Бүгін – Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алатын азалы күн. Халыққа қарсы жасалған геноцид құрбандарын еске алу күні күнтізбеге басылып, ресми түрде аталып келе жатқанына биыл 27 жыл.
ХХ ғасыр нәубет-зұлматтарын саралап, қуғын-сүргін құрбандарын ғылыми-зерттеу жұмыстарымен тұрақты айналысып, Алаш арыстары мен олардың еңбектері туралы жазып жүрген алаштанушы, жазушы Елдос ТОҚТАРБАЙМЕН сұхбаттасудың сәті түсті.
Қазақ қалай қырыла бастады?
–Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық нәубеті туралы айтар болсақ, бұл тақырып бір сұхбатқа сыймайды. Зерттеу жұмыстарыңыздың нәтижесін әлеуметтік желідегі парақшаңызда, БАҚ-та мақала етіп жарыққа шығарып жүрсіз. Кейінгі кездегі ғылыми зерттеу еңбектердің ерекшелігі неде? Сұхбатымызды содан бастасақ...
–Қазіргі уақытта не жазып жүрсіз деп отырсыз ғой, сол жоғалған, өртелген мұраны іздеу, түгендеу жұмысы жалғасып келеді. «Өткелде ат ауыстырмайды» демекші, тақырып ауыстырып, біресе анаған, біресе мынаған қызығар жастан өттік қой. Алашты тану, зерттеу деген жолға түскелі түрме, эмиграция тақырыбын зерттеп келемін. Бұл тақырып аясында айтарым да, жазарым да өте көп. Бұған ғұмыр жете ме, жетпей ме, білмеймін, себебі ауқымы өте үлкен, күрделі әрі сыры да, жұмбағы да мол қиын тақырып. «Түрме» эпопеясын жазуыма түрткі болар. Болашақта осы тақырыпты кеңейтіп, қазақ әдебиетіндегі түрме әдебиетін түркі халықтары әдебиеті негізінде салыстыра байланыстырып, зерттей алсақ, оның көлемді антологиялық жинағын дайындап, сөздігін шығарсақ, үлкен жұмыс болар еді.
–Алаш арыстарын «жасырын ұйым құрды», «шетелдің тыншысы» т.с.с. басқа да жаламен қуғын-сүргінге ұшырату қай кезде басталды? Қуғынға ұшыраған алғашқы Алаш арысы кім?
–Совет үкіметі орнаған күннен бастап ел мүддесін ұстаған азаматтардың соңына шам ұстап түсті. Сондықтан саяси қуғын-сүргіннің хронологиясын толық жасауымыз керек. Сонда ғана қазақ қалай қырыла бастады деген үлкен сұрақтың нақты жауабын бере аламыз. Ал бұл оңай шаруа емес. Бұ ретте атқарылар шаруа шаш етектен. Бұл жұмысқа тек тарихшы, әдебиетшілерден құралған алаштанушылар ғана емес, археолог, антрополог, заңгер, психолог, генетик т.с.с. ғалымдардың пәнаралық байланыс негізінде жұмыс істеп, ортақ қорытынды шығарғанғаны абзалырақ. Ал бұл шаруаға Үкімет мемлекеттік бюджетпен арнайы ғылыми жоба даярлап орындатуы тиіс.
Алғаш болып қуғын-сүргінге ұшырап кеткен Алаш арысы – Жүсіпбек Аймауытұлы. Ол – Алаш қайраткерлерінің ішінде ең білімді, шет елдік интеллигенциямен қарым-қатынаста болып, хат алмасқан зиялы еді. Полиглот, әлеуетті еді. Сондықтан алғашқылардың бірі болып атылды. Одан кейін шетелде білім алған, Алманияны көрген, сол уақытта қазақтың үлкен азаматтары ретінде танылған Ғазымбек Бірімжан бастаған зиялылар тұзаққа түсті. Мәскеудегі Ваганька қорымында әйгілі аудармашы, Алаш қайраткері Ахметсафа Жүсіпұлы, Дәмолла Битілеуұлы, Халел Ғаббасұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Дінмұхамед Әділұлы, Хайреддин Болғанбай, Әбдірахман Мұғайтпасұлы сынды мықты жігіттер жерленген.
«Шетел тыншысы» деген айыппен соттау ісі 1937-1938 жылдарда ғана емес, тіпті 1951-1953 жылдарға дейін жалғасқан-тын.
Зұлматты ашаршылықтың портреті
–Біздегі тағы бір маңызды мәселе – ашаршылық. Әлі күнге дейін жабық тақырып болып тұр. 1932-1933 жылдардағы қазақтың басына түскен ұлттық апаттың шындығы неге әлі ашылмай келеді?
