15 қазанда Польшада Парламент сайлауы өтеді. Онда Польшаның Ұлттық Жиналысының 560 депутаты сайланады. Оның ішінде 460 депутат Парламенттің төменгі палатасы Сеймге, ал 100 депутат жоғарғы палата Сенатқа сайланбақ. Қазір саяси бәйгенің ең қызған тұсы. Әсіресе, Сеймге сайлау маңызды. Билеуші партия атануға «Заң және әділдік» және «Азаматтық платформа» әрекет етуде. «Заң және әділдік» партиясы 2015 жылдан бергі билігін ешкімге бергісі жоқ. Билік Еуропадағы геосаяси шиеленістен туындаған миграциялық дағдарысты негізгі саяси технология ретінде пайдаланып отыр. Осыдан бұл олардың жеке мүддесі ме, әлде ұлттық мүдде ме деген сұрақ туады...
МИГРАЦИЯЛЫҚ ДАҒДАРЫС
Польшада соңғы 1 жылда күрделі саяси жағдай байқалады. Еуропадағы геосаяси шиеленіс пен биылғы саяси науқанның қатар келуін басты себеп деп атауға болады. Көршілес аймақта геосаяси жағдайдан соң Еуропада ішкі миграция көлемі артты. Бұл Польшаға да әсер етті. Өткен жылы еңбек мигранттарының саны 2021 жылмен салыстырғанда, 27%-ға өскен. Мұндай мәліметті елдің негізгі статистикалық басқармасы келтірген. Басқарманың мәліметіне сүйенсек, өткен жылы ресми түрде 1 млн-нан астам шетелдік азамат заңды жұмыс істеген.
Бұл жағдай билікті алаңдатары сөзсіз. Себебі, елде халықтың жалпы мигранттарға деген көзқарасы өзгерген. Польша 2004 жылдың 1 мамырынан бастап Еуропалық Одақтың толыққанды мүшесі атанды. Ал онда миграциялық үрдістерді реттейтін жекелеген заңнама бар. Бұл босқындарға да қатысты мәселе. 2011 жылы «Араб көктемі» деп аталатын араб елдеріндегі саяси дағдарыстар болды. Оның нәтижесінде босқындар саны артты. Олардың басым көпшілігі жайлы, қауіпсіз мекен іздеп Еуропа елдерін паналады. ЕО мүшесі ретінде Польша да босқындарды өз аумағына енгізуге тиіс еді. Уақыт өте келе польшалықтардың сырттан келетін мигранттарға көзқарасы өзгерген көрінеді.
ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ
Билеуші «Заң және әділдік» партиясы миграцияға деген халықтың көзқарасын биылғы сайлауда жеңіске жету үшін қолданып отыр. Ол үшін сыртқы саясатта батыл қадамдар жасауда. Бұл қадамдар кей жағдайда ЕО-тың мүддесіне де қайшы келеді.
Билеуші партия халықтың сырттай миграцияға көзқарасы өзгергенін біліп, парламентте сайлаумен бір уақытта бүкілхалықтық референдум өткізуді ұсынды. Референдумда 4 сұрақ болады:
- Шетелдік ұйымдарға мемлекеттік активтерді сатуды қолдайсыз ба?
- Ерлер мен әйелдердің зейнет жасын 67-ге ұзартуды қолдайсыз ба?
- Польша мен Беларусь шекарасындағы кедергіні алып тастауды қолдайсыз ба?
- Таяу Шығыс және Африкадан келетін мыңдаған заңсыз мигранттарды қабылдауды қолдайсыз ба?
Одан бөлек, былтыр Еуропада геосаяси жағдай шиеленіскен соң, бидай дауы пайда болды. Украина бидайды экспорттайтын ел ретінде Еуропаға көлік-логистикалық тұрғыдан тәуелді бола түсті. Ішкі Еуропаға экспорттың басым бөлігі Польша арқылы өтетін. Былтыр Украинадан келетін бидай көлемінің артып, Польша, Словакия және Мажарстанның шаруаларының өнімдерінің бағасы түсіп кетті. Тарыққан шаруалар наразы бола түсіп, билікке өздерін қорғау керек екенін айтып шағымдана бастады. Бұл наразылықтардан соң ЕО биыл 16 наурыздан 15 қыркүйекке дейін Украинадан келетін бидай импортына тыйым салуға мәжбүр болды. Бұл тыйымның ресми күші жойылғанымен, Польша билігі Украинаның бидайын өз аумағынан өткізуге асығар еме с. Себебі, алда парламент сайлауы. «Заң және әділдік» партиясына шаруалардың қолдауы қажет.
Осылайша билеуші партия ұлттық мүддені қорғауды сайлауалды бағдарлама ретінде алып отыр. Жоғарыдағы референдумда қойылатын 4 сұраққа халықтың басым көпшілігі өздері ойлағандай жауап беретініне сенеді. Мемлекеттік активтерді шетелдік ұйымдарға сатуды, зейнет жасын ұзартуды, екі ел арасындағы кедергілерді алуды және заңсыз мигранттарды қабылдауды халықтың қолдамайтыны сөзсіз. Қала берді, биліктің өз экономикасын протекционисттік жолмен қорғауы «Заң және әділдік» партиясына қосымша ұпай алып келмек. Мұның бәрі халықтың ұлтшылдық сезімін қолдануға негізделген саяси технологиялар. Олардың бұл әрекеттерін оппозициялық «Азаматтық платформа» сынға алуда.
ПАРЛАМЕНТ ҮСТЕМДІГІ
Польша парламенттік республика. Саяси жүйеде заң шығарушы органның орны ерекше. Парламенттік республикаға жету жолы оңай бола қойған жоқ.
Польшаның қазіргі заманғы тарихы 1918 жылдың 11 қарашасынан бастау алады. Сол жылы Польша республикасы құрылды. Араға жыл салып 20 ақпанда республиканың алғашқы конституциясы қабылданды. Құжатты «Кіші Конституция» деп те атайды. Онда елдің басқару формасы ретінде парламенттік республика танылды. Осы кезден бастап Польша парламентінің тарихы басталды.
Алайда, одан кейін сыртқы және ішкі саяси жағдайларға байланысты парламенттің ықпалы біресе төмендеп, біресе артып отырды. Оған президент лауазымын енгізу әсер етті. 1921 жылы Польшаның жаңа конституциясы қабылданып, президент лауазымы 1922 жылы енгізілді. Бұл заң шығарушы және атқарушы билік арасындағы шиеленіске алып келді. Президент пен атқарушы биліктің елдегі саяси ықпалының өсуіне Еуропадағы геосаяси қақтығыстардың әсері бар. Соңғы 1997 жылғы конституцияда мемлекет толық парламенттік басқаруға өтті.
«Аlmaty-akshamy», №117 (6410) 3 қазан, 2023 жыл