Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кешегі Мәжіліс депутаттарымен өткізген жиындағы жасаған үндеуін жалпы ел-жұрт алдыңғы үндеулерден бөлек, салмақ қойып, аса бір алаңдаушылықпен күтті деуге болады. Өйткені, соңғы оқиғаларға байланысты, жалпы, бұған дейінгі қоғамдағы қалыптасқан әлеуметтік саладағы ахуалдарға орай ел өзінің көкейіндегі сауалдарға жауап күтті деп айтуымыз керек. Негізінен, Президент экономикалық секторға, әлеуметтік салаға басымдық бергенін байқадыңыздар. Мұның себебі де жоқ емес. Өйткені, әлеуметтік саладағы түрлі дағдарыстар деп айтуға болатын шығар, жалпы, еліміздегі көп балалы аналар тағдыры, жәрдемақы, зейнетақы, жалақы мәселесі, денсаулық, білім беру саласына қатысты мәселе көп-ақ.
Қоғамдағы инфляцияның ұлғаюы, азық-түліктің қымбаттауы, оның тиісті жалақыға сай еместігі - осының барлығы халықтың наразылығын туындатты. Баға мәселесін бақылауды күшейтуге де ерекше тоқталды. Бұл орайда жекелеген компаниялардың өзара келісім арқылы бағаны реттеуге кедергілер жасаған жайттары жоқ емес. Мемлекет басшысы кеше бұл мәселені тиісті құрылымдарға қатаң тапсырды.
Кешегі болған жағдайлардың астарында үлкен әлеуметтік салмағы бар дүние жатыр. Ел Президенті Қарулы Күштеріміздің, құқыққорғау құрылымдарымыздың жұмысын қайта құру қажеттігін, яғни, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің барлық жүйесін түбегейлі қайта құру сынды стратегиялық міндетке ерекше тоқталды. Президентіміз ішкі істер саласында да, әскери салада да қайшылықтар бар екенін атап өтті. Бұл алдағы уақытта күштік құрылымдар саласында үлкен реформа жүретінін білдірсе керек.
Біздің қоғамымызда осы жылдардың ішінде олигархтардың – бай таптардың негізді-негізсіз, шектен тыс баюы да қоғамда үлкен әңгіме өзегіне айналды. Мұны мемлекет басшысы ашық айтты.
Одан кейінгі халықтың арқасын аяздай қарыған нәрсе – ауылшаруашылық саласындағы субсидияның «бармақ басты, көз қысты» жағдайда үлестірілуі. Шын мәнінде, өткен жыл ауыл шаруашылығы саласы үшін ауыр болды. Астық өндіру саласында 4 миллионға дейін көрсеткіш төмендеп кетті. Алдағы жылы да оңай болайын деп тұрған жоқ. Өйткені, оңтүстік өңірлерде қардың жаууы бәсең. Бұл алдағы науқанда, егін ору кезінде болсын кері әсерін әсерін тигізуі мүмкін. Малмен, жермен айналысатын ағайынның Үкіметке иек артуы орынды. Сол себепті субсидияның әділ әрі ашық түрде берілуін қамтамасыз етуді қатаң тапсырды.
Ел күткен мәселенің бірі – «Самұрық-Қазына» қоры. Еліміздегі ішкі өнімнің 60 пайызын құрайтын ең үлкен құрылым болады. Президент бұл ретте аталмыш қор өз қызметін лайықты атқарып отыр ма деген сауалды төтесінен қойды. Қоғам тарапынан назар аударуға тұрарлық тағы бір мәселе - утильдік алым мәселесі. Бұл ретте Президент «Оператор РОП» жеке компаниясының қызметін тоқтату туралы тапсырма берді.
Астана төріндегі ЛРТ - айлап, жылдап айтылып келе жатқан жауыр болған мәселе. Алдағы уақытта бұл бағытта да көптеген жұмыстар атқарылады деген ойдамыз.
Кедендегі былықтар, әсіресе, оңтүстік өңірдегі Қытай мен Қазақстан шекарасында орналасқан Қорғас кеденіндегі салықтан жалтарған бірнеше мыңдаған жүк көліктерінің әрекеттері үлкен мінберде сөз болды. Меніңше, бұл мәселенің де бір шешімі табылуы тиіс. Өйткені, бұған дейін Қорғас ісі бойынша 47 адам істі болған. Содан әлі күнге дейін ешкім сабақ алған жоқ. Демек, алдағы уақытта бұл мәселе өзінің құқықтық бағасын айқындайтын халықтың сауалына лайықты жауап беріледі деп ойлаймыз.
Мемлекет басшысы жастар саясатының кемшіндігі, елдегі жұмыссыздықты жою мәселесі, мектеп бітіргеннен кейінгі жастардың қоғамнан тыс қалып жататындығына да ерекше мән берді. Осыған байланысты өңірлерді дамыту тұжырымдамасын жаңа бір белесқа, жаңа бір сапалық деңгейге көтерудің уақыты келді. Сондықтан аймақтарды дамыту туралы өңір басшылары өз алдына, Үкіметке талап қойды.
Қасым-Жомарт Тоқаев кадр мәселесіне де ерекше тоқталып, мемлекеттік басқару саласына да кешенді реформа қажет екенін айтты. Мемлекет басшысы әкімшілік орындар мен мемлекеттік қызметтерге жаңа көзқараспен келуін түсіндірді. Демек, бізге мемлекеттік қызметке халықпен ашық диалог құра алатын, түрлі бюрократиялық барьерлерді жинап қойып, халықтың жағдайына жақыннан үңілетін, қолмен ұстағандай, көзбен көргендей түйіндей алатын шенеуніктер керек.
Елімізде «Қазақстан халқына» атты қор құрылды. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қол ұшын беретін қорды жүрегі, ары таза, өз міндетін үйлестіре білетін азаматтар басқаратынына сенім мол. Бұған алғашқы болып кәсіпкер азаматтар өздерінің бейілді екенін аңғартты. Бұл көңіл тоғайтатын нәрсе. Сондықтан «Қазақстан халқына» дейтін қор мемлекеттің қазынасынан бөлек, халыққа қолдау көрсететін үлкен қаржылық көз болады ғой деген үмітіміз бар.
Әлеуметтік желілерде «Президент неге тек қана экономикалық және әлеуметтік салаға ғана тоқталды? Руханият, мәдениет саласына қатысты неге үндеуде айтылмады?» деген пікірлер айтылып жатты. Меніңше, бұл - елдегі ахуалға байланысты дағдарыстан кейін туындаған мәселе. Сол себепті Президент ең алдымен экономикалық саланың тіктелуіне, әлеуметтік саланың оң бағыт алуына күш салды. Әрине, елімізде идеологиялық салада атқарылуға тиісті шаруа ұшан-теңіз. Дейтұрғанмен қоғам тек қана мәдениет пен руханияттан тұрмайды. Мәдениеті, рухани саясаты жоқ елдің ертеңі де бұлыңғыр. Сондықтан құстың қос қанаты секілді бір жағы экономикалық-әлеуметтік саладан, екінші жағы мәдениет, руханият, әдебиет дейтін құндылықтары арқылы мемлекет дамиды. Сондықтан дәл қазіргі жағдайда мәдениетті әлеуметтік саламен араластырып, қойыртпақ жасаудың қажеті шамалы. Бұл бағытта Мемлекет басшысы алдағы уақытта үндеу жариялайтынына сенімдеміз.
Саяси реформаларға қатысты Мемлекет басшысы тарапынан әлі де жағымды жаңалықтар болатынына өз басым сенімдімін.