–Ашаршылықтан қайтыс болған адамдардың санын нақты көрсету мүмкін емес. Өйткені, ол уақытта қайтыс болғандарды тізімге алып, ресми жерлеп жатпады. Бұл – шынымен, ұлттық апат, ұлттық трагедия. Мәселен, ХХ ғасырдың басында қазақ ұлты 8 миллион шамасында болса, репрессия, саяси қуғын мен ашаршылық салдарынан кейінгі санақта (1949 жылғы санақ, бұған ІІ Жиһан соғысына қатысқан қазақты және бас сауғалап шет ел асып кеткен ағайынды қосыңыз) қазақтың саны 1 миллионға жетпей қалуының өзі үлкен шығын екенін көрсетеді. Жалпы, нақты сан айтылуы үшін өте ауқымды әрі кешенді зерттеу жүргізілуі қажет.
Біріншіден, ашаршылық тек қана 1932-1933 жылдарды ғана қамтымайды. Жалпы ашаршылықтың бірнеше кезеңі бар. Көп зерттеушілер сол кезеңдердің ішінде тек қана отызыншы жылдардағы нәубетті ғана айтады. Жалпы, XX ғасырдағы ашаршылық зауалы 1919-1922 жылдар аралығын қамтиды. Осы жылдары аштық кезінде 1,5 млн жуық адам шығыны болды. Ол көбінесе елдің оңтүстік аймақтарын қамтыды, нақ осы және басқа да деңгейде Қазақстанның барлық тұрғыны зардап шекті.
Ашаршылықтың келесі кезеңі – отызыншы жылдардағы аштық, яғни Ф. Голощекиннің «Кіші қазан» саясаты. Әртүрлі мәліметтер бойынша, 1930 жылдарда 1,5 млн-нан – 2,5 млн. адамға дейін ашаршылыққа ұрынған. Сіз айтып отырған нәубет – осы. Одан кейінде соғыстан кейінгі ашаршылық көп айтылмай, зерттелмей жүр. Жалпы, айналдырған 10-15 жылдың ішінде 5 миллионға жуық адам ашаршылыққа ұшырап, аман қалғандары босып кетті. Тарихшы ғалым Талас Омарбекұлының зерттеуінше: «1930 жылы ауылдағы қазақтар саны 5 млн 873 мың деп көрсетілсе, қалада 732 мың қазақ тұратыны анықталған. 1932 жылы ауыл халқының саны 2 млн 493 мыңға дейін кеміп кеткен. Яғни, шамамен 3 млн 379 мың адам қырылған болып шығады. Ал енді «жоқ, сонша қырылуы мүмкін емес, көбі қалаға көшті» деген күмән тумас үшін сол тұстағы қала халқын санасақ, ол 1 млн 218 мыңды құраған. Қаперде ұстайтын бір жайт, ауылдан қалаға ағылған, не жұмысы, не баспанасы жоқ босқын қазақтарды ешкім еш жерге тіркемеген» деген дерек білдіреді. Сондықтан да бұл кезеңді бүгінгі буын десоветизацияланған көзқараспен қарап, тарихшы, демограф ғалымдар мұрағат құжаттары негізінде әділ бағасын беруі қажет.
–Саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы зерттеліп жүр. Аштық құрбандарына қатысты нақты ақпарат жоқ. Қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың тіпті, депортацияға ұшыраған адамдардың тізімі бар. Ал ашаршылыққа ұшыраған адамдардың санын ғана білеміз...
–Ойыңызды түсіндім.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Тәні саудың – жаны сау» атты мақаласында жаға ұстатарлық оқиғаны баяндайды: «...Өткен қыста аштық болды. Ашыққан адам бірінің етін бірі жеді. Өліктің етін жегені былай тұрсын, өлмеген тірі адамдарды малша ұрлап, малша сойып жеді. Қалаларда түн болса, көшеде жүруге болмады. Мезгілсіз уақытта көшеде жүрген адамдарды жылқы сияқтандырып бұғалық салып, буындырып ұстап, сойып жейтін болды. Анасы баласының етін жеуге жетті... Аштықтан адамның тәні азып еді, жаны да азып, ес кетіп, адамгершілік жоғалып, адам хайуаннан да жаман болып кетті...» деп жазады. Міне, зұлматты ашаршылықтың портреті. Ахаңнан асып бұл нәубетті баяндай алмаспыз. Десек те, ашаршылықтың қалай басталды? Қанша адам апат болды? Қаншасы босып кетті? Осы сұрақтарға мұрағат құжаттары негізінде жауап беру аса маңызды әрекет болып тұр.
