ffin.kz

ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫ: ОТЫЗ ЖЫЛДЫҢ ОТЫЗ СӘТІ

ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫ: ОТЫЗ ЖЫЛДЫҢ ОТЫЗ СӘТІ almaty-akshamy.kz

Енді біздің ел атқа қонады:дүйім дүниенің қандай дүбірлі додасына да  тайсалмай түсіп, кім-кіммен де жалтақсыз жарысатын болады.


Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.


 1997. ЖЫЛДЫҢ  БАСТЫ  ОҚИҒАЛАРЫ



  1. Қазақстанның әкімшілік-аумақтық құрылымын оңтайландыру.

  2. Ресей, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан,Тәжікстан мемлекеттері арасында шекаралас аумақтардағы қарулы күштерді өзара  қысқарту туралы бесжақты Келісімге қол қою.

  3. Мұхтар Әуезовтың 100 жылдығы

  4. «Қазақстан – 2030» Стратегиясы

  5. Астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру.



1997 жыл  елімізде  жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын  еске алу жылы деп жарияланды. Президент тарапынан ұзақ мерзімді өршіл екі жобаның ұсынылуымен және жүзеге асырыла бастауымен  ерекшеленді бұл жыл. Оның бірі – «Қазақстан – 2030» Стратегиясы, екіншісі – астананы Алматыдан  Ақмолаға көшіру.


Қазақстан халқына Жолдауы аясында Мемлекет басшысы ұсынған «Қазақстан – 2030» Стратегиясы  ел дамуына  тың серпін  берді. Астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру  мәселелері, Ақмоланың  жаңа астана  сипатындағы келбетін қалыптастырудың бүкіл бағдары, мемлекеттік биліктің жоғары эшелоны мен  орталық мекемелерінің  көші-қонын үйлестіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның  жұмысы Президент тарапынан қатаң  бақылауға алынды. Нұрсұлтан Назарбаев  өзі де Ақмолаға жиі барып, құрылысы салынып жатқан нысандарды аралап, әр нысанның сызбасына, сапасы мен мерзіміне, болашақ келбетіне  ерекше көңіл бөліп, шетелдік компаниялар өкілдерімен кездесіп, болашақ астанаға инвестициялар мен технологиялар  тартудың жолдарын қарастырумен болды. Әрине бұл жерде кез-келген шетелдік инвестиция тағдыры ең алдымен мемлекет тарапынан берілетін, заңдастырылған  кепілдікпен қорғалуы қажет еді. Құйылған қаражатқа меншік құқығы, одан түсетін табысты сыртқа шығаруға кепілдік, еркін кәсіпкерлік ережелерін енгізу  қажет болды. 1997 жылы Мемлекет басшысы   бекіткен  «Тікелей инвестицияларды мемлекеттік қолдау» туралы Заң осы мақсатты көздегені хақ.  Осындай қажырлы ізденістер мен талпыныстардың нәтижесі болар 1997 жылдың 10 желтоқсанында  Президент те, Парламент те, Үкімет те жаңа астанада жұмысқа кірісіп кетті. Дәл осы күннен бастап қазақ руханиятының қарашаңырағы болған Қазақ радиосы мен Қазақ теледидары да жаңа астана – Ақмола қаласынан өз хабарларын таратып, көрсете бастады. Астананың ауысуына орай еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымы  да оңтайландырылды. Жезқазған, Көкшетау, Семей, Торғай облыстары таратылып, басқа аймақтардың құрамына енді. Соның нәтижесінде Қазақстан аумағы   республикалық дәрежедегі екі қала мен 14 облыстан тұратын болды.


 6 қаңтар


Мемлекет басшысы Үкімет мүшелерімен астананы Ақмолаға көшіруге қатысты және Қазақстандағы жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылына  байланысты шараларға дайындық мәселелері  қозғалған кеңес өткізді.


 8 қаңтар


Елбасы жұмыс сапарымен Жамбыл облысында болды. Дәл осы күні  Жамбыл облысының орталығы – Жамбыл қаласын Тараз қаласы деп өзгерту туралы Президент Жарлығы шықты.


9 қаңтар


Қазақстан,Өзбекстан,Қырғызстан мемлекеттері басшылары мемлекетаралық кеңес аясында Бішкекте бас қосып, «Мәңгілік достық туралы» Шартқа қол қойды.


