Өмірдің өзі
Алматыда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын, яғни әйелдерді құшағындағы баласымен паналататын, психологиялық кеңестер беретін, тығырықтан шығар жолды көрсететін «Жансая» дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Біз бүгін сол орталықтың есігін ашуға мәжбүр болған әйел-аналардың әңгімелерінен сыр шертеміз.
(Кейіпкерлердің есімдері өзгертілген).
Бірінші оқиға
АЙМАН
Айман орта мектепті тәмамдаған жылы үлкен қалаға келіп, жоғары оқу орнына түсті. Қолына дипломы тиген жас маманға жұмыс та табыла кетті. Қызмет бабында жүргенде, болашақ жұбайын кездестірді. Алғашқы үш жыл екеуі бірге тұрып, сосын некелерін ресми заңдастырды.
Жас шаңырақ иелері қалыпты қоңыр тіршілігін кешіп жатты. Бірде күйеуінің жұмысында бір күрделі мәселелер туындап, ері соны көтере алмай, үйге ішіп келетінді шығарды. Ащы су араласқан жерде қандай береке болсын, ол ішімдікке салынып, соның кесірінен үйде ұрыс‐керістер жиілей бастады. Уақыт өте отбасылық жанжалдың соңы қол көтеріп, ұрып‐соғумен тынатын болды. Тіпті, бұл қалыпты жағдайға айналып кетті. Иә, ері әйелін екі баласының көзінше де тепкілеп тастайтын. Балалар күнде мас болып келіп ұрыс шығаратын өз әкелерінен қорқатын күйге жетті. Кеш батса болды, есікке жәутеңдеп, «әкеміз бүгін ішіп келмесе екен» деп тілейтін. Сонда да болса, Айман іштегі үрей, қорқынышын «ыдыс‐аяқ сылдырламайтын отбасы жоқ қой» деумен басып отыруға тырысты.
Тағы бірде ері Айманды аяғы ауыр кезінде соққының астына алғанда, ауыр жұдырығы құрсақтағы шаранаға зақым келтіріпті. Нәтижесінде церебралды сал ауруына шалдыққан қыз бала дүниеге келеді. Айман осы сәтте төзімінің сарқылғанын білді. Ары қарай күресуге дәрменсіз екенін ұқты. Өкпе-ызаға булығып, шарасыздықтан баз кешіп кеткісі келген Айман есін жинап, ажырасуға шешім қабылдап, бір кездері арманына жол ашқан қаланы тастап, үш баласын құшақтап, «Жансаядан» уақытша пана тапты.
Екінші оқиға
ӘЛИЯ
Енді танысқан кездері. Жігіті Әлияның көңілінен шығу үшін бәрін істейтін. Түрлі сыйлықтармен қуантатын. Екеуі айлы кештерде қол ұстасып жүре беруден де жалықпайтын, әңгімелері таусылмайтын. Ақыры отау құрып, үлкен той жасады. Бақытты күндер жалғасып жатты.
Әлияның аяғы ауырлап, құрсақтағы шарананың қыз екені белгілі бола бастаған сәттен отбасының берекесі қашқандай. Күйеуі күнделікті үй тіршілігіндегі әрбір әрекетінен кемістік тауып, мін тағатынды шығарды. Ұзақ уақыт басыну мен орынсыз сөгуден басталатын ұрыс-керістің арты екінші қыздары дүниеге келгенде ұрып-соғуға ұласты. Күйеуі келіншегіне «қыз туа бересің» деп айып тақты. Әлия оған баланың жынысы тек әйелге ғана байланысты емес екенін түсіндіруге тырысатын.
Кішкентай екі қызының туған әкелерінен мейірім көрмей өсіп жатқаны Әлияның жүрегіне қатты бататын. Сосын «ұл туып берсем, өзіме де, қыздарымызға да қарым-қатынасы өзгерер» деген оймен үшінші баланы туғысы келді. Осы жолы ұл болады деп сенді. Алайда, ол күйеуінің отбасындағы барлық адамның қыз баласына деген көзқарасы жағымсыз екенін бірден аңғармаған екен. Мұны түсіну үшін оған қыздарының көз жасына талай мәрте куә болуға тура келді. Күйеуі және қайын жұрты қыз баласын «арамтамақ, жат жұрттық, босқа асырап жатырмыз» деп санайтын. Әлия жарының өзіне тіл тигізіп, қол көтеретініне көз жұмып жүрсе де, қыздарының болашағына алаңдай бастады. Ол «Қазақстан азаматы емеспін, бұл жерде қолын созар ешкімім жоқ, шарасызбын» деп қамығатын. Осылай сүреңсіз күндерді бір-біріне жалғап жүргенде, бойына біткен үшінші баласы да қыз екені белгілі болады. Күйеуі тағы жанжал шығарып, «сен ұл тумайсың, пайдаң жоқ» деп, екінші әйел алмақшы болады. Келіншек, әрине, бұған қарсылық танытып, оңбай таяқ жеп қалады. Ақыр соңы күйеуі Әлияны екі қызымен үйден қуып шығады.
