Әлихан Бөкейхановтың басты ұстанымы: «Жерсіз Отан жоқ».
Бүгін «Алашорда» автономиялық үкіметінің төрағасы болып, ел болашағы үшін еңбек етіп, репрессия құрбаны болған Әлихан Бөкейхановтың туғанына 157 жыл толып отыр, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz
Алаш арысы Әлихан Бөкейханов 1870 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында (бұрынғы Семей облысындағы Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысы) дүниеге келген. Әкесі Нұрмұхамед Әлиханды тоғыз жасында молдаға оқуға беріп, зерек бала кейін мектепте білім алады. Бұдан соң Қарқаралы қаласының үш жылдық училищесіне түсіп, үздік бітіріп шығады. 16 жасында Әлихан Омбының техникалық училищесіне түседі. Жиырма жасында Дала генерал губернатор кеңсесінің ұсыныс хаты мен қазақ қауымдастығының шәкіртақысына ие болған ол Санкт-Петербургтегі Орман шаруашылығы институтына түскен. Сабақпен қатар, саяси, әдеби, экономикалық үйірмелерге атсалысып, студенттік шерулерге қатысқан. Әлихан сол кезден бастап өзін саяси тұлға ретінде қалыптастыра бастаған.
Ұлт көсемі халықты езгіге салған империяны саяси тұрғыда реформалап, федеративтік демократиялы мемлекетке айналдыруды көздеді. Осылайша, қазақтың әуелі өзін-өзі билеп, кейін толық тәуелсіздікке қол жеткізуіне болады деп есептеді.
Ә.Бөкейхановтың басты ұстанымы: «Жерсіз Отан жоқ. Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді және жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек».
Әлихан Бөкейханов пен оның сенімді серіктерінің бастамасымен «Қазақ» газеті ашылды, «Алаш» партиясы, кейін Алаш Үкіметі құрылды. Автономия ретінде күш-қуатын бекіте түскен ел зиялылары Алаш әскері жасақталды. Әлихан Бөкейханов миллиондаған қазақты «Алаш» идеясының төңірегіне топтастыра білген тұлға. ХХ ғасырдың басынан бастап Алашорда үкіметі тарағанға дейін ол ұлт мүддесі жолындағы күрестің бел ортасында жүрді.
Бар саналы ғұмырын құлдық қамытын киіп, Ресей патшасына кіріптар болған қазақ даласын азат етуге арнады. Көзі ашық, көкірегі ояу қазақ зиялыларының басын ортақ мүдде жолында біріктіріп, есімі қазақ тарихына алтын әріппен жазылды. 1937 жылы 27 қыркүйекте Әлихан Бөкейханов тұтқындалып, жала жабылып, 71 жасында Мәскеуде ату жазасына кесілді.