ffin.kz

Хан Кене - аңыз тұлға!

Хан Кене - аңыз тұлға! Сурет: Оlx.kz

Қазақ тарихының тамыры терең!



ШЕЖІРЕЛІ ТАРИХ


Патша заманы тұсында жүргізілген саяси-әкімшілік реформаларға қарсы қазақ даласында ұлт-азаттық көтерлістер болды. Бұл үдерістің XIX ғасырда күшейе түскендігі баршамызға мәлім. Соның нәтижесінде қазақ халқы көптеген сындарлы оқиғаларды басынан кешкен еді. Сол уақыттарда Қазақстан территориясында жергілікті қазақ халқы өзінің тарихын, фольклорын мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін зерттеудің маңыздылығы зор. Бұл мақалада қазақ жерін сақтауды мақсат еткен ата-бабаларымыз бен даңқты қолбасшы, соңғы хан «Кенесары-Наурызбай» тарихи шындығы баяндалады. Ғылыми мақаланың мақсаты – батыр бабаларымыздың ерліктерін тарихы мен фольклоры жағынан зерттеу. Осы мақалада Кенесары мен Наурызбайдың арасындағы оқиға айтылады. Сонымен қатар сол дәуірдегі ақын-жыраулардың, жыршылардың, айтушылардың, жеткізушілердің жырлары туралы мәліметтерді талдау болып табылады. 


Қазақстан аумағында көптеген тарихи оқиғалар өткен. Тұран даланы ат тұяғымен дүбірлетіп, сан мыңдаған жылдардан бері мекен еткен халықтар болған. Бертін келе ата-бабаларымыздың басына сындарлы кездер туды. Ол - XIX ғасырдағы патшалық Ресей империясына қарсы көтерілістер. Бұл көтерілістердің түпкі негізгі себебі бар. Қазақ даласының солтүстік-батысынан бекіністер салып, көшпенділердің малының жайылымдық жерлерін тарылта бастады. Соның нәтижесінде ел ашуға міне бастады. Бұлай деуімізге бірнеше себептер келтіруге болады. Өзінің атақоныс мекенінен айрылып, өзгегенің қолына қарауды жөн санамаған. Отарлаушы империяның саясаты қашаннан белгілі. Олар ең әуелі бекіністер мен қалалар сала бастайды. Артынан саяси тұтқыннан бастап, мыңдаған жұмысшы мамандар әкеледі.Одан соң отарланған өлкенің байырғы халқы ол жерде екінші орынға сырғиды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» кітабында қазақ тарихына қатысты біршама ой айтқан. Онда: «Сонау алыс-жақын ғасырлардың өн бойында дала билеушілері аса қуатты империялардың қысымына және ішкі алауыздықтың дүмпуіне төтеп бере жүріп, ең басты байлығымызды – ұлттық тұтастық пен ұлттық жер аумағын сақтап қала алды.


Мүмкін, олар дәл бүгінгі терминді, ұғымдарды ойлай қоймаған шығар, бірақ тарихта өз рөлдерін түсіне білген. Бүгін арадағы арқыраған ғасырларды артқа тастай отырып, біз, сонау ұлы бабаларымыздың ұрпақтары, ешқандай күмілжусіз, күмәнсіз айта алмаймыз. Иә, олар ұлттық мүдде үшін қызмет етіп, өлшеусіз іс тындырып кетті» дейді. Кенесары-Наурызбай қазақ халқының басына біткен ең ірі ұлт азаттық көтеріліс басшысы болған. Олай деуімізге сол замандағы мықты, білікті ресей әскери қолбасшыларының пікірін келтіруді жөн санаймыз. Ресей әскери тарихының ірі маманы А.И.Иванин қазақ басшысының атына мынадай мақтау білдіреді: «әділдіктің орнауын талап еткен, Кенесары өлгенше Ресейдің жауы болды. Сондықтан да оны «даланың соңғы батыры» деп атасам, өз Отанымның алдында күнәлі емеспін» деген. Көтерілістер ұлы даланың әрбір өңірінде болып жатты. Тынышы кеткен жұрт осы тұста халық арасынан шыққан тұлғаларға иек артты. Олай етпеске амалы да таусылған еді. Десек те, қазақ даласы арда ұлдарға кемшін емес-тұғын. Солардың бірі - 1836-1838 жылдары Кіші жүздегі Исатай-Махамбет бастаған шаруалар көтерілісі.


