Ең бастысы – адам факторы: оның еркі,күш-жігері, табандылығы мен білімі. Өркендеп даму мен тәуелсіздікке аттар табалдыцрықтың алтын кілтін де осы шамадан іздеген жөн.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
1999 жыл – «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы» деп жарияланды.
«Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы» деп жарияланған 1999 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақ Елі үш жыл мерзімге Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму жөніндегі комитетінің мүшелігіне сайланды.
Тәуелсіз жас мемлекет үшін бұл ерекше оқиға еді. Қазақстан әлем таныған,әлем санасатын мәртебеге ие болды.
Жалпы бұл кезеңде ішкі саясатта инвестициялық климатты қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінді. Қаржы дағдарысына төтеп беру, ұлттық экономиканы тығырықтан шығару шаралары тұрақты назарда болды. 1999 жылы елдің экономикалық даму көрсеткіштері де, халықтың тұрмысы да күннен-күнге жақсара бастады. Экономикалық өсім 2,7 пайызға жетті.
Сыртқы саясатта Қазақ Елі үшін көршілес Қытай Халық Республикасымен шекаралық мәселелер тиянақты түрде айқындалды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, ҚХР Төрағасы Цзян Цзэмин, Қырғызстан Президенті Асқар Ақаев үш мемлекет шекараларының түйіскен тұсын нақтылап, үшжақты келісімге қол қойды. Азаматтық қоғам орнықтыру, демократиялық мемлекет қалыптастыру бағытында да талай іс-шаралар атқарылды. Елбасы Жарлығымен 1999-2000 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарлама бекітілді.
Ішкі саясатта Үкімет тарпынан отандық тауар өндірушілерге жан-жақты қамқорлық жасалды. Инвестиция тарту, әлемді шарпыған экономикалық дағдарысқа тосқауыл қою арқылы ел экономикасын құлдыраудан аман сақтау – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты болды. Зейнетақы реформасына ерекше басымдық берілді, бұл жұмысқа халықаралық қаржы институттары тартылды.
Бұл кезең этникалық қазақтардың отанына оралу мәселесінің кең көлемде қолға алынумен де ерекшеленді. «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздігі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңдар қабылданды. Елбасы Жарлығымен 1999-2000 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарлама бекітілді.
1999: ЖЫЛДЫҢ БАСТЫ ОҚИҒАЛАРЫ
- Қазақстан Республикасы Президентінің алғашқы баламалы бәсекелі сайлауы.
- Республикалық «Отан» саяси партиясының құрылуы.
- Қ.И.Сәтпаевтың 100 жылдық мерейтойы.
- Қазақстанның құрлықтық шекараларын делимитациялау
- Қазақстанның мұнай өндірісінің 100 жылдығы
- ҚР екі палаталы Парламентінің сайлауы
10 қаңтар
Елімізде баламалы-бәсекелі негізде Қазақстан Республикасының Президентін сайлау өткен күн. Бұл жылы елімізде 14 саяси партия, 30-ға жуық саяси қозғалыстар мен бірлестіктер болды. Күзде ҚР Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің және жергілікті мәслихаттардың кезекті сайлауы өтті. Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласындағы М.Горький атындағы мемлекеттік орыс драма театрында орналасқан № 2 сайлау учаскесінде дауыс берді. Демократиялық сайлау нәтижесінде сайлаушылардың 81,71 пайыз дауысын алған Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті болып қайта сайланды.
15 қаңтар
Оңтүстік астанамыздағы Ұлттық кітапханада мемлекет басшысының «Қалың елім,қазағым» атты жаңа кітабының тұсаукесері болды.
20 қаңтар
Қазақстан Республикасы Президентінің инаугурациясы өткен күн. Өз қызметіне кірісуінің ресми рәсіміне қатысқан Нұрсұлтан Назарбаев осынау өтпелі де жауапты кезеңде өзіне сенім артқан барша сайлаушыларына алғысын білдіріп, сөз сөйледі.
21 қаңтар
Елбасы жаңа Үкіметті жасақтады. Мемлекет басшысының Жарлығымен Премьер-министр болып Нұрлан Балғымбаев тағайындалды. Дәл осы күні Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының V сессиясына төрағалық етті.
