, сағынған билеуші болыпты. Қуатты әрі мықты елдің сұлтаны бола тұра, туған жерді аңсағаны соншалық, ол Дешті Қыпшақ даласынан келетін саудагерлерден жусан ала келуін талап еткен деседі.
Ұлы Қыпшақ даласында дүниеге келіп, тағдыр тәлейімен өзге елдің топырағы бұйырған, асқан ақылымен құлдықтан хандыққа дейін көтерілген, Египеттей алып елді 17 жыл бойы билеген Бейбарыс – мәмлүктердің төртінші сұлтаны. Соңғы зерттеулерде оның қыпшақ тайпасының Беріш руынан шыққан ақсүйектің тұқымы екені анықталған. Араб елдерінің «Мың бір түнмен» қатар қоятын халық романы – «Бейбарыста» оның әкесі Жамақ, шешесі Әйек деп көрсетілген екен. Сол кезде беріш руы Қырым өңірінде (қазіргі заманда беріштер Атырау облысында қоныстанған) тұрған.
Ат құлағында ойнаған
Оның құлдыққа қалай түскендігі туралы екі мәлімет тараған. Алғашқысында кезекті шапқыншылық кезінде тұтқындалған десе, екінші мәлімет бойынша әкесінің жаулары оны құлдыққа сатып жіберген дейді. Сол бір құл саудасы қызып тұрған шақта жүздеген қыпшақ баласымен бірге жас шамасы 12–14 аралығындағы Бейбарысты да Шам шаһарының құл базарына әкеліп, саудаға салған көрінеді. Құл базарында Бейбарыс 800 дирхамға сатылады. Көшпелі өмірге әбден машықтанған, желмен жарыса, аттың құлағында ойнап, жебе тарту мен қылыштасу өнерінде алдына жан салмайтын қыпшақтар өзге халықтарға қарағанда өте қымбат бағаланыпты. Бірақ құлдың көзіндегі ақауды байқаған саудагер мәміледен бас тартады. Сосын Бейбарысты мәмлүк әмірі Ала ад-Дин Әйтегін (Айдакин) әл-Бундукдар сатып алады. Жас жігіт сөйтіп әл-Бундукдари деп атала бастайды. Сатып алынған барлық құл Ніл өзенінің Рода аралына жаттығуға жіберіледі, сонда Бейбарыс та әскери қабілеттерімен ерекше көзге түседі.
Оны Мысырдың Айюби сұлтаны байқап қалып, өзінің жеке гвардиясының бір бөлігінің қолбасшысы етіп тағайындайды. Сол кезеңде Бейбарыс басқарған Мәмлүк мемлекетінің әскері орта ғасырлардағы екі ірі қолға – «кресшілер жорығы» мен моңғол басқыншыларына тойтарыс береді.
Ержүрек мәмлүктердің дәрежесі де өсіп отырған. Алдымен онбасы, содан соң жүзбасы, кейін мыңбасы болған мәмлүк әмір дәрежесіне көтерілген жағдайда бостандыққа ие болатын. Мәмлүктердің арасынан суырылып шығу оңай емес еді. Ал ақылымен, өрлігімен қызметтік өсу сатыларының бәрінен өткен Бейбарыс 1260 жылы Құтыз сұлтан қайтыс болғаннан кейін, таққа отырып, ең алдымен әскер ішінде темірдей тәртіп орнатқан.
«Бейбарыс мешіті»
Оның билігі тұсында Мысыр бұрын болмаған дәрежеде өркендей бастайды. Тарихшылар Сұлтан Бейбарыс Мысырды билеген жылдары ғылым, білім, ағартушылық өнер гүлденген тұсы деп баға береді. Егін шаруашылығы, сауда-саттық дамыған. Ол Египеттің әл-Искандерия (Александрия), Дамиетта, әл-Каһира (Каир) секілді ірі орталықтарында сауданың кең етек жаюына барынша жағдай жасаған. Мұнда Венеция, Сицилия, Генуя, Индия, Орта Азияның сауда керуендері мен кемелері тоқтап өтетін. Олардан көп салық түсіп тұрған. Осылайша Бейбарыс елдің әл-ауқатын көтереді.
Ол халық өмірімен етене танысу мақсатында қарапайым киініп, түнгі Каирді аралап жүретін болған деседі. Мысырды бір кездері ашаршылық жайлапты. Сонда Бейбарыс Каир мен Мысыр қаласы маңындағы кедей-кепшіктердің тізімін алдыртып, оларды наибтарға, әмірлерге, саудагерлер мен байларға бөліп беріп, үш ай бойы тегін тамақтандырсын деп бұйрық еткен көрінеді. Мұның сыртында ораза кезінде 5000 адамға ауызашар да берген дейді.
Бейбарыс өзі билік еткен кезеңде сол дәуірдің озық үлгісімен көптеген зәулім ғимарат, көрнекті мешіттер, медреселер, кітапханалар, биік қорғандар мен қамалдар, көпірлер салдырған. Каир қаласында ол салдырған мешіттердің бірі қазір де «Бейбарыс мешіті» деп аталады. Оның еңбегін бағалаған жұрт оны тіпті «Ұйқы білмейтін ислам арыстаны» деп атаған деседі. Ал Бейбарыс өзінің басты символы ретінде барысты таңдап, барыс бейнеленген жалауды ел нышаны етіп, барыс бейнеленген сақина таққан көрінеді. Тіпті, оның мөрі де барыс бейнесінде болыпты.
1277 жылы Бейбарысты уәзірі қыпшақ Қалауын у беріп өлтірген. Оның сүйегі Дамаскідегі Баб-әл-Барид зиратына қойылады.
Мәмлүктер дәуіріндегі жәдігерлер
Былтыр қоғам қайраткері, сенатор әріптесіміз Нұртөре Жүсіп Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығын жоғары деңгейде өткізуді ұсынған болатын. Бүгінде Қазақстан мен Мысыр елі айтулы датаны жоғары деңгейде атап өту үшін қызу жұмысқа бірігіп кірісіп кеткен. Елімізде Сұлтан Бейбарыс туралы деректі фильм түсіріліп, үлкен зерттеу еңбегі әзірленіп жатыр.
Каир халықаралық қазіргі заманғы эксперименталды театр фестивалі шеңберінде Рақымжан Отарбаевтың «Сұлтан Бейбарыс» спектаклі сахналанады. Мысыр тарихының мәмлүктер дәуіріне арналған араб және қазақ тілдеріндегі энциклопедиясын жарыққа шығарды. Мысырда Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойына арналған пошта маркалары шығарылады. Астана қаласында да Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойына арналған ғылыми конференция өткізіліп, мерекелік пошта маркалары шығарылады.
Қазір Қазақстан қалаларының біріне, елдімекендердің көшелері мен алаңдарына, спорт сарайларына Сұлтан Бейбарыс есімін беру қарастырылып жатыр. Астана, Алматы, Атырау, Ақтау, Тараз, Түркістан қалаларында мәмлүктер дәуірі туралы сыр шертетін Каирдің Ислам өнері музейінің жылжымалы көрмесі ұйымдастырылады.
Мысыр тарапы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне мәмлүктер дәуіріндегі жәдігерлердің көшірмелерін жасап, сыйға тартады.
Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығы шеңберінде көкпар, бәйге, жамбы ату, қазақша күрес, құсбегілік, асық, аударыспақ секілді көшпелілердің ұлттық ойындарының халықаралық турнирлері ұйымдастырылмақ.
Дайындаған Нұржамал ӘЛІШЕВА.