ffin.kz

ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫ: ОТЫЗ ЖЫЛДЫҢ ОТЫЗ СӘТІ

ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫ: ОТЫЗ ЖЫЛДЫҢ ОТЫЗ СӘТІ almaty-akshamy.kz

Тәуелсіздіктің игіліктерін әрбір отандасымыз күнделікті тіршілігінде сезіне алатын болса – мақсатымыздың орындалғаны.


 Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.



1996 жыл  әлеуметтік-экономикалық  реформалармен сипатталады. Бұл жыл еліміз  үшін маңызды  оқиғаларға толы болды. Жаңғырған Конституция аясында жаңа тұрпаттағы мемлекеттік құрылым жасақталды, құрдымға кеткен кеңестік  одақтан «мұраға» қалған өзекті проблемалардан арылу жұмыстары қолға алынды.  Статистикаға үңілсек, елімізде басылатын 1227 газет-журналдардың 275-і қазақ тілінде, 497-сі орыс тілінде, 412-сі екі тілде жарық көрген екен. Ал 200-ден астам телерадио ұйымдарының тек бесеуі ғана қазақ тілінде хабар таратқан. 1996 жылы елімізде 2 мыңнан аса коопертивтер, 12 мың шағын кәсіпорындар, 19 мыңға жуық  жекеменшік кәсіпорындар жұмыс істегенін бағамдаймыз. Республика бойынша  8368 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істесе, оның 3328-і қазақ тілінде, 2484-і орыс тілінде, 92-і  ұйғыр, неміс, корей және басқа тілдерде сабақ жүргізген.  Ал, еліміздегі  66 жоғары оқу орнындағы  студенттердің тек 20 пайызы ғана қазақ тілінде дәріс алған.


Билік пен бұқара өзара түсіністікпен жұмыла, экономиканы тығырықтан шығаруға, жобаланған  реформаларды батыл жүзеге асыруға  ұмтылды. Олар  ұзақ мерзімді жобалар, ауқымды шаралар  аясында   жүргізілді. Бүгінде  елімізде жыл сайын дәстүрге айналған, Мемлекет басшысының  Қазақстан халқына Жолдауы бастауын осы жылдан алады. Сондай-ақ  бұл кезең экономикалық саладағы күрделі жаңғыру жұмыстары қолға алынып, мемлекеттік меншіктен   жекеменшікке иелікке  өту арқылы  шаруашылық жүргізу мен басқарудың  жаңа бағыттарын қалыптастыруға жол ашқан    кезең болды. Осы жылдан басталған жекешелендірудің үшінші кезеңі энергетика мен  мұнай-газ бағыттарында секторлық бағдарламаларға көшу үрдісін әкелді.  Білім беру, денсаулық сақтау, ғылым мен мәдениет салалары да  осындай бағдарламалар шеңберінде дамытылды. Қазақ Елі  нарықтық экономика ережелері мен принциптерін игеруге күш салған бұл жыл жаңа институттардың ашылуымен, заң шығару мен жекешелендірудің маңызды қадамдарымен ерекшеленді. Халықты жұмыспен қамтуға айырықша көңіл бөлінді. Құнды қағаздар нарығын, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту қолға алынды. Шағын кәсіпкерлікті қолдау мақсатын көздеген мемлекеттік деңгейдегі  бағдарламалар іске косылды.  1996 жылдың ақпан айында  Үкіметтің арнайы  қаулысы шығып, «1996-1998 жылдарға арналған жекешелендірудің үшінші кезеңінің бағдарламасы» қабылданды. Ішкі саясатта жалақы мен зейнетақының уақытылы төленбеуі, көптеген кәсіпорындардың нарық қыспағына шыдамай, банкротқа түсуі сияқты  әлеуметтік-экономикалық өзекті  мәселелер орын алды.  Жаңа экономикалық қатынастардың негізі ретінде қаржылық тұрақтылықты қалыптастыру, кәсіпкерлікті ынталандыру, инвестициялар тарту жұмыстары   қолға алынды. Сыртқы саясатта Қазақ Елі  «Шанхай бестігі» ұйымына мүше ретінде, саяси қатынастардағы орнын бекемдеп алды. Бұл жылы  шекаралас елдердің арасында Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы келіссөздер басталды.



1996.   ЖЫЛДЫҢ  БАСТЫ  ОҚИҒАЛАРЫ



  1. Қос палаталы Парламент.

