«Өркениеттер қақтығысы» тұжырымы: талқы қайта жандана ма?
7 қазан таңертең төбемізге жай түскендей болды. Таяу Шығыста тағы да соғыс оты тұтанды. Онсыз да саяси тұрақсыз аймақтағы геосаяси жағдай күрделене түсті. Халқымыз «50 жылда – ел жаңа» дейді. Бұл сөзді халықаралық қатынастарға да қолдануға болатын сыңайлы. Сонау 1973 жылы Израиль мен Палестина арасы нашарлап, соғыс әрекеттеріне ұласқан еді. Енді міне, тағы да. Бұл оқиға атақты америкалық зерттеуші Самуэль Хантингтон айтқан «Өркениеттер қақтығысы» тұжырымы төңірегіндегі талқының қайтадан жандануына түрткі болып отыр.
Жаһанданған заман, цифрланған әлем
Адамзат бұрын-соңды болмаған жаһандану заманын бастан өткеруде. Мемлекеттер арасындағы шекара шартты деп айтсақ та болар. Шекараның шартты бола түсуіне төртінші өндірістік революция да ықпал етуде. Әлем цирфланып жатыр. Өміріміз виртуалды бола түсуде. Қазір цифрлық құрылғыларсыз өмірімізді елестете алмайтындай халге жеттік. Неміс экономисі Клаус Шваб «Төртінші өндірістік революция» атты фундаменталды еңбегін жазғанда осыны тұспалдаған болар. Иммануил Кант айтып кеткен «әлем азаматы» тұжырымы өміршең бола түсуде. Қазір кез келген адам әлемнің қалаған еліне қоныс аудара алады. Сол елдің азаматы атануға құқылы. Туып өскен еліне байланып қалу деген жоққа айналды.
Дегенмен, соңғы 20 жылдан астам уақыт бойы әлемде болып жатқан оқиғалар көп сұрақ туындатады. Ұлттық мемлекеттердің ықпалы шынымен де жоғалып бара ма? Әлде өркениеттік, мәдени байланыстар беки түсті ме?
Исламның қайта өрлеуі
Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында халықаралық қауымдастықты дүр сілкіндірген геосаяси тұжырымдама өмірге келді. Американдық ғалым Самуэль Хантингтон тарих аяқталған жоқ деп мәлімдеді. Осылайша Фрэнсис Фукуяманың батыс әлемінің үстемдігі орнады деген тұжырымына кереғар пікір білдірді. Оның болжамы бойынша әлемде алдағы уақытта өркениеттер арасында қақтығыс болуы мүмкін.
С.Хантингтон 1993 жылы Foreign Affair журналында «Өркениеттер қақтығысы ма?» деген атаумен мақала жариялайды. Бұл Ф.Фукуяманың «Тарихтың соңы ма?» атты еңбегіне жауап болды. Ол әлемді 9 өркениетке бөледі. Оларға Православ, Батыс, Ислам өркениеті, Үнді өркениеті, Қытай өркениеті, Жапон өркениеті, Латын америка өркениеті, Африка өркениеті, Будда өркениеттері кіреді.
Хантингтонның ойынша, өркениеттер қақтығысының болуының бірнеше себептері бар. Ең басты себеп – өркениеттердің бір-бірімен айырмашылығы өте тереңде жатыр. Олар бір сәтте жойылып кетпейді. Сондықтан үнемі қақтығыста болады. Екіншіден, әлем кішірейіп жатыр дейді ғалым. Яғни өркениеттер арасындағы байланыс күшейген сайын олардың өздерін тану үрдісі күшейе бермек. Үшіншіден, батыстың үстемдігі өзге өркениеттермен қақтығысты тудыруы мүмкін. Одан басқа экономикалық аймақтану үрдісі күшейіп келеді. Ол өз кезегінде әр өркениетті өз ішінде бірігуге ықпал етпек.
Ғалымның ислам өркениетіне қатысты айтқан ойлары құнды. Ол ислам әлеміндегі демографиялық өсім мен фундаменталистік қозғалыстар факторлары болашақта халықаралық қатынастарға үлкен әсер етпек. Осы факторларды Хантингтон «Исламның қайта өрлеуі» деп атады. Әлем тарихынан белгілі, батыс (христиан) әлемінде қайта өрлеу дәуірі XIV-XVI ғасырларда еуропада өткен. Тура сондай үрдіс ислам әлемінде де өтіп жатыр дейді ғалым. Алайда, фундаменталистік қозғалыс арқылы өтуде. Фундаменталистік қозғалысты радикалдану деп ұғыну қажет. Яғни исламның радикалдануы. Бұл қайта өрлеу қанмен басталды дейді ғалым. Оған түрткі болған 1979 жылғы Ирандағы революция мен 1990 жылғы Парсы шығанағындағы соғыс деп тұжырымдады.
1973, 2001 және Араб көктемі
Біздің ойымызша Ислам әлеміндегі қайта өрлеу одан да ертерек басталды. 1973 жылғы араб-израиль соғысы оған түрткі болды. Соғыста араб елдерінің коалициясы жеңілді. Осылайша араб елдерінде ішкі наразылық күшейе түсті.
1990 жылғы Парсы шығанағындағы соғыс араб әлеміндегі жағдайды одан сайын ушықтырды. Ал 2001 жылы 11 қыркүйекте АҚШ-та әлемді өзгерткен оқиға орын алды. Қайғылы оқиға. Бүкіләлемдік сауда орталығына жасалған террористік әрекеттен мыңдаған адам мерт болды. Осыдан соң АҚШ терроризммен күрес саясатын бастады.
Байқасаңыздар, С.Хантингтон айтқан ислам әлеміндегі фундаменталистік қозғалыстың алғашқы белгісі дәл осы террористік шабуылда көрінді. Одан кейін 2011 жылы араб елдерінде бірінен соң бірі наразылықтар басталды. Ғылымда мұны «араб көктемі» дейді. Шынымен де, араб әлемінде біз елей алмайтын өзгеріс жүріп жатыр. Алайда, бұл араб және батыс өркениеттері арасындағы қақтығыс па?
Сөзсіз бұл екі өркениеттің қақтығысы. Бұл тұста Хантингтондікі дұрыс. 7 қазаннан кейін Палестинаны қолдап, наразылыққа тек бірнеше араб елдері халқы ғана шыққан жоқ. Австрияда, Германияда, Францияда, тіпті Аустралия мен Оңтүстік Африка республикасында палестиналықтарды қолдау акциялары өтті. Мұның бәрі бекер емес. Өзге елдің азаматы бола тұра, тіпті сонда уақытша тұрса да мұсылмандық бірегейлілік үстем болуда.
Десе де, мәселенің астары бұдан да тереңде жатыр. Белгілі француз философы Алексис де Токвиль «Америкадағы демократия» атты еңбегінде, сонау XIX ғасырда, болашақта бәрібір демократия бүкіл әлемге тарайды деп болжап еді. Осы пікірге сүйене отырып, араб әлеміндегі жағдайда түсінік беруге болады. Ол елдерде саяси жүйе демократияланбай, халықтың әлеуметтік жағдайы түзелмейді. Әлеуметтік-экономикалық жағдай түзелмесе саяси толқулар бола бермек. Иә, рас, сыртқы фактордың орны бар. Алайда, ішкі жағдай маңыздырақ.
«Аlmaty-akshamy», №122 (6415) 14 қазан, 2023 жыл