Соңғы уақыттарда жасөспірімдердің қолымен жасалып жатқан зұлымдықтар жаға ұстатқаны былай тұрсын, бүкіл қоғамды дүр сілкінтетіндей қауіпті деңгейге жетті.
«Көздің нұры», «өмірдің гүлі» деп жүрген жастардың кейбірінің бұрын-соңды ел құлағы естімеген жауыздыққа баруға бейім екені сонша, олардан тіпті бүкіл қоғам болып қорғанатындай жағдай туындады. Топтасып алып төбелес шығарып, болмашы нәрсеге бола қан төгіп, одан қалса қатарластарын қорлап бейнетаспаға түсіріп, шімірікпестен, оны әлеуметтік желілерге жүктейтін бұзақылардың әрекетінен тұла бойың түршігіп, төбе шашың тік тұрады. Қанша жерден қынжылып, жүрегіміз қан жыласа да бұл қатерлі құбылыстың түп-төркініне бойламайынша, мәселенің шешімін таба қоюы екіталай.
Кейінгі кезде ел аумағында есірткі қылмысының кеңінен тарала бастағаны және оған жасөспірімдердің үйірсектігі артқаны, психотропты заттар мен алкогольді ішімдіктердің әсерінен олардың заңға қайшы, агрессивті әрекеттерге баруы жиілей түскені байқалады. Мұның бәрі елімізде жасөспірімдер арасындағы қылмыспен күрестің тиімді жүйесі қалыптаспағанын көрсетеді. Кәмелетке толмаған бұзақылар бүгінде суық қару қолдану, қарақшылық шабуыл сияқты жауыздықтарға ересектерден бетер қолы қалтырамастан бара алады. Өзінен әлсізге зорлық-зомбылық жасау, ұрып-соғып мүгедек қылу, өлтіру оларға түк емес. Олар тіпті адамды қорлаудың әдіс-тәсілін де түрлендіріп, бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген айуандықтар істеуде. Бір ерекшелігі, жеке-дара емес, қазір олар қылмысты да топ-тобымен жүріп жасайды.
Бірнеше күн бұрын бір такси жүргізушісімен сөйлесіп қалдым. Өзінің ержетіп қалған ұлы бар екенін айтқан ол, баласына ешбір қыздың соңынан жүгірмеуге кеңес беретінін аңғартты. «Кім біледі, ол бір дөкейдің қызы немесе сөз айтып жүрген біреуі бар қыз шығар. Сенің оған таянып кеткенің әкесіне немесе ана жігітке ұнамаса болды, біреуді жұмсап, шаруаңды бітіре салады. Кімге үйленсең де, өзіңді ұнатқан қызды ал» деймін. Қазір бізде адам өлтіру шыбын өлтіруден оңай. Көшеде біреуге байқамай аларып қарап қалсаң да бетіңнен бір-ақ ұрады. Әсіресе жастардың мінез-құлқы, түсінігі өте қиын. Аяушылық дегенді білмейді», – дейді.
Ал неге бұлай? Оларға сонда не жетпейді? Бәрінен бұрын сана төмен, білім жоқ, мәдениет жоқ. Бұлар, әдетте, бірдеңесі жетіспейтін, мүмкін, денсаулығында, мүмкін, өскен ортасында, отбасында бір қолайсыздық бар балалар. Онда да мамандар олардың көпшілігіндегі невроз, психикалық ауытқушылық, ой-сана дамуындағы тежелу, маскүнемдік, есірткіге құмарлық генетикалық жолмен ғана берілмейтінін, отбасындағы тәрбиеде кеткен қателік салдарынан жүре пайда болатынын айтады. Рухани вакуум жасөспірімдер, жастар үшін өте қауіпті: оларда тоқтау жоқ, жаманшылыққа тез елігіп, көбіне инстинкт жетегінде кетеді, өз-өзін ұстай алмайды.
