ffin.kz

ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫ: 30 ЖЫЛДЫҢ 30 СӘТІ

ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫ: 30 ЖЫЛДЫҢ 30 СӘТІ almaty-akshamy.kz

Қазақстанды жоғары дамыған мемлекетке айналдыратын – азат ойлы жаңашыл да жасампаз азаматтары. Ол үшін әркім жан-жақты және кемел  білімге ден қойып, қажырлы еңбек пен өзін-өзі толассыз жетілдіруді өмір  салтына айналдыруы қажет.


Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.


                         ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ 50 ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАСТАМАЛАРЫНАН


 


2010 жылғы бастамалар:



  • Қазақстан Республикасының Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық етуі: Қазақстанның еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік өлшемдерінің санын кеңейту туралы бастамасы

  • Елордада ЕҚЫҰ мемлекеттері  басшыларының саммитін өткізу  туралы бастамасы:  Н.Ә. Назарбаевтың «ЕҚЫҰ  тағдыры мен перспективалары»  («Известия») атты мақаласы.


 


ЕЛДІ  АЛҒА ЖЕТЕЛЕГЕН  МАҢЫЗДЫ  9  ШЕШІМ



  • 2010 жылғы 1 қаңтардан Қазақстан, Ресей және Беларусь аумағында Кедендік одақтың бірыңғай  кедендік тарифі іске қосылды.

  • «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің құрылысы басталды.

  • 29 қаңтар  Президент Үкіметке өңірлердегі кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.

  • Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында балаларды мектепалды білім берумен қамтамасыз етуге бағытталған «Балапан» бағдарламасының басталғанын жариялады.

  • 2 наурызда  Қазақстан Президентінің ресми сайтында «Бизнесті Президенттік қорғау» арнайы бөлімі ашылды.

  • 12 наурызда   Индустрияландыру бағдарламаларын жүзеге асыруға жауап беретін Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі құрылды .

  • 19 наурызда құны 42 млрд. доллар тұратын 83 ірі жоба енген ҚазақстанРеспубликасының үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды.



  • 2010 жылғы 28 маусымда елордада халықаралық дәрежедегі  «Назарбаев университеті» жаңа жоғары оқу орны ашылды.

  • 1 қыркүйекте 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамыту мемлекеттік бағдарламасы бекітілді



2010 ЖЫЛДЫҢ  БАСТЫ  ОҚИҒАЛАРЫ




  1. Қазақстанның 2020 жылға дейінгі даму стратегиясының жоспарын қабылдау.

  2. ЕҚЫҰ төрағалығы. ЕҚЫҰ Астана Саммиті.

  3. Қазақстан халқы Ассамблеясының 15 жылдығы.

  4. Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа - 10 жыл!


Қазақ Елі үшін бұл жыл халықаралық  деңгейде де, ішкі саясатта да, әлеуметтік салада да,экономикада да серпінді даму мен   өркениетті  өзгерістер  кезеңі  болды.  Рухани салада  халқымыздың  біртуар ұлы, Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл толды.


Билік қабылдаған 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында ел бойынша  және өңірлік деңгейдегі индустрияландыру карталары әзірленді. Алғашқы  жартыжылдықта жалпы құны  380 миллиард теңгеден асатын 72 ірі өндіріс нысаны пайдалануға берілсе, екінші жарты  жылдықта жалпы құны  450 миллиард теңгеден асатын 80 ірі инвестициялық жоба іске қосылды.


2010 жылдан бастап  елімізде Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізіле бастады. Бұл ұлттық жүйе арқылы медицина ұйымын таңдау еркі, медициналық көмектің ашықтығы мен оның бағасын қалыптастыру, бөлінген қаражат науқастың таңдауына байланысты болады деген  қағидаттар басшылыққа алынды. Осылайша, бәсекелі орта қалыптасып, медициналық көмектің сапасы артпақ.


2010 жылдың ең басты саяси оқиғасы – айбарлылығы мен беделі  Біріккен Ұлттар Ұйымынан кем түспейтін  Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) Қазақ Елінің  төрағалық етуі және елордада  ЕҚЫҰ Саммитін өткізуі  болды.  Бұл осы 2010 жылдың ғана еншісіндегі елеулі оқиға емес, Қазақ тарихындағы елдің абыройын асқақтанатын ұлы істердің бірі болатын.  Еліміздің бұл төрағалық миссиясы: «Сенім. Дәстүр. Ашықтық. Төзімділік»  ұранымен өтіп, еліміз  әлемдік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге зор үлес қосты.


Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ төрағалығына кірісуінің әлемдік қауымдастықтағы маңыздылығын айырықша атап өткен жөн. Егер тарихқа жүгінсек, ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер соңғы рет 1999 жылы Ыстамбұл Саммитінде бас қосқан болатын. Осы бір деректің  өзі-ақ  соңғы он бір жыл ішінде  бұл дүниежүзілік белді ұйымнан бедел кете бастағанын аңғартса керек. Бәлкім содан кейін де болар, Қазақстан төрағалықты қолға алған бойда Елбасы осы олқылықтың орнын толтыруға, ұйымның беделін көтеруге ұмтылды.


Нұрсұлтан Назарбаевтың  Қазақстанда ЕҚЫҰ-ның  саммитін өткізу идеясы ұйымның халықаралық беделіне тың серпін, жаңа серпіліс  берді. Астана Саммитіне ЕҚЫҰ-ға 56 мүше-мемлекеттен және құрамына  БҰҰ,НАТО,ТМД және басқа да  ұйымдар енген 12 серіктес мемлекеттерден 2,5 мыңға жуық  делегат қатысты.  Саммит жұмысынан хабар таратуға әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының 1,5 мыңнан астам өкілдері бас қосты. Осының өзі  тәуелсіз Қазақ мемлекетінің  жаһандық қауымдастық алдындағы  дипломатиялық ірі жеңісі еді. Ал, Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттерінің Кедендік Одаққа, Біртұтас экономикалық кеңістікке ұмтылуы да дамудың ұтқыр үдерістеріне жол ашты. 2010 жылдың 1 қаңтарынан  ортақ кедендік тариф енгізілсе, 1 шілдеден – біртұтас кедендік кодекс қолданысқа енді. Осы қадамдарды негіздеу үшін үш ел президенттері Кедендік Одақтың жоғарғы органының желтоқсанда өткен басқосуында  Біртұтас экономикалық кеңістік құру туралы Декларацияға қол қойды.



Біздің  дәйектеме: 2010 жылы  Қазақстанның үдемелі индустриалық-инновациялық дамуының  мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында  жалпы алғанда  құны 800 млрд.теңге болатын  152 жоба іске қосылып, 23000 тұрақты жұмыс орны ашылды. 2010 жылы ғана  12198 үлескердің проблемасын шешу мақсатында  үлескерлік құрылыстың 67 нысаны тікелей мемлекеттің араласуымен пайдалануға берілді. Ал, жалпы,дағдарысқа қарсы шараларды  жүзеге асыру аясында  мемлекеттің қолдауымен   384 нысандағы 53 мың үлескерлердің  өзекті мәселесі шешімін  тапқанын айтқан жөн.



14 қаңтар


Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ төрағалығына кірісуіне орай Австрия Республикасының астанасы Вена қаласында ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесі инаугурациялық  мәжіліс өткізді. ЕҚЫҰ  Тұрақты кеңесінің мәжілісіне қатысушыларға  Елбасы видеоүндеуі жария етілді.


29 қаңтар


 Мемлекет басшысы  Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында  Қазақстан халқына  «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өсім – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері»  атты Жолдауын жариялады.


1  ақпан


 «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы» Президент  Жарлығы жарияланды.


14 ақпан


Елбасы Ресейге жұмыс сапарымен барып, Ресей президенті Дмитрий Медведевпен кездесті. Тараптар  мемлекетаралық және халықаралық өзекті мәселелерді талқылады. ЕҚЫҰ Саммитін Қазақстанда өткізу туралы  бастама Ресей басшысы  тарапынан қолдау тапты.


7  сәуір


Мемлекет басшысы    Қазақстанға ресми сапармен келген БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунды қабылдады. Мәртебелі қонақ  ядролық қарудан өз еркімен бас тартып,оны Қазақстан аумағынан шығартқан Нұрсұлтан Назарбаевтың  еңбегін жоғары бағалап,алғысын білдірді.


11-13  сәуір


АҚШ-та өткен  Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық Саммит аясында  Нұрсұлтан Назарбаев пен Барак Обаманың  кездесуі болып, екі ел басшылары бірлескен мәлімдемеге қол қойды.  «АҚШ  Қазақстан Президентінің  ядролық қарусыздануға  және қауіпті қаруды таратпауға қосқан үлесін ерекше атап өтеді»  деп көрсетілген мәлімдемеде.


