Әлеуметтік желінің қай-қайсысында да жалған жарнаманың дәурені жүріп тұр. Әсіресе, карантинде әлеуметтік желі, сайт арқылы тауарға тапсырыс беруге сұраныс артқан. Мәселен, былтыр елімізде 14 мыңға жуық қылмыстық іс қозғалған. Интернет-дүкендердегі төмен бағадағы тауарларға қызыққандар төлем жасаған соң, алданғандарын кеш түсінеді.
Пандемия кезінде интернет арқылы тауарға тапсырыс беріп, алаяқтарға алданғандар көбейген. Алматылық Гүлжан Дулатқызы - жалған жарнамаға алданып қалғандардың бірі. Осыдан бірнеше ай бұрын әлеуметтік желі арқылы басқа қаладағы интернет-дүкеннен онлайн түрде 90 мыңға жуық теңгеге бірнеше киімге тапсырыс берген. «Әлеуметтік желіде жарнамасы жер жарған бұл дүкеннің оқырмандар саны көп болғандықтан, сенімді болып көрінді. Жарнамасы жалған болады-ау деген күдік болған жоқ. Менен тапсырыс алған адам жеткізуге төленетін, жалпы соманы толық жіберуімді сұрады. Осы жерде өзімнен де ағаттық кетті. Интернет дүкенді толық зерттемей, ақшаны аударып жібердім. Кейін ол адам байланысқа да шықпай, жоқ болып кетті. Қорқатыным, олар мен сияқты басқаларды да алдауы мүмкін», – дейді Гүлжан.
Жалған жарнама арқылы табысын еселейтіндерге қалай тұсау саламыз? Маманнан сұрап көрдік.
Жазира МЕҢДІХАНҚЫЗЫ, заңгер:
- Негізі, жалған жарнамаға алданудың өзі сауатсыздықтан болады. Жалған жарнама бүгінде әлеуметтік желіде, әртүрлі қоғамдық орындарда өте көп. Жарнаманың жалған немесе рас екені толық тексерілмей, БАҚ-та немесе ғаламторда жарияланып жатады. Әлеуметтік желідегі жарнаманы халыққа танымал, беделі бар адамдар жарнамалайды. Сол үшін қарапайым халық оның жалған немесе шынайы екенін аңғармайды, тіпті, тексеруге де тырыспайды. Кейбір кәсіпорындар өз кәсіптерін табысты жүргізу үшін «Біз Әділет департаментінде тіркелгенбіз» деп тіркеу туралы куәлігін көрсетеді. Көпшілігі осы құжатқа сеніп, алданып қалып жатады. "Қандай саладағы компания? Қаржылық пирамида ма?" деген сауалдар тұрғысынан Әділет департаменті тексермейді.
Қазіргі кезде көбінесе құлақ тазалайтын құрылғы, ауруды емдейтін қымбат дәрі-дәрмектер туралы жарнамалардың дені жалған. Екіншіден, әлеуметтік желі арқылы онлайн тапсырыс қабылдайтын интернет-дүкендер жарнамасын тұтынушыны тартып, қызықты етіп жасағанымен, олардың кейбірі жалған болып жатады. Ондай жарнамаға алданып, қомақты ақша аударып, кейін сан соғып қалатындардың да саны азаймай тұр. Өз басым онлайн тауарларға тапсырыс бермеймін. Кез келген тауарды көзіңмен көріп, қолыңмен ұстап алғанға ештеңе жетпейді. Кейбір интернет-дүкендер «Тауар ұнамаса, кері өткізе аласыз» деп жазып жатады. Тауарыңыз пошта арқылы сізге келді делік, бірақ ол зат ұнамаса, пошта кері алмайды. Осындай мәселелер бойынша, яғни ақшасын кері қайтара алмай, заңгерлік көмекке жүгінетіндер көп. Қайда бару керектігін, не істеу керектігін, арызды қалай жазуды бағыттаймыз. Алданған тұлғаның ақшасын қайтарып алу үшін уақыты да, көп қаражаты да кетеді. Сондықтан көпшілігі қолын бір сілтеп, «бас садақасы» деп, істі жылы жауып қоя салады. Бір өкініштісі, жазылған арыз бойынша жалған жарнама жасаушыларды алаяқтыққа жатқызбай, олар соның кесірінен жазадан сытылып кетіп жатады. Жалған жарнаманың етек алуы содан болуы әбден мүмкін.
