Бүгінде ұлттық рухты ұлықтап, құнды қазынамызға айналған қазақтың мәртебелі домбырасының дәуірі қайта жаңғырып келе жатқаны қуантады.
Ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде қоғамды одан әрі топтастыруды көздеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы 12 маусымдағы №699 Жарлығымен шілде айының алғашқы жексенбісін ұлттық аспабымыздың төл мерекесіне айналдырды. Тұңғыш Президентіміз өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында атап өткендей, тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы да осы төл аспабымызды төрге шығарумен тікелей байланысты болмақ.
Тегінде қазақ үшін домбырадан қасиетті, домбырадан қастерлі жәдігер жоқ. Бүгінгі өркениетті заман тілімен айтсақ, күллі қазақ өзі шешен, өзі көсем осынау құндылықты асыл мұраға, ұлттық брендке балайды. Домбыра халқымыз үшін қашан да қылыштан өткір, құрыштан берік киелі аспап болғаны тарихтан белгілі.
Домбыра күні белгіленіп, бұл күннің ұлттық мерекеге айналуы – ұлттық руханиятымызға берілген лайықты баға. Сондықтан ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізді, рухани құндылықтарымызды әлемге асқақтататын қазақтың қасиетті қара домбырасының ұлықталуы заңдылық деп білеміз. Өйткені, бұл аспап - қазақ үшін жай ғана музыкалық аспап емес, киелі құндылық. Домбыра мен күй ЮНЕСКО шешімімен адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енді.
– Домбыра – қазақтың жаны, рухы, тарихы, салт-дәстүрі, бүкіл бітім-болмысы деп айтуға болады. Ол Ұлы даланың төсінде ерте заманнан бері халқымызбен бірге жасап келе жатыр. Бір кезде Майтөбенің тұсынан домбыраның суреті бар таңбалы тас табылғанын бәріміз білеміз. Ғалымдар ол сурет берісі төрт мың, арғысы алты мың жыл бұрын бедерленгенін дәлелдеп отыр. Арал маңында домбыра ұстаған адамның мүсіні біздің дәуірімізден ІV ғасырдың мұрасы болыпты. Ал Алтайдан табылған ата домбыра біздің дәуірімізден V ғасырға тиесілі. Көріп отырсыздар ма, Алтайдан Атырауға дейін бүкіл Қазақстанның даласы төрт мың, бес мың жылдан бері осы домбыраның үнін естіп күмбірлеген, қуанышты да, өкінішті де домбырамен әкеле жатыр. Ол бүкіл біздің даламыздың, барлық қазақтың бір екенін, жанымыздың да, қанымыздың бір екенін дәлелдейтін өте нақты нәрсе. Мойнына көне түркі таңбасы мен жұпар күй әуені бізді сүйсіндіреді деп жазылған аспап сонау Күлтегін заманынан бері келе жатыр. Одан бері қилы замандардың бәрі домбыраның көмейінен күй болып төгіліп, тарихтан сыр шертеді. Тыңдаушысын жігерлендіретін төкпе күйлер мен сыршыл шертпе күйлер қазақтың табиғатын танытады. Күміс көмей әншілеріміз домбыраны қолына алып, сайын даланы жаңғыртып, әуелетіп ән салған. Қастерлі аспап бүгінде симфония мен операға әр беріп, классикалык өнердің ажырамас бөлшегіне айналып келеді. Ол қазақтың бренді мен паспорты, ешкімге ұқсамайтын қайталанбас келбеті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы ұлттық мәдениетімізді әлемге танытуға домбыра ерекше үлес қосады. Құрманғазы мен Дәулеткерейдің, Тәттімбет пен Сүгірдің, Қазанғап пен Динаның күйлері төл мәдениетіміздің бірегей үлгілері. Кешегі арамыздан өткен Нұрғиса Тілендиев домбыра арқылы өзінің өшпес өнерін қалдырды. Олардың барлығы ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып жалғасып, халықтың жанында сақталып келеді. ЮНЕСКО шешімімен домбыра мен күй адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енді. Елімізде қасиетті қара домбырға деген құрмет ешқашан төмендеген емес. Осыдан біраз жыл бұрын астанада күй атасы Құрманғазының ескерткіші бой көтерді. Алматыда әйгілі күйші Нұрғиса Тілендиевтің еңселі ескерткіші орнатылды. Осының бәрі домбыра мен күй өнерінің ғасырлар бойы даламызды сазбен тербеткен күйшілерді қадірлеудің көрінісі болып табылады, – деген еді еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Расында да, елімізде ұлттық ұлылыққа деген құрмет ешқашан төмендеген емес. Халқымыз домбыраға үкі тағып, төріне ілген, жыршы-күйшілерді төбесіне көтерген. Ол – көнеден қалған асыл мұрамыз, көзіміздің қарашығы әрі ұлттық кодымыздың бір бөлігі. Олай болса, бүгінгі қазақ жастары да домбыраның үнінде сөйлеп, тілінде хат алмасуы керек-ті. Өйткені, қазақтың қара домбырасына қара өлеңнен ескерткіш қойып кеткен белгілі сөз зергері Қадыр ақын тұжырымдағандай: «НАҒЫЗ ҚАЗАҚ – ДОМБЫРА!».