ffin.kz

Еркін НҰРАЗХАН: «Карикатура – мазақ емес, адамның айнасы»

Еркін НҰРАЗХАН:  «Карикатура – мазақ емес, адамның айнасы»

Қоғам кемшілігін, адамның бойындағы жағымды не жағымсыз қасиеттерін карикатура жанры арқылы қағаз бетіне түсіріп жүрген суретшілер некен-саяқ. Қазақстанның халық жазушысы Мұзафар Әлімбай шығармашылығын айрықша бағалап, «Карикатура королі» деп атаған суретші бар. Ол – белгілі карикатурашы, ҚР Мәдениет қайраткері, Ә. Қастеев атындағы музей-үйінің жетекшісі  Еркін Нұразхан. Кейбіріне беймәлім карикатура, шарж жанрында бояуы қанық, суретті сөйлете білген талант иесімен сұхбаттасудың сәті түскен еді.


Сөзсіз өнер


Карикатура. Адамның сыртқы келбетін айнытпай берумен қатар, ішкі дүниесін ашып көрсететін, әзілге арқа сүйейтін жауынгер өнер. Сіздің ұғымыңыздағы карикатура, шарж қандай жанр?


– Карикатура да, шарж да – адамның жеке қасиетін, мінезін, тұлғасын, шығармашылық деңгейін сурет арқылы көрсету. Екеуі де шынайылықтан тұрады. Көпшілігі бұл жанр адамды тек күлдіретін, әзіл сурет деп қана баға беріп жатады. Олай емес. Әсілінде, ол – бір сәт сананы сергітіп, сурет арқылы ойландыратын ауқымы кең өнер. Ерекшелігі сол, шарж суретке өтірік араластырмау керек. Құлағы қалқан болмаса, мұрны ұзын болмаса суретте олай көрсете алмаймын ғой. Сондықтан құлағы қалқан адамның құлағын одан сайын қалқайтсаң да артық етпейді. Бірақ тақырыпқа бағыну керек. Мәселен, АҚШ-тың кезіндегі президенті Б.Обама мен Д.Буш екеуінің шарждары бар. Суретші Обаманың құлағын түйе жапырақ секілді қалқитып қойыпты. Ол Америкада Президент болып отырған кезінде салынған сурет. Карикатурашы Д.Бушты да оңдырмаған. Адамның бет-пішініндегі ерекшеліктерді үлкейту, жоқ нәрсені бар ету шаржға жатпайды. Мәселе құлақты немесе адамның басқа дене мүшелерін үлкейтуде емес, адамның бейнесін әзіл арқылы суреттеу.


Аға, суретшілікке ешкім кездейсоқ келмейтіні белгілі. Суреттің осы бір жанрына қалай келдіңіз?


– Театр суретшісі мамандығында оқып жүргенде түпкілікті осы саланың етегінен ұстаймын деп ойламадым. Карикатурашы боламын, шарж саламын деген ойыма да кіріп шықпады. Тек хобби ретінде салып жүрдім. Алматы театр-көркемсурет институтының 3-курс студенті кезімде «Балдырған»  журналында көркемдеуші редактор болып жұмысқа орналастым.  1985 жылы Ұлы Отан соғысының 40 жылдығына орай Қасым Қайсенов ақсақалдың бір әңгімесін газетке беретін болып, Мұзафар Әлімбай «Қасым ағаның фотосуретін алып кел» деп жіберді.  Қасым Қайсеновпен танысуға барғанда, атымды естіген ағамыз «Қазақ әдебиетіне» шығып жат­қан суреттер сенікі ме? Міне, сенің аль­бомыңды жасап қойдым» деп, газетке шыққан сурет­терімді қиып, оқушы көк дәпте­рін толтырып, альбом жа­сап қойыпты. «Керек болады. Кейін кітап шығарып, көрме өткізесің» деп ал­ғаш айтқан сол Қасым аға болатын.