КӨНЕ ӘФСАНА


Сыр бойындағы Жанқожа Нұрмұхамедұлы басшылық жасаған қарсылық. Қазақ даласында 1837-47 жылдар аралығында ең өзекті барша аумақты түгелдей дерлік қамтыған көтерілісті Кенесары хан басқарды. Жалпы, атын атап, түсін түстей берсек, шамамен Қазақстан аумағында патшалық Ресейдің озбыр саясатына қарсы ірілі-ұсақты 500-ге тарта көтеріліс болған екен. Жоғарыда ел арасынан шыққан батыр тұлғалардың бір парасын ғана айттық. XIX ғасырда жұрт үшін жанын беріп, қасық қаны қалғанша шайқасқан батырларды қазақ халқы әсте жадынан шығарған емес. Сондай аты аңызға айналған дарабоздардың ерлігі атадан балаға, ауыздан-ауызға тарай берген. Бұның өзіндік сыры бар. Өйткені сол оқиғаларды көзімен көріп, ішінде болған адам өзінің ұрпағына жыр қып айтып жеткізіп отырған. Бастапқыда әңгіме, аңыз, жыр боп айтыла бастаған. Мәселен, бір Кенесары хан жайында ел арасында қаншама аңыз-әфсаналық дүниелер көптеп кезігеді. Тіпті әр өңір оны өз бетінше айтуы мүмкін. Талқылау. Кенесары-Наурызбай жырының фолькордағы көрінісі. Негізінен бұл жыр туралы жазылған ғылыми еңбектер, кітаптар мен мақалалар бар. Көптеген ғалымдарымыздың жазбаларының бағыты әр алуан болғаны рас. Қанша адам болса сонша пікір болары хақ. Әйтсе де, тарихи шындық біреу. Оны ешкім жоққа шығара алмасы анық. Біздің назарымызға бірнеше фольклорлық еңбектердегі материалдар түсті. Дәлірек айтар болсақ, көрнекті фольклортанушы, академик С.Қасқабасов пен Ж.Аймұхамбеттің «Қазақ фольклоры» атты кітабы. Бұл еңбектің «XIX ғасырдағы қазақ фольклоры» деген бөлімінде «Наурызбай-Қаншайым» атты мақала жазылған. Академик С.Қасқабасов осы кітапта: «Наурызбай-Қаншайым» жырының сюжеті жай ғана ойдан шығарылмаған, тақыр жерден тумаған, мұнда ертеден келе жатқан, бүкіл эпосымыз бен ертегімізде баяндалатын сюжет пайдаланылған. Ол сюжет – жігіттің ерлікпен үйленуі. Ежелгі ертегіде кейіпкер айдаһардан немесе басқа бір дұшпаннан құтқарып, қызға үйленсе, қаһармандық эпоста батыр өз сүйгенін қалмақты яки басқа жауды жеңіп алады. Ал, мына жырда ерлікпен үйлену сюжеті сәл өзгеріп, қаһармандықтан гөрі лирикалық бағытта баяндалған. Бірақ соған қарамастан, бұрынғы эпосқа тән классикалық композицияны сақтаған: батырдың бабасын, ата-анасын таныстыру, оның ерекше тууы, жастай ерлік жасауы, қалыңдық іздеп шығуы, қыздың еліне келуі, оның әкесімен (басқа біреумен) шекісуі, қызға үйленуі, сол жерде біраз уақыт мекен етуі, еліне қайтуы, келгенде (кейде) төтенше жағдайға тап болуы (елін дұшпанның шауып кетуі), т.с.с.», – дейді. Әдістер. Мақаланы жазуда негізінен талдау, тарихи-фольклорлық салыстырмалы әдісі кеңінен қолданылған. Әсіресе, қазақ халқының салт-дәстүрі, шаруашылығы, ұлттық-азаттық күрестері салыстырмалы түрде талданып, жүйеленіп жазылған. Нәтижесі. Жырдың басталуы – дәстүрлі пролог бойынша Абылай «мұсылманға хан болып өтеді», Түркістанға бата қылып қойылады. Оның қалмақ әйелінен Қасым хан ерекше, қан шеңгелдеп, екі көзін қызартып, ашып туады. Қасым хан өлген соң, Кенесары хан болады. Міне, бұрынғы эпостағыдай Наурызбайдың ата-тегі туралы баяндалып, олардың идеалды образы жасалады. Енді дәстүр бойынша болашақ батыр да ерекше жағдайда тууға тиіс: әулиенің қолдауымен немесе күшті аңның (тотемнің) етінен, әйтпесе, күн сәулесінен яки гүлден, т.б. Кейін кейіпкерлер әкесі өлген күні дүниеге келеді, бұл – ғажайып туудың өзгерген түрі, - делінеді. Көріп отырғанымыздай, бастапқыда Абылай хан туралы айтылады. Оның хан болғандығы, талай жыл ел билегендігі турасында оқиға желісі өріледі.