 22 қаңтар


Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті басқосуы өтіп, оған Елбасы төрағалық етті. Онда «Қазақстан Республикасының  сыртқы саясаттағы концепциясы туралы», «1997-1998 жылдардағы және 2000 жылғы кезеңге  дейінгі    қылмыспен күрестің мемлекеттік бағдарламасының концепциясы туралы» баяндамалар тыңдалды. Қауіпсіздік Кеңесінің  1996 жылғы қызметі қорытындыланып, 1997 жылға жұмыс жоспары бекітілді.


29  қаңтар – 4  ақпан


 Мемлекет басшысы Швейцария Конфедерациясының  Давос қаласында өткен Бүкіләлемдік экономикалық форумға қатысып, осы алқалы жиын аясында бірқатар маңызды кездесулер өткізді. Форум президенті  халықаралық басқосуды ашу сәтінде мемлекеттер мен үкіметтер басшылары, дүниежүзілік бизнес өкілдері жиналатын жаһандық маңызды форумға бесінші рет қатысып отырған  Қазақстан Президентін  ерекше ілтипатпен атап өтті. Форумға арнайы шығарылымы шыққан «World Link» журналы Қазақ Елі  туралы кең көлемде мақала  мен Нұрсұлтан Назарбаевтың  суретін басқаны да форумға қатысушылардың Қазақстанға деген қызығушылығын арттыра түсті.


Елбасы  Швейцария Конфедерациясының президенті А.Коллермен, БҰҰ Бас хатшысы К.Аннанмен, НАТО бас хатшысы  Х.Соланомен, АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының төрағасы Н. Гингричпен, Израиль Премьер-министрі Б.Нетаньяхумен, Египет Араб Республикасының Президенті М.Х.Мубаракпен, Польша Президенті А.Квасьневскимен, Палестина ұлттық әкімшілігі төрағасы Я.Арафатпен және  т.б. екіжақты кездесулер өткізді.


11  ақпан


Алматыдағы   Конев  атындағы  Жоғары әскери училище  Президент Жарлығымен  Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери академиясы болып қайта құрылды.


21  ақпан


 Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барды.  Бежінде Елбасы  ҚХР төрағасы Цзян Цзэминьмен кездесіп, бірқатар екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Саяси, экономикалық, гуманитарлық  салалардағы қарым-қатынас, екі ел арасындағы көліктік қатынас,  мұнай мен газ кен орындарын бірлесе игеру, шекаралық аймақтарды демилитаризациялау, жаңа астанаға  Қытай инвестициясын жұмылдыру бағытында келелі әңгіме өрбіді. 



Алматы Декларациясы: Орта Азияны ядролық қарусыз аймақ деп  жариялау идеясы


28  ақпан күні Алматыда  Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Саммиті өтті.  Арал теңізі бассейнінің проблемалары жөніндегі мемлекетаралық кеңеске қатысушылар басқосу қорытындысына сәйкес  Алматы Декларациясын қабылдап, 1998 жыл – Орта Азия аймағында  қоршаған ортаны қорғау жылы боп белгіленді. Алматы Декларациясы халықаралық қауымдастыққа   Орта Азияны ядролық қарусыз аймақ деп  жариялау идеясын ұсынды. Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде аймақ тұрғындарын ауыз сумен  қамтамасыз ету, Арал проблемасына қатысты ортақ қорға түскен қаражаттар мен шығындарды орталықтандыру мәселелеріне айрықша тоқталғанын айта кеткен жөн. 



11 наурыз


Қазақстанға  НАТО-ның    Бас хатшысы Хавьер Солана бастаған  Солтүстік Атлантика альянсының делегациясы ресми сапармен келді. Делегация Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болды.


27 - 28  наурыз


 Нұрсұлтан Назарбаев  Мәскеуде өткен   ТМД  мемлекеттері  басшыларының Кеңесінің кезекті басқосуына қатысты.


 24  сәуір


Ресей астанасы Мәскеуде  Қазақстан, Ресей, Қытай, Тәжікстан мен Қырғызстан басшылары бас қосты. Мемлекет басшылары кездесу қорытындысында  бірлескен шекаралық аумақтарындағы қарулы күштерін өзара қысқарту  туралы жаңа бесжақты келісімге қол қойды.


5 маусым


Алматыда алпыстан астам шетелдік компаниялар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысқан  «Қазақстанның инвестициялық саммиті» халықаралық экономикалық форумы өтті. Оның жұмысына Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық етті.