Еңбек жолыңызда журналист болып та жұмыс істепсіз. Бір сұхбатта сізді жазушылыққа, суретке әкелген батырлар жыры делінген. Демек, алғашқы суретіңіз – қазақ батыры ғой?


– Иә, журналист болып жұмыс  істедім. Марқұм досым Дидахмет Әшімханұлы газетке суретші болып жұмысқа кіргеннен кейін менің әдебиетке, жазушылыққа жақын екенімді аңғарып, тапсырмалар бере бастады. Журналистік қырымды жолға салып, жазуға үйреткен сол кісі.


Мектепте оқып жүрген кезде ауылда үлкен кісілер батырлар жырын бізге дауыстап оқытады. Кітаптағы  батырлардың суреттерін сала бастадым. Бірде мектеп суретшілер байқауын жариялады. Сол байқауға мен батырлардың суретін көшіріп салдым. Негізі суретшілікке үйрететін бірден-бір тәсіл – көшіріп салу.  Қабілет болмаса, көшіріп сала алмайсың. Қолыңнан суретшілік келетінін білгеннен кейін мектеп мойныңа «мініп» алады екен. Әртүрлі мерекелерде үлкен қызыл маталарға ұран жаздырады. Бірге өскен қатар балалардың бәрі ойнап жүргенде, мен ұран жазып, сурет салып отырамын.


Жеңіс күні жақындағанда Әлия Молдағұлова, Төлеген Тоқтаров, Мәншүк Мәметова сынды батырлардың суретін салуға тапсырма беретін. Түнде кешкі асты ішіп болғаннан кейін, елдің бәрі ұйқыға жатқанда, мен ас ішетін үстелде шамның жарығымен түнімен сурет салатынмын. Сонда шешем жарықтық: «Ойпырмай қарғам-ай, көзіңнің майын тауысып, өлген-тірілгендердің бәрінің сурет саласың ба енді, сабағыңды оқысаң болмай ма...» деп, жаны ашып, аяушылық білдіретін.



Алғашқы карикатураңыз?


– 80-ші жылдардан бастап өнер, әдебиет қайраткерлерінің суреттерін сала бастадым. Алғашқы шаржым классиктерден басталды. Ғабиден Мұстафин, Асқар Сүлейменов, Оралхан Бөкейді салдым. Бірде ойда-жоқта Асқар ағамен жолығып қалдым. Ол кісі мені танымады. Содан өзім сәлем бердім: «Аға, газетке суретіңізді салған мен» деп едім, Ол кісі күліп: «Еркін деген сен бе? Мені мыстан кемпір секілді салып қойыпсың. Ну и что-ж, ұқсап тұрған соң, амал не?» деп риза болды. Сосын: «Мені жұрт онша танымайды ғой. Сен халықтың алдында жүрген Мұхтар Шаханов секілді танымал тұлғаларды сал» деп қолдау білдірді. Жалпы, мен Асқар ағаның 7-8 шаржын салдым. Асекең «Менің Қазақстандағы жалғыз сыншым бар, ол – Еркін!» деп айтушы еді. Мұхтар Шаханов секілді танымал тұлғалардың да бірнеше шарждарын қайталап жасадым.


Әдебиет пен сурет өнерін қатар алып жүргендіктен, Қалтай Мұхамеджанов сізді «қосмекенді» деп атапты. Тарқатып айтып берсеңіз?  


– «Түркістан» газетіне қызметке суретші болып келгенмін. Біраз жұмыс істегеннен кейін редакцияның тапсырмасымен мақала жазып кеттім. Сонда Қалтай ағаның риза болып: «Мақала жазғаның біз үшін – үлкен олжа. Енді сен «қосмекенді адам болдың» деген еді.


 Шаржды түсінбей, өкпелегендер болды


 – 1982 жылдан бері өнер, әдебиет, қоғам қайраткерлерінің әзіл портреттер галереясын жасап келесіз. Карикатураны түсінбей, өзінің портретіне ренжігендер болды ма? Жалпы, қалай қабылдайды?


