Күні кеше "Қазақ аруы - 2025" байқауының жеңімпазы анықталды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен ниет білдерген 700 қыздың ішінен үздік деп танылған Дәрия Қуатжан кім? Ол туралы не белгілі? Аqshamnews.kz тілшісінің материалынан біліңіз.
Қарапайым ауылдың тумасы
Дәрия Қуатжан - Талдықорған маңындағы қарапайым ауылдың қызы. Үйінің үлкені. Өзінен кейін үш сіңлісі және інісі бар.
"Көзімді ашып ес білгелі үйде төрт-түлік малдың бәрі бар. Ата-анам мал шаруашылығына қатты қарайтын. Бірақ бізді аса жолатпайтын. "Сендер оқыңдар, білім алыңдар, дамыңдар" деп түрлі үйірмелерге, қосымша сабақтарға әнге, биге, домбыраға қатыстыратын", - дейді ол өзінің бір әңгімесінде.
Балалық арманнан туған бренд
Дәрия қазір танымал дизайнер. Оның сәнге деген махаббаты ерте жастан басталған. Бала кезінде қуыршақтарына өзі көйлек тігіп, анасымен бірге отырып кесте тоқуды үйренген. Сол қарапайым әдет кейін оның өмірлік кәсібіне айналатын жолдың басы болғандай.
"Киім тігу, дизайнер болу – бала күнімнен бергі арманым. Әуелі қуыршақтарыма кішкентай көйлек тігетінмін. Анам қолөнерге жақын болғандықтан, мен де ерте жастан кесте тігіп, әдемі дүниелерге қызыға бастадым. Сол кезден бастап шығармашылыққа деген құлшынысым оянды", – дейді ол бұған дейінгі сұхбаттарының бірінде.
Дәрия үшін сән – жай ғана табыс көзі емес, оның өмір салты мен өзіндік философиясына айналған құндылық.
Darideiya қалай құрылды?
Өз сүйікті ісін мансабына айналдыруды мақсат еткен Дәрия жеке брендін құру жолында көп сынақтардан өткен. Әлеуметтік желіде ол жеке сән үйін ашпас бұрын бірнеше адамдардың, инвестордың, тіпті құрбысының сатқындығынан кейін сынып қалғанын да бөліскен еді. Десе де, мақсатына жету жолында ештеңеге мойымаған ол 2025 жылы Darideiya атты өзінің жеке сән үйін ашады.
"Дүкен ашуға ұзақ уақыт батылым бармады. Өйткені бұрынғы тәжірибем көңілден шықпаған. Бірақ адамдардың киімді қолмен ұстап көргісі келетінін, дайын образды таңдауды қалайтынын түсіндім. Кейбірі арнайы үйге келіп көріп жүрді. Сол сәтте дүкен ашу – дұрыс шешім екеніне көзім жетті", – дейді Дәрия.
Бүгінде оның дүкені этно-стильді сүйетін алматылықтардың жиі баратын орындарының біріне айналды. Қазір Дәрияның дизайнымен жасалған киімдерді елімізге танымал тұлғалар да киіп жүр. Тіпті шетелдіктер де түрлі киімдерге тапсырыс беретін көрінеді.

"Анам ауырған жыл мені 10 жылға есейтіп тастады"
Дәрия әлеуметтік желіде 2024 жылы үлкен сынақты өткерген жүрекжарды бейнесін бөліскен еді. Онда ол осыдан бір жыл бұрын анасының қатерлі ісікке шалдыққанын біліп, қатты қаймыққанын жеткізеді.
"Анам ауырған жыл мені 10 жылға есейтіп тастады. Бір жыл бұрын әлі дүкенімді ашпаған кезім еді. Біздің шетелге шығатын ешқандай жағдайымыз да, қаражатымыз болмады. Анамның емі үшін 10 миилион теңге қажет болды. Ең болмаса еліміздегі білікті дәрігерлерге қаратқым келді. Анашымды емдетуім керек деген мақсат болды және өзімнен басқа ешкімге сенбедім. Солайша былтыр қазанда анама ота жасалды. Қазір бәрі жақсы, шүкір", - дейді Дәрия.
"Қазақ аруы" атанғанға дейінгі жол
Арманына адал қыз солайша 22 жасында "Қазақ аруы" сұлулық байқауында жеңіске жетті. Байқауда ол балаларға арналған "Көшпенді дала ұрпақтары" атты авторлық киім коллекциясын таныстырды. Сондай-ақ, сұрақ-жауап кезеңінде де мардымды берген жауабымен көзге түсті.
Финал қорытындысы бойынша Дәрия Қуатжан 26 376 дауыс жинап, басты бәсекелесінің бірі Диана Қырымды (13 160 дауыс) екі есеге жуық басып озды.
Қызығы, Дәрия қыркүйектен бері, яғни кастингтен өткен уақыттан бастап әөз парақшасында байқауға қатысты 240 пост жариялаған екен. Әлеуметтік желіде жұрт оның белсенділігін, еңбекқорлығын, жеңіске деген ұмтылысына риза болып, жылы пікірлерін жаудырып жатыр.
Айта кетейік, былтыр ұлттық сұлулық байқауында Қызылорда облысының тумасы, 17 жастағы Ақкербез Ысқаққызы “Қазақ аруы – 2024” атанған еді. Алайда желі қолданушылары арасынан байқау әділетсіз өтті деп санағандар көп болды. Кейінірек байқаудың продюсері Баян Мақсатқызы 2024 жылғы жеңімпазды қайта анықталатын мәлімдеп, дауыс беру екінші рет өткізілді. Алайда Ақкербез Ысқаққызы екінші дауыс беру кезінде де оза шапты.
