Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
2000 жыл – «Мәдениетті қолдау жылы» деп жарияланды. Бұл жылы қасиетті Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде тойланды.
2000: ЖЫЛДЫҢ БАСТЫ ОҚИҒАЛАРЫ
- Мәдениетті қолдау жылы
- І Еуразиялық экономикалық саммит
- Мыңжылдық саммиті
- Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың құрылуы.
- Түркістан қаласының 1500 жылдығы.
ХХ ғасыр аяқталып, ХХІ ғасыр басталған шақ. Жаңа ғасырдың табалдырығын Қазақ Елі күрделі әлеуметтік-экономикалық,саяси реформаларды батыл еңсеріп, дамудың қазақстандық моделін қалыптастырған мемлекет ретінде аттады. 2000 жылы елімізде ұлттық экономиканы сапалық даму деңгейіне көтеру, оның нарықтық негіздерін нығайту, мемлекеттің инвестициялық әлеует-ахуалын арттыру бағыттарында нақты қадамдар жасалды. Соның нәтижесінде сыртқы саясатта көпвекторлық бағдар қалыптасып, ел билігі аймақтық қауіпсіздікті нығайту мен аймақтық интеграцияны дамыту мәселесіне баса назар аударды. Жаңа ғасырға қадам басқан алғашқы жылы ел билігі икемді макроэкономикалық саясат жүргізу міндетін мақсат етті. Жалпы макроэкономикалық және қаржылық тұрақтылықты сақтаудың негізгі көзі ретінде бюджет тапшылығын қысқартуды қамтамасыз ету басты назарға алынды. Тәжірибе көрсеткендей, дағдарысты жағдайлар туындағанда тығырықтан шығар жол ретінде бюджеттік резерв қалыптастыру қажеттігі туындады.Экономиканы сауықтыру үшін оны басқарудың тиімділігін арттыру, өндірістік секторды несиелеу, экономиканың шикізаттық бағдарын өзгерту басты басымдықтарға жатқызылды. Ел Президенті бұл кезеңде алда тұрған міндеттердің 5 басымдығын атады. Олар: кедейшілікпен және жұмыссыздықпен күрес, шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа кәсіпорындарды іске қосу және зауыттарды қайта жаңғырту, көлік жолдары құрылысын жүргізу, нашақорлықпен күрес. Осы орайда Елбасы өзінің дәстүрлі Қазақстан халқына Жолдауында демократиялық реформаларды тереңдете отырып, құқықтық мемлекеттілік негіздерін нығайтуды, азаматтық қоғамды дамытуды, қоғамдағы тұрақтылықты сақтай отырып, саяси жүйенің институттарын одан әрі ырықтандыруды қадап айтты. «2000 жылдың 16 қазанында мен Қазақстан халқына «Еркін, тиімді және қауіпсіз қоғамға қадам» атты Жолдауымды жарияладым. 2000 жылғы өндіріс пен сауда айналымының өсімі жөнінде айта келе, мен 2001 жылы бюджеттік мекеме қызметкерлерінің айлығы 30-40 процентке көбейтілетінін хабарладым, сонымен қатар кәсіпкерлерді де жеке секторларда еңбек ететін қызметкерлердің жалақысын көтеруге шақырдым. Адамдар өмірдегі оң өзгерістерді толық сезінетін және жүріп жатқан реформаның жемісін жейтін уақыт жетті. Халықтың табысын нақты ұлғайтуды және адамдардың тұрмыс жағдайын жақсартуды көздейтін бұл ұстаным бүкіл қоғам тарапынан қызу қолдау тапты», - деп жазды Елбасы өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында бұл кезеңдегі Жолдауы туралы.
Ресми статистикаға жүгінсек, 2000 жылы елімізде 35 млн. тонна шикі мұнай өндірілген, экспорт көлемі – 4,2 млрд. АҚШ долларын құраған. Экономикалық дағдарыс тізгінделе бастаған миллениум кезеңінде мұнайды сатудан түсетін табыстың көлемі емес, оның тұрақты өсу динамикасы негізгі мәселе саналатын. Сарапшылар мұны «экономиканы ентіктіретіндей» өзекті мәселе ретінде қарастырды. «Қара алтын» молынан өндіріле бастаған бұл жылы күтпеген тәуекелдерге жол бермес үшін ел билігі ұтқыр қадамға барып, Қазақстанның Ұлттық мұнай қорын құрды.«Қазақстанға мұнай долларынсыз, немесе, ел айтатындай «мұнай инесіне» дағдыланбай-ақ өмір сүруге үйрену қажет. Өндіріс таппаған ақшаны әлеуметтік салаға жұмсауға немесе жалақыны жөнсіз көтеруге әуестенбеу, оны әлдебір «қиын күндерге» сақтау өте маңызды. 2000 жылы біз құрған Ұлттық қор, атап айтқанда, осы мақсатты көздейді және жөнсіз жойымпаздық пен құнсыздану қысымын төмендетудің негізгі құралы болып табылады», - деп жазды бұл туралы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы» атты кітабында. Расында да, Ұлттық қордың дер кезінде құрылуы тәуелсіз Қазақстанның қарқынды дамуын және әлемдік дағдарыстан қысқа мерзімде қиналмай шығуын қамтамасыз етті.
