Экология - миссия емес, өмір салты - алматылық экологист

Экология - миссия емес, өмір салты - алматылық экологист Сурет: esquire.kz
Камила Әкімбекова – экология жанашыры, 2018 жылдан бері Instagram желісінде экологиялық тақырыпта блог жүргізіп келеді. Қаладағы экоакцияларды ұйымдастырып, адамдарды күнделікті тұрмыста экологиялық әдеттерге баулып жүрген белсендімен қаламыздағы экожүйе, қалдықтарды қайта өңдеу және саналы тұтыну жайлы әңгімелестік.
Сурет: Камила Әкімбекованың инстаграм парақшасынан алынды
 
 
– Экология саласына қалай келдіңіз? Бұл істі өзіңіз үшін миссия деп санайсыз ба?
 
– Менің бұл салаға келуіме жеке санам мен құндылықтарым себеп болды. Әр адам өзгеге үлгі бола отырып әрекет етуі керек деп есептеймін. Мен экология туралы әңгіме қозғап, мәселе көтеріп, бірақ өздері бір рет қана қолдануға жарайтын стақандармен кофе алып ішетін адамдарды түсінбеймін. Экология туралы көп айтатын, бірақ қалдықты қалай сұрыптау керегінен мүлдем хабары жоқ адамдар бар. Сондықтан бәрі өзіңнен басталуы керек. Өз өміріңмен үлгі болу — ең мықты мотивация.
 
Мен бұл істі миссия деп атамас едім. Пафосты сөздерді ұнатпаймын. Мен тек дұрыс деп есептейтін іспен айналысып, оны басқаларға да көрсетіп келемін. Экология — бұл мен үшін өмір салты.
 
 
– Бүгінде Алматыда қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі қаншалықты жолға қойылған?
 
– Мен бұл сұраққа экоакция ұйымдастырушы ретінде ғана жауап бере аламын. Өзім де қалдықтарды сұрыптап тапсырамын. Соңғы жылдары қайта өңдеумен айналысатын жобалар көбейіп келеді. Мысалы, жақында ескі мата қалдықтарын қайта өңдейтін жоба ашылды. Бірақ бұған дейін болған қабылдау пункттерінің саны азайды. Себебі бұрын бұл салаға үкімет тарапынан қаржылай қолдау болған, ал қазір ондай субсидиялар жоқ. Соның салдарынан инфрақұрылым да азайды.
 
Дегенмен жақсы жаңалықтар да бар — сұрыптап тапсыратын адамдар саны артып келеді. Мұны біз экоакциялар кезінде қалдықтардың жиналған көлемінен-ақ байқаймыз.
 
– Сіз сонда кәсіби эколог болдыңыз ғой?
 
– Жоқ, мен мамандығым бойынша экономистпін. Бірақ өмір салтыма қарай – экологистпін. Бұл екеуінің арасында үлкен айырмашылық бар. Көпшілік эколог пен экологистті шатастырады. Кәсіби экологтар көбіне өндірісте, есеп берумен, нормативтер жасаумен айналысады. Ал экологист – бұл саналы тұтынуға ұмтылатын, экологиялық әдеттерді өміріне енгізіп, оны басқаларға да үйрететін адам.
 
– Алматыда қалдықтарды бөлек жинау жүйесі бар ма? Ол қаншалықты тиімді?
 
– Проблемалар бар. Қайта өңдеу саласында жұмыс істейтін компанияларға қолдау жоқтың қасы. Ал халықты ақпараттандыру жағы мүлдем ақсап тұр. Заң жүзінде экологиялық кодекс бар, мысалы, тамақ қалдықтарын полигонға тастауға болмайды делінген. Бірақ тұрғындардың оларды тапсыратын жері жоқ. Яғни, заң бар, бірақ оны іске асыратын инфрақұрылым жоқ.
 
Халық қалдықтарды қайта өткізіп, оларға екінші өмір сыйлауға дайын — олар тіпті сұрыптауға қарсы емес. Бірақ, менің парақшама жазылушылар  тарапынан: «Біздің аулалардағы қоқыс тастайтын жерде мысалы, пластик бөтелкелерді тастайтын бөлек контейнер неге жоқ?» деген сұрақтар жиі келіп жатады. Бұл мәселені жалпы мемлекет болып жүйелі түрде шешуі керек шығар.
 
– Экологиялық шараларды ұйымдастыруда қандай қиындықтар кездеседі?
 
– Біріншісі – орын табу. Әр жолы жаңа локация іздеу керек, бұл көп уақыт пен күш алады.
Екіншісі – қаржыландыру. Бізде өзіміздің құрал-жабдығымыз бар, оларды сақтау үшін қойма жалдаймыз, ол үшін ай сайын ақы төлейміз. Қайта өңдеуге өткізетін қалдықтарды кейде өз есебімізден таксимен жібереміз.
Үшіншісі – волонтерлер тапшылығы. Кейде іс-шараларды ұйымдастыру кезінде волонтерлар саны жетпей жатады. Немесе эко-акцияларға  алғаш рет келіп,  сұрыптаудан хабары жоқ еріктілер келіп жатады, ал оларға  үйретуге уақыт керек.
 
– Экоакцияларға халық қалай қатысады? Қызығушылық бар ма?
 
– Әр шарамызға келушілер саны уақыт өтке келе артып келеді. Адамдардың бұл тақырыпқа қызығушылығы барын байқап жүрміз. Мысалы, жыл басында 1 тоннадай қалдық жиналса, жыл соңына қарай 2,5 тоннаға жетті. Бұл – үлкен көрсеткіш.
 
