ffin.kz

«Азамат болу – міндет, патриот болу – парыз»

«Азамат болу –  міндет,  патриот болу – парыз» Сурет: Ашық дереккөз

Бүгін – Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 34 жыл. Ресми дерек көздеріне сүйенсек, ауған соғысына 22 296 қазақстандық қатысты. Оның 928-і қаза тауып, мыңдаған жігіт мүгедек болып оралды. Ал 19-ы із-түзсіз жоғалып кеткен. Бес жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры, біреуі Халық қаһарманы, екеуі «Айбын» орденінің иегері атанды. Мыңдаған жігіт Тәуелсіз Қазақстанның наградаларымен марапатталды. Бірақ олар кезінде соғысқа «біз награда алуымыз керек, батыр боламыз» деп емес, патриоттық рухпен, жастықтың жалынымен аттанған балаң жігіттер еді. Сол жастардың қатарында 18 жастағы бозбала Әуез де болған.


Әуез Бейсенбаев әскер қатарына Алматы қаласы Октябрь аудандық әскери бөлімшесінен алынып, Мәскеуге келіп, сол жерден Таман дивизиясының құрамында әскери қызметін бастаған.  РП-3  жылжымалы барлаушы пунктіне түседі. Барлау қызметіне жаңа әскери техника беріліп, лазерлік нысана, лазерлік қондырғы, ЭВМ-компьютер деген де сол кезде болды. Су жаңа әскери техниканың тілін білікті командирдің арқасында Әуез де бірден меңгеріп алады. Заманауи техниканы соғыс сынағынан өткізу қажет болғандықтан, бірнеше жауынгер техникамен бірге ауған жеріне аттанады. Сынақтан өткен соң техниканы алып кетеді де, Әуез ауған жерінде Герат  провинциясында барлаушы болып қалып қояды. Барлаушылыққа әдетте сергек, зерек, тыңғылықты, сұңғыла, сақ жігіттерді алатыны белгілі. Олардың қызметтік тапсырмаларын тек басшылық қана біліп отырады, ал қалған жерлерде сыр алдырмауға тиіс. Уыздай жап-жас қазақ жігіттері оқ пен от бораған ауған жерінде көпке жария қылмай-ақ талай құпия тапсырманы орындап, көзсіз ерліктер жасады. Сол маңызды тапсырмалардың алдыңғы шебінде жүрген Әуез Түлмаханұлы ауған шекарасынан 1989 жылы 15 ақпанда Кеңестің соңғы әскері шығарылғанша Отан алдындағы борышын адал атқарды.  



– Майданда достыққа адалдық, беріктік деген ұғымдарды терең түсіндік десем, қателеспеспін. Достыққа берік болу ауған соғысына қатысқан жауынгердің жадындағы серт болып қалыптасты. Жат елде ауылды сағынасың, туған жердің ауасын аңсайсың. Оң-солымызды енді танып келе жатқан жас бозбала шақта тағдырымыз бір бұйрықпен шешіліп, ерте есейдік, тағдырдың өтінде тұрып, шыңдалдық. Бойымызды үрей билеген күндер мен түндер де болды, соның бәрі біз үшін үлкен өмір мектебіне айналды. Бізді «ардагер» деп жатады. Мен үшін бұл сөздің мағынасы тереңде жатыр. Ол «арлы ер»  немесе «ардақты ер» деген ұғымды білдіреді. Жалпы, ардагер деп бізді  емес, біздің ерлік ісімізді, қоғамға тигізген көмегімізді, Отан үшін отқа түсуге дайын болған жастық шағымызды, ел басына күн туған сындарлы сәттерде жастығымызға қарамай батыл қимыл жасай алған әрекеттерімізді бағалағаны, халықтың бағасы деп білемін. Иә, елім бізді ардагер деп таныса, бұл құрмет деп танимын. Бауыржан атамыз «Адам болу – қасиет, азамат болу –  міндет,  патриот болу – парыз» деп жақсы айтып кеткен. Ешқашан тіземізді жау алдында бүккен емеспіз. Менің ойымша, мұның барлығы Отанымызға деген жүрегімізден шыққан құрмет деп есептеймін. Ал ең бастысы – біз көрген соғысты келешек ұрпақ көрмесе екен деген тілегіміз бар, – дейді Алматы қаласындағы «Көкбайрақ» ауған соғысы мүгедектері мен ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әуез Бейсенбаев.



Лайым солай болғай!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04