1991 жылдың наурызында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Түркия Республикасының Президенті Тұрғыт Өзал елімізге ресми сапар жасады. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихында шетелдік мемлекет басшысы жасаған алғашқы ресми сапар болып қалды және аталған мемлекетпен жан-жақты ынтымақтастықтың негізін қалады.
Сол тұста мен басқарған Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігіне ресми сапарға байланысты ауқымды дайындық жұмыстарын жүргізу жүктелген-ді. Бұған дейін маған 1990 жылдың сәуірінде Алматыға Қазақстанмен тұңғыш рет ресми байланыс орнату үшін келген Түркияның КСРО-дағы елшісі Волкан Вуралмен кездесудің сәті түскен болатын.
1990 жылы желтоқсанда Түркияның Мәдениет министрі Намык Кемал Зейбек республикамызға сапар жасап, Қазақ КСР Үкіметі мен Түркия Республикасы Үкіметі арасында ниеттестік хаттамасына және Мәдениет істері бойынша Қазақ КСР Мемлекеттік комитеті мен Түркия Мәдениет министрлігі арасында Мәдени ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған болатын. Жыл сайын екіжақты ынтымақтастық негізінде Қазақстан мен Түркияда мәдениет және өнер күндерін өткізу, Алматы мен Анкарада екі елдің мәдени орталықтарын ашу, экономика және сауда, білім және ғылым, баспа ісі, туризм, радио және телевидение, байланыс және Алматы мен Ыстанбұл, Түркістан мен Байбурт қалалары арасында бауырластық қатынастар орнату туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Осыдан бірнеше ай бұрын шетелдегі мәдени және гуманитарлық байланыстарды жүзеге асыру бойынша республиканың министрліктері, ведомстволары, шығармашылық одақтары мен қоғамдық ұйымдарының қызметін үйлестіру үшін біздің Сыртқы істер министрлігінде мәдени және гуманитарлық ынтымақтастық бөлімі құрылды.
1991 жылдың 14 наурызында кешке Президент Тұрғыт Өзал жары Семра Өзалмен бірге Алматыға келді. Ресми делегация құрамында Сыртқы істер министрі А.Куртжебе Альптемочин, Мәдениет министрі Н.Кемал Зейбек, Түркияның КСРО-дағы елшісі В.Вурал жұбайымен бірге, Сыртқы істер министрінің орынбасары, Парламент мүшелері, Мұнай өнеркәсібі акционерлік қоғамының бас директоры, түрік радиосы және телевизиясының бас директоры, Президенттің кеңесшілері, қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері және өзге де бірге келген қонақтар болды. Түркия делегациясын КСРО-ның Түркиядағы елшісі А.Чернышев, КСРО Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері және аудармашылар алып жүрді.
Сол күні Н.Назарбаев пен Т.Өзал келіссөздер жүргізді. Келіссөздер барысында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени салада ынтымақтастық орнатуға және ынтымақтастықты кеңейтуге байланысты көптеген мәселе қаралды.
Президентіміз мәртебелі қонақты Қазақстанның экономикалық және табиғи әлеуетімен таныстырып, Қазақстанның нарықтық экономикаға көшуі жағдайында шетелдік инвестицияларды белсенді тарту және шетелдік тәжірибені қолдану, атап айтқанда түрік тәжірибесін пайдаланудың маңызын алға тартты. Т.Өзал Түркияның экономикалық және мәдени ынтымақтастықтың маңызды бірқатар бағыттары бойынша Қазақстанмен екіжақты өзара тиімді қатынастарды дамыту ниетін атап өтті.
Аталған әңгіме барысында жазылған және менде сақталған жазбаға сәйкес, мәртебелі мейман КСРО Президенті М.Горбачевпен келіссөздер барысында Қазақстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Украина және т.б республикалармен экономикалық ынтымақтастықты дамытуға ниетті Түркия үшін Кеңес Одағында реформалардың сәтті жүзеге асырылуы үлкен маңызға ие екенін мәлімдеді. Заманауи байланыс пен коммуникация саласында түрік технологияларын пайдалану басым бағыттардың бірі бола алатынына сенім білдірді.
Сондай-ақ екі тарап та машина жасау, жеңіл өнеркәсіп және металлургиядағы екінші шикізатты қайта өңдеу саласында кәсіпорын құру мүмкіншіліктеріне баса назар аударды. Түрік тарапы Алматы мен Ыстанбұл арасында әуе байланысын орнатуды ұсынды.
Мәдени байланыстарды кеңейтуге, шығармашылық интеллигенция арасында тұрақты кездесулер ұйымдастыруға, екіжақты мәдениет, әдебиет және өнер күндерін өткізуге, екі елде тұратын отандастармен тығыз байланыс орнатуға ерекше назар аударылды. Қазақстан басшысы әріптесіне «Қазақстан – Түркия» достық қоғамын құру туралы хабарлады. Сөз барысында Т.Өзал Н.Назарбаевты Түркияға ресми сапармен келуге шақырды. Бұл шақыру ризашылықпен қабылданып, ресми сапар 1991 жылдың 25-26 қыркүйегінде өтті.
