ffin.kz

ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫ: ОТЫЗ ЖЫЛДЫҢ ОТЫЗ СӘТІ

ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫ: ОТЫЗ ЖЫЛДЫҢ ОТЫЗ СӘТІ almaty-akshamy.kz

Менде Қазақтың елдігін, Қазақстан Республикасының  мемлекеттік тәуелсіздігін нығайтудан басқа  мақсат та, арман да жоқ!


Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.



1998 жылы мемлекеттілігінің қалыптасу кезеңінде еліміз  «Қазақстан - 2030» даму Стратегиясының аясында мемлекеттік құрылыстың өтпелі кезеңіне аяқ басты. Бұл кезең сыртқы саясатта халықаралық ынтымақтастыққа ұмтылудың ұтқыр тәжірибелерімен, ішкі саясатта  демократиялық жаңғырулармен, конституциялық реформалармен, экономикадағы нарықтық үрдістермен ерекшеленді. Жаңа Астананың қалыптасу тарихында  да ХХ ғасырдың  соңғы жылдары  ерекше орын алады. Өйткені  астананың Алматыдан елдің орталығына - Ақмолаға көшірілуі  орталық, аймақтық басқару жүйесіне де, іскерлік, экономикалық белсенділігіне де  бірқатар тың өзгерістер әкелгені рас.


Азия мен Ресейдегі  экономикалық дағдарыс салдары әлі буыны қата қоймаған жас мемлекеттің экономикасына  кері әсер ететіні сөзсіз еді. Сондықтан да болар ел билігі бірінші кезекте күрделі де  жігерлі экономикалық реформаларға ерекше мән берді. Ол үшін ең алдымен әлемдік алпауыттармен экономикалық ынтымақтастыққа негізделген  сенімді де серпінді инвестициялық алаң қажет болды. Елде экономикалық тұрақтылыққа қол жеткізудің бірден-бір жолы да осы еді. Сондықтан да болар, осы жылдардағы Президент қызметіне зер салсақ, жұмыс кестесінің  тым тығыздығына, ауқымдылығына, жан-жақтылығына қайран қаласыз.  Әлемді дағдарыс жайлаған осы кезеңде ұлттық экономика  қатерлі  сыннан өтті десек те болар. Алысқа бармай-ақ, ресей рублінің девальвациясының өзі-ақ  ел  нарығын тығырыққа тірегені рас. Қазақ билігі жүргізген   сауатты экономикалық  саясаттың нәтижесінде еліміздің экономикасы   әлемдік дағдарысқа төтеп беріп, өзінің  төл валютасының тұрақтылығын қамтамасыз ете білді, елдегі  макроэкономикалық тұрақтылықты халықаралық қаржы институттары жоғары бағалады. Ең бастысы, ірі шетелдік инвесторлар мен  банктердің Қазақ Еліне деген сенімі артты. Ұтымды жүргізілген экономикалық реформалардың  нәтижесінде өндірістің құлдырауына жол берілмеді. Қазақстан посткеңестік  өңірде бірінші болып 1998 жылдың 1 қаңтарында  «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» заң қабылдап, зейнетақымен қамтамасыз етудің жинақтаушы  жүйесіне көшті. «Қазақстан -2030» Стратегиясы аясында  Мемлекеттік азық-түлік бағдарламасы, Елдің  индустриалдық-инновациялық даму стратегиясы және басқа да нақтылы жобалар қолға алынды. 1998 жыл - «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» деп белгіленді.



1998: ЖЫЛДЫҢ  БАСТЫ  ОҚИҒАЛАРЫ


 



  1. Жаңа астана атауының Ақмоладан Астанаға өзгертілуі. Астананың халықаралық таныстырылымы.

  2. Президенттің «Қарапайым адамдарға қарай он қарапайым қадам» бағдарламасы.

  3. Құрамына Қазақстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттері енген «Шанхай бестігінің» құрылуы.