Мәдениетті, руханиятты қолдауға айырықша маңыз берілген бұл жылда мәдениет мекемелерінің сапалық негізіне көңіл бөлінді, мұражайлар, мәдениет үйлері мен кітапханалар қайта ашыла бастады. Республикалық «Ақындар айтысы» конкурсы жанданды. Еліміз бойынша 240-қа жуық мәдениет үйі, 470-ке жуық кітапханалар күрделі жөндеуден өткізілді. Нұр-Сұлтанда ҚР Президентінің мәдени орталығы, Қазақ ұлттық музыка академиясы , Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театры, ҚР Мемлекеттік мұражайы ашылды. Қазақ ауыз әдебиетінің 100 томдығы, Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштерінің 10 томдығы жарық көрді. Ахмет Байтұрсынұлының, Сұлтанмахмұт Торайғырұлының, Бейбарыс Сұлтан мен күй атасы - Құрманғазының, Абылай ханның ескерткіштері ашылды.
25 қаңтар
Елбасы Мәскеуде өткен ТМД мемлекеттері басшылары Кеңесінің кезекті басқосуына қатысты. Халықаралық лаңкестікке қарсы күш біріктіре күресу қажеттігі жайлы, біртұтас үйлестіруші орталықты құру туралы әңгіме қозғалды.
23-25 ақпан
Мемлекет басшысы Австрия Республикасының астанасы – Вена қаласында өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы тұрақты кеңесінің отырысына қатысып,сөз сөйледі.
3 сәуір
Қазақстан басшысы ресми сапармен Израиль мемлекетіне барды. Президенттер Нұрсұлтан Назарбаев пен Эзер Вейцман мемлекетаралық қарым-қатынастың маңызды бағыттарында ортақ келісімге қол жеткізді.
7-11 сәуір
Әзірбайжан астанасы – Баку қаласында түркі тілдес мемлекеттердің саммиті өтті. Бұл алқалы басқосуға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Саммит қорытындысында мемлекеттер басшылары Баку Декларациясына қол қойды. Жиын барысында Каспий теңізі мәртебесінің өзекті мәселелері талқыға түсті, Достық және өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Сонымен қатар қауіпсіздік, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет пени әдебиет және өнер, спорт салаларындағы байланыстарға да маңыз берілді. Тараптар терроризммен, экстремизммен, заңсыз есірткі айналымымен күрес хақында ортақ келісімге келді. Мемлекет басшылары бұл бағдарларға қатысты шараларды бірауыздан қолдап, Баку декларациясына қол қойды.
15 сәуір
Елбасы Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Америка Құрама Штаттарының мемлекеттік хатшысы М. Олбрайтты қабылдады. Екіжақты кездесуде демократия, адам құқығы, қауіпсіздік және экономикалық ынтымақтастық мәселелері төңірегінде пікір алмасылып, уағдаластықтарға қол жеткізілді. Мадлен Олбрайт Америка Құрама Штаттары Қазақ Елін Орталық Азиядағы басты әріптесі санайтынын қадап айтты.
20 сәуір
Н.Ә.Назарбаев жұмыс сапарымен Өзбекстанға барып, Ислам Кәрімовпен кездесті. Екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастар мәселелері келісілді. Ташкент басқосуында Президенттер Н.Назарбаев, Э.Рахмонов, А.Ақаев және И.Кәрімов діни экстремизм, лаңкестік, трансұлттық ұйымдасқан қылмыс және де тұрақтылық пен қауіпсіздіктің басқа да қауіптерімен күресуде бірлескен қимылдар туралы шартқа қол қойды;
26 сәуір
Алматыда әлемнің 37 елінен 500-дей өкіл бас қосқан «Еуразия – 2000» І Еуразиялық экономикалық саммиті басталды. Оның жұмысына Нұрсұлтан Назарбаев қатысып,сөз сөйледі.
23 мамыр
Мемлекет басшысы Беларусь астанасы – Минск қаласында өткен Кедендік одақтың мемлекетаралық кеңесінің кезекті басқосуына қатысып, осы сапар аясында Ресей Федерациясының Президенті В.Путинмен кездесті. Сондай-ақ осы жерде келесі күні болған Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті сессиясының жұмысына қатысты.
