Герат, Кабул, Мазари – Шариф бұл құдды бір шығыс ертегілеріндегі қала атаулары ұқсауы мүмкін. Шын мәнінде, бұл соғыс пен қантөгістен көз ашпаған Ауған елінің қалалары. Ауған соғысының ызғары әлі де еліміздің жадынан кеткен емес. Жалпы кіндік азиялық бұл елде қару үні әлі де басылған жоқ. Ауған феноменін түсіну оңай емес. Десе де, қазақ барлау мектебінің негізін қалаушы, Ауғанстан Ислам Республикасындағы Қазақстан Республикасының бұрынғы Төтенше және Өкілетті Елшісі, ҚР ҰҚК-нің «Құрметті қызметкері», Ауған соғысы және арнаулы органдар ардагері, генерал-майор Өміртай Мақашұлы Бітімовпен әңгімелесе отырып осы бір түйіннің жауабын түсініп көреміз.
Алғашқы сапар
Соғыс – жер-көктің жауы. Бірі соғысқа кездейсоқ барса, енді бірі интернационалдық борышын саналы түрде орындады. Ер кезегі үшке дейін демекші, біздің кейіпкер бір емес үш мәрте Ауған топырағына аяқ басты.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында Мәскеудегі КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Бірінші Бас басқармасының құрамында орта бойлы, аққұба өңді, салмақты, кішіпейіл, қарапайым мінезді жерлесіміз Өміртай Мақашұлы қызмет атқарып жүреді. Сол кездің өзінде отыздың үстіне жаңа ғана шыққан азамат арнайы дайындықтан өтіп, парсы және дари тілдерін меңгереді. Оның да сыры белгілі, өйткені Ауғанстанда интернационалдық борышын өтеуге тәжірибелі офицер қажет еді. Тапсырма оңай емес. Сыртқы барлау бағыты бойынша, соғыс аумағынан маңызды ақпараттарды «орталыққа» жіберу болатын. Жалпы Одақ бойынша 25 барлаушы іріктеліпті. Сол кіл жүйріктердің ішінен мыңннан тұлпар атанған кейіпкеріміз жиырма бестің ортасынан ойып тұрып орын алған болатын. Ауған жеріне келгенде тіпті жиырма бестің оны үйлеріне қайтарылған. Ал қазақ баласы болса сыннан сүрінбей қызметін жалғастырыпты. «Мұның сыры неде?» десеңіз, онда бір сәт кері шегініп кейіпкеріміздің балалық шағына, туған ортасына оралайық.
Өміртай Мақашұлы 1951 жылдың 4 ақпанында еліміздің шырайлы шығысында дүниеге келген. Балалық шағы ортасына мәрттігімен танылған әкесі Мақаштың қолында өтеді. Отбасында қазақы тәрбие көріп, өмірге деген көзқарасы қалыптасады. Әкесі еңбексүйгіштікті, батылдықты және елге деген шексіз адалдықты үйретеді. Әйтсе де, әкесі болашақ офицердің ер жетіп, азамат болған сәтін көре алмады. Өкінішке орай, 60 жасында қатты науқастанып дүниеден өтеді. Бәлкім, Семей атом полигонындағы сынақтардың кесірінен болар немесе тағдырдың жазуы ма, жалпы сол жылдары осындай жұмбақ өлімдер жиі-жиі орын алғанын кейіннен мамандар ашық айтып жүрді. Жастайынан әкеден ерте айрылған боз бала, шешесінің қолына қарап қалады. Ауыр қайғы оны ерте есейтеді. Қарағайға қарсы біткен талапшыл мінезді қалыптастырады. Жас болса да, дүниенің сыры білімде екенін жіті түсінеді. Сегізінші сыныпты Семей қаласындағы №28 мектепте аяқтап, онжылдықты
№ 36 мектепте үздік бағамен бітіреді. Семей қаласындағы Крупская атындағы мұғалімдер институтының физика-математика факультетіне білімін шындап, мамандық алып шығады. Өз еркімен әскерге сұранып, Отан алдындағы борышын Кеңес Армиясы Отар дивизиясы танкистер полкында, ПТ-76 жүзгіш жеңіл танкінің механик-жүргізушісі болып абыроймен өтейді. Сөзсіз әскердегі тәрбие, алған білімі сол Ауғанстандағы соғыста пайдалы болғаны айтпаса да түсінікті. Сонымен хош. Ауғанға барған алғаш сапарына оралсақ. Ол туралы генерал былай сыр шертеді.