  4. Шетел инвесторлары Кеңесінің құрылуы

  5. Қаржы дағдарысы мен Ресейдегі дефолтқа орай дағдарысқа қарсы іс-шаралар


13  қаңтар


Қазақстанның жаңа астанасы – Ақмола қаласының дамуы туралы және оның салтанатты халықаралық таныстырылымы жөнінде кеңес өтті.


Біртұтас кеден кеңістігін құру


21-23 қаңтарда  Ресей астанасы – Мәскеуде  Қазақстан, Ресей, Қырғызстан,Беларусь мемлекеттері басшылары бас қосты. Кездесу барысында  Президенттер Нұрсұлтан Назарбаевтың  біртұтас кеден кеңістігін құру туралы бастамасын бірауыздан қолдады.


Дәстүрлі дүниежүзілік экономикалық форум


28 қаңтар  – 2 ақпанда  Швейцария Конфедерациясының Давос қаласында  дәстүрлі дүниежүзілік экономикалық форум өтіп,оның жұмысына Қазақстан Президенті  Нұрсұлтан Назарбаев қатысып,сөз сөйледі. Форум күндері Елбасы Швейцария Конфедерациясының президенті  Ф.Коттимен, Болгария президенті П.Стояновпен, Бразилия президенті Ф.Энрике Кардозумен екіжақты  өзекті мәселелер төңірегінде пікір алысты.


13  ақпан


Елбасы Алматыдағы резиденциясында  Қазақстанға ресми сапармен келген  Испания Королі Хуан Карлос I-іні  қабылдады. Тараптар  екіжақты ынтымақтастықтың маңызды мәселелерін талқылады.



«Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ»


17  наурызда  Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің мәдениет және ғылым, өнер саласындағы шығармашылық зиялы қауым  өкілдерімен кездесуде халық тұтастығы мен ұлттық тарих жылының маңыздылығына тоқталды. «Тоталитаризмге халықтың тұтас­тығының қажеті жоқ. Ол ұлт мәселесін қолдан қиын­датып, ха­лық­тардың бір-біріне сенімсіздігін, күдік­шілдігін арттыруға мүдделі. Халықтың бір тобын бір тобына, бір табын бір табына айдап салуға мүдделі. Өйткені, үрейге бой ал­дырған ондай қоғамды билеу жеңілге түседі. Тоталитаризмге ұлттық тарихтың да қа­жеті жоқ. Ол ұлттың тарихи жадын жойып, мәң­гүрт­тік психологияны орнық­тыруға мүдделі. Өйткені, өткенін білмейтін халықтың өзіне сенімі болмайды. Ал өзіне сенімі аз халықты айтқа­н­ға көндіру, айдағанға жүргізу жеңілге түседі. Тоталитар­­лық қоғам атаулы­ның аңсайтыны да сол. Біз өз тарихымызды өзгелер тұрмақ, өзімізге де то­лық таныта алмай келе жатқан халықпыз. Зерттемесек, жазбасақ, жарияламасақ кім, не деп таниды? Қалай мойындайды? Алаңдайтын ештеңе жоқ. Жазыңыздар. Жария­лаңыздар. Шын жақсы болса, шетел тілдеріне, әсіресе, ағылшын тіліне аудартуды да ойластырамыз. Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ», - деп атап өтті Елбасы.



Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Ташкент саммиті


26  наурызда  Ташкент қаласында  Қазақстан,Өзбекстан және Қырғызстан  басшылары  Мемлекетаралық кеңес мәжілісінде бас қосты.  Күн тәртібінде  аймақтық интеграцияны тереңдету мәселесі қаралып, Мәлімдеме қабылданды.  Дәл осы күні  Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Ташкент саммитіне қатысқан президенттер Орталық Азия экономикасын дамытудың арнайы бағдарламасын қабылдап, Ташкент Декларациясына қол қойды.