18-20 маусым
- Нұрсұлтан Назарбаев Ресейге ресми сапармен барып, В.В.Путинмен кездесті. Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы арасында «Байқоңыр» кешенінің қызметін қамтамасыз ету мәселелері бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы бірлескен Мәлімдемеге және Меморандумға қол қойылды.
26 маусым
Елбасы ресми сапармен Бельгияға барды. Қазақстан Президентінің Бельгия королі Альберт ІІ-мен, НАТО-ның бас хатшысы лорд Дж. Робертсонмен,Бельгия премьер-министрі Ж.Деанмен,Еуропалық комиссия президенті Р.Продимен жүздесулері мен пікір алмасулары жоғары деңгейде өтті.
28 маусым
Мемлекет басшысы ресми сапармен Францияда болып, осы елдің президенті Жак Ширакпен келіссөз жүргізді, Франция премьер-министрі Л. Жоспенмен,ұлттық жиналыс төрағасы Р.Форнимен кездесті.
4 шілде
Елбасы Атырау облысындағы Шығыс Қашағаннан орасан көп мұнай қоры табылғанын жария етті.
***
Дәл осы күні Мемлекет басшысы Қазақстанға келген НАТО-ның Бас хатшысы лорд Дж.Робертсонды қабылдады. Екіжақты кездесуде «Бейбітшілік үшін серіктестік» бағдарламасы аясындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды.
5 шілде
Тәжікстан Республикасының астанасы - Душанбе қаласында «Шанхай бестігі» мемлекеттері басшыларының саммиті өтті.
2000 жыл, 23 тамыз
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын құру туралы» Жарлыққа қол қойды.
30 тамыз
Астанадағы Конгресс-холлда Қазақстан Республикасы Конституциясының 5 жылдығы құрметіне салтанатты жиын өтті. Оған Мемлекет басшысы қатысып,сөз сөйледі.
4 - 8 қыркүйек
Елбасы бұл күндері АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында БҰҰ Бас Ассамблеясының 55 сессиясы аясында өткен дүние жүзі мемлекеттері мен үкіметтері басшыларының алқалы форумы – мыңжылдық саммитіне қатысып, баяндама жасады. Баяндама тақырыбы: «Қауіпсіздік және ынтымақтастық – ғаламдық және аймақтық аспектілер» . Осы сапар барысында Қазақстан басшысы жол-жөнекей Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия біріккен корольдігіне аялдап, мемлекетаралық ынтымақтастықтың екіжақты мәселелері талқыланды.
15 қыркүйек – 1-қазан
Австралия мемлекетінің ірі қаласы Сидней өңірінде XXVII жазғы Олимпиада ойындары өтті. Жиырма сегіз спорт түрінен жүлдеге 300 медальдің комплектісі қойылды. Шамамен 199 ел қатысқан Сидней Олимпиядасында қазақстандықтар 3 алтын және 4 күміс медальды олжалап, жалпыкомандалық есепте 22-орынды иеленді. Әлемдік додада Қазақстанның Туы талай мәрте жоғарыға көтеріліп, боксшы Ермахан Ибраимов пен Бекзат Саттарханов, желаяқ қыз Ольга Шишигинаның арқасында Қазақстанның Әнұраны Сидней аспанында шырқалды.
9 қазан
Қазақстанға Ресей Федерациясының Президенті В.Путин ресми сапармен келді. Екіжақты келіссөздер аясында мемлекеттер арасындағы экономикалық ынтымақтастық, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі, Астраханьда Қазақстанның, Оралда Ресей Федерациясының консулдықтарын ашу мәселелері талқыланып, маңызды шешімдерге қол қойылды.
10 қазан
Астанада Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Беларусь Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы мемлекеттерінің басшылары бас қосты. Кедендік одақтың мемлекетаралық кеңесінің бұл отырысында ынтымақтастықтың маңызды мәселелері қаралды, мемлекеттер арасында Еуразиялық экономикалық Қауымдастықты (ЕурАзЭқ) құру туралы Шартқа қол қойылды.
19 қазан
Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген Түркия Республикасының президенті Ахмет Неждет Сезерді қабылдап, сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
20 қазан
Киелі Түркістанның 1500 жылдығы. Мерейтойдың алғашқы күнгі ғылыми-практикалық конференциясына мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып,сөз сөйледі. Қасиетті Түркістан мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде тойланды, салтанатты рәсімге бірқатар түркі мемлекеттерінің басшылары да қатысты.
24 қазан
Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Елбасы өзінің дәстүрлі Қазақстан халқына Жолдауын жария етті. Жолдауда қоғамды демократияландырудың өзекті мәселелері, елдің әлеуметтік- экономикалық дамуының болашағы, ұлттық қауіпсіздік ,халықтың әл-ауқаты мәселелері қамтылып, мемлекет дамуының нақты міндеттері мен мақсаттары белгіленді.