  2. «4+N» шарты. (Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан мемлекеттері арасында экономикалық және гуманитарлық салалардағы  интеграцияны тереңдету  туралы Шартқа  қол қойылды).

  3. Қазақстан, Қытай, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттері арасында шекара аймағындағы   әскери салаларда  сенімділікті  нығайту туралы  бесжақты Келісім.

  4. Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына алғашқы Жолдауы.

  5. Жамбыл Жабаевтың 150 жылдық мерейтойы.

  6. Қазақ Елінің Тәуелсіздігіне -  5  жыл!


Отандық парламентаризм: АНТ


30  қаңтарда Қазақстан Республикасының тұңғыш екі палаталы Парламентінің бірінші сессиясы ашылды. Онда сөз сөйлеген Мемлекет басшысы  жаңа Парламент алдына елдегі саяси,экономикалық,әлеуметтік  жағдайларды тұрақтандырып, дамудың жаңа деңгейіне шығуды қамтамасыз ету үшін нақты міндеттер қойды. Солардың ішінде сот жүйесін батыл реформалау, сот-құқықтық жүйенің тиімділігін арттыру міндеттері ерекше аталды.Бұл сессияның ерекшелігі, ашылу рәсімінен соң  отандық парламентаризмнің тарихында тұңғыш  рет  халық қалаулылары  Ата Заңның 44 бабының 2  тармағына сәйкес, өз міндеттеріне кірісер алдында Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына бағынуға, депутат ретінде өзіне жүктелген жоғары талап-міндеттерді жауапкершілікпен атқаруға  Ант берді.


Біздің дәйектеме: Бірінші сайланған Парламент Сенаты мен Мәжілісінің сайлауы 1995 жылғы желтоқсанда өткен болатын. Сенатқа 40 депутат – 19 облыстан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі-екі адамнан сайланды. Сенаттың жеті депутатын Қазақстан Республикасының  Президенті тағайындады. Сенат депутаттарының арасында 4 әйел, 60 жастан асқан 4 адам болды. Барлық депутаттар жоғары білімі бар дипломды мамандар болды. Олардың ішінде 10-ы – заңгерлер, 10-ы – экономистер, 9-ы – инженерлер,  8-і – ауыл шаруашылығы мамандары. Депутаттық корпустың құрамында 4 ғылым докторы, 11 ғылым кандидаты жұмыс істеді. 1996 жылғы 30 қаңтарда өткен  Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бірінші отырысында Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша Өмірбек Байгелді Сенаттың Төрағасы болып сайланды.


Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне сайлау да осы  жылы 9 желтоқсанда болды. 67 депутат сайланды. Мәжіліс сайлауының нәтижелері бойынша ерлер басым-58, әйелдер-9 депутат болды. Палатаның барлық депутаттары жоғары білімді, оның ішінде 7-і ғылым докторы, 10-ы ғылым кандидаты. 1996 жылғы 30 қаңтарда бірінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бірінші отырысында Мәжіліс Төрағасы болып Марат Тұрдыбекұлы Оспанов сайланды.


 «4+N» Шарты


28-29 наурыз.  Мәскеуде  Қазақстан,Ресей,Беларусь, Қырғызстан мемлекеттері арасында экономикалық,гуманитарлық салалардағы интеграцияны  одан әрі тереңдету туралы Шартқа қол қойылды. «4+N» формуласы деген баламалы теңеумен аталып  кеткен  бұл Шарт   Нұрсұлтан Назарбаев  осыдан екі жыл бұрын ұсынған  Еуразиялық Одақ туралы идеяның жүзеге асуына жол ашты. 


Жоғары экономикалық кеңес 


11  сәуірде Президент жанынан стратегиялық сипаттағы өзекті мәселелерді шешу жолындағы ұсыныс-пікірлерді,талдауларды саралайтын арнайы  Жоғары экономикалық кеңес  құрылды. Оның құрамына ғалымдар, мемлекеттік органдардың басшылары, сарапшылар кірді. Олардың алдына Қазақстан экономикасының жай-күйін бағалау және оны қайта құру жолдарын ұсыну міндеттері қойылды. Кеңес мүшелері 1996–1997 жылдары шетелдік жұмыс сапарлары кезінде стратегиялық жоспарлау мен құрылымдық реформаның халықаралық озық тәжірибелерін зерттеді.