Көшеде жолыққан кісілердің бірі «Жансая» дағдарыс орталығы туралы айтып, осында табан тірейді. Орталыққа алғаш келгенінде құжаттарды да толтыра алмай, қолы дірілдеп, екі ауыз сөзді әрең құрап, ақыры жылап қалғаны бар. Әбден қорқып, күйзеліске түсіп кеткен. Жылылық, қуаныш көрмей өскен екі қызы да мүлдем тұйық еді. Қазіргі таңда олармен психолог-маман жұмыс істеуде.
Үшінші оқиға
БАНУ
Ол бізге көршілес елдің тұрғынымен азаматтық некеде тұрған. Осыған дейін де арада түсініспеушіліктер орын алып, күйеуі өз еліне кеткен болатын. Алайда, ол атын өзгертіп, Қазақстанға қайтып келеді де, Бануға тыныштық бермейді. Әлсіз әйелді қорқытып-үркітеді. Келіншек одан құтыла алмасын біліп, қайтадан бірге өмір сүруге мәжбүр болады.
Банудың өмірі, жүрген-тұрғаны бақылауда еді. Күйеуі әрбір басқан ізін аңдып, есеп алып отыратын. Үнемі тексеріп, сынға алып, жоқ жерден ұрыс шығара кететін. Қызғанышында шек жоқ еді. Ауру десе де болады. Жан баласымен араластырмайды. Кезекті дау-дамайдың бірінде күйеуі Бануға пышақ сұғып алады. Қансырап жатқан әйелді емханаға да өзі жеткізген. Бануды полицияға хабарласып қоя ма деген қауіппен жанынан шықпай отырып алады. Бірақ дәрігерлер мұндай ауыр жағдайда құқық қорғау органдарына хабарласуға міндетті. Полиция қызметкерлері Бануды «Жансая» дағдарыс орталығына бағыттап, күйеуін қамауға алады, бірақ кейін босатады.
Орталыққа орналасқанда, Банудағы жан мен тән жарақаттарының ауырлығы соншалық, ол өзгелердің қамқор сөзіне, жанашырлығына жібімейтін, тілге келмейтін, ешкімге сенбейтін. Кейде тіпті, пышақ ұшы тиген жарақатына байланысты «жедел жәрдем» шақыртуға тура келген кездер де болған. Банудың қалыпты өмірге оралуына дәрігерлермен бірге психологтар да көп жұмыс істеді. Уақыт өте келе, ол қайтадан күлуді, қуануды үйренді. Өзі тағдырлас әйел-аналармен араласа бастады. Сөйтіп, жақсылықтың есігін қайта ашты. Бану бүгінде басқа қаладағы туған үйіне оралды.
Төртінші оқиға
МӘРИЯ
Анасы о дүниеге аттанғанда, Мәрия үш жаста еді. Анасының мейіріміне қанбай да қалған бүлдіршін ғой. Әкесі алты айдан кейін үйленіп алды. Ал өгей шеше қыздың басынан сипай қоймады, күн көрсетпеді. Мейірімге шөлдеп жүрген қыз жылылықты сырттан іздеп, 14 жасында үйінен қашып кетіп, өзінен 15 жас үлкен еркекке қосылады. Бірақ ол кісіге әйел емес, мал-жанына қарайтын, іздеушісі, сұраушысы жоқ жұмысшы қолы қажет екен. Мәрия үй тірлігімен қоса, мал қораны да тазалайтын. Сөйтіп жүргенде, балалары дүниеге келді. Бірақ ерінің тарапынан жылы сезім болмады. Кез келген бұрыс әрекеті үшін ол жас әйелін қатаң жазалайтын. Сондай азапқа толы өмірге Мәрия 16 жыл бойы шыдап келіпті. Шыдамның шөлмегі бір-ақ күнде сынды. Кезекті соққыға жығылған кеште бұлай енді өмір сүре алмайтынын түсініп, үйден қашып шығады. Орталыққа келгенде оның мұрны мен қабырғалары сынған болатын.
Орталықтан шығып бара жатып ол: «Мен жай ғана бақытты болғым келеді. Мен ең бақытты әйел-ана болатыныма сенемін, солай болады да!» – деп алғысын білдірді. Қазір Мәрия балаларымен бірге өз алдына тұрмыс кешіп жатыр. Жетімдіктің кермек дәмін жөргегінен татқан әйел алдағы уақытта шынайы махаббатын кездестіретініне де сенімді.