 


Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі қаралды


9 сәуірде   Нұрсұлтан Назарбаев Ресейге ресми сапармен барып, Ресей Президенті Борис Ельцинмен кездесті.  Мемлекет басшылары Каспий теңізінің құқықтық мәртебесіне қатысты пікір алмасты.Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарының маңызды мәселелері талқыға түсті.


15 сәуір


Мемлекет басшысы Алматыдағы резиденциясында Қазақстанға ресми сапармен келген  Бельгия Корольдігінің премьер-министрі Жан-Люк  Деанды қабылдап, кездесу қорытындысында  екі ел қарым-қатынасына қатысты маңызды құжаттарға қол қойылды.


«Қарапайым адамдарға қарай қарапайым он қадам» бағдарламасы


28-29  сәуірде  Ресей Федерациясының астанасы – Мәскеу қаласында  «4+N»  форматындағы Мемлекетаралық кеңес өтті. Қазақстан,Ресей, Қырғызстан,Беларусь мемлекеттері басшылары бас қосқан саммитте   Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қарапайым адамдарға қарай қарапайым он қадам» бағдарламасы  бірауыздан қабылданды.


«Бұл атауда батылдық, мығымдық және айқындық реңк бар»


6  мамырда  «Қазақстан Республикасының астанасы – Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының  астанасы – Астана қаласы деп атау туралы» Жарлық жарияланды. 



«Еуразия жүрегінде» атты кітабында Нұрсұлтан Назарбаев бұл оқиға жөнінде былайша еске алады: «Бұған дейін де бұл қаланы қалай атау туралы сөз көп болды. Түрлі ұсыныстар айтылды. Қаланы елдің атымен Қазақстан деп атау жөнінде, басқа да, соның ішінде Нұр­сұл­тан деп атау керек деген де ұсыныстар болды. Бұл қала, Қазақстанның жаңа астанасы менің мақтанышым еді, сондықтан оның атауын сан құбылтуға жол бере алмайтын едім. Онда Ақмоланы қалай атаған, дәл айтқанда қалай деп қайта атаған жөн? Ол атау қазақстандық­тардың, еліміздің барша ұлты мен ұлысының ғана емес, кірпияз шетелдіктердің де көңілінен шығуы керек...Шынын айтқанда, астананың атын ауыстыру ұдайы ойымнан шықпай, ат іздеумен болдым. Сөйтіп жүргенде бір жолы...Бір жолы түнде, дәлірек айтсам, сағат түнгі екіде Астана деген атау ойыма сап етіп, көкейіме қона кеткені. Астана дегеніміз астана! Қазақша әдемі естіледі. Қомақты, ауыз толады, қысқа да нұсқа, әуезді. Орысша да, ағылшынша да солай естіледі. Бұл атауда батылдық, мығымдық және айқындық реңк бар. Астана! Сөйтіп, түн ортасында келген ой Қазақстан астанасының жаңа атауы Астана кө­кейге біржолата ұялады. Астана осы сөздің тура мағы­насында нағыз астанаға айналды. Жаңа тәуелсіз мемлекет Қазақ­стан Республикасының астанасына. Айтпақшы, сол күні «Қазақстан Республикасының астанасы Астана қаласында Сарыарқа және Алматы аудандарын құру туралы» Жар­лық қабылданды. Сөйтіп, Астана қаласының картасында екі аудан пайда болды. Олар астананы екі бөліп тұрған жоқ, қайта біртұтас біріктіріп тұр...».