«Алтын қыран» ордені, Президент төсбелгісі  мен штандарты


24 сәуір күні Қазақстан Республикасының  Президентіне мемлекеттің жоғарғы лауазымды тұлғасының ресми айырым белгілерін тапсырудың  салтанатты шарасы өтті. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы З.Я.Балиева Нұрсұлтан Назарбаевқа мемлекеттің жоғарғы лауазымды тұлғасының ресми айырым белгілері – айрықша  үлгідегі «Алтын қыран» орденін, Президент төсбелгісі  мен штандартын табыс етті.


Шанхай келісімі


26 сәуірде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға ресми сапармен барды. Қазақстан, Қырғызстан, ҚХР, Ресей және Тәжікстан мемлекеттерінің басшылары Шекара аймағын­дағы әскери салаларда сенімділікті нығайту туралы ке­лісімге (Шанхай келісімі) қол қойды. Қазақ­стан үшін бұл құжаттың маңызы аса жоғары болатын. Осы жылдан бастап өзара сенім және ынтымақ­тастық прин­ципінде Қазақстанның Қытаймен өзара қарым-қатынас­тарының жаңа кезеңі басталды.


Трансазия магистралінің теміржолдары түйісті


11-13  мамырда  Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Иран Ислам Республикасында болды.  Мемлекет басшылары Каспий теңізіне қатысты  бірлескен мәлімдеме қабылдады. Ирандағы Мешхед-Серахс-Теджен учаскесінде Трансазия магистралінің теміржолдары түйісуінің салтанатты рәсімі өтті. Осынау тарихи маңызы жоғары оқиғаға Қазақстан, Иран, Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Ауғанстан, Армения, Грузия, Пәкстан президенттері, Ресей мен Украинаның үкімет басшылары қатысты.   


25 мамыр


Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы арасында Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа, сонымен қатар Байқоңыр ғарыш айлағын пайдалану тәртібі туралы келісімге қол қойылды.


25-29  мамыр


Мемлекет басшысы осы күндер аралығында ресми сапармен Малайзия мен Сингапур мемлекеттерінде болды. Бұл мемлекеттер басшыларымен жоғарғы деңгейде өткен екіжақты кездесулерде  ынтымақтастықтың маңызды құжаттарына  қол қойылды.


«Кран-Монтана – 96»  форумы


20-24 маусымда Мемлекет басшысы Швейцария Конфедерациясының  Кран-Монтанасында  өткен халықаралық «Кран-Монтана – 96»  форумына қатысты.Осы сапар  аясында Елбасы Швейцария Конфедерациясының президенті  Жан-Поль Делямюрамен, Женевада  БҰҰ Бас хатшысы Бутрос Галимен кездесті.     


4  шілде


Қазақстанға  Қытай Халық Республикасының төрағасы Цзян Цзэмин ресми сапармен келді. Екі ел басшылары  достық пен өзара тиімді ынтымақтастық, ізгі көршілік  қатынастарын ұлықтай отырып,бірлескен Декларацияға қол қойды.


Атланта Олимпиадасы: 4 күміс, 4 қола


14  тамызда  Нұрсұлтан Назарбаев   АҚШ-тың  Атланта қаласында өткен XXVI  жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерін, олардың жаттықтырушылары мен ұлттық Олимпиада комитеті мен еліміздің спорт қоғамдары өкілдерін қабылдады.  Бұл Олимпиададан қазақстандық спортшылар  үш алтын,4 күміс,4 қола медаль олжалап қайтқан еді. 


 «Адалдықтың  алып жыршысы»


 21  тамызда  Алматыдағы Республика Сарайында  жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 150 жыл толуына арналған салтанатты мерейтойлық жиын  өтті.Оған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, «Адалдық пен адамгершіліктің, әділеттілік пен ізгіліктің алып жыршысы» тақырыбында баяндама жасады.


26  тамыз


Президенттің, Үкімет мүшелерінің қатысуымен астананы Ақмолаға көшірудің бірінші кезеңін жүзеге асыруға байланысты алқалы кеңес өтті.   


16 - 17 қыркүйек


Қазақстан Президенті   ресми сапармен  Әзербайжан  мен Грузияға барды. Президенттер  Нұрсұлтан Назарбаев, Гейдар Әлиев,Эдуард Шеварднадзе еларалық маңызды  мәселелерге қатысты келелі  келісімдер жасасты. Әзербайжан  кездесулерінің қорытындысы бойынша  достық пен ынтымақтастыққа бағытталған он екі құжатқа, Грузиямен келіссөздерден кейін  13 құжатқа  қол қойылды. 


