Балалар әдебиеті – болашақтың рухани негізі

Балалар әдебиеті – болашақтың рухани негізі Сурет: Kazgazeta.kz

Жан азығы

 

Балалар әдебиеті – руханият әлеміндегі ең маңызды әрі ең жауапты салалардың бірі. Ол – тек баланың тілін дамыту, сөздік қорын байыту ғана емес, ең алдымен оның жан дүниесін, дүниетанымын, қиялын қалыптастыратын қуатты құрал.

Кішкентай оқырманның жасы мен тілдік даму деңгейін ескере отырып жазылған әрбір шығарма баланың ойын дамытады, ішкі әлеміне жол ашады. Шығарма тілінің қарапайым, көркем әрі ұғынықты болуы баланың оқиға желісін жеңіл түсініп, оқығанын көз алдына елестетуіне көмектеседі. Кітап – баланың ең алғашқы ұстазы, ең сенімді досы.  Сондықтан балалар әдебиетіне деген жауапкершілік – болашақ ұрпақтың тәрбиесіне деген жауапкершілікпен пара-пар. Жазушылардың жақында әдеби өткен жыл қорытындысында балалар әдебиеті мәселесі кеңінен сөз болуы да – соның бір айғағы десек, артық айтқандық емес. Жиында осы төңіректе әңгіме қозғаған Елдос Тоқтарбай бұл салада қордаланып қалған бірқатар түйткілді жайттарды тілге тиек етті. Оның айтуынша, мәселенің ең өзектісі балалар әдебиеті кітабын шығару болып тұр.

«Мәдениет министрлігінде бұл сала бойынша екі бағдарлама бар, екеуі де кітап шығару және сатып алу арқылы баспаларға беріледі. Ал баспалар мемлекеттен тендер алғаннан кейін кітаптың әріптерін кішірейтіп, сығымдап, көлемін азайтып шығарады. Соның салдарынан ішінде не суреті жоқ,  безендірілуі көңілге қонбайтын дүниелер ұсынылады. Ондай кітапқа бала түгілі, ересек адам да қызығып қарамайды. Қазір визуализация заманы, клиптік сана кезеңі. Клиптік санамен ойлайтын баланы кітап бірнеше секунд ішінде-ақ қызықтырып, бірден тартуы керек. Ал егер кітаптың сыртқы мұқабасы талғамсыз, дүмбілез жасалған, ал ішкі мазмұны тек мәтіннен ғана тұрса ондай кітап кімге керек? Сондықтан бұл мәселеге ерекше назар аударуымыз керек» дейді қаламгер.

Бала қызығып оқуы үшін кітапта бейнелі тіркестердің қанық бояулы әрі көз тартарлықтай суреттермен әрленуі, шын мәнінде, маңызды. Соның арқасында бала оқиғаның мазмұнын оңай қабылдап, оны визуалды түрде елестете алады. Қуаныш, қорқыныш, сағыныш, жақсы көру сияқты сезімдердің бәрін бала кітап оқу арқылы бастан кешіреді. Кейіпкерлердің қуанышын бірге бөлісіп, олардың уайымымен бірге күйзеледі. Осылайша, өз эмоциясын тануға, түсінуге, басқаруға үйренеді. Яғни балалар әдебиетінің басты міндетінің бірі де – баланың эмоциялық интеллектін қалыптастыру, әлеуметтік дағдыларын дамытып, моральдық-этикалық құндылықтарды бойына сіңіруге жол ашу екені даусыз.

«Кітапты басып шығару мәселесі тұрғысынан алғанда, «композиторлардың, өнер қайраткерлерінің шығармаларындағы ноталардың берілуі, безендірілуі көркемдік талапқа сай болуға тиіс» деген ереже бар. Тура осы талап балалар әдебиеті кітаптарын басып шығаруға қатысты да қойылуы керек. Балалар әдебиетін жалпы әдебиетпен шатастыруға болмайды. Оған айрықша қарап, реттеу қажет», – дейді Елдос Тоқтарбай. 

Аталған мәселені шешудің бір жолы ретінде ол балалар әдебиеті кітаптарын шығаруды полиграфия саласында көп жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келе жатқан «Атамұра», «Мектеп», «Алматыкітап» сынды сенімді баспаларға ғана тапсыруды ұсынды. Қаламгер сондай-ақ: «Егер біз болашақта қазақ елін ұлттық оқырманға айналдырып, кітап оқитын ел, кітап мәдениетін қалыптастырған интеллектуалды ұлт боламыз десек ең алдымен балалар әдебиеті кітаптарының сапасына, шығуына, мазмұнына ерекше көңіл бөлуіміз керек», деген де ойын жеткізді.

Елдос Тоқтарбай балалар жазушыларының имиджіне қатысты мәселеге де тоқталды. Қаламгер сөзіне жүгінсек, «Басқаны айтпағанда, Жазушылар одағының өз ішінде де балалар жазушыларына лайықты көңіл бөлінбей келе жатқаны байқалады. Мысалы, «Қазақ әдебиеті» газеті редакция алқасының құрамында бірде-бір балалар жазушысы жоқ.  Балалар әдебиетіне үлкен үлес қосып жүрген Байбота Қошым Ноғай, Арасанбай Естен сынды қаламгерлеріміздің еңбегі ешкімнен кем емес. Неге олар үнемі тасада қалып қояды?!». Балалар әдебиеті шығармалары «Простор» журналында үнемі насихатталып, жүйелі түрде жарияланып жүргенін айтқан ол: «Жұлдыз» журналында да арнайы айдар ашылып, балалар әдебиетінің үздік шығармалары тұрақты түрде жарияланып тұруы қажет екендігіне тоқталды.

Елдос Тоқтарбай балалар жазушыларының есімін ұлықтау мәселесінде де салғырттық барын жеткізді. «Алматыда Крыловтың, Чеховтың есімімен аталған кітапханалар бар. Олардың есімі берілген әдеби, мәдени нысандар Ресейдің өзінде де жетіп жатыр. Ал біз аядай Алматыда өз жазушыларымыздың атын бір кітапханаға бере алмай жүрміз. Бұл – рухани сорлылық емей, немене?! Мұзафар Әлімбаев, Өтебай Тұрманжанов сияқты қаншама мықты балалар жазушылары, классиктеріміз бар. Мұзафар атамыздың да, Өтебай Тұрманжановтың да 100 жылдық мерейтойлары да елеусіз, есеп үшін ғана аталып өтті. Биыл балалар әдебиетінің классигі Сансызбай Сарғасқаевтың да туғанына – 100 жыл. Міне, осындай ұлттық тұлғаларды тасада қалдырмай, оларға лайықты құрмет көрсетуіміз қажет», – дейді қаламгер.

Балаларға арнап жазу оңай шаруа емес, бұл – ұрпаққа рухани азық беру жолындағы ең ізгі қызмет. Ұлттың ертеңі – бала десек, баланың ертеңі – оқыған кітабында. Ендеше, баланың жанына жарық түсіретін жақсы кітаптарды көбейту, сонымен қатар балалар жазушыларының мұң-мұқтажын ескеру, ұсыныс-пікірлеріне құлақ түру аса маңызды. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:53

15:52

15:14

15:12

15:00

14:57

14:55

14:47

14:43

13:46

13:35

13:33

13:05

12:49

12:48

12:45

12:43

12:39

12:37

12:35

12:31

12:26

12:21

12:20

11:34