21 сәуір


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Корея Республикасына мемлекеттік сапармен барды. Онда Кореядағы  Қазақстан жылының салтанатты ашылу рәсімі болып өтті.


8  мамыр


Елбасы  Ресей Федерациясының астанасы – Мәскеуде  өткен  ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми басқосуына қатысты.


25 мамыр


Елімізге ресми сапармен Түркия Президенті Абдулла Гүл келді. Нұрсұлтан Назарбаев пен Абдулла Гүл  екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты талқылады. «Қазақстан - тек қана Азияның жүрегі емес, ол сондай-ақ осы аймақтың маңдайындағы жарқыраған жұлдызы! Мұны тек Қазақстан ғана мақтан тұтпайды, мұны біз - Түркия да мақтан тұтамыз! Біз сіздердің елдеріңізде бұдан да көп жұмыс істеуге, ендігі игерген салалардан ғана емес, жаңаларында да бұдан да көп жобаны жүзеге асыруға құлықтымыз!», – деді Абдулла Гүл.  


1 маусым


 Елордада Қазақ хандығының негізін салушы Керей және Жәнібек хандар ескерткіші ашылды. Ескерткіштің салмағы – 16,20 тонна. Мүсіндердің іргетасынан ұшар басына дейінгі биіктігі – 12 метр.


7-8 маусым


Мемлекет басшысы  Ыстамбұлда өткен   Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің  ІІІ саммитіне барды. Онда  Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесінің Іс басындағы төрағасы ретiнде Қазақстан Президенті сөз сөйледі. Елбасы ЕҚЫҰ – Азия Кеңесi форумын құруды ұсынды. «Бұл екi ұйымның ынтымақтастығы мен әрiптестiгi Азия құрлығындағы қауiпсiздiк платформасын қалыптастыруға жол ашуы тиiс», - дедi Қазақстан Президенті.  


10-11  маусым


 Өзбекстан астанасы – Ташкент қаласында  Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының   Х  мәжілісі өтті. Алқалы басқосуға  Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев  қатысып, сөз сөйледі.


19 маусым


 Нұр-Сұлтанда  Абай көшесінің  бойына ұлы хакім, қазақтың бас ақыны Абай Құнан­баевтың ескерткіші орнатылды. Мүсіннің биіктігі – 14,750 метр, салмағы – 10 тонна.


28  маусым


 Қазақстанда халықаралық дәрежедегі жаңа оқу орны – Назарбаев Университеті  ашылды. Салтанатты ашылу рәсімінен кейін  Елбасы сондай-ақ осы күні аталмыш  оқу орнының қабырғасында ұйымдастырылған «Қуатты Қазақстанды бірге құрамыз!» атты жалпыұлттық телекөпірге қатысты. Телекөпірде үдемелі индустриалды-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын  жүзеге асырудың алғашқы нәтижелері нақтыланды.Жалпы, бұл күні құны 381 млрд.теңге болатын 72 инвестициялық жоба ұсынылды. Олардың арасында  Жамбыл облысының Мыңарал елді-мекенінде іске қосылған цемент зауыты өндірісі, Маңғыстау облысындағы Баутино портында ашылған кеме жөндеу зауыты, «Ақтөберентген» АҚ «General Electric» компаниясымен бірлесіп шығарған  16 кескінді тұңғыш қазақстандық компьютерлік томограф және тағы басқа да жобалар бар.


29 маусым


 Нұр-Сұлтандағы Бейбітшілік және келісім сарайында Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен толеранттық және кемсітпеушілік жөніндегі ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгейдегі конференциясы болып өтті. «Мәселенің мәні құны өте жоғары адам өміріне байланысты. Егер ЕҚЫҰ-ның халық арасындағы миссиясы осы проблеманы шешудегі қосымша күшке айналатын болса, онда бұл әлемдік оң жағдайға ұйымның қосқан ең маңызды үлесі болары анық», - деді Елбасы.  


 5  шілде


 Мемлекет басшысы  Нұр-Сұлтан  қаласында   Еуразиялық экономикалық  қоғамдастықтың он жылдығына орай өткен  мемлекетаралық кеңестің  мерейтойлық  басқосуына  қатысты.