27 қаңтар – 2 ақпан
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Швейцария Конфедерациясының Давос қаласында өткен кезекті дүниежүзілік экономикалық форумның жұмысына қатысты.
12 ақпан
Президент Жарлығымен Ұлттық ғылым академиясы республикалық мемлекеттік мекемесі құрылды.
19 ақпан
Астана қаласында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінің басшылары бас қосып, достық пен ынтымақтастық саласында бірқатар маңызды мәселелерді талқылады. Бұл кездесу 1997 жылдың 10 қаңтарында осы елдер арасында жасалған Мәңгі достық туралы шарттың екі жылдығына арналды.
26 ақпан
Елбасы Мәскеу қаласында өткен Қазақстан, Ресей Федерациясы, Беларусь Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы («4 +N») елдері басшыларының Мемлекетаралық Кеңесінің отырысына қатысты.
1 наурыз
Алматы қаласында «Отан» республикалық саяси партиясының I съезі өтті. Оның жұмысына Президент Н.Назарбаев қатысты.
31 наурыз
Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысына қатысып, «Демократия – біздің таңдауымыз.Демократия – біздің тағдырымыз» атты баяндама жасады.
2 сәуір
Мәскеуде ТМД мемлекеттері басшыларының кезекті Кеңесі болып өтті.Мемлекеттер басшылары ұжымдық қауіпсіздік мәселелерін ортаға салды. ТМД-ның даму бағыттары мен еркін сауда аймағы мәселелері талқыға түскен жиында тараптар бірқатар маңызды уағдаластықтарға қол жеткізіп, ТМД органдарының құрылымын реформалау мен жетілдіру мақсатын көздейтін құжаттарға қол қойды.
8-9 сәуір
Ашхабадта Аралды құтқару жөніндегі халықаралық қордың кезекті басқосуы болды. Оның жұмысына қатысқан мемлекет басшылары Н.Назарбаев, И.Кәрімов, А.Ақаев,С,Ниязов,Э.Рахмонов ортақ мәмілеге келіп, Қор ережесін бекітті.
12 сәуір
Алматыда Қ.И.Сәтбаевтың 100 жылдығына арналған салтанатты жиын өтіп,оның жұмысына ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.
23-25 сәуір
Елбасы АҚШ астанасы Вашингтон қаласында НАТО-ның 50 жылдығына байланысты өткізілген мерейтойлық Саммитке қатысты.АҚШ президенті Билл Клинтон Азиядағы сенім шаралары мен қауіпсіздікті нығайту жөніндегі Қазақ Елінің бастамаларына жоғары баға берді.
2-3 маусым
Бұл күндері Елбасы Алматыда өткен екі алқалы жиынға қатысты. Ол Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің екінші мәжілісіне төрағалық етсе, келесі күні «Алматы инвестициялық саммиті» ІІІ Халықаралық форумында сөз сөйледі.
1-2 шілде
Австрия республикасының Зальцбург қаласында Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің халықаралық экономикалық саммиті өтті. Оның жұмысына мемлекетіміздің басшысы Нұрсұлтан Назарбаенв қатысты.
6 шілде
Қазақстан Президенті Н.Назарбаев жұмыс сапарымен Анталияға барып, Түркия президенті С.Демирелмен кездесті.
24-25 тамыз
Қырғыз Республикасының астанасы – Бішкек қаласында «Шанхай бестігі» елдерінің саммиті өтіп, оған Қазақстан Президенті Н.Назарбаев қатысты.
2 қыркүйек
Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген Армения Республикасының Президенті Р.Кочарянмен кездесті. Екі ел басшылары экономикалық ынтымақтастық жөнінде бірлескен комиссия құру туралы келісімге келді.
5-6 қазан
Елбасы ресми сапармен Иран Ислам Республикасында болды. Қазақстан – Иран үкіметтері арасындағы бес маңызды хаттамаларға,екі мемлекет арасындағы өзара қарым-қатынас туралы Декларацияға қол қойылды.
10 қазан
Қазақстан Республикасы Парламентінің сайлауы. Елбасы Астанадағы №2 сайлау учаскесінде дауыс берді.