–Күнтізбеге қарасақ, биыл біртуар арыстардың мерейтойы. Солардың бірі – Ілияс Жансүгіров. Ол туралы 2011-2012 жылдан бері тұрақты жазып, ілиястану ғылымымен айналысып жүрсіз. Ақынның 130 жылдығына орай қандай жұмыстар атқару жоспарда бар?
–Иә, Ілияс Жансүгірұлы жаныма жақын қазақ ақындарының бірі. Абайдан кейін қазақ әдебиетіне өзгеріс әкелген, қазақ поэзиясын түр жағынан, жанр мен стиль жағынан байытқан модернист ақын. Ілияс Жансүгірұлының 130 жылдық мерейтойы аясында ақынның құрметіне орай «Ілияс Жансүгірұлы. Бұрын жарияланбаған шығармалары» кітабын дайындадық. Сонымен қатар, «Ілияс» деген ғұмырбаяндық хикаят жаздым. Мұның бәрі Ілияс Жансүгірұлының мерейтойына тартуым болады. Жалпы ілиястану мәселесіне жаңаша көзқараспен қарадым деп ойлаймын. Оқырман, әдеби қауым, ғылыми жұртшылық қолына кітабымыз күзде түсуі тиіс, оқып, бағасын бере жатар.
Архивтегі шындық
–15 жылға жуық архив ісімен айналысып жүрсіз. Осы аралықта Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты бірнеше мемлекеттің архив, кітапхана қорымен тығыз байланыстасыз. Архивтегі деректердің бәрін тарихи шындыққа жатқыза аламыз ба? Зерттеу кезінде Алаш арыстарының өміріне қатысты бір-біріне қарама-қайшы келетін деректер кездесті ме?
–ХХ ғасыр басындағы құжаттарды зерттеу үшін, сол кезеңдегі саяси-әлеуметтік, қоғамдық, экономикалық жағдайлармен тығыз байланысты екенін түсіну керек. Әрине, архивтегі деректердің бәрін тарихи шындыққа жатқыза аламыз. Бірақ оларды тану кезінде және оларға лайықты баға беру кезінде біз түрлі еңбектермен танысуымыз тиіс. Архивке 15 жылға өмірімді арнап, жұмыс істеп келе жатырмын. Бірақ толық бітірдім, шегіне жеттім деп айта алмаймын. Өйткені, бір құжаттың келесі бір нұсқасы болуы мүмкін. Архивтегі бір құжатқа бола, шешім шығарып, айту үлкен тәуекелді қажет етеді. Оны объективті түрде жан-жақты зерттеп, салыстыру керек. Сол уақытта жазылған естеліктер немесе қолжазбалар негізінде салыстырып, бағалау қажет деп ойлаймын. Бір сөзбен айтқанда, өзімнің біраз жылдан бері жинаған құжаттарымның негізінде архивтік материалдар жинағын даярлап, ғылыми түсінігі мен сипаттамасын, хронологиялық шолуын жазып, баспаға ұсынғалы жатырмын. Сол еңбекте осы аталған мәселеге кеңінен тоқталдым.
12 мыңнан аса азаматтың есім-сойы белгісіз
–Бір сұхбатыңызда «25 мыңға жуық зиялы қауым өкілдері жазықсыз атылып кетті» деп нақты санын атап көрсетіпсіз. Зерттей келе, бұл санның әлі де өсуі мүмкін бе?
–Иә, біз 1951 жылға дейін жазылған деректер негізінде қарап отырмыз. Осы тақырыптың өзін анықтай алсақ, осының ішіндегі тұлғалар кім академиялық бағытта, кім қайраткер болды, т.б. жеке-жеке саралайтын болсақ, тізім де нақтылана түсетін еді. Өйткені, Алаш қозғалысының бастауында тұрған 1905 жылы 22 маусымда өткен «Қарқаралы» құзырхатының өзіне 12 747 адам қол қойған. Ал бұл 12 747 адам көлденең көк аттылар емес, оқыған, тоқыған ел азаматтары еді. Бүгінгі күнге дейін құзырхатқа кімдердің нақты қол қойғаны, 12 мыңнан аса азаматтардың есім-сойы белгісіз. Бұл – бір ғана мысал.
