Таяу Шығыстағы қайта басталған қақтығыс қазіргі жаһандық жағдайдың тым күрделі күйде екенін тағы бір дәлелдеді. Иә, бұл аймақ «шахмат тақтасындағы» сұрапыл ойындай, ұдайы қақтығыстың ошағына айналып келгені рас. Бірақ соңғы жылдары аймақтағы геосаяси ойындар біршама азайып, ірі державалардың бәсекесі әлемнің басқа сахнасына қарай көше бастаған еді. Бірақ Таяу Шығыста сөнбеген өшпенділік қоламтасы қайта лап етті де, әлем назары тағы да осы аймаққа ауды. Израиль мен Хамас ортасында қарулы қақтығыс тез арада үлкен халықаралық жарылысқа да апарып соқты. Израильді және Палестинаны қолдаушы тараптар болып қазірше мәлімдемелердің айқасы жүріп жатқандай. Олай болса, Орта Шығыста оянған жанжалдың бағыт- бағдары қандай?
Болжам және қас-қағым тыныштық
Соңғы жылдары Орта Шығыста қайшылықтардың дауылы саябырсып қалып еді. Парсы шығанағы елдерінің де қарым-қатынасы дұрыстала бастағандай көрінген. Иран шығанақтың қарсы бетіндегі араб елдерімен, тіпті Сауд Арабиясымен де барыс-келіс жасай бастаған болатын. Израиль де бірқатар араб елдерімен дипломатиялық қарым-қатынасын дамытып, ашыла түскен. Катардан Израильге, Израильден Кувейтке әуе жолдары да ашылғанын көріп едік. Осыған қарап аймақта өзара сенім мен келісімнің дамуынан үміт те оянған.
АҚШ-тың аймақтағы стратегиялық қадамдары да бұл үмітті еселеп арттырды. Айталық, Иран мен Сирия жеріндегі толассыз соғыстар тоқтап, ДАИШ жеңіліп, коалиция күштері және америкалық әскерлер шығарылды. Ал бұдан екі жыл бұрын АҚШ Ауғанстаннан да әскерлерін алып кетті. Тәліптердің әсіредіншіл ұстанымдарына қарамастан елдегі зорлық-зомбылық кейістері кеміп, біршама тыныштық орнаған. Тіпті, осы жағдай болашақта аймақтағы үш тұғырлы күш орталығы – Иран, Сауд Арабиясы және Израиль арасында да баянды тыныштық пен келісімге жол ашуы мүмкін деген болжамдар да жасалып еді. Бірақ олай болмай шықты. Израильдің агрессивті әрекеті, оған қайтарған Хамастың агрессивті жауабы және Тель-Авивтің қарымта соққысы аталмыш болжамды жоққа шығарды.
Аймақтағы қас-қағым тыныштық көбінше ірі державалардың әрекетіне байланысты болды. Айталық, Қытай жаңа держава ретінде көтеріліп, Құрама Штаттар оның Үнді және Тынық мұхитындағы ықпалын тежеу үшін жұмыстануына тура келді. АҚШ аймақтағы стратегиясын өзгертіп, Сирия мен Ирак жерінен, тіпті Ауғанстаннан да әскерін шығарып кетті. Негізінен назарын Үнді-Тынық мұхит аймағына қарай аударды. Үндістанмен, Филиппин, Вьетнам, Индонезия сынды Оңтүстік және Оңтүстік Азия елдерімен, сондай-ақ Тынық мұхиттағы аралды елдермен байланысын дамытты. Осы тұста ірі ойыншылардың «шахмат тақтасы» Үнді-Тынық мұхит аймағына ауысты деген сыңайлы пікірлер көптеп айтылды. Қазір байқағанымыздай, ірі ойыншылар әлемнің ешбір аймағын назардан тыс қалдырмауға тырысатындай. Бір сөзбен айтқанда, Хамастың күтпеген шабуылынан кейін Орта-Таяу Шығыс жерінде қайта бір қызу ойын алаңы ашылып, оған ірі ойыншылар салым салып жатыр.