30 қазан
Мемлекет басшысы ресми сапармен Испанияға барып, осы елдің Үкіметі Төрағасы Хосе Мария Азнармен және іскер топтар өкілдерімен кездесті. Екіжақты кездесулер қорытындысында маңызды құжаттарға - Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге және 2000-2003 жылдарға арналған білім және мәдениет саласындағы ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды.
1 қараша
Елбасы Қазақстанға сапармен келген Саудия бекзадасы Сұлтан бин Абдул Әзиз Әл Саудты қабылдады. Қазақстан Президенті Саудия королі Фахдтың Астанада Парламент Сенатының ғимаратын салу үшін қайтарымсыз 15 миллион доллар бөлу ниетіне ризашылығын білдірді. Тағы бір ерекше айта кетерлік жайт, саудиялық тарап Астана мен Қарағанды автокөлік жолын қалпына келтіруге 12 миллион доллар бөлуге ықыластарын білдірді, сондай-ақ 1875-1876 жылдары Меккеге барған Құнанбай қажының өз қаражатына тұрғызған ғимаратын қалпына келтіруге жәрдемдесу жөніндегі өтініш те айтылды.
6 қараша
Елбасы Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Пәкстан Ислам Республикасының атқарушы билігінің басшысы П.Мушаррафпен кездесті.
15-16 қараша
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен корольдігіне ресми сапары аясында көпвекторлы мемлекетаралық ынтымақтастық саласында маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді. Ұлыбритания патшайымы Елизавета II Нұрсұлтан Назарбаевты әлемдік деңгейде ядролық қаруды таратпауға, сондай-ақ Қазақстанда заңдылық пен демократияны орнатуға, саяси және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге сіңірген зор еңбегі үшін «Әулие Михаил мен әулие Георгийдің Үлкен Кресі» орденімен марапаттады.
8 желтоқсан
Алматыда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Шетел инвесторлары Кеңесінің IV отырысы өтті. Оның жұмысына мемлекет басшысы төрағалық етті.
15 желтоқсан
Оңтүстік астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының VII сессиясы өтіп, оның жұмысына Елбасы қатысып, сөз сөйледі.
30 желтоқсан
Елбасы Жарлығымен «Мәдениетті қолдау жылы» деп жарияланған 2000 жылда атқарылған игі істердің бірі - Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театры күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды.
СТАТИСТИКА:
2000 жылы Президент республика өңірлеріне 20 рет, шет елдерге 27 рет ресми сапарға шықты. Бір жыл ішінде барлығы 100 Заң қабылданып, 188 Жарлыққа қол қойылды.
Жыл түйіні:
Жоғарыда біз айтқан 2000 жылғы дәстүрлі Жолдауында: «Жиырма бiрiншi ғасырдағы Қазақстан – әлемдiк экономикалық және саяси кеңiстiктiң бiр бөлiгi. Мен бұл ғасыр Қазақстанның тарихындағы ең ғажап ғасыр болады деп сенемiн. Бұл ғасыр бiздiң тарихымызға жасампаз iске толы, бейбiт өткен ғасыр болып енедi деп сенемiн. Лайым, осы ниет қабыл болғай!», – деп атап өтті Президент .
2000 жыл еліміз үшін мемлекеттік дамудың жаңа биіктіктеріне, жаңа мақсаттарына ұмтылуының өтпелі кезеңі болды деп сипаттайды сарапшылар.
Жаңа жүзжылдықтың беташар жылы Қазақ Елі өзінің даму жолын мақсат-мүддесіне сай айқындап ала алды, ұзақмерзімді стратегиялық қадамдарының басымдықтарын нақтылады. Бұл жылдағы ел билігінің әлемдік қауымдастықпен қарым-қатынасына көз жүгіртсек, дипломатиялық ,интеграциялық тың үрдістерді байқау қиын емес. Қазақстандық жолдың өршілдікпен өрілер бұл үрдістері алдағы жылдарда өз жемісін беретін болады.
« ...Біз аса мәнді тарихи парызымызды өтей білдік. Сан ғасырлық сындардан қайыспай,азаттықты аңсаған халқымыз хақында әділеттілікті қалпына келтіріп,бостандыққа жетіп,жаңа мыңжылдыққа әлемдік қоғамдастықтың терезесі тең мүшесі болып,қадам басқалы отырмыз. Біз аса мәнді азаматтық парызымызды өтей білдік.Өзіміздің арғы-бергі бабаларымыздың сан ұрпағы армандап,сол жолда жан аямай күрескен тәуелсіз мемлекетімізді қалпына келтірдік»,–деді Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқын Жаңа жылмен құттықтауында.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ 50 ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАСТАМАЛАРЫНАН:
2000 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасы бойынша Еуразиялық экономикалық қоғамдастық (ЕурАзЭҚ) құрылды.