Екіншіден, тәуелсіздік алғаннан бері ашыла қоймаған кейбір «құпия» істер енді ғана ашылып жатыр. Мемлекеттік комиссия құрылып, атылған, сотталған, қудаланған қайраткерлерді ақтап, есімдерін анықтап жатыр. Демек, бұл көрсеткіш артпаса, кемімейтіні анық... Біздің мақсат та осы. Есімі көпшілікке беймәлім тұлғаларды таныту, зерттеу. Бұл бүгінгі тәуелсіздігіміз үшін жазықсыздан-жазықсыз атылған тұлғаларға деген азаматтық парызымыз деп санаймын.
Ең өкініштісі, 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деген атаулы күннің ешқандай идеологиялық салмағы болмай тұр. Жалпыұлттық Аза тұту күні деңгейіне көтере алмадық. Қуғын-сүргін ұрпағы ретінде һәм ұлтшыл азамат, алаштанушы есебінде соған налимын.
–Былтыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия жұмысын қорытындылады. Репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттеуде бұл комиссияның көмегі болды ма?
–Комиссияның жұмысы өте пайдалы болды. Біз соның нәтижесінде көптеген зерттеуге жаңа материалдар мен деректермен танысуға қол жеткіздік. Десе де, бұл комиссия жұмысын әрі қарай жалғастыруы керек еді. Біз тек 1950 жылға дейін қуғын көрген немесе депортацияланған, зорлықпен қуғын-сүргінге ұшырағандарды зерттедік. Одан кейін де советтік биліктің қуғын-сүргіні жалғасты емес пе?! Бұл тақырыпқа біз түбі қайта оралатын боламыз. Сондықтан комиссияның жұмысы жалғасуы тиіс деген ойдамын.
Тарихты танытудың заманауи үлгісі
–Қазір қазақ кинематографиясы зиялылар туралы фильмдермен толығуда. «Міржақып. Оян, қазақ!», жақында Ахмет Байтұрсынұлы туралы «Соңғы үкім» фильмі көрерменге жол тартты. Қандай баға бересіз?
– Иә, дұрыс айтасыз. Кейінгі онжылдыққа дейін алашты тану тек қана ғылыми монографиялар мен тұлғалардың өмірі мен шығармашылығынан құрастырылған еңбектерден, конференциялар мен еске алу жиындарынан әрі аспай, алаш тұлғаларына арналған бірді-екілі фильм, сериалдар ғана жарық көргені баршамызға мәлім. Ал десоветизацияланған өркениетті елдер бұл кезеңнен өтіп, жас ұрпаққа тарихты танытудың заманауи үлгілерін көрсетіп жатыр. Әрине, ауызды құрғақ шөппен сүртуге болмас. Өйткені, қалай десек те бұл саланың жаңа тынысы енді ғана ашылып келеді. Жас ұрпақ алаш қайраткерлерінің бейнесін, есім-сойын, өмірін енді ғана танып келеді. Мұны былай қойғанда тарихи-танымдық деректерге толы деректі фильмдер мен өзіңіз айтып өткен кинематография саласында туындылар енді ғана лек-легімен түсіріліп жатыр. Сондықтан да бүгінгі көзқарас, бүгінгі арын, бүгінгі жаңа тыныспен келешекте алаш тарихы кеңінен насихаттала түседі деп ойлаймын. Бұл – бір.
Екіншіден, сіз атаған фильмдер жарыққа шыққанда мен әлеуметтік желіде өз пікірімді сол кезде-ақ білдіргенмін. Және сол пікірімде қаламын. Мәселен, «Міржақып. Оян, қазақ» алғаш сериал болып түсірілді. Сериалға ғылыми редакторлық еткен Ұшқын Сәйдірахманұлы өмірін алашты тану, зерттеу саласына арнап келе жатқан алаштанушы-ғалым, ескі қолжазбалар мен кітап, мерзімді баспасөз тарихын жіті зерттеуші текстолог. Ол ұлттық бұлқыныс жылдарының хронологиясын, қыр-сырын, құпиясын өте жақсы білетін маман. Бұл сериалға алаштанушы досым Ұшқын Сәйдірахманұлы ғылыми редакторы, сценарист болса, жұртшылыққа ақын, жазушы ретінде танылған кинодраматург Ұларбек Нұрғалымның (ҚР еңбек Ері, жазушы, кинодраматург Әкім Таразидың сыныбын бітірген) тілі – нағыз қазақы тіл екенін бұрыннан білеміз. Ал киноның режиссері білікті маман Мұрат Есжан. Енді өзіңіз бағамдаңызшы, дәл осындай алашшыл азаматтардан сапасыз кино түсірілуі мүмкін бе?! Жоқ, әрине. Мүмкін емес. Сөз жоқ, «Міржақып. Оян, Қазақ!» көпсериялы көркем фильмі – қазақ кино өнерінің зор табысы. Сөзімнің басын бірден осылай бастаған себебім – фильм өте сәтті шыққан. Кинотанушы қауым жерімізге түсті демесін, тек алаштану тұрғысынан өз ойымды ортаға салайын.