6 шілде


 Елордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен әлемге әйгілі сәулетші Норман Фостердің жобасы негізінде салынған «Хан шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы ашылды. 


17 шілде


Алматыда  ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуі өтті.  Алқалы жиынға  Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. «Лаңкестік, аштық, кедейшілік, экологиялық апаттар, эпидемиялар, ұлтаралық және дінаралық қақтығыстар – бүгінгі адамзат баласының бас қосып шешер, алдыңғы қатардағы түйткілді мәселесі. Бұлармен күрес жүргізу ЕҚЫҰ сияқты қызмет аясы көпқырлы және беделді институттардың бар күш-жігерін жұмсауын қажет етеді. Сондықтан бүгінгі саммитті өткізу – тұтастай алғанда адамзат үшін маңызды» - деді Елбасы.


4 тамыз


Елордада  азаматтардың құқын қорғаудың өзекті мәселелеріне арналған жиын өтіп, онда  азаматтардың жеке ісі, олардың кәсіпкерлік құқын сақтау, үлескерлердің тағдыры, қылмысқа қарсы күрес, заңдылықты сақтау мен құқық бұзушылықты болдырмау мәселелері  талқыланды.


 


20 тамыз


 Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев Армения астанасы – Ереванда өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше-елдер мемлекет басшыларының бейресми саммитіне қатысты.


18 қазан


Қазақстан астанасында тұңғыш  рет Бүкіл­әлем­дік рухани-мәдени форум бастал­ды. Оған 500-ге жуық делегат қатысты.


12 қараша


Елбасы Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының бас хатшысы Николай Бордюжаны қабылдады. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына жоғары баға берген Николай Бордюжа Нұрсұлтан Назарбаевқа  2010 жылы  10 желтоқсанда Мәскеуде өтетін ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысына әзірлік барысы туралы айтты.


18  қараша


Нұрсұлтан Назарбаев  Әзербайжан астанасы - Баку қаласында өткен   Каспий маңы мемлекеттері басшыларының  ІІІ  саммитіне қатысты. Саммит аясында мемлекеттер басшылары  Каспийдегі қауіпсіздік мәселесіне  қатысты  маңызды уағдаластықтарға қол жеткізді.


1  желтоқсан


 Елордада, Тәуелсіздік Сарайында   ЕҚЫҰ   VII саммитінің  пленарлық отырысы ашылды.  Осынау алқалы жиында қабылданған Астана Декларациясы  әлемдік деңгейдегі маңызды тарихи оқиғаға айналды.


ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті еліміз  үшін де, әлемдік қауымдастық үшін де елеулі оқиға болды.Оған бүкіл әлемнен – Еуропа мен Азиядан, Солтүстік Америка мен Австралиядан 75 елдің делегациясы қатысты. Оның ішінде елордамыз 5 мыңнан астам шетелдік қонақтарды және 1,5 мыңнан астам қазақстандық және халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін қабылдады. Қабылданған Декларацияда ЕҚЫҰ-ның барлық нормалары, қағидалары мен міндеттемелері көрсетілді, оның ауқымы мен аумағы да кеңейтілді. «Декларация - еуразиялық және еуроатлантикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің біртұтас және бөлінбес кеңістігіндегі жаңа кезеңнің бастауы болуы мүмкін. Астана Саммитінің табысы бұл бүкіл ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің табысы болып табылады», - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.


 9 желтоқсан


Нұрсұлтан Назарбаев, Александр Лукашенко, Дмитрий Медведев Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы арасында Бірыңғай экономикалық кеңістік құру жөніндегі Декларацияға қол қойды.


Біртұтас экономикалық кеңістік 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап өз күшіне енетіні бекітілді және оған басқа елдердің де енуіне жол ашық екені  тұжырымдалды.


9-10 желтоқсан


Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев ЕурАзЭҚ, ТМД және ҰҚШҰ-ның іс-шараларына қатысу үшін Ресей Федерациясына  ресми сапармен барды.


 


СТАТИСТИКА:


  2010  жылы Елбасының қатысуымен 500-ден астам протоколдық іс-шаралар өтті. Мемлекет басшысы бір жыл ішінде  халықаралық сипаттағы 180 кездесулер мен шараларға , оның ішінде 16 саммит пен 5 халықаралық форумға қатысқан екен. Президент республика өңірлеріне 21  рет, шет елдерге  22  рет ресми  сапарға шықты.  Бір жыл ішінде барлығы  139  Заң қабылданып,  214  Жарлыққа қол қойылды.