- 1976 жылы Минск қаласындағы Кеңес Одағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қарсы барлау Жоғары курсын тәмамдап, лейтенант шенінде Аякөз аудандық МҚК бөліміне жедел қызметкер болып тағайындалдым. Тапаншадан атудан үздік көрсеткіштер көрсеттім. Қызметіме байланысты кадрлық резервке енгізді, дәл осы жылдары Иран мен Ауғанстандағы революция, төңкерістер орын алды. Кеңес Одағының басшылары парсы және дари тілдерінің мамандарына тапшы болғандықтан қысқа мерзімде оларды дайындауға шешім қабылдайды. Мен осыған дейін барлау бағыты туралы білген емес едім. Қарапайым отбасынан шыққан физика-математика мұғалімі болдым. Арнайы органдар маған қарапайым адамдар біле бермейтін басқа дүниелерді ашты. Мен Мәскеуде шет тілдерін жатпай-тұрмай оқыдым. Тіпті, ауыз екі сөздерді де жаттай бастадым. Нәтижесінде ауғандықты жаңылыстыратын деңгейге жеттім. 1979 жылы Ауған соғысы басталғанда бізді бірінші партиямен отты нүктеге аттандырды,-дейді ауғандық ардагер.
Офицер алдымен Ауғанстанның астанысы Кабулға келеді. Кеңес әскерлері жаңа кірген сәт. Жергілікті халық алай-дүлей көшуде. Біраз жыл салыстырмалы түрде бейбітшілікте өмір сүріп қалған халық енді тағы да үлкен шайқастардың басталуын іштей сезді. Мемлекеттің тыныштығы әні-міне шайқалайын деп тұрған үрейге толы шақ. Міне, барлаушының көзіне Ауғанстан осындай тыныштығы бұзылған күйде алғашқы рет көрінді. Бірақ әр түрлі жағдайға тас-түйін дайын азамат оттай жүрегі мен мұздай ақылын сақтады. Көп ұзамай барлаушы топты Иранмен шекаралас Герат провинциясына жібереді.
- Әлі есімде көлік ұшағының артқы есіктері ашылды. Қаруланған топ тез-тез ұшақтан секіріп түстік. Әскери ұшақ тоқтамаған күйде аспанға қайта көтерілді. Оның себебін кейін білдік. Өйткені, әуежайдағы ұшақ көзге түссе, лезде шабуылдауға ұшырауы мүмкін. Сондықтан «жолдан қалмай» аспанда ізін суытты. Аэрапорттың жапан даласында тұрмыз. Атамын деген жау болса, мінекей көз алдында алақандағыдай көрінудеміз. Жедел байланысқа шығып, барар бағытымызды анықтадық. Бекітілген жерге бет алғанда алыстан бір кішігірім бекіністің сұлбасы көрінді. Осы екі аралық қауіпке толы еді. Тағдырымызға орай, жау бізді байқамады. Екі ортада еш қақтығыссыз бекініске жеттік. Терімізді суытып отырғанымыз сол еді, әскери шатырымызға оқтар атыла басталды. Төбеден төнген бұршақтай себелеп жатыр. «Осымен сапарымыз аяқталды ма?» деген өкінішті ойлар келді. Әскери тапсырмаға кіріспей жатып, осылай өмірімізді аяқтағанымыз өкінішті – ақ деп қоямын іштей. Бірде қарулардың кезегі тоқтап, әлсін-әлсін бір – екі автоматтың атылған дауысы естілді. Жау бекініске еніп, жаралылардың жанын жаһамданға бір-бірлеп аттандырып жатқан болар... Барлаушылар шатырдан сыртқа шықтық. Сол кезде өзеннің арғы бетіндегі жау кері бұрылып қашып бара жатқанын байқадық. Сөйтсе, бұл күнделікті көрініс екен. Өзеннің арғы бетінен дұшпандар оқ атып, кері қашып кетеді екен. Жалғыз атылған оқтар өзіміздің серіктестердің оқтары. Кейін ондай шабуылдарға етіміз үйренді, - деп есіне алды барлаушы генерал.