Кез келген фильм үшін тақырып мазмұнын аша алу маңызды десек, бұл фильмнің бас қаһарманы – Міржақып Дулатұлымен оның ұлт-азаттық жолындағы қарулас-майдандас серіктерінің «тар жол, тайғақ кешулі» тағдыры, қиян-кескі өмір жолы, асқақ та рухты образдары өте сәтті ашылған.
Фильмнің екінші бір кереметі – сол қазақ тілінің байлығы мен әуезін, әуенін әп-әдемі үйлестірген. Міржақыптың ағаларымен я болмаса інілерімен сөйлескен диалогын тыңдасаңыз, жан-дүниең рахаттанады. Қазақ тілінің қандай әдемі тіл екеніне еріксіз таңданасың. Міржақыптың сәйгүлігі Алагөзімен сөйлескен соңғы диалогы, кейуананың Ағыбай батырдан қалған қылыштан айырылған және қайтадан табысқан сәттегі сөздер. Жақаңның періште-сәбиі – Абылайдың Алаш туы құлаған шақта шетінеуі, сондағы дегдар ердің монологындағы сөз қандай!
Ал жуырда премьерасы болған алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының өміріне негізделген «Соңғы үкім» фильмі туралы пікіріміз алабөтен. Неге? Өйткені бұл фильм – тарихыңды танытатын туынды.
Иә, фильмінің жабық көрсетілімін көрген соң, жақын достарыммен тағы да барып көруге тура келді. Бірден айтайын – фильм интеллектуалдық деңгейде түсірілген. Тарихи дәлдікпен бір тұлғаның өмірі арқылы ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ қоғамын, Ресей бодандығы астындағы түрік қоғамының тағдырын, рухани күресін жан-жақты ашуға тырысқан. Бұл фильм түсіріліп жатқанда бас кейіпкер рөліне бекітілген Азамат Сатыбалды менімен әлденеше рет кездесіп, Ахаңның болмыс-мінезі турасында кеңес алып, сөйлескен. Содан болар, Азекең өзіне тапсырылған рөлді қалай алып шықты екен деген күдік аралас ойым болғанын жасырып қайтейін. Жоқ, Азекем фильм ә деп басталғаннан күдігімді сейілтіп, үмітімді арттырды. Ұлт ұстазының рөлін асқан жауапкершілікпен ойнағанын сездім. Аманат жүгін сезінгені түр-әлпетінен анық та қанық байқалады. Ахаңның мінезін, күрделі тағдырын парасаттылықпен ашқанын мойындауға тура келеді. Бәрекелді! Интеллектуалдық фильмде Алаш арыстарын ХХ ғасыр басындағы еуропа зиялыларынан бір мысқал кем көрсетпеген. Киген киімі, жүріс-тұрысы бәрі сендіріп, өзіне еліктіреді. Бұл ретте грим шебері – Жазира Әбілқайыр ханымға айрықша алғыс айтқым келеді. Қолы тиген жерді гүл қылады-ау, гүл қылады. Алла ол кісіге разы болсын! Өзіме ерекше әсер еткен эпизод – қарт Ақаң Әлихан ғұмырының қалай қиылғанын естуі. Тағдыр сынағынан мүжілмеген ЕР тергеушінің жағасынан алып, бір-ақ құлатады. «Ер екеніңді білейін, қазір ат», «Қайран, Әлекем!» деуі жан-дүниеңді опырып түседі. Әлихан рөліндегі актер де өте сәтті таңдалыпты. Актер Әлиханның мысын, сұсын, мінезін жеткізуге барын салғанын байқадым. Мен үшін жаңа есім – Айдар Наурызбай.
Сондықтан да ұлт тарихын шынайы тану – кембағал санаңды оятады, рухыңды асқақтатады, ұлттық намысыңды жаниды. Ахаң сынды ғұмырын ұлтына бағыштаған тұлға туралы киноны көру – барша қазақ баласына парыз. Отбасыңмен көр, ұлттық апатты сезін, асқақ ерлердің өмірін балаңа үлгі-өнеге қыл дегім келеді. Мұндай фильмдер үшін қуануымыз керек.
–Әңгімеңізге көп рахмет!