Ядролық сынақтарға жалпы  тиым салу туралы шарт


30  қыркүйекте Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 51-ші сессиясы. Бұл күні  Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың  тікелей тапсырмасы бойынша  Қазақстан мемлекетінің атынан Ядролық сынақтарға жалпы  тиым салу туралы Шарт мәтініне қол қойды.  Сөйтіп, Қазақстан Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу (ЯСЖТ) шартына қосылды. Сессия барысындағы ерекше оқиға – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мәлімдемесі ресми құжат ретінде таратылды.


«Тәуелсіздік монументінің» ашылуы


16  желтоқсанда  Мемлекет басшысы Қазақстанға арнайы жұмыс сапарымен келген Түркия Президенті Сүлеймен Демирелмен кездесті.  Осы күні екі елдің басшылары  Алматыдағы Республика Сарайында өткен  Қазақстан Тәуелсіздігінің 5 жылдығына арналған салтанатты жиынға және Республика алаңында ел тәуелсіздігінің бес жылдығына орай «Тәуелсіздік монументінің» ашылуына  қатысты. Монумент авторлары: архитектор  Ш.Уәлиханов (топ жетекшісі), мүсіншілер: Н.Далбай, Ә.Жұмабав, сәулетшілер Қ.Жарылғапов, Қ.Монтақаев және т.б.  Салтанатты жиында Елбасы «Қазақстан тәуелсіздігі:тарих тағылымдары және қазіргі заман» тақырыбында баяндама жасады. «Осы бес жылда біз толыққанды тәуелсіз мемлекеттің бар нышандарына ие бола алдық» деді Президент.


СТАТИСТИКА:


1996 жылы Президент республика өңірлеріне 21   рет, шет елдерге 25 рет ресми  сапарға шықты.  Бір жыл ішінде барлығы  64  Заң қабылданып, 359  Жарлыққа қол қойылды.




ЖЫЛ  ТҮЙІНІ:


Жас мемлекеттің жаңаша дамуының алғашқы бес жылы ішінде  тәуелсіз елдерге қойылатын талаптардың барлығы жүзеге асты десек қателеспеспіз. Ең бастысы – Қазақстан билігі елдегі  бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап қала алды, өткен  бес жылдың белесіндегі  басты жетістік те осы еді. Тағы бір ірі жетістік – Қазақ Елін әлем мемлекеттері таныды. Халықаралық ықпалдастық артты, дүние жүзінің өркениетті мемлекеттерімен  сенімді дипломатиялық қатынастар орнықты. Мемлекет басшысының шетелдерге сапары жалғасып, халықаралық ықпалдастықтың тәжірибесі  қалана бастады.


«1996 жылы Тәуелсіздігіміздің бес жылдығын алғаш рет салтанатпен атап өткенбіз. Жүріп өткен жолымызды қорытындылап, қуаныштар мен қиындықтарды сараптап, тағы да бір шолу, талдау жасап шыққанбыз. Сонда тәуелсіздіктің бес жылдығына арналып Алматыда өткен салтанатты жиында Президент Нұрсұлтан Назарбаев қазақ халқының, оның басшылары мен батырларының ғасырлар бойы армандаған мақсатын айта келіп, былай деді: «ХVІІ ғасырда қазақ сахарасында жасындай жарқыл­даған Абылай армандап өткен, мұңды шерге толы ХІХ ғасырда Кенесары қарумен күрескен, жаппай қырып-жоюға қарсы бас көтерген Бөкейхан межелеп кеткен асыл мұраттар өлген жоқ, соның бәрі 1991 жылы 16 желтоқ­санда жүзеге асты. Осы бес жылда біз толыққанды тәу­ел­­сіз мемлекеттің бар нышандарына ие бола алдық».


Бұл - тәуелсіздіктің алғашқы тойы еді. Бұл бес жылда әлем қауымдастығындағы жаңа мүше - тәуелсіз Қазақстан әлемге белгілі, танымал болып үл­герді. Қазақстанды 117 мемлекет таныды, 105 елмен дипломатиялық қарым-қатынас орнады. 26 ел бізде өздерінің елшіліктерін ашса, қырық елде біздің елшілік­теріміз бен өкілдіктеріміз жұмыс істей бастады. Осы уақытта шетелдермен, халықаралық ұйымдармен сегіз жүзден астам келісімшарттарға қол қойылды...».


  (Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-публицист


Камал Самайыловтың «Тәуелсіздік толғауы» атты естелігінен)



 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04