Бұл бірінші іссапар болатын. Үш жыл алты ай бойы Кеңес Одағының Сыртқы барлау басқармасының тапсырмасымен Ауғанстанда қауіп-қатерлерге бой бермей, кызметін адал атқарады. Жергілікті тұрғындармен қарым-қатынас орнатып, сыннан сүрінбей өтеді. Орталықтағы басшылардың ұсынысымен КСРО МҚК -ның Қызыл Тулы Сыртқы барлау қызметінің институтына түсіп, түрік тілін меңгереді.
1985 жылы аталған жоғары оқу орнының басшысы генерал Иван Иванович Зайцев бүкіл тыңдаушылар (Слушатели) алдында Ауғандағы соғыста көрсеткен ерлігі үшін Өміртай Битимовтың кеудесіне «Қызыл Жұлдыз» орденін таққанда қатысушылар таңқалса, ал біздің қаракөз бауырларымыздың қуанышында шек болмағаны рас. Осының барлығы кейіпкеріміздің Отанға деген адалдығы, спортқа деген сүйіспеншілігі, қызметке деген риясыз берілуінің және өзінің тумасынан қалыптасқан азаматтық һәм адами қасиеттерінің арқасында қол жетімді болды.
Өлара
1989 жылы 15 ақпанда Кеңес әскері Ауғанстаннан шығарылды. Генерал-лейтенант Борис Громов екі елдің арасындағы Достық көпірінен өтіп бара жатқанда Ауған жерінде әскери қызметшілердің қалмағаны туралы қанша айтқанымен бөтен елде барлаушылардың болғаны анық еді. Олар ешкімге дабыра қылмай өз борыштарын өтеді. Арасында біздің Өміртай Мақашұлы да болды. Ол туралы кейіпкеріміз былай дейді.
- Соғыс аяқталатыны анық еді. Барлығымыз әскеріміздің Ауған жерінен шығарылатын күнді тағатсыздана күттік. Соғыс аяқталуына екі апта қалғанда мені басшылық шақырды. Ауғанстанда болған бір «жолдасымыз» мені сол елге қайта жіберуге баянат жазыпты. Басшылық әрине маған үлкен сенім білдіретінін айтып, арқамнан қағып соғысқа қайта жіберді. «Уайымдама Өміртай Макашевич, Ауғанда екі апта болып, елге қайта ораласыз» деген болатын. Ауғанда екі апта емес, Кеңес Одағы құлағанша болдық. Тек, 1992 жылы ғана елге оралдық. Шыны керек, Кеңес әскері елден шығарылғанда Наджибулла үкіметі қалап, әр түрлі ағымдағы діншілдер, моджахедттер өз ара билікке таласты. Кабул сол таластың орталығына айналды. Соғыс ішкі соғыс одан әрі күшейді. Барлығымыз білетінде кейінде тәліптер қозғалысы пайда болды. Олармен де қарым-қатынас орнатып, жұмыс жасадық. Біз Кабулда болғанда Кеңес Одағының елшілігінде бірде-бір дипломат қалмады. Барлығы барлаушы құрам еді. Біз шабуылды күтумен болдық. Қашан бізге шабуыл жасайды? Тұтқынға алады? Осы іспетті сұрақтар, маза бермеді. Кейін осындай жағдайға да бойымыз үйренді. Жалпы барлаушылар құрамында өзбек, тәжік, қырғыз азаматтары болды. Барлығымыз ортақ іске жұмылдық. Менің түр әлпетімен Ауғандағы хазари халқына ұқсайтынмын. Жергілікті киімді киіп, ел ішінде жүретінмін. Мені ешкім шурави (советтік) деп ойламаған. Сөйлеген сөзімде хазарилік бояу басым болатын. Сол арқылы тапсырманы лайықты деңгейде атқардық,-дейді ол.
