Байырғы жұлдызшылардың өмірлік тәжірибелерінен жинақталған байыпты болжам, нақты жорамал осындай.
Маусым айында амал көп-ақ. «Бұлбұл торғай», «Үркердің батуы», «Әләкүлік», «Саратан-Зауза», бұлардың сыртында «Көкірекшал», «Құралайдың салқыны», «Аласапыран» амалдары бар. Жаз басындағы алғашқы амал – «Бұлбұл торғай».
Жаз торғайының келуіне байланысты осылай аталса керек. Бұрынғы кезде көктемнің басын маусым айынан есептеген. Себебі, алыстан келетін құстар осы мезгілде түгел келіп болатын көрінеді. Қазақта «жыл құсындай» деген тамаша сөз тіркесі бар. Әлем таныған жазушымыз Мұхтар Әуезов бұл тіркесті жиі қолданған. Қазақ әдебиетіне жастар лек-легімен келе бастағанда «бұл өзі жыл құсындай жаңалық болды» деп қуана жазған еді.
Мамырдың 15-інде Үркер көрінбей кетеді екен. Енді бір деректе «...Маусым айы басталысымен Үркер мүлде көрінбей кетеді де, 40 күн шілде басталады» делінеді. Қазақта «Үркер жерге түспей, жер қызбайды» деген тәмсіл бар. Үркердің көрінбеуін халық «Үркердің жерге түсуі» деп те атайды.
Осы уақытта «Әләкүлік» деген суық амал келеді. Ол маусымның онында кіріп, он бесінде шығады. Түйелер бұл кезде ағаш жапырағын жапыра жегенде байқаусызда жапырақ астындағы «әләкүлік» деген құртты жеп қояды да, жардай болып семіріп, жұрып-тұруы қиындайды, кейде өліп қалады. Сондықтан тәжірибелі малшылар бұл кезде түйелерді әләкүлік құрты қонбайтын төменірек жерге бағады. Осы амалмен қабаттасып «Саратан-Зауза» амалы келеді. Қазақтар осы амалдан қауіптеніп, үнемі сақтанып, қамданып отырған.
Жалпы, қазақ шариғаттан гөрі табиғатқа жақын халық. Ертеректе шаруалар «Жетіқарақшы төмен еңкейіп келмей, жаз болмайды» деген. Өйткені, Жетіқарақшыға қарап, түн мезгілдерін белгілеумен қатар, жыл мезгілдерін де айыратын болған. Шаруа адамы үшін Үркердің жерге түсуі малға қолайлы.
Аспан денелерінің білдіруіне қарағанда күннің қызуы ақырындап арта бастайды. Дегенмен, жауын жаууын тоқтатпайтын түрі бар. Күнде-күнара әлсін-әлсін селдетіп, нөсерлетіп тұрады. Тау төңірегінде найзағай ойнап, бұршақ жауу қаупі бар. Басын айбарлы Алатаудан алған өзендер мен жылғалардағы тасқын «жарысы» да әзір тоқтамаса керек...
Бүгін қолданыстағы күнтізбе бойынша, маусым айының – 1-і. Ай есебімен де айдың –1-і. Қазақша (ескі есеппен) санағанда жаңа ай 13 күннен кейін басталады. Бұрыннан жазып келе жатқанымыздай, қазекең әрбір айдың 14-ін айдың басы (бірінші күні) деп есептеген.
Қалай болғанда да, жаз басталды. Ауа райының құбылмалы болғанына қарамастан, күннің жылуы кемімесі анық. Жаздың аты – жаз ғой. Бірақ бұл жаңбыр жаумайды деген сөз емес. Алдағы аптада аптап ыстықпен бірге нөсерлі жауын, өкпек жел, салқын самал болуы әбден мүмкін. Найзағай ойнап, күн күркіреуі де ғажап емес.