Сол жылдарда Елорда әкімі лауазымында болған Әділбек Жақсыбековтың естелігінен:  


«Бір күні Елбасыны ұзақ сапардан күтіп алдық. Тура әуежайда Премьер-министр екеуімізді машинасына отырғызып алды. Елорда атауын өзгерту туралы ойдың піскен кезі. Кездесулерде де бұл туралы айтып жүрген. Біраз үнсіз отырып... «Мүмкін, Астана деп атармыз? Қанатты сөз сияқты. Болашаққа деген талпынысымыздың символы болар еді» деді. Әдеттегідей, Президенттің сөзінен кейін біз біраз үнсіз қалдық. Нұрсұлтан Әбішұлы «Бүгін резиденцияға келіңдер. Сонда сөйлесеміз» деді. Кешке әңгіме жалғасты. Астана үшін Президент бірнеше мысалдар келтірді. Бірақ заң бойынша, қалалық мәслихат депутаттарының қолдауы керек болатын. Қолдау көрсетілді де. 1998 жылғы 6 мамырда қалалық мәслихаттың сессиясында депутаттар қала атауын Астанаға ауыстыру туралы ортақ шешім қабылдады».


23-27  мамыр


Нұрсұлтан Назарбаев Катар мемлекеті мен Біріккен Араб Әмірліктеріне  ресми сапармен барды. Мемлекеттер арасындағы саяси-экономикалық қарым-қатынастарды одан әрі дамытудың  мәселелерін талқылаған тараптар маңызды құжаттарға қол қойды. Катар басшысы  Қазақстанның жаңа астанасының құрылысына атсалысу ұсынысын білдірді. Ал, Біріккен Араб Әмірліктері басшылығымен келіссөздерде Трансазия теміржолына қатысты  екіжақты тиімді уағдаластықтарға қол жеткізілді.


Қазақ Елінің төріндегі  ұлы мереке


1998 жыл, 10 маусымда Ұлы Дала  төрінде  ұлы мереке басталды. Дәл осы күні  Қазақстан Республикасының  елордасы – Астана (бүгінгі Нұр-Сұлтан) қаласының халықаралық  тұсаукесері өтті.


3  шілде


Алматыда  «Шанхай бестігі»  мемлекеттерінің саммиті өтті.  Бұл алқалы басқосуда бұған дейін «Шекара аймағындағы әскери саладағы сенімділікті нығайту туралы»  және «Шекара аймағындағы қарулы күштерді азайту туралы»  Шанхай мен Мәскеуде өткен  келіссөздерге қатысқан   Қазақстан, Қытай, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерінің басшылары бірлескен мәлімдеме қабылдады.  Екінші күні Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы резиденциясында  ҚХР төрағасы Цзян Цзэминді қабылдап, кездесу қорытындысында тараптар   Қазақстан-Қытай шекарасына  қатысты  қосымша  келісімшартқа  қол  қойды.


6  шілде


Мемлекет басшысы ресми сапармен  Ресей Федерациясына  барып,Ресей президенті Б.Ельцинмен жүздесті. Екі ел президенттері Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы  арасындағы  «Мәңгілік достық пен одақтастық туралы»  Декларацияға қол қойды.


17 шілде


Шолпан-Атада  Қазақстан  мен Қырғызстан  арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялау туралы Меморандумға қол қойылды.


22 қыркүйек


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Италияға ресми сапары басталды. Ел Президенті  Италия президенті О.Л. Скальфаромен,осы елдің Министрлер кеңесінің төрағасы Р.Продимен,  Ватиканның және Рим католик шіркеуінің басшысы Папа Иоанн Павел ІІ-мен кездесіп,келіссөздер жүргізді. Бұл  сапардың екі жақты қатынастарды одан әрі терең­детуде ықпал зор болды. Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ  арасындағы өзара түсіністік туралы ке­лі­сім –  ТМД елдері арасында  жасалған  тұңғыш маңызды құжат еді. Бұл тұрғыда Қазақ Елі әлемге көшбасшы ел ретінде танылды.  Келісімге қол қойылғаннан кейін Ватикан таратқан ресми мәлімдемеде аталған келісім  «тарихи оқиға» деп бағаланды.


25 қыркүйек


Астанада  Президент жанындағы  Шетел инвесторлары кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Оның жұмысына  Елбасы қатысып, төрағалық өтті.