Ауғанға барған екінші сапары да оңай болмағаны белгілі. Өйткені, барлаушыларды қорғап қалар әскер жоқ. Жаңа орнаған биліктің көзқарасы белгісіз. Соғыс аяқталғанымен саяси тұрақтылық болмады. Барлаушы офицер осындай қысылтаяң өлара кезінде де сынақтан сүрінбей өтті.
Туған елдей ел болмас
Сонымен елге оралу сәті де келді. Кеңес Одағы ыдырап, Қазақстан егемендігін алған кезеңде генерал Жүкен Мәрденов, ол кезде комитеттің төрағасының орынбасары, барлау бойынша куратор және ҚР ҰҚК тұңғыш төрағасы Болат Абдрахманұлы Баекенов кейіпкерімізге елге қайтуға ұсыныс жасайды. Ол кезде Өміртай Мақашұлы Мазари-Шарифте іссапарда еді. Бірден Мәскеуге оралып, бір ай ішінде методика, структура,қажетті информацияларды жинап, керекті басшылармен кездесіп, егеменді елдің барлау қызметі қандай болу керек деген сұрақтарға жауап іздеген екен. Осылайша, 1992 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің аппаратына жұмысқа қабылданады. 1993 жылы Түрік республикасындағы елшілікте кеңесші қызметіне қосымша арнайы тапсырмаларды көрегендікпен атқарады. Анкара қаласында қазақ елінің атынан тұңғыш консул болды. Сол жылдары Орталықтың бақылауында тұрған нақты іс-шара бойынша есеп беруге келгенде ҰҚК - ның бірінші орынбасары Жеңісбек Кәрімұлы Жұманбековтың қабылдауында болады. Танысып, қызмет есебін тыңдап, оның ұсыныс ойларына ерекше құлақ тігеді. Артынан көп уақыт өтпей Ж.Жұманбеков Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалған да, бірден Өміртай Мақашұлын Орталыққа шақырып, барлау жұмысын нығайту қажеттігін ескеріп, оның алдына нақты мақсат қояды. Шындығына келгенде осы жылдары қыруар жұмыстар іске асады. Жаңадан құрылып жатқан елшіліктер мен өкілдіктердің мүмкіншіліктерін толық және тиянақты пайдалана білгені анық. Генерал-лейтенант Ж.К.Жұманбековтің қолдауымен барлау басқармасы, Бас барлау басқармасы деңгейіне көтеріліп штаттың саны өсіп, шет елдерде өкілдіктер ашылды. Жеңісбек Кәрімұлы туралы кейіпкеріміз тек оң пікірлерді айтады. Оның айтуынша, Жеңісбек Кәрімұлы мемлекеттің мүддесін ескеріп шешім қабылдайтын. Өзіне ешқандай жақындығы жоқ, бұрындары байланысы болмаған, Ауған соғысының ең шиеленіскен кезеңдерінде қызметтік міндетін атқарған Өміртай Мақашұлын қолдап, оған сенім артуы ол кісінің - нағыз мемлекет қайраткері, көреген басшы екендігінің дәлелі. Сондықтан оларды Қазақстан Республикасы Барлау қызметінің іргетасын қалаған жандардың бірі емес, бірегейі десек артығы болмас.
Уақытында кейіпкеріміз ҚР Сыртқы істер министрлігінің Таяу, Орта Шығыс және Солтүстік Африка басқармасына жетекшілік жасап, аталмыш елдермен әртүрлі саладағы қарым-қатынастар қалыптастырылды.