Келесі күні, яғни 1991 жылдың 15 наурызында мәртебелі мейман 28 гвардияшылар-панфиловшылар атындағы саябақтағы Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қойып, Медеу спорт кешеніне барды. Дәл сол күні Достық үйінде екі Мемлекет басшысы «Қазақ КСР мен Түркия Республикасы арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге» қол қойды. Бұл Қазақстанның алғашқы халықаралық келісімі болды.
Онда жалпы мәдениеті, тілі, рухани мұрасы мен дәстүрлері біріктіретін халықтарымыз арасындағы саяси, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық, ақпараттық және т.б салалардағы ынтымақтастықты ұзақ мерзімді негізде одан әрі кеңейтуге және тереңдетуге деген ұмтылысы білдірілді. Құжат 11 баптан тұрады.
Мысалы, 3-бапта: «Тараптар қазақстандық және түрік кәсіпорындары мен фирмалары арасындағы тікелей байланыстарды, коммерциялық мәмілелерді дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасайды. Осы мақсатта Тараптар бір-біріне сауда жәрмеңкелерін, көрмелерін өткізуде, фирмалардың, ұйымдардың өкілдіктерін ашуда көмектеседі және делегациялардың өзара алмасуына, іскерлік байланыстардың дамуына ықпал етеді», делінген.
5-бапта: «Тараптар ең заманауи технологияларды қолдана отырып, Қазақстан мен Түркия арасында әуе байланысын орнатуға, радиохабарларын, теледидар және телефон байланысын дамытуға ықпал етеді», делінген.
9-бапта: «Тараптар екі республика арасында консулдық қатынастар орнатуға, сондай-ақ өзара негізде консулдық өкілдіктер ашуға ниеттерін білдірді. Тараптар Сыртқы істер министрліктері арасындағы екіжақты қатынастар және өзара мүдделі ірі халықаралық проблемалар бойынша тұрақты консультациялар өткізу туралы келісімге қол жеткізді», деп атап өтілген.
Президент Н.Назарбаевтың тапсырмасымен бұл Келісімнің жобасын мен жаздым. Үлгі боларлық келісімшарттар болмағандықтан, «КСРО СІМ хабаршысында» жарияланған КСРО-ның осындай халықаралық шарттарын зерделеуге тура келді.
Менде бар жазбаларға сәйкес Т.Өзалдың алдымен Мәскеуге барғанын атап өткен жөн, онда КСРО Президенті мен Түркия Президенті арасында «КСРО мен Түркия арасындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы келісімге», «Қосарлы салық салуды жою туралы келісімге», «Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісімге» қол қойылды. Содан кейін Украинаға барған сапарында екі республика арасындағы бірлескен Мәлімдемеге және «Мәдени ынтымақтастық туралы келісімге» қол қойылды.
Біздің ынтымақтастық туралы жан-жақты келісімге қол қою ниетіміз КСРО Сыртқы істер министрлігінің сол кездегі басшылығына жағымсыз әсер тудырып, оның өкілі біздің мұндай құқығымыз жоқтығын алға тартты. Өз кезегімде мен бұл Қазақ КСР Президентінің тапсырмасы екенін және «Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның» 14-бабына сәйкес біздің құқығымыз бар екенін мәлімдедім.
Республикалық министрлікте келісілгеннен кейін және жоғары басшылықтың мақұлдауынан кейін келісімнің мәтіні Мәскеудегі Түркия елшілігіне жіберілді. Бізге жауапты Алматыда аласыңдар деп уәде етілді. Түрік делегациясы келгеннен кейін келісімнің негізгі ережелерін қозғамайтын бірқатар ескерту алдық. 11-бап бойынша келісім тараптардың әрқайсысының заңнамасына сәйкес екі тараптың да ратификациялауына жататын.
Президенттер келісімге қол қойғаннан кейін, екі республиканың үкіметтері арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойылды (Қазақ КСР Сыртқы экономикалық байланыстар министрі С.Әбішев және Түркия Сыртқы істер министрі А.Куртжебе Альптемочин), сондай-ақ біздің бастамамыз бойынша Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігі мен Түркия Республикасы Сыртқы істер министрлігі арасында консультациялар туралы хаттамаға қол қойылды (Қазақ КСР сыртқы істер министрі А. Арыстанбекова және Түркия сыртқы істер министрі А.Куртжебе Альптемочин).
