Мемлекет басшысының Алматыны «жасыл қала» ретінде қайта жаңғырту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында мегаполисті ауқымды көгалдандыру бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды aqshamnews.kz
Негізгі бастамалардың бірі – 2022 жылы бекітілген «Жасыл Алматы» жол картасы. Бағдарламаның басты мақсаты – 2030 жылға дейін 2,5 млн жасыл желек отырғызу. Жыл сайын 320 мың ағаш пен бұта отырғызу көзделген.
2030 жылға дейін шамамен 1,3 млн ағаш отырғызылады.
Бас жоспарға сәйкес, 2030 жылға қарай жасыл аймақтардың жалпы ауданы шамамен үш есеге - 1,3 мың гектардан 3,3 мың гектарға дейін ұлғаяды, ал 2040 жылға қарай ол 3840 гектарға жетеді.
Экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасы біздің агенттікке Алматының «бақ қала» мәртебесін қалпына келтіру бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы айтып берді.
– Мемлекет басшысының 2030 жылға қарай 2,5 миллион жасыл желек отырғызу арқылы жаңа демалыс аймақтарын құру тапсырмасына сәйкес, сондай-ақ бекітілген «Жасыл Алматы» жол картасы аясында қалада жыл сайын 320 мың түп ағаш отырғызу жоспарда. 2026 жылға қарай 1,2 млн астам, 2030 жылға қарай 1,3 млн-ға жуық ағаш отырғызылады. Соңғы үш жылда мегаполис аумағында 1 млн-нан астам ағаш отырғызылды. «Алматы – бақ қала» акциясы аясында жеміс ағаштарын, оның ішінде алма мен өрік ағаштарын жаппай отырғызу жұмыстары жүргізілді, – деп хабарлады басқармадан.
Жасыл желек негізінен өзен арналары, су қоймалары, тас жол бойына және басқа да қоғамдық жерлерге отырғызылады. Жылу электр орталығының санитарлық-қорғау аймағы, «Батыс» зираты және Алматының солтүстік-батыс бөлігіндегі өндірістік аймақ сияқты қаланың ең ластанған аумақтарын көгалдандыруға ерекше назар аударылып жатыр.
– 2025 жылы тағы 320 мың жасыл желек отырғызу жоспарланса, оның 30 мыңға жуығы көктемде, қалған 290 мыңы күзде отырғызылады. Алдағы көшет егу кезінде биіктігі 4-6 метр болатын 17 мың ірі көшет отырғызылады. Бұл ағаштар қаланың негізгі аумақтарына, соның ішінде негізгі көлік магистрлаьдарына, демалыс орындарына, саябақтар мен аулаларға орналастырылады. Бұл қаланың көркін жақсартуға және Алматы тұрғындары мен қонақтарына жайлы жағдай жасауға септігін тигізеді, – деп атап өтті ведомстводан.
Алматыда қауіпті, шіріген және ескі жасыл желектерді уақытылы жою және анықтау жүйелі түрде жүргізіліп отырады. Алдағы бес жылда 84 мыңнан астам қауіпті ағашты кесіп, жас көшеттерге ауыстыру жоспарда. 2022-2023 жылдары қала тұрғындары мен олардың мүлкінің қауіпсіздігі үшін 22 мыңға жуық ағаш кесіліп, орнына 220 мың жаңа көшет отырғызылды. 2024 жылы аудан әкімдіктері 16 мыңнан астам қоршаған ортаға қауіп тудырып тұрған бұтаны алып тастады. 2025 жылы да осы бағыттағы жұмыстар жалғасады.
Сонымен қатар, экология басқармасы қаланың аула аумақтарының жасыл қорын ұлғайтуға бағытталған көктемгі және күзгі кезеңдерде «Жасыл аула» акциясын жалғастырады.«Жасыл аула» акциясы аясында тұрғындарға көктем, күз айларында тегін көшет таратылады. Науқан барысында көпқабатты үйлердің ауласы мен қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыруға ниетті әрбір алматылық шаған, үйеңкі, шегіршін, қайыңның көшеттерін тегін ала алады.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда 2030 жылға дейін 2,5 миллион ағаш отырғызу керектігін айтқан болатын. Ең бастысы, абаттандыру жұмыстары суармалы судың қолжетімділігі мен қала жоспарын ескере отырып, мазмұнды әрі біркелкі жүргізілуі керек.
Алматыда 136 саябақ бар. Олардың қатарын көбейтіп, абаттандыру жұмыстарын жоспарлы түрде жүргізу керек.