- Арнаулы орган тарапынан ҚР Сыртқы істер министрлігінде жоғары лауазымға ие болған алғашқы офицермін. Сол жылдары ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары, кейін бірінші орынбасары болып қызмет атқарған бүгінгі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевпен жемісті жұмыс жасадым. Бірде өз басқармамның қызметкерлеріне арнап нұсқаулық жасап, құжатты бекіту үшін Қасым-Жомарт Кемелұлына кіргіздім. Ол нұсқаулықты оқып отырып, осындай нұсқаулық министрліктің шетелдегі барлық қызметкерлері үшін қажет екенін айтып, маған толықтыруды бұйырды. Кейін ол кісінің пікірін негізге ала отырып аталмыш құжатты бекіттік. Қасым-Жомарт Кемелұлы ішкі мәдениеті жоғары адам. Адамның ойын бөлмей тыңдайды, ұсыныстарды қолдайды, дауыс көтеріп сөйлегенін көргенім жоқ. Онымен бірге жұмыс жасау жемісті және жеңіл болатын. Кейінде Сыртқы істер министр болып тағайындалған жылдары да жұмыс бабымен кездесіп тұратынбыз. Сонымен қатар, сол кездегі ҚР Сыртқы істер министрі, мемлекет қайраткері Қанат Саудабаевпен де оңай тіл табыстық. Қанша жыл бойы Түркияда бірге қызметте болдық. Кейін 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ОБСЕ) Қазақстан төрағалық еткенде бірлесе қызмет атқардық,-деп өз естеліктерімен бөлісті.
2002 жылы Өміртай Мақашұлы ҚР ҰҚК-нің Барлау қызметінің бірінші басшысы лауазымына қайта оралып, жеті жыл ішінде жұмыс нәтижесін жоғары көтеріп, ел басшыларының сенімін ақтағаны анық. Дәл сол жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен Өміртай Мақашұлы Битимовке жоғары әскери шен «генерал-майор» атағы берілді. Тісқаққан барлаушының өмірінде қолдау көрсетіп, көмек қолын созғандардың бірі - ҚР ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы генерал-лейтенант Нартай Дутбаев болатын. Кейіпкеріміз принциптік көзқарасы үшін кей басшылармен тіл табыспай, қызметтен кетуге баянат жазғанда Нартай Нұртайұлы басшылыққа келіп, баянатын кері қайтарған. Білікті барлаушыны қызметте қалдырып қана қоймай, жоғарыда айтылған Барлау қызметіне басшы етіп тағайындады. Бұл да оның, өмірлік тәжірибесі мол, пейілі кең, адам танитын қасиетке ие мемлекетшіл тұлға екенін дәлелдеп тұр. Өміртай Мақашұлы да ҚР ҰҚК-нің бұрынғы бірінші басшысына қаңқу сөзге ілеспей, адамға нақты бағасын беретін тік мінезі үшін дән риза.
Үшінші сапар
Жоғарыда айтып өткендей генерал Ө. Битимовтың өмірі арнаулы орган және ел тарихындағы маңызды оқиғаларға бай. Тағдырдың талай кедергілерге толы бұралаң жолдарын өтіп, ұстаздан, жедел өкілге, кейінде сыртқы барлау қызметінің қызметкерінен тәуелсіз Қазақстанның барлау қызметінің басшысына дейін көтерілді. Ешқандай қиыншылықтан қорықпай, алға қойылған мақсаттарына қол жеткізетін. Сондай бір сынақтардың бірі Ауғанстанға үшінші сапары болатын. 2010-2011 жылдары ҚР СІМ-нің ерекше тапсырмалар бойынша елшісі,Ауғанстан бойынша арнайы уәкілі ретінде талай маңызды істерді атқарды. Сол кездегі тарихи Саммитке Ауғанстан Президенті Хамит Карзайдың қатысуын ұйымдастырды. 2011 жылы Мемлекет басшысының Жарғысы бойынша генерал Өміртай Бітімов Ауғанстан Ислам Республикасындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды. 2018 жылдан бастап Қазақстан-Ауғанстан даму және серіктестік Ассоциациясының Төрағасы болды. Жат елде жеті жыл аянбай еңбек етті.