Расында да, ресми деректер бойынша, Абылай 1771-1781 жылдары билік құрады. Оның алдыңғы кездегі ел арасындағы беделін айтпағанда. Нақтырақ баяндар болсақ, Абылай өз заманында бейбітшілік пен тыныштықты орната білді. Осылай айтып келеді де, Қасым Сұлтан жайында баяндайды. Сұлтанның анасы қалмақ қызы екендігі айтылады. Сол уақытта «қатының болсын қалмақтан» деп ұрандатып тұрған кез еді. Бұл да тарихи шындықтың бір көрінісі, тіпті тайға таңба басқандай белгі. Тарихта қазақ пен қалмақ соғысы болды. Нақ жоңғарлар қазақ халқына көптеген жәбір көрсетті. Онымен қатар XVIII екінші ширегінде жер бетінен жойылып кетті. Міне, осылайша айбынды Абылайхан дүниеден қайтқаннан кейін, Қасым хан болады. Одан соң билік тізгіні Кенесарыға көшті. Әрбір батырдың жанында жауға шапқанда, дем беретін сенімді жолдасы, былайша айтқанда, үзеңгілесі болады. Ол үнемі кеңесіп, керек жерде дем беріп отырады. Батырдың сенімді серіктерінің функциясы жырларда қысылтаяң мезеттерде көзге түседі. Енді келесі мәтінге зер салайық. Академик ғалым: «Наурызбай-Қаншайым» жыры олай тәмамдалмайды, трагедиямен аяқталады. Сұлулығына елдің бәрі таңырқаған Қаншайым өзінің қайын ағасы Кенесарының көзі тиіп, қайтыс болады. Наурызбай қатты қайғырады, жылап тұрып, қырық жігітке өзінің жайын айтады: «Ойлайсыздар, қырық жігіт, Бір қатынға қайғырып, Мұнша неге солды деп. Мен ойлаймын ісімнің Ырымы жаман болды деп... Қауіп қылып қатты қорқамын... Өмірім де менің қысқа деп». Айтса айтқандай, «онан соң тоғыз-ақ жыл өмір сүріп, жиырма бес жасында қаза жетті», – делінеді жырда. Міне, осы финал «Наурызбай-Қаншайым» жырына балладалық сипат беріп тұр. Қаншайымның өлімі жырдың сюжетін күрт үзіп, оқиғасын кілт тоқтатып тастаған. Одан кейін ешқандай оқиға баяндалмайды да суреттелмейді. Тіпті, Кенесары өзіне, жолдастарына тоқтау айтып, «Мақұл көрсе Кенекем, қазаққа Қоқан қас дейді. Соған таман жетелік!» деп ұрысқа шақырса да, сюжет әрі қарай дамымайды. Тек жыршы өмір туралы, оның өткінші екенін ескертіп толғайды да, Наурызбайдың қайтыс болғанын хабарлайды. Бұл жырда батырлықтан гөрі, Наурызбай мен ғашығы туралы әңгіме басымырақ айтылады. Жырдың сюжетінің өзі екі жастың махабатына қарай бағытталған сияқты. Мұнымен осы арада тек сүйіспеншлік қана айтылып, басқалай сипаты болмады дегеніміз емес. Десек те, сүйіспеншілік, бірін-бірі ұнату жағы басымдау. Хан Кенеге байланысты айтылатын тұстарына зер салайық. Онда қазақтың ескі ырымы бойынша Қаншайымға көз тиеді. Ол көз тию бұрыннан көшпенділерде, одан бұрынғы тарихта бар. Осы тұста Қаншайымға көлденеңнен келген көк аттының емес, өзінің қайынағасы Кенесарының көзі тиіп қайтыс болуы ерекше айтылған. Бұл жырдың айтпақ ойы, ханның бойында ерекше «назар», кей жерлерде халық арасында «мысы» бар деп те айтылады. Демек – рас. Байқасаңыз, бұл шындыққа ұқсас. Ол туралы ел арасында аңыз болып айтылып кеткен әңгімелер жетерлік. Оқиға желісі жырдағы бас кейіпкердің бірі Наурызбайдың қайтыс болуымен аяқталады.


