Компьютерде бірдеме теріп жазып отырып телидидардан «Парасат майданы» хабарын қосып қойып отырғам. Мысыр елі туралы екен. Біраз дүние айтылды. Хабардың ең соңында жүргізуші ағамыз мынадай сауал қойды.
Д.Әбдік: - Жалпы қазақтың өзінің фольклорында бірде-бір ханның жағымды бейнесі жоқ. «Қырық өтірік», «Ақсақ құлан» т.б ертегілерінде хан жағымсыз. Бертін Кенесарыға дейін Қасым хан, Есім хан туралы эпос жоқ. Хандарды дәріптеу бізде соңғы 30 жылда басталды тек ғана, Тәуелсіздік алғаннан кейін. Неге?, - деді Дархан Әбдік ағамыз.
Жамбыл Артықбай ағамыз Абылай мен Кенесарыға байланысты халық арасында олардың жақсы бейнесі сақталған, соны бала кезімнен бері естіп өстім деді де, негізгі тақырып Мысырға қарай аунап кетті... хабар аяқталды...
***
Енді соған өзіміздің тараптан бір-екі ауыз пікір.
Қазақта 600 батырлық жыр (М.Ғабдуллин есебінше) бар десек, соның бәрі тек ғана жалаң қылыш ұстап жауға шапқан батыр десек қателесеміз. Сол қалың батырды ұйыстыратын, ұйымдастыратын хандардың бейнесі тек ғана жағымсыз болып қалуы мүмкін емес. Әрине, қылыш ұстай алмайтын тоғышар хандар болса, олар өз алдына.
1. Қазақта хандар туралы тарихи жырлар, эпостар (жағымды образдағы) бар, бар болғанда қандай. Қараңыз:
- «Батыр жәнібектің өлеңі» деп аталатын тарихи жыр Керейден кейін ел басқарған Жәнібек ханның жас кездегі ерлік істерін жырлаған. Әрине бұл жыр ұзақ жыл «совет түрмесінде» жатып, 2009 (Бабалар сөзі 56 том) жылы ғана баспа бетін көреді.
- «Еңсегей бойлы ер Есім», «Есім хан» қатарлы жырларды кезінде М.Әуезов пен Ә. Марғұлан және басқа ғалымдар құндылығын атап өткен, бірақ бұл да совет кезінде «Ханды дәріптеуден» қорқатыны үшін ұзақ жыл архивте шаң басып жатқан.
- 1920 жылы Ә.Диваевтың қатысуымен болған Жетісу экспедициясы материалдарының есебінде «Шыңғыс хан туралы аңыз», «Қалдан хан мен Абылай» қатарлы дүниелер болған.
- «Қырымның қырық батыры» жырындағы Едіге, оның ұлы Нұрадын, Мұса хан дегендердің барлығы хандар (Әлдебір кезде Едіге би аталғанымен, бәрібір ол Ноғай ордасының негізін қалаушы билеуші адам).
- Арғы тарих туралы айтсақ, 1952 жылы Мұхтар Әуезов Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөк туралы тасқа түскен мәтіндерді сол заманғы эпостың үлгісі деп қарауға болатынын айтқан.
- Ал енді «Абылай», «Кенесары» туралы тарихи жырлардың көп екендігі белгілі, сол дәуірдегі қалың батырларға арналған жырлардың ішінде Абылай, Кенесары, және тағы басқа хандар болсын, бір ғана мүддеге ұйысқан солардың барлығы жағымсыз бейнеде сомдалды дей алмайсың. Оларды «жағымсыз ғып бітірген» совет үкіметі кезінде идеялогиялық жүйе.
2. Бұл арада тарихи жыр мен эпос жанрының мән-мағынасына көңіл бөлу керек. Не нәрсе эпос болады, ол қалай? Фольклордағы тұтастану құбылысын, оның сюжеттік, ғұмырнамалық, шежірелік, тарихи т.б сипаттарын түсіну керек. Не үшін елді жаудан құтқаратын батыр көп жырланады, ең маңыздысы не? Өйткені фольклордың өмірді бейнелеу ұстанымы объективті емес, көп жағдайда субъективті және нормативті. Кейіпкер бейнесі идеалды типтік бейнеде болмақ. Шығу тегі тұрғысынан тайпалық эпос - «Алпамыс батыр» жыры күні кеше 15-16 ғасырда қалыптасып үлгерді десек қате, оның құрамында осыдан 2500 жыл бұрын жырланған «Одиссеядағы» сюжетке дейін кірігіп кеткен тұстар бар. Оның ең алғашқы нұсқасы батырлық ертегі түрінде 6-8 ғасырда Алтайда пайда болған. Одан бері толығып, молығып, Алтай мен Анадолының арасында мыңдаған жылдар әр дәуірдің сұранысына сай жетіліп отырды. Ал енді, күні кеше өткен хандар туралы эпос қалыптасып үлгеру үшін қандай тарихи шарттар керек екенін ойлаңыз.
3. Енді хандарды әлпештеп, мәпелеп қана отырған ел болдық десек ол да қате, жаңсақ болады. Хандардың бұлғақ, бүлік бастап, бірінің басын бірі жұтатыны да жасырын емес. Асанқайғыдан бастап, Бұқарға дейінгі жыраулар жырындағы көңіл-күйді, оппозициялық іс-қимылдарды айтсақ да жетер. Ол тұрғыдан айтсақ сөз ұзаққа кетер.
Түйін: Қазақ фольклорында (оның қаншама жанрын ескеріңіз) хандар өзінің жағымды бейнесімен де сақталған. Тарихи тұлғасын байыптау керек және фольклор ғылымының заңдылықтары бойынша үңілу қажет.
Ерқаған Еркін