12 қазан
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Жарлығымен еліміздің Премьер-Министрі болып тағайындалды.
26 қазан
Ресей Федерациясының астанасы – Мәскеу қаласында Кеден одағына қатысушы елдердің мемлекетаралық кеңесінің мүшелері бас қосты. Оның қорытындысы бойынша арнайы Мәскеу Декларациясы қабылданды.Нұрсұлтан Назарбаевқа «Алтын Атлант» халықаралық технологиялық сыйлығы берілді.
5 қараша
Көкшетауда Абылай хан ескерткішінің салтанатты ашылу рәсімі болды.
18-19 қараша
Мемлекет басшысы Түркияда өткен Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының VI саммитіне қатысты. Осынау алқалы жиында Елбасы саммитке келген мемлекеттер мен үкіметтер басшыларымен 26 кездесу өткізіп, маңызды уағдаластықтарға қол жеткізді.
22-25 қараша
Бұл күндері Қазақстан Президенті Моңғолия мен Қытай Халық Республикасына ресми сапармен барып, осы мемлекеттер басшылары Н.Багабандимен , Цзян Цзэминмен кездесті. Сапар барысында екі жақты маңызды құжаттарға қол қойылды.
1 желтоқсан
Мемлекет басшысы екінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен басқосуына қатысып, Парламенттің бірінші сессиясын ашып берді.
3 желтоқсан
Елбасы Қазақстан Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің Алматыда өткен ІІІ мәжілісіне төрағалық етті.
6-7 желтоқсан
Жапонияға ресми сапармен барған Нұрсұлтан Назарбаев осы елдің Премьер-министрі К.Обутимен кездесті. Кездесу қорытындысында тараптар өзара стратегиялық әріптестік туралы Бірлескен мәлімдемеге қол қойды.
10 желтоқсан
Астана қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының VI сессиясы өтіп, оған ел Президенті Н.Назарбаев төрағалық етті.
15 желтоқсан
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына «Жаңа жүзжылдықтағы тұрақтылық пен қауіпсіздік» атты Жолдауын жария етті.
16-21 желтоқсан
Қазақстан Президенті Америка Құрама Штаттарына ресми сапармен барды. Осы сапар барысында Елбасы алдымен жол-жөнекей қысқа мерзімге Мадридке аялдап, Испания королі Хуан Карлос І-імен кездесті. Ал,АҚШ –қа сапар барысында Қазақстан басшысы АҚШ Президенті Билл Клинтонмен, осы елдің вице-президенті А.Гормен, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хашысы Кофи Аннанмен жүздесіп, мемлекеттераралық маңызды мәселелерді талқылады.
28 желтоқсан
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2000 жыл – Мәдениетті қолдау жылы деп жарияланды.
СТАТИСТИКА:
1999 жылы Президент республика өңірлеріне 31 рет, шет елдерге 20 рет ресми сапарға шықты. Бір жыл ішінде барлығы 188 Заң қабылданып, 277 Жарлыққа қол қойылды.
ЖЫЛ ТҮЙІНІ:
1999 жылдың алдын-ала қорытындылары қаралған Үкімет мәжілісінде бұл жыл зейнетақы мен еңбекақы қарыздарынсыз қорытындыланып отырылғаны, теңгеміздің бағамы тұрақталғаны айтылды. Алтын қоры ұлттық валютамыз айналымға шығарылғалы - 2 миллиард долларға жуықтап, үздік көрсеткішке жеттік. Қазақстан нарығына шетел капиталы жүйелі тартылып, ұлттық экономиканың әлемдік нарықтағы үлесі арта бастағаны да осы тұс. Қазақ Елі ішкі, сыртқы әлеуметтік-экономикалық, халықаралық ынтымақтастық бағыттарындағы жетістіктері мен жеңістері арқылы посткеңестік кеңістікте аймақтық интеграцияның көшбасшысына айналды деген саясаткерлер тұжырымдары да осы кезеңнен бастап жиі айтыла бастады. Сарапшылар пікірінше, бұл кезеңде мемлекеттік басқарудың саяси-құқықтық негіздері қаланып, дамудың қазақстандық моделі қалыптаса бастады.