Осы мәтіннің аяғында Кенесарыға Қоқанның қазаққа жау екендігі турасында айтады. Тарихи деректерге көз жібертіп оқысаңыз, Хан Кене тұсында, қазаққа тыныштық бермей бір бүйірден шапқыншылық жасаған ол оңтүстіктегі көршілер еді. Ауылдарды шауып, мал-мүлікті айдап әкетіп, қиыншылық көрсеткенін тарихтан білеміз. Міне, сондай озбырлыққа төзбеген ел өз бетінше қарсыласып бақты. Ол заманда жан-жақтан қыспақ көп еді. Бір шетінен, патшалық Ресей отарлау саясатын жүргізіп жатты. Біздің батыс-солтүстік аймақтарымызға ауыз сала бастады. Ішкі жағымыздан, өз-өзімізді жеп, билік пен мансапқа таласқандар көбейді. Би болуға, старшын, аға сұлтан болмаққа жанталасты. Осының бәрін көріп-біліп отырған Кенесары жастайынан атқа қонды. Негізгі тарихи уақытқа қарасаңыз, 1841 жылдан бастан ресми таққа отырды деседі. Бар қазақтың рулары жиылып, Ұлытаудың бөктерінде ақ киізге отырғызып хан көтерген. Бірақ, ел аузындағы тарихи әңгімелерге назар аударсақ, онда ол ағасын өлтіріп, туыстарына зәбір көрсеткен, қала берді, қазақтарды қыспаққа алған патша өкіметіне наразы болған екен. Қарап тұрсаңыз, ол хан көтеруге дейін де бірнеше қарсылықтар жасап жүрген. Жалпы, қазақ халқының батыр ұлдары аз болмаған, ұлы дала талай ұлыны дүниеге әкелген. Қазақ әдебиеті тарихы «фольклорлық кезеңі», I томында « Кенесары туралы тарихи шығармалар» деген бөлім бар. Бұл жерде Кенесары туралы барынша айтылған. Былай қарап тұрсаңыз, барынша зерделенген сияқты. Мәтінге назар аударалық: «Кенесары – идеалды қаһарман, билік тізгінін мықтап ұстаған әмірші, күллі қазақты өзіне қаратқан хан. Оның қол астына атақты батырлар жиналған. Олар ханның ордасын мемлекет орталығына айналдырған»,- деп айтып келеді де, одан соң: «Кенесары жай ғана хан емес. Ол ел қамын жеген хан. Қазақ елінің еркіндігін, елдігін сақтауға күш салған әмірші. Жұтқа өз ойын ашық айтып, бостандыққа шақырған көшбасшы» [4, 588-б]. Екі мәтіннің арасында ешқандай бір айырмашылық немесе тарихи оқиға көрініс бермейді. Бұл арада ұлт қозғалысының басшысы бірегей көсем жайында айтады. Нақтырақ баяндар болсақ, Кенесары ханның образын жұртқа мықты етіп көрсету. Мұнда халық тұл жетім емес екенін және елім, жерім деп ұрандататын арда ұлдарға кенде еместігі жайында мәлімет беріп тұр. Жоғарыда айтылған мысалдардың ішінде Кенесарының тағы бір қыры жайында айттық. Оның батырлығы, тапқырлығы, айлакерлігі, көрегенділігі бір төбе. Сонымен қатар онда үлкен фольклорлық қасиет болған. Онда: «Кенесары – идеалды кейіпкер болғандықтан, оның бойында тағы бір ерекше қасиет бар. Ол – оның кереметтігі, көзінің магиясы. Ол сұқтанып, қатты мән бере қараса, көз тиеді, сөйтіп, оның назарына ұшыраған адам жарық дүниемен қоштасады. Осы халге Қаншайым сұлу ұшырайды». Бұл жерде назар салып қарасаңыз, фольклордағы «көз тию», яғни магия көрініс береді. Демек, «Кенесары тегін адам емес» деген сөз. Тарих жағынан қарастырсақ, профессор М. Қойгелдиевтің "Уақыт тезінен өткен жыр" (Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай» дастанының тарихи негізі жөнінде) мақаласына көзіміз түсті. Бұнда XIX ғасырдағы Кенесары ханның ұлт үшін жасаған ерлігі мен қиян-кескі ұрыстарын жазады. Оның қалайша ел арасында жырға айналғанын айтады. Яғни Нысанбай жыраудың жырлағанына тоқталады. Онда: «Ел арасында Нысанбай жыраудың Кенесары ханның қолына қосылуына байланысты мынадай бір әңгіме сақталған. Кенесары қолы Сырдың бойындағы Жалағаш өңіріне ат басын бұрады. Жергілікті халық хан мен оның оның қосынын үлкен құрметпен қарсы алып, түрлі шаралар өткізеді. Сол өткізілген шаралардың бірі қонақтардың алдына келіп, алпысқа жуық ақын-жыраулардың өз өнерлері арқылы ел тілегін білдіруі еді.