 


ТҮЙІН


 «Тәуелсіздіктің әр жылы – бұл жаңа Қазақстан тарихындағы тұтас дәуір. Біздің еліміз үшін Тәуелсіздіктің он тоғызыншы жылы нақ осындай болды. Астанада ХХІ ғасырдағы  ЕҚЫҰ-ның тұңғыш Саммиті өтті. Он бір жыл бойы бірде-бір ел Ұй­ымның жоғары форумын жинай алмады. Қазақстан мұны жасай алды! Астана Саммиті ЕҚЫҰ-ның бар­лық елдері үшін біріктіруші табыс болды.


...Бұдан он тоғыз жыл бұрын ешкім де Қазақстанның елордасы  атақ­ты «Хельсинки рухының» лай­ық­ты мұ­рагері болатынын ойлай да алған жоқ. Бүгінде бұл іске асты. Біз ЕҚЫҰ-ға төраға­лық аясында өзіміздің іс-қимыл бағдарламамызды орындадық, Астана Саммиті – бұл бүкіл Қа­зақстанның жұлдызды сағаты.



... Қазақстан қазірдің өзінде еліміздің өр­кен­деуіне жеткізетін жолымыздың қиын жартысын өтті. Атап айтқанда, экономиканы нарық арнасына кө­шіру, елдің ядролық қарусыз мәртебесі, елорданы ауыстыру, 2030 Стратегиясын қабылдау, Ұлттық қор құру, Кеден одағы және Астанада ЕҚЫҰ Саммитін өткізу туралы барлық тағдырлы шешімдер қабылдау оңайға түскен жоқ. Өркенді Қазақстанды құру – бұл бірден екі ғасырдың, екі мыңжыл­дық­тың жаһандық сынағына лай­ықты жауап.  Бүгінде еліміз сенімді өсу қар­қынына ие болуда. 2010 жылғы 9 ай ішінде ЖІӨ 7,5 пайызға өсті. Өнеркәсіп өндірісі - 10,5 пайызға артты. Жаңадан 100-ге жуық жаңа кәсіпорындар ашылды. Жаңа ғасырдағы 10 жыл ішінде жан басына шаққандағы ЖІӨ 7 есе өсіп, 8 мың долларға артты. 2000 жылдан бастап ел экономикасына 110 миллиард долларға жуық тікелей шетел инвестициясы тартылды. Жалпы алғанда, бұл кезеңде негізгі капиталға инвестиция екі жүз миллиард доллардан астамды құрады. Бұл онжылдықта зейнетақылар көлемі 6 еседен астамға өсті. Қазақстанның тұрғын үй қоры 30 миллион шаршы метрге ұлғайды. Ал 330 мың қазақстандықтар отбасы жаңа пәтерлерге ие болды. Орташа еңбекақысы 5,5 есеге өсті. Өткен жылы Қазақстан халықтың әл-ауқат деңгейі бойынша жаһандық рейтингте 50-ші орын алды. Он жыл ішінде білімге және денсаулық сақтауға кететін шығындар сегіз еседен астамға өсті. Жеті жүзден астам мектептер мен 455-ке жуық денсаулық сақтау нысандары салынды. Биылғы жылы үздік әлемдік ғы­лы­ми-ағарту орталықтары үлгісінде және солардың жәрдемдесу жағдайында құ­рыл­ған Астананың жаңа университеті ашылды. Бала туу  бір  жарым  есеге,  ха­лық­тың  табиғи өсімі  үш  есеге  артты. Осы онжылдықта халықтың  бір  жарым миллион адамға өсуі қам­тамасыз етілді. Тәуелсіз Қазақстан абыроймен екі мыңжылдық тоғысының төтенше қиын шебін еңсерді. Жиырма бірінші ғасырдың қиын онжылдығы артта қалды! Біз өз жолымызды таптық, бұл жол бізді біртұтас  та  күшті осы заманғы ұлт жасады. Бұл біздің Тәуелсіздігіміздің 19 жылының ең басты қорытындысы.



 (Нұрсұлтан Назарбаевтың  2010 жылы 15 желтоқсанда Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінен).


 


 


 


 






 




Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51