Соңғысында екіжақты қатынастардың жай-күйі және халықаралық өзекті проблемалар бойынша тұрақты консультациялар өткізуге, консулдық қатынастар құруға және өзара негізде консулдық өкілдіктер ашуға, мемлекеттік органдар, фирмалар мен компаниялар арасында тікелей байланыстарды дамытуға, қалалар арасында бауырлас қатынастарды дамытуға, ғылыми, мәдени, жастар және қоғамдық ұйымдардағы, спорт пен туризмді дамытуға жәрдемдесу ниеттерін білдірді.
Түркия Республикасымен ынтымақтастық туралы келісім 1991 жылы 18 маусымда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің IV сессиясында ратификацияланды. Менің жазбаларым бойынша бұл шешімді 268 депутат қолдады, екеуі қарсы болды, біреуі қалыс қалды, үшеуі дауыс бермеді.
Қазақ КСР Министрлер Кабинетінің атынан құжатты ратификациялауға ұсынған кезде сөйлеген сөзімде бұл келісім шет мемлекетпен жасалған алғашқы халықаралық шарт екенін және Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің 1990 жылдың 25 қазанында жарияланғанындай, Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігін растайтынын атап өттім. Республикамыздың тарихында бірінші рет халықаралық шарт Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің ратификациялауына ұсынылды.
Әрі қарай келісім баптарының негізгі мазмұны баяндалды, өзара келісімдерді жүзеге асырудың мысалдары келтірілді, Республика Президенті мен Үкіметі осы Келісімнің әлеуетін толық іске асыруға үлкен мән беретіндігі баса айтылды. Қол қойылған Келісімнің маңыздылығы екіжақты қатынастарды дамыту функциясымен шектелмейтіні тілге тиек етілді. Келісім Түркия арқылы Таяу Шығыс және Еуропа елдерімен іскерлік байланыстарды дамытуға жол ашады. Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастықты орнату мен дамытуда қол жеткен нәтижелер дипломатиялық арналар арқылы пысықталып жатқан Қазақ КСР Президентінің Түркияға сапары кезінде одан әрі дамиды және тереңдей түседі.
Қорытындыда Түркия Республикасымен Келісім БҰҰ Жарғысына сәйкес мемлекеттеріміздің арасындағы достықты, ынтымақтастықты және өзара сенімділікті одан әрі дамытуға және нығайтуға бағытталғандығы атап өтілді. Осыны ескере отырып, Республика Үкіметі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне «1991 жылдың 15 наурызында Алматыда Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Республикасының Президенті Тұрғыт Өзал қол қойған Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялауды» сұрады.
Сол жылы 13 қыркүйекте Н.Назарбаевтың Түркияға сапарына дайындық кезінде мен Мәскеуде Түркия елшісі В.Вуралмен кездестім. Түрік тарапының ұсынысы бойынша сапар қыркүйек айының соңына жоспарланған болатын, өйткені қазан айында Түркияда парламент сайлауы өтіп, жаңа үкімет құрылатын болды. Менің жазбаларыма сәйкес, елшінің айтуынша, Түркия Президенті КСРО құрамына кіретін республикалардың тәуелсіздігіне байланысты Қазақстанның ұстанымын, тамыз оқиғаларынан кейін КСРО-да саяси жағдайдың өзгеруін, еліміз арасында сауда келісіміне қол қою туралы ұсынысты және соған байланысты бірқатар хаттаманы әрі Түркияның Қазақстандағы елшілігін ашу туралы мәселелерді талқылағысы келген.
Анкарада Қазақстанның консулдық өкілдігін ашу туралы менің сұрағыма елші бұл туралы Сыртқы істер министрімен бірге талқылағанын, бірақ қазір елінде саяси жағдай тұрақсыз екенін алға тартты.
1991 жылдың 25-26 қыркүйегінде Президент Н.Назарбаевтың Түркияға сапары кезінде екі Мемлекет басшылары «Өзара келісімдер туралы меморандумға» қол қойды, онда олар Іскерлік кеңес құру және көлік, әуе байланысы, телекоммуникация, несие, сауда қатынастары, Қазақстаннан Түркияға табиғи газ жеткізу, экономикалық ынтымақтастық, туризм және спорт, білім және техника саласында ынтымақтастықты дамыту ниеттері туралы мәлімдеді.
Олар сонымен қатар «Қазақ КСР мен Түрік Республикасы арасындағы көлік және коммуникация саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге» қол қойды. Бұдан бөлек, «Қазақ КСР мен Түркия Үкіметтері арасында сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісімге» қол қойылды.
Осылайша, 1991 жылы наурызда Президент Т.Өзал мен қыркүйекте Президент Н.Назарбаевтың алғашқы сапарлары Қазақстан Тәуелсіздігінің соңғы 30 жылында табысты дамып және нығайып келе жатқан Қазақстан мен Түркия арасындағы жемісті ынтымақтастықтың берік негізін қалады.