Перизат БАУЫРЖАН, қаржыгер:
- Қоғамда «қаржылық білімді тек экономистер мен қаржыгерлер ғана оқу керек» деген түсінік қалыптасып кеткен. Сол себепті, көпшілігімізде қаржылық қиыншылықтар кездесіп жатады. Ғаламтор арқылы жарнама беріп, ақшасын аудартып, соңында не ақша, не тапсырыс берген затыңызды ала алмай жатқан жағдайлар күннен-күнге көбейіп келеді. Олар алдымен белгілі бір затты жарнамалап, хабарласқан тұтынушының сеніміне әбден кіріп алып, ақшасын өзінің шотына аудартады. Артынан тіркелмеген телефон номерді мүлдем өшіріп тастап, адамды сан соқтырып кетеді. Сондықтан әлеуметтік желіде көп отыратындар аса сақ болған жөн. Елімізде көп кездесетін алаяқтық түрлеріне: интернет-дүкенмен байланысты алаяқтар, фишинг, интернет арқылы қайыр сұрау, телефон арқылы алаяқтар, СМС-алаяқтар, интернет-банкинг арқылы жасалатын қылмыстар жатады. Нақты түсінікті болу үшін мысал ретінде көрсеткен жөн болар. Мысалы, қазіргі кезде біз сататын затымызды ғаламтор арқылы жариялап жатамыз. Бір оқиғамен бөлісе кетейін. Бір құрбым ұялы телефонын интернет арқылы сатуға қойды. Содан бір тұтынушы хабарласып, сатылатын телефон туралы ақпарат алатын болып келісті. Бірақ тұтынушы басқа қаладан үш күннен кейін келетінін айтып, ұялы телефон сатылып кетпеу үшін тауардың 30 пайызын төлеп қою үшін құрбымнан карта нөмірін сұрады. Содан сәлден кейін құрбыма тағы хабарласып: «мен сізге ақша аудардым, қазір сізге хабарлама арқылы сандар келеді, соны маған айтып жіберсеңіз, сол кезде сізге ақша түседі» деген. Бірақ құрбым бұл жерде бір гәп барын түсініп, бірден ұялы телефонын қоя салады. Міне, осындай алаяқтықтар жетіп-артылады. Егер құрбым сол келген хабарламадағы сандарды жібергенде, кілт арқылы құрбымның интернет-банкингіне кіріп, оның есепшоты бойынша кез келген операцияны жасай беруіне болады.
Интернетте сауда жасарда алданып қалмау үшін нені білу керек?
- Интернет-дүкен туралы тұтынушылар қалдырған пікірлерді мұқият оқыңыз;
- Дүкеннің мекенжайын тексеріп, телефоны көрсетілсе, хабарласып көріңіз;
- Интернет-сауда жасайтын құрылғыңызға сенімді антивирус орнатыңыз, қосымшаларды, браузерді, операциялық жүйені жаңартып отырыңыз;
- Сауда жасалған түбіртекті тапсырыс берген затыңыз келгенше сақтаңыз, себебі сапасыз болса, қайтарып беруге болады;
- Алдын ала төлемге келіспеңіз;
- Поштаңызға келген таныс емес сілтемені ашпай, бірден өшіріп тастауға тырысыңыз, себебі вирус кіргізу арқылы жеке мәліметтеріңізді алуы мүмкін. Осы қарапайым, тиімді қағидаларды ұстансаңыз, ақшаңызды алаяқтардан сақтай аласыз. Соңғы мәліметтерге сәйкес, интернет желісінде алаяқтың бірнеше түрі анықталған. Мәселен, елімізде соңғы үш жыл аралығында ғаламторда жасалатын алаяқтың түрі 2-3 есе артқан. 2020 жылы 1700 қылмыс анықталып, 400-ден аса адам ұсталған болатын.
2021 жылдың бірінші жартысында полицейлер интернетте аляқтық жасаудың 6824 фактісін тіркеді. «Алаяқтық» бабы бойынша 4000 іс тіркелген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 30 пайызға артқан. Олардың 1800-і интернеттегі аляқтарға қатысты.