 21 - 24  маусым


 Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының  Нью-Йоркте өткен  қоршаған орта мен тұрақты даму аясындағы мәселелер қозғалған арнаулы сессиясына қатысып,сөз сөйледі.


 «Қазақстан Республикасындағы Тілдер туралы»  Заң қабылданды


 11  шілде күні  «Қазақстан Республикасындағы Тілдер туралы»  Заң қабылданды. Заңға сәйкес қазақ тіліне – мемлекеттік тіл, орыс тіліне – ұлтаралық қатынас тілі мәртебесі берілді. Ал, Қазақстанда тұратын басқа этностар тілдеріне заңдық тұрғыда еркін әрі толыққанды дамуға кепілдік берілді. Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің аясын кеңейту арқылы елдегі ұлтаралық бірлік пен келісімді нығайтудың жоспарлы жұмысы тұжырымдалды.


Алашқа арналған тұңғыш музей


1997 жылдың  қыркүйек айында Алашқа арналған еліміздегі тұңғыш музей, Абай қорық-музейінің бір бөлімі ретінде  «Алаш арыстары – М.Әуезов» мұражайы ашылды.


Адамзаттың Әуезові


27 қыркүйек күні   Алматыда Мұхтар Әуезовтің туғанына 100 жыл толуына арналған салтанатты жиын өтті. «Құрметті мәжіліске қатысушылар! Фердауси мен Гомер, Гете мен Бальзак, Шекспир мен Толстой сияқты, біздің Әуезовіміз де бүкіл адамзаттың Әуезовіне айналып отыр. Оны еске алып, әруағына тағзым етуге әлемнің барлық түкпірінен адамдар келуінің өзі де, міне, осыны айғақтайды.... Сөзімді қорытындылай келе, ағайынға айтатын бір сөзім бар. Бүгінгі қазақтың да Мұхаң шығармашылығы мен өмірінен алатын тағлымы аз емес. Бұл, ең біріншіден, Алаш басшылары мен Мұхтар Әуезовтің аңсап жете алмай кеткен бүгінгі тәуелсіздігімізді ардақтай біліп, оны қорғап, сақтай білу. Екіншіден, Мұхаңды қуғын-сүргінге қиғандар өз ішімізден шыққанын ешуақытта ұмытпайық. Ел бір­лігін сақтап, арандатушы мен алауыздарды тоқтата білуіміз керек. Бұл болашақта ел болуымыз үшін керек. Үшіншіден, қолына қалам ұстаған зиялы қауым Мұ­хаң шығармашылығынан нәр алып, Мұхаңдай халқы мен Отаны алдындағы жауапкершіліктен таймауы тиіс, өз елі мен халқының болашағына қызмет істеуі керек», - деді ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев М.О. Әуезов­тің туғанына 100 жыл толуына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінде.


 



Қазақстанның 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған  даму Стратегиясы


10  қазан – «Қазақстан -2030» Стратегиялық бағдарламасы жарияланған күн. Мемлекет басшысы  Қазақстан халқына  ең алғашқы Жолдауын ұсынды. Қазақстанның 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған даму Стратегиясы  мен оны жүзеге асырудың  бірінші кезектегі шаралары  дәл осы күні Парламентте жария етілді. Бұл Стратегия  тәуелсіз Қазақ Елінің  жаңа даму белесіндегі  бас құжатқа айналды.


Нұрсұлтан Назарбаев  «Қазақстан жолы» атты кітабында бұл күн туралы былайша еске алады:  «Сол күні мен еліміздің Пар­­­ламен­тінде Қазақстан халқына арналған ең алғашқы Жолдауыммен шығып сөйледім. Маған халыққа Жолдау деген идеяның өзі ұнады, оның ел құлағына сіңісті болып кеткеніне қуанамын. Қазір жыл сайынғы Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы дәстүрге айналды. Онда бұл нағыз керектінің өзі болды. Республиканың барша халқына, барлық азаматарына үн тастай отырып, біз Страте­гияның ерекше рөлі мен мәртебесін атап көрсеттік. Президенттің Қазақстан халқына жыл сайын Жолдау арнау дәстүрі «Қазақстан стратегиясы - 2030»-дан басталады. Әрбір мұндай Жолдау біздің жалпы Стратегия­мыздың құрамдас бөлігі және біздің жолымыз­дың құрамдас бөлігі. Ал кейінгі жылдардағы Жолдау «Ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің» белгісі болды».



«Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы етіп жариялау туралы» Жарлық


20  қазан – Қазақ Елі тарихындағы ерекше даталы күн! Қазақстан Республикасының Президенті  бірінші шақырылған Парламент палаталарының бірлескен отырысына қатысып, өзінің «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы етіп жариялау туралы» Жарлығын жария етті. Жарлықта 1997 жылдың 10 жел­тоқсанынан бастап Ақмола Қазақстан Республика­сының астанасы болатыны мәлімделді, ал астананың ресми тұ­сау­кесері 1998 жылдың 10 маусымында өткізілетіні белгіленді. «Менің ойымша, бізді қате шешім қабылдады деп жас ұрпақтың кінәлауына ешқандай негіз жоқ. Алматы бұрынғысынша еліміздің ең ірі қаласы болып қалды. Ал күшті екі орталықтың болуы республиканың эконо­мика­лық қуатын тек арттыра түседі. Әлемде екі астананың өмір сүруіне қатысты мысалдар өте көп. Олар - Анкара мен Стамбұл, Мәскеу мен Санк-Петер­бург, Карачи мен Исламабад, Рио-де-Жанейро мен Бразилия, Мельбурн мен Камберра, Оттава мен Торонто, Вашингтон мен Нью-Йорк. Бұл қатарда менің ойымша, біз алдыңғысы да, артқысы да бола қоймаспыз», - деп жазды Нұрсұлтан Назарбаев  «Қазақстан жолы» атты естелік кітабында.


8  қараша


Мемлекет басшысы  Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін Алматыдан жаңа астана – Ақмола қаласына шығарып салу - табыс ету рәсіміне   арналған салтанатты  шараға  қатысты. Осы күні Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола қаласына барып, мемлекеттік рәміздерді жаңа астанада қарсы алды.


17 қараша


Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары басталды. Сапар аясында Қазақстан Президенті  Америка  Құрама  Штаттарының Президенті Билл Клинтонмен, АҚШ вице-президенті Альберт Гормен  кездесті. Басқосулар қорытындысында екі ел арасындағы  экономикалық әріптестік жөніндегі іс-қимыл  бағдарламасына, басқа да екіжақты маңызды құжаттарға қол қойылды.


 


Қазақстан мемлекетінің жаңа астанасы ресми жарияланған күн                                                                                                                                                                                                                                                                                                 10  желтоқсан күні Қазақстан Республикасы Парламенті мен Үкіметінің  бірлескен салтанатты мәжілісі өтті.Онда сөз сөйлеген ел Президенті  Нұрсұлтан Назарбаев  Ақмола қаласы 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап  Қазақстан мемлекетінің астанасы болатынын ресми жариялады.


 


СТАТИСТИКА:


1997 жылы Президент республика өңірлеріне 28   рет, шет елдерге 17 рет ресми  сапарға шықты. Түрлі  ресми   жиындарға қатысып, сөз сөйлеген.  Бір жыл ішінде барлығы  145  Заң қабылданып,  312  Жарлыққа қол қойылды.




Жыл түйіні:


«Жаңа астана – ежелгі қазақ жерінің төрі. Жаңа астана – тәуелсіз Қазақстан үшін жарқын келешектің нышаны. Тарихымыздың жалғасы,өміршең істеріміздің арнасы бұдан былай да жаңа астанада жалғасын таба беруі тиіс...»


                     (Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ой-орамдарынан)



 


 ҚАЗАҚСТАН  РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ 50  ХАЛЫҚАРАЛЫҚ   БАСТАМАСЫ


ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев 1997 жылы  21-24 маусымда өткен  БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы 19-шы сессиясында сөйлеген сөзінде:


 «ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АПАТТАРДЫҢ САЛДАРЫН ЕҢСЕРУ, ТРАНСШЕКАРАЛЫҚ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ПРОБЛЕМА-ЛАРДЫ  ШЕШУ ҮШІН КЕЛІСІЛГЕН ӨҢІРЛІК САЯСАТТЫ ЖАСАП ШЫҒАРУ САЛАСЫНДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МЕХАНИЗМДЕРІН ҚҰРУ ЖӨНІНДЕГІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ҚОҒАМДАСТЫҚТЫҢ КҮШІН БІРІКТІРУ ЖӘНЕ ҮЙЛЕСТІРУ» бастамасын көтерді.


 


 


 


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04