ЖЫРАУЛЫҚ ПЕН БАТЫРЛЫҚ - ҚАНҒА СІҢГЕН ҚАСИЕТ


Сыр бойы - жыраулық өнердің үлкен тамыр жайған өңірі. Бірнеше күн бойы жыраулардың өнерін тамашалаған Кене хан олардың арасынан жырын қобызымен айтқан арқалы Нысанбай жырауды ұнатып, өз қолымен бірге ала кетеді. Біздің түсінігімізше, жырау хан қосынына оның Жетісуға бет алған кезеңінде қосылған болу керек. Өйткені, оның шығармашылығы да басым түрде Кене хан тарихының осы кезеңін ғана баяндайды». Міне, бұл тарихи деректерге қарағанда, Нысанбай жыраудың Кенесарыны дәріптеуі осындай таныстықтан достыққа ұласқан деп қарауға болады. Одан кейін өзімен бірге Жетісуға алып кетуі де біраз дүниені аңғартады. Бұл дегеніміз - сенімді серіктерінің біріне айналды дегенмен пара-пар. «Жырау Кенесары мен Наурызбайға байланысты баянын ә дегенде-ақ Абылай хан ұрпағының саяси ұстанымына байланысты өз көзқарасын білдіруден бастайды. Бұл әулетті ол қазақтың жері мен елінің тұтастығы және тәуелсіздігі жолында жан алып, жан беріскен әулет болғандығы үшін, құрмет тұтатындығын анық білдіреді. Жыраудың түсінігінде Кенесары сияқты мемлекетшіл тұлға ел қорғаны, ал оның қызметі - ұлттық мемлекеттілікке ұмтылыстың көрінісі. Кене хан халыққа ие билеушілер қатарында, сондықтан да қамқоршы болар ханы жоқ елді жырау «шегірткеге таланған қырғауылға» немесе «жапалақтан сескенген жалғыз қазға» теңейді». Тарихшы ғалым, М. Қойгелдиев осы мақаласында жырды тарихи шындық тұрғысынан дәлелдеуге тырысты деп айтуымызға толық негіз бар. Өйткені, мұнда тарихи фактілер көптеп баяндалады. XIX ғасырда Кенесары қол жиынамақ мақсатпен қазақ даласының түпкір-түпкірін аралады. Міндетті түрде жүрген, барған, басып өткен аймақтарында белгілі батырлар мен көреген, білікті адамдарды жанына топтады. Тарихи деректерден Сыр бойы қазақтарының да қазақтың соңғы ханына барынша қолдан келгенінше көмегін жасағанын білеміз. Сонымен қатар, зерттеуші Р.С.Кареновтың "Нысанбай жырау – «Кенесары-Наурызбай» дастанының туындыгері, қазақ тарихының аса көрнекті тұлғаларының бірі" атты мақаласын мәлімет ретінде қосуды жөн санадық. Онда: «Нысанбай жырау Кенесары әскері жеңіліске ұшыраған тұста Кенесары Наурызбаймен бірге жау қолына түседі. Бұл оқиға туралы орыс зерттеушісі Я.Палферов былай деп баяндаған: «Кенет шатқал тыныштығын домбыра үні бұзды, оған қоса «е..е..Алла...» деп алып басталған қайғылы, жан түршіктірер, Нысанбайдың сол жерде шығарған жоқтау өлеңі басталды: Еркін жел бүгін тынықсын, Ақындар əнін ұмытсын. Ерке ұлын іздеп жоқтаған, Туған жер зары естілсін. От тиген қалың ағаштай, Жалындап кетті-ау, Кенекем. Жоқтау ұзақ, қайғылы түрде айтылып, шатқал-шатқалды, сай-сайды қуалап, кең далаға Кенесары батырдың өлімін естіртіп кете барады. Зар жылаған домбыра үні барлық дүниені булықтырады. Тыңдаушылардың қара торы жүзін жас жуды, кейде олар өксіп-өксіп қояды. Бүкіл табиғат осы жұбатуға болмайтын әнмен бірге жылап тұрған сияқты». Мәтіннің сюжеті бойынша, Нысанбай жырау Кенесары мен Наурызбайдың жау қолына түсіп қалғандығын жырлап бастайды. Жырдың