Баланың шашын кім алу керек немесе Бекболаттың тағы бір «қыры».
Бөбектің тырнақ-шашын алған Бекболат Тілеуханның әрекетін әлеуметтік желідегілер қызу талқылап жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz
Психолог, көп балалы ана Нұргүл Даубаева кенже ұлының қырқынан шығару рәсімін экс-депутат Бекболат Тілеухан мен оның әйеліне жасатқанын көрсетіп, инстаграм парақшасында видео жариялады.
Оқырманның көбі баланы қырқынан шығару ер адам араласатын іс емес екенін жазыпты.
«О заман да, бұ заман, еркек қырқынан шығарғанды бірінші рет көріп тұрмын. Еркек, ер адам қырқынан шығармайды ғой. Күннен-күнге неше түрліні шығарады. Бекболат жұмыс ауыстырған ба, бір күні әйелдерді босандырып жүрсе, таңғалмаймын. Салтты бекер бұрмаладың. Кіндік атасы дегені несі, неше түрліні шығарады. Қошеметке лайықты адам тапқан екенсіңдер», - деп жазған олар.
Бұл жағдайдан бұрын да желіде түрлі сөздерімен талқыға түсіп жүрген әншінің адресіне жазылған теріс пікір жеткілікті. Ал экс-депутатқа баласынын қырқынан шығаруды тапсырған писхолог ананың өзі: «Алланың бұйыртқаны, Алматыда Асанәлінің қырық күнге толған маңызды күнінде кіндік әке-кіндік анасы Бекболат ағамыз бен Кенже әпкем қарын шашын, тырнағын алып, бір үлкен іс атқарды», - деп жазыпты.
Сонымен, желідегі жамағат неге шулады? Баланы қырқынан кім шығару керек? Шілдеханаға әйелдер ғана жинала ма?
«Шақалақтың шашын, тырнағын алып, қырқынан шығару әйелдердің ісі емес пе еді? Әлде еркектер де нәрестенің шашын,тырнағын ала ма? Бұрын-соңды естімеппін де, көрмеппін де... біртүрлі екен...
Қазақта құрсақ той, бесік той, шілдехана, қырқынан шығару, бастаңғы сияқты біраз тойлар тек қатын-қалашқа тиесілі еді...» деп жазыпты ФБ бетінде Сәуле Әбілдаханқызы.
Осы сұрақтың жауабын этнограф Болат Бопайдан сұрап көрдік.
«Қазақ халқының ертеден келе жатқан баланы қырқынан шығару дәстүрі көбінесе әйелдердің қатысуымен өтеді, өйткені бұл рәсім аналар мен әжелердің жетекшілігінде жасалады. Дәстүр бойынша ер адамдар бұл рәсімге қатыспайды, өйткені бұл әйелдер арасындағы міндет деп саналады. Ер адамның қатысуы жаман ырым деп саналмайды, бірақ ол дәстүрге сай емес деп есептеледі. Алайда қазіргі заманда кейбір отбасылар бұл дәстүрді жаңашылдықпен өткізіп, ер адамдарды да қатыстырады.
Ал дәстүр бойынша, баланың тырнақ пен шашын алу рәсімін әйел адамдар атқарады. Бекболаттың баланың тырнағын немесе шашын алуы дәстүрге сай келмегенімен, қазіргі заманда бұл өзгеріп, отбасылар өз қалауынша өткізе алады. Дегенмен, кейбіреулер үшін бұл әлі де ерсі көрінуі мүмкін, себебі дәстүрге сай емес.
Қысқаша айтқанда, дәстүр бойынша ерсі деп саналғанымен, қазіргі заманғы көзқарастар бұл ережені жеңілдетуі мүмкін.
Иә, дәстүр бойынша азан шақырып, ат қоюды әдетте ер адамдар, әсіресе әкесі немесе ата-бабасы атқарады. Бұл жөнінде ешқандай ерсілік жоқ, себебі бұл дәстүрге сай әрекет. Бірақ баланы қырқынан шығару рәсімінде тырнақ пен шаш алу әдетте әйелдердің ісі деп саналады, сондықтан Бекболаттың мұндай әрекеті дәстүрге сай келмеуі мүмкін. Алайда әр отбасының өз дәстүрлері мен көзқарастары болуы мүмкін, сондықтан кейде мұндай жағдайлар қабылдануы да мүмкін», деді біздің тілшімізге пікірін жеткізген этнограф Болат Бопай.