- Жоғары басшылықтың бұйрығымен Ауғанстанға қайта оралдым. Бұл енді салыстырмалы түрдегі тыныштық орнаған ел еді. Халық өз тіршілігіне кіріскен шақ. Біз де өз міндетімізді атқардық. Бір қызығы менің ескі таныстарым да мемлекеттік қызметте үлкен лауазымдарға ие болыпты. Бірі министр, бірі провинция губернаторы дегендей, ел тұтқасын ұстар азаматтарға айналыпты. Араластығымыз әрі қарай жалғасты. Осылайша, ТМД бойынша елшілердің арасында ең танымалына айналдым. Барлығы біздің елшілікке келіп, маңызды шаруаларды шешуге тырысатын. Кейде бұрынғы әдетіме салып, жергілікті тұрғындардың киімін киіп, ел аралаймын. Сол кезде халықтың да өзгергенін байқадым. Сөйлем мәнері, тұрмыс-тіршілігі өзгеріпті. Бүгінде ол елде тағы да өзгерістер орын алыпты. Құбылмалы заман туған екен. Ойлап тұрсам үш сапарымда Ауғанстанның үш түрлі жағдайын көрдім. Ауған елі көз алдымда өзгерді. Кеңес Одағы мен Ауғанстан арасындағы соғысты әр түрлі бағалауға болады. Саяси шешім дұрыс қабылданды ма, қате болды ма, ол сұрақтың жауабын тарихшылар береді. Әскерилердің міндеті қойылған тапсырманы нақты орындау,-дейді ол.
Кейіпкеріміздің өмірі жас ұрпаққа үлгі екені сөзсіз. Ерен еңбегі ескеріліп, «Қызыл Жұлдыз» (1985), ІІ- дәрежелі «Даңқ» (2009), ІІ- дәрежелі «Достық» (2015) ордендерімен және ондаған мемлекеттік, ведомствалық мерейтойлық медальдар және көптеген Құрмет Грамоталарымен наградталған. Ауғанстанның Мир Маджиди Хан жоғары медалімен марапатталды. Бүгінде Өміртай Мақашұлы Қазақстан Республикасы «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің Астана қаласы бойынша филиалының төрағасы. Құрметті еңбек демалысында жүрсе де болашақ ұрпақты әскери - патриоттық бағытта тәрбиелеу жұмыстарымен белсеңді айналысып жүр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық кеңес мүшесі. Генералмен бірге жұмыс жасаған азаматтар оның басшыға тән ағалық, әкелік қамқорлық туралы көп айтады. Ұзақ жылдар бойы қызметте болып өзінен кейін көптеген шәкірттер қалдырды. Олар елімізде және шетелде жемісті қызмет атқаруда. Өмірлік жары Айтжамал апаймен бірге балаларын қоғамның лайықты мүшелері етіп тәбиелеп, өсірді.
Өміртай Мақашев өмірін Отан қорғауға арнаған кәсіби офицер, тәжірибелі барлаушы, сауатты дипломат. Өміртай аға Битимовтың өмір жолы өмірін арнаулы қызметпен, дипломатиямен байланыстырамын дейтін ел жастары үшін өнеге екені сөзсіз.
Ауғандық ардагер ақпан айының 4 күні жетпістің төртеуіне келгелі тұр, мерейлі дата қарсаңында кейіпкерімізге зор денсаулық, ұзақ өмір, отбасылық бақыт, жас ұрпақты патриоттық тәрбиелеу жолындағы қажырлы еңбегіне сәттілік тілейміз!
Елім дейтін ерлер көп болсын!