–  Классик аға-апаларымның Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов, Бауыржан Момышұлы сынды үлкен тұлғалардың шарждарын жасадым. Дихан Әбілов, Әбдіжаппар Әбішов, Қалижан Бекхожин сынды тұлғалардың суретін салып, «күлсең кәріге күл» дегендей, бірінші үлкен кісілерге күліп алдық та, содан кейінгі буын өкілдері олардан да мықты тұлғалардың шарждары салынып жатқан соң аса ренжи қоймады. Әрі ол кезде  газеттің басында Шерағаң сияқты мықты адам отырған соң, жауабын өзі беретін. Тіпті, одан кейін менің шарждарым арқылы көпке танылып, өздеріне жарнама жасайтындар көбейді. Дегенмен, ренжіп қалатындар да болды.



Бір жолы Ақселеу аға Асқар Сүлейменовке «бұл біздің өзіміз білмейтін қасиетімізді көзімізге көрсетіп жүр» дегенде, Асекең сұқ саусағын шошайта: «бәлкім, қасиетсіздігімізді дегеніңіз дұрыс болар» деп, жұмбақтай жымиғаны бар. Ал Кәдірбек Сегізбаев ағамыз болса, өзінің әзіл суретін көрген соң: «Әй, бауырым, ағаңды мұржадан шыққан қара мысыққа ұқсатып қойғаның не? Бұл – достық әзіл емес, қастық әзіл ғой...» деп, жорта өкпелеген кейіп танытқан еді.


–  Өркениетті дамыған елдерде баспасөз карикатурасыз шықпайды. Бүгінде қай басылымда карикатура тұрақты түрде шығып тұрады?  


 –     Шарж суреттерім кезінде осы «Almaty aqshamy» газетінде де шығып тұрды. Қазір «Ана тілі» газетінде айына бір рет шығатын «Оспанхана» деген әзіл беті бар. Арнайы бетке әзіл суреттерім тұрақты шығып тұрады. Жалпы, бізде бұрынғыдай газеттерде көркем суретшілік қызмет жоқ. Қолмен салынған суреттер тым сирек көрінеді.


–   Бір сұхбатыңызда «адамды толық танымай шарж салмаймын. Кейде қолың не қаламың өзіңе бағынбай кетеді. Тұтас бір суретті бір өзі салып шығады» депсіз. Сурет салғанда ең маңызды деп нені ескересіз?


–  Карикатура мен шарждың негізі – сын. Сынның өзі шын болуы керек. Мұқату немесе мазақтау менің мінезімде жоқ. Сондықтан ол нәрсе суретте де болмайды. Кей адамдардың бет-әлпетінде, бітім-болмысында әзіл шақыратын, бірақ жағымды бөліктері болады. Суретке қарағанда күлкі шақыруы керек. Шерағаңның соңғы салған шаржым балық сияқты болып кетіпті. Бірақ суреттің ар жағында ол кісінің парасаттылығы, қайраткерлігі жатыр. Мен соны ойлап отырғанда, қолым өзі сол суретті алып шығады. Шарж өлең сияқты туады. Бір адамға шарж саламын десең, ол кісі туралы ойың қағазға өзі-ақ түседі. Мінезін дұрыс көрсете алсаң, әрине, шарж сәтті болып шығады.


Өмірде адамның бәрі жағымды бола бермейді, жағымсыз адамдар да болады. Халыққа ісі ұнамайтын жағымсыз министрлер, саясаткерлер жоқ емес. Олардың шаржын сәтті салып, кейпін аша білсең, кейіпкердің өзі ештеңе демейді. Карикатура мен шаржда суреттің әрбір бөлігі тақырыбы мен кейіпкері жөнінде ақпарат беріп қана қоймай күлкі шақыруы, ойға жетелеуі керек.


- Әңгімеңізге рахмет!



    


 


    


 


 


    


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51

11:00

10:53

10:51

10:37

10:13

10:04

09:54

09:53

09:38

09:35

09:05

08:58

08:49

08:05