28 қыркүйек


Сол жылдардағы ҚР Сыртқы істер министрі Қ.Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 53-ші сессиясына қатысып, сөз сөйледі. Ол БҰҰ Бас хатшысы К.Аннанмен, АҚШ Прези­дентінің Каспий теңізінің энергоресурстарын игеру жөніндегі кеңесшісі Р.Морнингстармен, және басқа да бірқатар мемлекеттер  өкілдерімен  кездесті.


 30 қыркүйек


Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев  бірінші шақырылған Парламент палаталарының бірлескен басқосуына қатысты. Елбасы елдегі жағдай туралы,  ішкі және сыртқы саясаттағы негізгі бағыттар: қоғамды демократияландыру, жаңа жүзжылдықтағы экономикалық және саяси реформа  туралы  тұжырымдарымен Қазақстан халқына Үндеуін жариялады.


7 қазан


Елбасы  Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының  бірлескен отырысына қатысты. Онда «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Заңға сәйкес Президенттік билік мерзімі 5 жылдан 7 жылға дейін ұзартылды. Ал, Мәжіліске депутаттар сайлау партиялық тізім бойынша да жүргізілетін болды. Сондай-ақ, дауыс беруге сайлаушылардың 50 пайыздан астамы қатысса,сайлау өткізілді деп есептелінетін болды.


12 қазан


Қазақстанға мемлекеттік  сапармен Ресей Федерациясының президенті Борис Ельцин келді.Мемлекет басшысының Алматыдағы резиденцииясында өткен екіжақты кездесу қорытындысында  екі ел арасындағы 1998-2007  жылдарға дейінгі экономикалық ынтымақтастық туралы Шартқа, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы мемлекеттік шекараларын делимитациялау  туралы Қаулыға қол қойылды.


14 қазан


Алматыдағы Республика сарайында  қазақтың белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, атақты ғалым-ағартушы Ахмет Байтұрсыновтың 125 жылдық мерейтойының салтанаты өтті. Оған Елбасы Н.Назарбаев қатысты.


29 қазан


Нұрсұлтан Назарбаев  Анкара қаласында өткен Түркия Республикасының 75 жылдығына арналған мерекелік шараларға қатысты.  Түркияда бас қосқан  Қазақстан,Әзербайжан, Өзбекстан,Түркия,Грузия президенттері  «Шығыс-Батыс» дәлізі арқылы  дүниежүзілік нарыққа мұнай  тасымалдау туралы Декларацияға қол қойды.


 2 желтоқсан


 ЕҚЫҰ қатысушы-мемлекеттер сырт­қы істер министрлері  Ослода  бас қосты.


Алқалы жиын барысында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ЕҚЫҰ арасында бірқатар  маңызды құжаттар қабылданды. Алматыда ЕҚЫҰ Орталығын ашу туралы мемо­рандумға және Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ЕҚЫҰ-ның Демократия және адам құқығы жө­ніндегі бюросы арасында өзара түсіністік туралы Ме­морандумға қол қойылды.


 22 желтоқсан


 ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңға қол қойды.


СТАТИСТИКА:


1998 жылы Президент республика өңірлеріне 38   рет, шет елдерге 17 рет ресми  сапарға шықты. Бір жыл ішінде барлығы  133  Заң қабылданып,  248  Жарлыққа қол қойылды.


 



 ЖЫЛ  ТҮЙІНІ:


1998 жыл Қазақ Елі үшін күрделі кезең болғанымен, алдына мақсатты стратегиялық міндеттерді қойып, олардың уақытылы  орындалуын қамтамасыз ете білген   ел билігінің жинақы қадамдары мемлекеттің ішкі ресурстарын дұрыс пайдалана отырып,  әлемдік  дағдарысқа төтеп беруін қамтамасыз еткенін,  бұл жылы   елімізге 2 млрд. долларға жуық шетел инвестициясы тартылғанын айта кеткен жөн.



 


 


 


 





 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04