Сондай жасөспірімдер арасында сауалнама жүргізген әлеуметтанушылар олардың өмірлік құндылықтарының бүкіл жүйесі өте ерте, бала кезден бұзылғанын анықтаған. Олар өзін-өзі көрсетуге тырысады, басқаларға өзін қайткенде мойындату үшін бірдеңе істегісі келеді, дос тапсам дейді, бірақ одан ештеңе шықпайды, ақыры, жамандыққа апарып соғады. «Қотыр атқа қотыр ат, соқыр атқа соқыр ат үйір» демекші, түптің түбінде өзі сияқты кеудесі аяққаптай, ал басында дым жоқ дүмбілездердің қатарын толықтырып тынады. Топан су тобығынан келмейтін бейғам, бай өмірді аңсайды, рахат өмір сүргісі келеді, бірақ ол үшін еңбектену, тер төгу қызықсыз, дұрысы, қиын. Сөйтіп, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруді құп көреді. Ал оның жолы – ұрлық-қарлық, қарақшылық, біреуден бірдеңені тартып алу, қорқытып-үркіту, әлімжеттік жасау. Мұндай жасөспірімдердің кәдімгі балаларға қарағанда уақыты көп. Олар соны өздерінің жоғарыда айтылғандай мағынасыз ермектеріне жұмсайды.
Журналист Дастан Қастай фейсбуктегі бір жазбасында ел ішіндегі түрлі келеңсіздікті қозғай келіп: «...Көшеде де сандалыс көп. Жастар бос жүреді. Оларды табыстыратын, бауырластыратын ортақ алаң жоқ. Көбі әлеуметтенбеген. Бір-бірімен араласпаған кез келген екі жас – «бір-біріне жау». Себебі, дұрыс орнықпаған коммуникацияның жауығуға бастайтын кері реакциясы бар. ...Мектепте де сол: Бос жүрген оқушылар. Алтын уақыт өтіп жатыр. Көшеде де сол: Бос жүрген «қаратабан бандиттер». Алтын уақыт өтіп жатыр. Айналаңда да сол: Бос жиын, бос отырыс, бос сандалыс, бос тоймен алтын уақыт өтіп жатыр. Жұмыста да сол: Бос сандалыспен нақты, өндіртіп жұмыс істейтін берекелі кезің өтіп жатыр. Көбі «өмір сүрудің мәнін ұғудан» шатасқандай... Меніңше, қоғамды сауатты, құқықтық басқаруға көшу керек. Профессионалдар өз тұғырына қонуы керек. Әйтпесе, бізде бәрі өз бетімен кетті. Болашаққа сенім азайды, халық тым инертті болып барады», – дейді. Айтса-айтқандай, бос жүріс, бос сөз көп. Ауа жайылу қалыпты жайтқа айналып барады.
Жасөспірімдердің көпшілігі қандай да бір үйірмелерде, клубтарда өміріне, тіршілігіне пайдалы нәрселермен шұғылдануға, кітап оқуға, театрға баруға дағдыланбаған. Олардың бар қызығушылығы шытырман оқиғалы немесе порно-фильмдер, видеолар көрумен, компьютерде ойын ойнаумен не болмаса Интернетті шарлаумен шектеледі. Ал соңғы уақытта түсіріліп жүрген фильмдердің, тіпті компьютер ойындары мен Интернеттегі видеолардың көпшілігіне арқау болатыны – сол баяғы зорлық-зомбылық пен жантүршігерлік оқиғалар екенін ескерсек, жасөспірімдердің санасына бұл да жамандық атаулыны сыналап енгізіп, қатыгездікке, қан-жынға қаймықпай қарауға бойын үйретіп жатқаны түсінікті. Мұның сыртында ақыл-есінде, денсаулығында ауытқушылығы бар базбір безбүйректердің әлдекімді аяусыз қинап, қорлап және оны видеоға түсіріп, ғаламторға салуы жастардың арасында сәнге айналғаны тағы бар. Күні кеше ғана Талғарда болған қайғылы жайт: ел аман, жұрт тынышта жазықсыз жастың жауыздар қолынан мерт болуы – ел ішін шектен тыс бассыздық, жүгенсіздік жайлағанының тағы бір айғағы. Бұл сұмдықтан қоғам болып қорғанбасқа, күреспеске не шара?! Бұлай кете берсе, елдің ертеңі, жастардың болашағы, тағдыры не болады?! Ойлаудың өзі қорқынышты. Елестету одан да қиын.