Экоакцияларымызда бірнеше тұрақты аймақ бар:
• Дармарка – жарамды, бірақ қажетсіз заттарды бөлісуге арналған аймақ;
• Ресайкл – қайта өңдеуге қабылдаймыз;
• Әлеуметтік жобаларға арналған жинақ пункті;
• Өсімдіктермен алмасу бұрышы, мастер-класстар, эко-жәрмеңкелер, дәрістер өткіземіз.
 
Сонымен қатар, мектептер мен университеттерде экологиялық тақырыпта лекциялар оқимыз – бұл да біз үшін маңызды бағыт.
 
 
– Осы іспен айналысуда сізді не шабыттандырады?
 
– Ең басты шабыт көзі – адамдардың алғысы. Кейбірі келіп: «Сіздердің бейнематериалдарыңыздан кейін сұрыптауды бастадым», – десе, енді біреулері отбасымен келіп, өз үлесін қосып жатады. Олар бізге алғыс айтып, «Сіздер болмасаңыздар, бұл мүмкін болмас еді» дейді. Осы сөздер мен шынайы қолдау – мені алға жетелейді.
 
– Болашақтағы жоспарларыңыз қандай?
 
– Қазір көктем келісімен  сенбіліктер мен ағаш отырғызу шараларын өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Сәуірде тағы бір экошара ұйымдастырамыз. Бұл – біздің негізгі жұмысымыз емес, бірақ жан-тәнімізбен берілген іс. Қазір жаңа локация іздеп жатырмыз.
 
- Инстаграмнан біраз уақыт бұрын сіздің парақшасыңзы көріп қалып, мен де үйде азынан бастайын деп, қолданылған қағаздарды жинай бастадым, осы оқу жылы басталғалы балалардың жазған қағаздарын жинап жүретін болдым. Оларды қайда өткізсем болады?
 
- Ең оңайы қағазды сұрыптау. Мен әдетте қағаз пакетті аламын да, соған кез келген қағазды жинай беремін. Ол жерде ескеретін бір жайт, картонды жыртқанда кезде  онда бір қабат пластик қабаты бар-жоғына мән беру керек. Дәптер, жай қағазды жинай беруге болатыны түсінікті. бірақ кейбір қағаздарды бір қарап макулатура деп ойлағанмен, оларды жырта бастағанда, (мысалы, кремнің қорабы) пластик қабаты шығатын кездер болады. Өкінішке қарай, мұндай қағазды құры қоқысқа тастауға тура келеді. Егер қағаз оңай жыртылса, онда оны сұрыптау орындары қабылдайды деген сөз. 
 
- Тағы бір видеоңыздан Алматыда ескі киім-кешекті қабылдайтын орын ашылды дегенді көріп қалдым? Сол туралы айтып бересіз бе?
 
- Киімдерге келетін болсақ, тіпті ескі болғанның өзінде, өңі кетіп, созылып кеткен киім болса да соның өзіне мұқтаж адамдар бар. Тіпті сондай заттарға қуанатындар бар. Әлі де қолдануға болатын киімдергі қайырымдылық қорларына тапсырған дұрыс болар. Ал енді әбден тозығы жетіп, шұрық-тесік болып қалған, киюге жарамайтын киімдерді қайта өңдеуге тапсыруға болады. Қалада "Фабрика" деген жоба қолға алынды. Олар күн сайын қала бойынша жаңа бокстар қойып, соған ескі киім-кешекті қабылдайды. Қабылдайтын мекенжайлар жаңарып отрады. Ол үшін солардың арнайы сайттарын бақылап отыруға болады немесе 2 ГИС-ке енгізіп көрсе, қай жерге тапсыруға болатыны шығады. Олар ақпаратты үнемі жаңартып отырады. "Фабрика" деп енгізсе, тиісті мекенжайлар шығуы тиіс. Қазірдің өзінде олар 15 шақты бокс орнатты. Тағы 10 боксты Әуезов ауданы бойынша орнатады. Осылай біртіндеп бүкіл қаланы қамтымақшы. 
 
 
– Соңғы сұрақ: Алматы тұрғындарына не айтқыңыз келеді?
 
– Ең бастысы – әрекеттен бастау. Мінсіз болудың қажеті жоқ. Қарапайым экоәдеттерді өміріңізге енгізіңіз: артық пластик алмау, қоқысты сұрыптау, көп реттік ыдыс қолдану. Осы арқылы әрқайсысымыз табиғатты сақтауға үлес қоса аламыз.
 
- Сұрақтарға жауап беруге келіскеніңізге рақмет! Ісіңіз алға баса берсін! 
 
Егер сіз де табиғат жанашыры, қоғам белсендісі ретінде қаламызда қандай іс-шаралар өтетінінен хабардар болғыңыз келсе немесе өз өміріңізге эко-әдеттерді енгізгіңіз келсе,  Камила Әкімбекованың Instagram-нан kamila_akimbekova парақшасын іздеп, бір шолып шықсаңыздар болады. Ал қаладағы эко-шаралар жайында  recyclebirge.kz сайтынан көріп, танысуға болады. 
 
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
5
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:55

12:42

12:32

12:31

12:28

11:44

11:03

10:54

10:47

10:39

10:37

10:21

10:17

10:16

10:07

10:03

09:56

09:51

09:47

09:41

09:26

09:13

09:02

07:15

19:57