Баланы мектепке неше жастан берген дұрыс? Мамандар пікірі мен ата-ана тәжірибесі

Баланы мектепке неше жастан берген дұрыс? Мамандар пікірі мен ата-ана тәжірибесі Сурет: Atr.kz

Баланы мектепке неше жастан берген дұрыс? Мамандар пікірі мен ата-ана тәжірибесі

Биыл алғаш рет мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндердің ата-аналары үшін ең өзекті сұрақтың бірі – «Баланы мектепке неше жастан берген дұрыс?»

Кейбір ата-аналар баласын 5,5 жаста мектепке беруге асықса, енді біреулері 7 жасқа дейін күткенді жөн санайды. Бұл туралы мамандар не дейді? Заң тәртібі бойынша дұрысы қайсы? Төменде осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

 

Мұғалім: «Қыз бала ертерек дайын болады, ал ұлға уақыт керек»

20 жылдан астам тәжірибесі бар бастауыш сынып мұғалімі Балым Садықбекқызы тәжірибесінде қыз балалардың мектепке бейімделуі ерте басталатынын аңғарған. Оның айтуынша, тіпті 5,5 жастан келген қыз балалар 7 жастағылармен қатар оқу бағдарламасын меңгере алады.

«Қыздар пысық, тез үйренеді. Ал ұлдарға бейімделу үшін көбірек уақыт қажет. Сол себепті ұл балаларды 7 жасқа толар шағында  берген дұрысырақ деп ойлаймын», – дейді ұстаз.

Маман пікірінше, мектепке бейімделуде тек жасты емес, баланың мінезі мен темпераментін де ескеру қажет. Ұялшақ, тұйық балалар ортаға сіңіп, сабаққа бой үйретуі үшін қосымша уақыт қажет болуы мүмкін.

 

Нейропсихолог: «Мектепке дайындық тек жаспен өлшенбейді»

ҚР балалар психологтары мен нейропсихологтар қауымдастығының президенті, нейропсихолог Айнұр Алдаш баланың мектепке дайындығын үш негізгі бағыт бойынша бағалау қажет дейді:

1. Қозғалыс дағдылары (моторика)

Бала тепе-теңдік ұстай ала ма? Қалам ұстағанда қолының ебі келе ме? Аяқ киімнің бауын өзі байлай ма? Бұл – физикалық бақылаудың алғашқы белгілері.

2. Интеллектуалдық даму

Бала естіп, көргенін қорыта ала ма? Кеңістікті бағдарлауы, логикалық ойлауы қандай деңгейде? Осыған да мән берген жөн.

3. Эмоциялық дайындық пен мотивация

Бала мектепке баруға ынталы ма? Оқуға деген ішкі қызығушылығы бар ма? Осы жағына да қарау керек. 

Маманның айтуынша, қазір көп бала экран алдында көп уақыт өткізеді, бұл олардың сенсорлық дамуына кері әсер етуі мүмкін. Тек көру арнасы жақсы дамып, есту, қозғалу, сезіну қабілеттері кенже қалуы ықтимал. Бұл мектепте оқуда тыңдау, зейін шоғырландыру кезінде қиындық туғызуы мүмкін.

«Сондықтан бала физикалық, танымдық және эмоциялық тұрғыдан дайын болуға тиіс. Тек жасына қарап шешім қабылдауға болмайды», – дейді нейропсихолог.

Мамандардың пікіріне жүгіне отырып, баланың мектепке дайындығын келесідей топтауға болады:

Физиологиялық дайындық – күн тәртібін сақтау, денсаулықтың жақсы болуы, ұсақ қол моторикасының дамуы.

Зияткерлік дайындық – зейін қою, есте сақтау, логикалық ойлау, оқу мен санау дағдылары.

Әлеуметтік дайындық – мұғаліммен және сыныптастарымен қарым-қатынас, ережелерді қабылдау, ұқыптылық пен тәртіп.

Эмоционалды дайындық – оқуға қызығушылық, өзін-өзі басқару, эмоцияны реттеу, бастама көтере білу.

Сонымен қатар, баланың мектепке баруға деген ішкі ынтасы, тапсырманы жүйелі орындау қабілеті мен ерік-жігері де үлкен рөл атқарады. Мектепке бейімделуі үшін бала «болмайды» деген сөзді түсініп, өзін шектей білуі, күнделікті әрекеттерді (сөмке жинау, аяқ киім байлау) өз бетінше орындауға тиіс.