Иранның аймаққа әсер ету мүмкіндігі
Хамасты Израильге ауқымды шабуыл жасауға итермелеген қандай күш? Палестинаны азат етуші күштер арасында Хамастың ықпалы басым екені рас. Дегенмен, Израильдің қатаң позициясына толық қанық бұл ұйым өз әрекетінің қарымта жауабы ойлағаннан ауыр болатынын ескермей қалған жоқ. Көп жерде кезекті шабуылда Иранның қолдауы бар деген сөздер айтылады. Бұны АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен де айтқан болатын. Ол Иранның қолдауын толық көрсететін дәлел қазірге жоқ екенін, бірақ соңғы жылдары Хамас Иранның белсенді қолдауына ие болып келгенін алға тартты.
Турасында, аймақта Иран қолдауындағы күштер Хамас қана емес. Хезбулла мен йемендік хуситтер, Ирак жеріндегі шиіттер де Иранның белсенді қолдауына ие. Теһран өзінің аймақтағы ықпалды ойыншы екенін өзі қолдайтын осы күштер арқылы да дәлелдеп келеді. Хамас тарапы да Иранның қолдауын жасырмайды. Оның үстіне қарулы топтарының шабуылда зымырандарды, дрондар мен параландарды қолдануына қарап ИИР революция сақшыларының қолтаңбасы деп айтып жатқан сарапшылар да бар.
Иран болса жағдайға байланысты Хамас тарапын жақтаған санаулы елдің бірі. Ел президенті Ибрахим Раиси Израильді айыптап, «аймаққа қорқыныш тудырған ел өз әрекеті үшін жауап береді» деген мәлімдемесін де жасады. Бұның өзінде Теһран тарапы аймақтың державалық орнын айқындағысы келетіндей. Дегенмен...
Теһранды тартысқа тартқысы келеді
Дегенмен, Иран қазір ішкі-сыртқы күрделі мәселелердің шырмауында отырған ел. Соған қарамастан, сыртқы ықпалын барынша сақтап тұруға тырысады. Ең әуелі сыртқы қайшылықтарды санамалай кетейік. Қарапайым сөзбен айтатын болсақ, Иран Израиль, Сауд Арабиясы секілді ішкі ойыншылар мен АҚШ, Британия және т.б. сыртқы ойыншылардың аймақтағы әрекетіне кедергі жасай алатын ел. Израиль Иранның ядролық бағдарламасына ұдайы алаңдап келеді. Құрама Штаттар да Трамп тұсында Иранмен ядролық келісімді жарамсыз деп тауып, қайта жасасуға ұмтылған. Қазір Теһран Израильден басқа алты ірі ядролық державалармен қайта келіссөздер өткізіп келеді. Жаздың бас шенінде Иран бұл жағында біршама жетістіктерге қол жеткізгені туралы да айтылып жатқан. Бірақ ұзақ уақытқа жалғасқан санкция шырмауынан шығып кете алған жоқ, сондықтан экономикалық дамуы тежеуге ұшырап тұрған ел. Ал ішінде түрлі әлеуметтік толқулар болып келеді. «Хиджап наразылығы» аталып кеткен наразылық шерулер елдегі әйел құқығына қатысты мәселенің тым салмақты екенін көрсетті. Одан бұрын да елде билікке қарсы жаппай наразылықтар болған. Соған қарамастан, ислам революциясымен келген билік әлі де өзін бекем ұстап тұр.
Иранның әлсірей түсуі аймақтық және сыртқы ойыншылардың мүдесін алға жылжытуға мүмкіндік береді. Бұның өзі Иранның соғысқа тікелей болмаса да жанамалай тартыла түсуі ең алдымен өзге бәсекелестері үшін керек екенін білдіреді. Хамастың шабуылына қатысты Иранның алға шығуы әу баста Иран мүддесіне сай көрінгенімен, түптеп келгенде Иранның ресурстық, қаржылық және өндірістік қуатын сарқуы мүмкін. Осыған қарағанда, әлемдегі бәсекелес күш орталықтары тым қауіпті қақтығыс жолдарын таңдауға бейім екенін байқаймыз. Әрі алдағы уақытта әлемде тағы да қақтығыс нүктелері ашылуы мүмкін екенін болжауға болады. Бұл біздің мемлекет пен қоғамға жинақылық қажеттігін ескертіп тұрғандай.
«Almaty-akshamy»6 №1226 14 қазан, 2023 жыл