Заманбек Қалабайұлы Нұрқаділов Алматыны он жылға жуық уақыт басқарды. Жай басқарған жоқ, шын мәнінде аты аңызға айналған тұлға болып қалды. Батыр шалыс, өр тұлғалы Зәкең шаһарды өмірлік тәжірибесі, білім-білігімен ғана емес, ең бастысы, мінезбен басқарды. Бұл – әлі тәуелсіздікке қол жетпеген, ел іші Желтоқсан көтерілісі алдында тұрған аумалы-төкпелі кезең еді. Алматыда тұратын қазақтардың саны бар болғаны он екі пайыз. Зәкең әңгімені осы деректен бастады. Бұл қалай? Бұл жағдайды кезінде «Алматы ақшамының» тілшісіне былайша тәспірлеп берген екен.
– Мен Алматы Қазақстанның астанасы болғаннан кейін сырттан келген жас қазақтардың осы қалаға сіңіп кетуін, осы жерде өздерінің тұратындығын ресми түрде заңдастырып кеттім. Мен келгенде 1985 жылы 1 миллионнан астам халық тұратын Алматыда 12-ақ пайыз қазақ тіркелінген екен. Алдымыздан «неге бұлай?» деген мүйізі қарағайдай сауал шықты. Ешкім жауап бермейді. Бұған дейін бұл мәселе ешкімді қызықтырмаған, тиісті орындар әлеуметтік зерттеу жүргізбеген, аш бәледен қаш бәле деген принцип ұстанған. Сонымен, біз бұл мәселені май шаммен қарап, оның себеп-салдарын саралауға кірістік.
Мысалы, оқуға түсетін қыз бен жігіттер ауылдан келеді. Қазақстанның әр түкпірінен келгендердің бәрі оқуға түсе алмайды. Ауылдарына қайтқысы келмейді. Ұлдардың көбісі құрылысқа, иә зауыттарға барады. Ал қыздар болса АХБК, кілем не болмаса тігін фабрикасына барып жұмыс істейді. Солардың жатақханасына «уақытша тіркелді» деген қағаз толтырылады. Олар жүз мыңдап келеді. Мен соның бәрін жойдым.
Қалайша олар сонша жыл жұмыс істеп «уақытша тіркеледі», ол осында тұрақты жұмыс істейді. Мен бәріне толық тіркеу жасаттым. Жатақхана жетпей үй жалдап тұрып жұмыс істейтіндер сонда тіркеуге тұрады. Олардың әке-шешесі келетін болса, оларды еш жерге тіркемейді. Шаршы метр жетпейді, тағы да басқа толып жатқан сылтауларды көлденең тартады. Ал бұрынғы тұрғындардың бәрін тіркедіңдер ғой, квадрат жетпейді деген жоқсың. Келген қазақты неге тіркемейсің?», – деймін ғой. Мен осының бәрін ретке келтіріп, Алматыдағы қазақтың санын 40 пайызға көтердім.
Расында, ол заманда Алматыда тіркелу деген шағын пәтер алғанмен бірдей болатын. Тіркеуде болмасаң өзіңді адам санатында жоқтай жағдайға жеткізген және де бұл жасырып керегі не, қолдан жасалған қиындық болатын. Қалалы жерде жергілікті халықтың санын көбейтпеу жөніндегі Мәскеудің жасырын нұсқауы да болғанын кейін біліп жатырмыз ғой. Ер Зәкең тәуекел деп тас жұтып, тұңғыш рет сол тас қамалды бұзды. Сонымен қатар, осы бүгінгі қарыштап дамып кеткен Алатау ауданының негізін бейресми қалаған да Зәкең еді. Елден келіп, Алматыдан пана таба алмай жүрген қазақтарға осы бүгінгі «Шаңырақтан» жер берді. Қазір ол жердің бәрі заңдастырылып, қаншама отбасы тұрақты қоныстанып, берекелі тірлік кешіп отыр.
Тоқсаныншы жылдары Алматыны шет жұрттың байшыкештері жаулай бастады. Олар өзін өте еркін сезініп, мастанғаны сонша, тіпті жоғары билік орындарының талабына да құлақ аспайтын жағдайға жетіп қалған. Амал жоқ, Зәкеңе атқа мінуге тура келді. Солардың бірі КРАМДС корпорациясы. Оны Тё деген кәріс басқарады. Сол шектен шыққан кәрісті қыңсылатып қаладан қуып шыққан да осы кісі еді.
Біз білгенде Зәкеңнің аты шықпаған кезі жоқ. Ел үшін туған есіл ердің «ерлігін» айта беруге дерек те, дәйек те жетеді. Жарайды, қолында билік болған соң неге жасамасқа дерсіз. Болып тұрып жасамағандар да бар ғой. Ал енді ұлттық намыс аяққа тапталып жатқанда әлгі «ұлттық кемсітушілікке жол берілмесін» делінетін биліктің псевдопатриотизміне де пысқырмай, қызметті ойлау қаперіне де кірмей атқа қонды ғой. Қазаққа қарсы ашық шабуылға шыққан бір танымал орыс басылымын бесігінде тұншықтыруда да Зәкеңнің еңбегі зая кеткен жоқ.
Басы ашық ақиқат: ол шаһар басшысы деңгейінде қалған жоқ, үлкен тұлғалық биікке көтерілді. Халқын өлердей жақсы көрді, халқы да оны төбесіне көтерді. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері З.Нұрқаділов тұлғасын даралауға қазіргі жаңа көзқарастар тұрғысынан келсек, әңгімеге қамшы салудың керегі жоқ. Көңілдегі көрікті ойға өз-өзінен қанат бітіп жүре береді. Оның бойындағы өзге шенеуніктерден көп байқала бермейтін биік рухани өре, адами даралық талантты адамдарға деген құрметін күшейте түскені сөзсіз.
Осы рухани өлшемдер тұрғысынан қарағанда, ол байлық дегенге пысқырмады. «Мен егер байлыққа қызығатын болсам, қаланың әкімі болып тұрған кезде Алматының жартысын, облысты басқарып тұрған кезде облыстың жартысын ұлым Қайрат пен қызым Құралайға бөліп берер едім. Тұрды ғой қолымда. 1991 жылы жекешелендіру басталды. Мен бірақ мұның ешқайсысын пайдаланған жоқпын. Не жер, не үй алмаппыз, не бір магазин салмаппыз. Сендер көріп отырған осы үй Мақпал екеуміздің бар байлығымыз», – деп еді ілгеріде «Алматы ақшамына» берген бір сұхбатында.
Иә, Зәкең қандай жағдайда да жан, ар тазалығын сақтап, сол биігінде қалуды ойлады. Ел есінде солай болып қалды.
Қ.ҚОШҚАРҰЛЫ.