Бесінші оқиға
ӘСЕЛ⠀
Әселдің тұрмыс құрғанына 6 жыл. Үш баласы бар. Кейінгі үш жылда күйеуі ішімдікке салынып, Әсел жұдырықтан көз ашпайтын халге жеткен. Небір былапыт сөздерге де шыдап бағатын. Ауыр соққыдан құлақ жарғағы жарылып, миы шайқалса да, күйеуін үнемі кешіретін. «Түзеледі, бізді жақсы көреді» деп өз-өзін сендіруге тырысатын. Күйеуі де кешірім сұрап, «енді қол көтермеймін» деп, момақан күй кешіп отырып алатын. Бірақ ертеңіне сол ырың-жырың, ұрыс-керіс, таяқ жеу тағы қайталанатын.
Жүйкесі жұқарған Әсел ақыры балаларын алып, күйеуінен кетіп қалды. Бірақ басында баспана тұрмақ, пәтер жалдап тұруға қалтасында ақшасы да жоқ еді. Осылайша тағдырдың бұралаң жолы оны «Жансаяға» әкеп тіреді. Оның жалғыз үміті – қолындағы мұғалім деген дипломы еді. Орталықта ол едәуір күш-қуат жинап алды. «Мені балағаттауға және қорлауға ешкімнің құқығы жоқ. Мен әйел-анамын, құрмет пен махаббатқа лайықпын!» – деген Әсел бүгінде жұмысқа орналасып, пәтер жалдап тұрып жатыр. Жағдайы жақсы. Ең бастысы – балалары жанында.
Алтыншы оқиға
МАРАЛ
Олар ұзақ уақыт кездесіп жүрді. Көңілі қалаған азаматы имандылық жолында жүрген жігіт болатын. Марал бұл үшін қатты қуанды. «Бір-бірімізді танып-білдік, шаңырақ көтеруге, міне, дайынбыз» деген сәтте бас қосты. Жастардың үйлену тойы қазақтың барлық салт-дәстүр, жөн-жоралғысымен өтті.
Үш бала дүниеге келді: екеуі қыз, біреуі ұл. Бірде кіші қызы қатты ауырып, оған мидың ауыр дертіне шалдыққаны туралы диагноз қойылды. Сырқаттың салдарынан баланың басы күннен-күнге өсе берді. Оған күрделі ем қажет еді. Ал күйеуі дін жолындағы адам болғандықтан, дәрігерлерге баруға, қандай да бір ем-шараларға үзілді-кесілді қарсылық танытты. Үйдегі ұрыс-керіс те көбіне осы тұрғыда туындайтын. Әйел таяқ та жеп қалатын. Тіпті болмай бара жатқан соң, Марал баланы дәрігерлерге жасырын апарып жүрді. Бұл әрекетін біліп қойған күйеуі қатты ашуланып, келіншегіне «опасыздық жасадың» деп айыптады. Соққысының ізі қалмас үшін әйелін көрпемен бүркеп жауып қойып, аяусыз жұдырықтайтын. Бойын билеген қаһары мен ызасын балаларына да төгіп, оларды да таяқ астына алатын. Аналарын күнде төмпештейтін әкені көріп жүрген балалар да әбден шошып қалған.
Күндердің күнінде ашуын ауыздықтай алмайтын дәрежеге жетіп, айналасын күйретіп бара жатқан соң күйеуі үйден шығып кетіп, беті ауған жаққа кетіп қалады. Марал да уақытын өлтіргісі келмей, балаларды киіндіріп, шығып кетеді.
Келіншекке көршілері «Жансая» дағдарыс орталығына қарай жол сілтеп жібереді. Орталыққа келгенде, Маралдың жүзі тым солғын болатын. Балалары да қатты дыбыс, дауыс шықса, үрпиісіп қалатын. Психологтар анамен де, балалармен де жұмыс істеді. Ал заңгерлер әйелдің құжаттарын реттестіруге көмектесті.
Арада біршама уақыт өткенде, күйеуі алдына келіп, кешірім сұрады. Балаларына сыйлықтарын көтере келгені де қуантты. Екі жақ та әлі де сезімнің өшпегеніне қуанды. Марал оны кешірді.
«Жансая» қызметкерлері қиын шақтарда өздерінен пана тапқан әрбір әйел-ананың кейінгі жағдайын біліп тұру үшін олармен жарты жыл бойына міндетті түрде хабарласып тұрады. Қуанышқа орай, қазір Маралдың отбасында бәрі жақсы. Әрдайым солай болғай!