Ата-ана тәжірибесі: бір шешім – екі түрлі нәтиже

Төрт баланың анасы Шолпан Әлиева тұңғыш баласын 6 жасқа толар-толмаста мектепке бергенін еске алады:

«Бастапқы екі жыл қиын болды. Сабаққа көңіл бөлуі, жазып-оқуы кеш қалыптасты. Қосымша сабақтар арқылы ғана қатарға іліктік».

Ал екінші ұлын 7 жасқа толуына екі ай қалғанда берген. Нәтижесінде, сабаққа тез бейімделіп, алғашқы күннен-ақ үй тапсырмаларын оңай меңгеріп кеткен.

«Екі баланың мектептегі алғашқы жылы екі түрлі болды. Жас айырмашылығы – нәтиже айырмашылығы», – дейді көп балалы ана.

 

Мектепке дайын болу үшін баламен қандай жұмыс  істеу керек?

Ең алдымен, оның денсаулығына қамқорлық жасау керек. Жүзу, серуендеу, велосипед тебу - бұл болашақ мектеп өміріне сәтті кіруге ықпал ететін іс-әрекеттер.  Баланың ерікті қасиеттерін дамыту маңызды. Ол үшін балаға кез-келген бастаған істі аяғына дейін аяқтауды үйрету керек. 

Баланың мектепке дайын болуы – тек жасына қарап шешілетін мәселе емес. 

Физикалық, когнитивтік және эмоциялық даму – басты назарда болуы керек.

Әр бала – жеке тұлға. Біреуі алты жаста дайын, енді бірі жетіде ғана бейімделеді.

Дамудың ең маңызды тәсілі (сөйлеуге, зейін аударуға, қарым – қатынасқа, есте сақтауға, қиялға және тағы басқаларға қатысты) – балаға кітап оқу. Балаларға күніне кемінде жарты сағат ертегілерді оқу (немесе айту) керек.

Заң не дейді?

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы мен мектепке қабылдаудың үлгілік қағидаларына сәйкес:

         •        1-сыныпқа қабылдау 6 жастан басталады.

         •        Егер бала сол жылдың 31 желтоқсанына дейін 6-ға толса, мектепке қабылдана береді (яғни, 5,5 жаста да қабылдануы мүмкін).

         •        Заң ата-аналарға таңдау еркіндігін береді.

 

Биыл бірінші сыныпқа құжаттарды тапсыру мерзімі 1 сәуірде басталып, 31 тамызға дейін жалғасады.  Өтінішті egov.kz порталы немесе қағаз үлгісіндегі өтінішті мектепке барып өткізуге болады.  Өтініш жұмыс күндері қабылданады. 

Қажетті құжаттар:

         •        Ата-ананың (немесе заңды өкілдің) өтініші

         •        №065-у нысанындағы медициналық анықтама

         •        №052-2/у нысанындағы баланың денсаулық паспорты

         •        3х4 см екі дана сурет

Шетел азаматтары тұрақты немесе уақытша тіркеуді растайтын құжат ұсынуы тиіс.

Ата-ана шешіміне заң да еркіндік берген. Бірақ ол шешім бала мүддесіне сай оның дамуындағы ерекшеліктері ескеріле отырып қабылданғаны жөн.

Жалпы жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 370 мыңнан астам қазақстандық бала барады деп күтіледі.

ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің ақпаратына сай, бүгінгі таңда 242 мыңнан астам өтінім келіп түсті. Бірінші сыныпқа қабылдау бойынша ең көп өтінім Түркістан, Алматы, Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Алматы, Астана қалаларында тіркеліп отыр. 

Ең бастысы – бала мектепке қуанып, өзіне сенімді болып баруы керек. Білімге ынталы баланың негізі бірінші сыныптан бастап қаланады. Сондықтан оның білім жолын бастамас бұрын барынша жан-жақты дайындықпен келуіне мән беру керек. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:35

17:58

17:49

17:42

17:37

17:28

17:22

16:37

15:59

15:57

15:37

15:30

15:10

14:35

14:28

14:26

14:20

14:19

13:45

12:26

12:00

12:00

11:33

11:11

10:27