соңында фольклор ғылымындағы «жоқтау» жанры көрініс табады. Бұнда Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай» жырындағы жоқтауы ең әйгілі һәм осы күнге дейін ел есінде сақталған ескі нұсқасы деуге болатындай. «Фольклордағы Кенесары – халықтың «әділ де, мінсіз патша» туралы образы. Оның бойында ханда болуға тиісті ізгілікті қасиеттің бәрі жинақталған, халық қиялындағы, ел арманындағы ханның бейнесі көрініс тапқан». Осы «Тәуелсіздік және фольклор» кітабында Хан Кененің батырлық пен елжандылық бейнесін ашып көрсетеді. Негізі біздің түсінігімізде, жалпы, фольклорда не тарихи деректерде болсын, соңғы ханымыз туралы біраз тарихи дерек бар. Бір таңғаларлық дүние, нақты деректер бойынша да, фольклордағы сюжеттік мәтіндер бойынша да оқиға желісі бір. Аса бір тарихи шындық пен фольклорлық мәтіндерде бір-біріне қарсы келетін тұстары жоқ. Бұл арада академик, фольклортанушы С. Қасқабасов пен тарихшы М. Қойгелдиевтің айтпақ ойы бір екендігі. Ол ой қандай? Әрине, екі ғалымның зерттеу нысаны қиял ғажайыптан шыққан кейіпкер емес, керісінше, өмірде болған нақты тұлға. Аталған жер-су аттары да шынайы өмірде бар. Факт. Жырдағы айтылған оқиғалар да, көтерілістер де, шапқыншылықтар да тарихта болған. Демек, бұл арада бір ғана айырмашылық бар. Мазмұн – бір. Бірақ ғалымдардың әрқайсысы өз саласы бойынша зерттеу объектісін екі түрлі қарастырады. Бірінің қарастырып отырған бағыты – фольклор. Екіншісі тарихи бағыт ұстанған. Қайталап айта кетейік, сала сан түрлі болғанмен, тарихи шындық біреу ғана. Қорытынды. Қорыта айтқанда, қазақ халқы өзінің бай тарихымен, мәдениетімен, салт-дәстүрімен, этнографиялық бай мұрасымен ерекшеленіп, ол қазіргі кезге дейін өзінің қаймағын бұзбай келеді. Соның ішінде Қазақстандағы қазақтың да да өзіндік тарихы қалыптасты. «Кенесары-Наурызбай» жырын зерттей келе, көптеген дүниелермен таныс болдық. Біразын қарадық, оқыдық. Дегенмен, алда әлі де зерттейтін материалдар көп. Сонымен қатар, ел үшін етігімен қан кешкен дара тұлғалар үшін XIX ғасыр арпалыс һәм жанталас ғасыры болғаны анық. Жан-жақтан анталаған жау. Шалт кетсең, шап берейін деп тұр. Біздің ешкіммен бөлісе алмайтын еншіміз болған емес. Әйткенмен, кең даланы көре алмай, ел ішіне алауыздық тудырғысы келетіндер аз болмады. Қазақ халқының бар болу немесе жоқ боп кету қаупі туғанда, біздің ерлер қарап жатпады. Ақ білектің күші мен ақ найза ұшымен ұлан-ғайыр атырапты аман сақтап қалды. Түнде ұйқы көрмеді, күндіз күлмеді.


ТАРИХ ҚАТПАРЛАРЫ БОЛАШАҚПЕН ҮНДЕСЕДІ


Жоғарыда біраз тарихты көрсетуге тырыстық. Онда батырлардың ерлігі мен оны халыққа паш ете білген жырауларды да ғылыми мақаламызға тұздық еттік. Өйткені, сол жыраулар арқасында бүгінгі ұрпақ өз ата-бабаларының туған ел үшін аянбай ерлік көрсеткенін білуде. Міне, мақаланың негізгі айтпақ ойы да, қорытындыламақ тұжырымы да жырдың шынайы өмірде болғанын айтып жеткізу болатын. Біз тарихи шындықтың бір парасын ғана айттық. Қалғаны болашақтың еншісінде!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51