ffin.kz

Әз-Наурыз мерекесінің біз білмейтін сырлары көп

Әз-Наурыз мерекесінің біз білмейтін сырлары көп almaty-akshamy.kz

Əз-Наурыз кіргенде төрт түлік мал төлдеп, малдың аузы көкке, адам аузы аққа тиіп, уыз ішіп «Уыз мерекесін», «Ақ мерекесі» ретінде тойлайтын болған. Соған байланысты бұл айды аталармыз «Уыз ай», «Ақ мереке» деп те атаған. Сүт – ас сұлтаны, ризық басы деп қастерлеген. Сол себепті де, сүтті төкпейді, ақты телміртпейді, ақ төгілсе, бақ бірге төгіледі деп ырымдайды.


 


«Әз» сөзінің мәні


Қазақ түп мағынасы «бағалы», «қымбат», «керемет», «қасиетті», «қадірлі», «киелі», «иелі», «ардақты», «құнды», «жарқын», «жағымды», «сенімді», «думанды», «көңілді», «берекелі», «бірлікті» деген өте көп синонимдік мəндес ұғымдарды «Əз» деген екі əріптен құралған қысқа сөзбен ғана ұқтыра салған. Бұл қазақ тілінің аса бай, құнды, шұрайлы, жетілген тіл екенін айтқызбай-ақ дəлелдеп тұр. Мысалы: Ұлы күнді – Ұлыс күн, Ұлы істі – Ұлы іс деп атаса, ғажап салт-дəстүрлі мерекені – «Əз-Наурыз» деп түсіндірген. Ал халық арасындағы ел мен жерін қорғаған қас батырларды «Əз батыр», халқын əділ билеген хан-cұлтандарды «Əз Хан», «Əз Сұлтан» деп бағалаған. Ел арасындағы даңсалы ақын-жырауларды «Əз ақын-жыраулар» деп таныған. Ғылым саласындағы ұлы ғалымдарды «Əз ғалымдар» деп атақ берген. Шешен-шежірелерді «Əз шешендер» не «Абыз» деп құрмет тұтқан. Əз Жəнібек, Əз Тəуке, Əз Бұхар, Əз халық, Əз Абай, Əз батыр деген сөздер сол əз сөзінің өте көп мағына беретінін одан ары түсіндіреді.


Əуелі, халық арасындағы жаны жайсаң жандарды Əз аға, Əз ата, Əз апа, Əз əпке, Əз бала, Əз абыз деп, олардың қоғамдық орнын, ел арасындағы бет- беделін бір ғана Əз сөзіне сыйғызып көрсете де, таныта да білген. Əр жылы Наурыз айының 21 күні «Əз амалы» кіріп күн мен түн теңеліп, көк құт көзін ашқан көктемнің алғашқы күнін «Əз-Наурыз» деп ұйғарған.


«Əз амалы» кіргенде аспанда бір нəзік жылы, жағымды дауыс ауа ағысында нəзік күй тербелісіндей шертіледі екен. Ол дауысты төрт түлік малдың ішінде Мекке топырағынан жаралған қой түлігі ғана естиді деген ескі наным бар. Сол күні қой қозылап, қозы маңырап «Əз дауысына» құлақ түреді екен. Сол дауысты кейде адам баласының мыңда бірі естиді деген аңыз айтылады. Егер адам баласы сол дауысты естісе жеті атасына дейін шалқыған байлық оралып, ұрпақтары білімдар болып өседі. Ол дауыс жай дауыс емес, бақ иесі Қыдыр пайғамбардың ел аралап жүргендегі аяғынан шыққан дыбысы деген тамаша рауаят тараған.


Əз амалы жеті күнге жалғасады. Амалдың басы – үш күн, Амал ортасы – үш күн, Амал соңы – бір күн. Осы жеті күнде ауа райы бұзылып, қар не жаңбыр жауып, жел тұрады. Əз амалында жауған қар уыздай болып жауса, туған ай да уыздай болып туады, адамдар көңілі де көтеріліп уыздай жағымды болады екен. Сондықтан бұл айда жауған қарды сыпырмайды, күремейді. Сыпырса, күресе бақ күрелген қармен бірге кетеді деп ырымдаған.


 


«Нау» сөзінің мағынасы


Қазақтың байырғы көне тілінде «Нау» деген сөз бар. Ол төрт түрлі ұғым береді. Бірінші, «Нау» – дау, жала деген ұғым береді. Екінші, «Нау» – гүлдің, өсімдіктің жаңадан өсіп, бүршіктеп шешектеуі деген ұғым білдіреді. Үшінші, «Нау» – күннің алғаш шешектеп нұр шашып, көкжиектен көтеріліп келе жатқан шапағын «нау», «жаңа күн» немесе «күн нау тартып келеді» дейді.


Төртінші, қой-ешкі, сиырдың төлдеген кезіндегі қою сүтін «нау», «нау сүт», «уыз» дейді. Наурыз деген сөздің түп мағынасы мен мəні осы жерде жатса керек. Əз-Наурыз мерекесі атам қазақтың осындай ұлы ұялы ұғымдарынан қалыптасқан. Ол ғасыр жүгін арқалап, асыл салт-дəстүрлік мерекелі таза қалпын сақтап, бізге қаймағы бұзылмай жеткен.


 


Ұлыс сөзінің мəні


1.Ұлыс сөзінің түп мəні – ежелгі рулық бірлестікті не өте үлкен ұйысқан, өскен əулетті «Ұлыс» деп атаған.


2.Ұлыс күн – жаңа жыл, жаңа күн, жаңа мейрам, наурыз айының 21-22 күн мен түн теңелген «нау» деген ұғымды білдіреді.


3.Тарихи рауаятта адамзаттың екінші атасы саналатын Нұх пайғамбардың кемесі бірде Арабидағы Жуда тауының басына, енді бірде Қазақтың Қазығұрт тауына тоқтаған деп айтылады. Сол кезде күн мен түннің теңескен күні екен. Топан судан аман қалған Нұх қауымы жеті қат жердің бетінде, жеті қат көктің астында, жеті жұртымызбен аман қалдық деп кемеде қалған Бидай, Күріш, Бұршақ, Тары, Қатық, Тұз, Ет сынды жеті дəнді Тайқазанға салып пісіріп,


«Тілеу көже», яғни «Наурыз көже» жасап той-мереке өткізген екен. Қалған дəндерін біразын жерге егіп, біразын үнемдеп жеп, балиғатқа толған ер-əйел 3 ай бойы ораза ұстап, астықты үнемдеп жеген екен. «Тілеу көже» жасау салты мен ораза ұстау парызы содан қалған екен.


Жер бетіндегі топан судың балшығы басып қалған бұлақ көзін ашу, құлап қалған ағаштарды қайта тұрғызып, ағаш егу дəстүрі сол заманнан қалып, жақсы дəстүрге, тамаша салтқа айналған. Ұлыс күні ұлы істер істеу, жақсы бастамалар бастау, амандасып көрісу, үлкенен бата алу, сый-құрмет жасау, ойын-той өткізіп көңіл көтеру, кедей-кембағалдарды қолдап жəрдемдесу сынды толып жатқан салт-дəстүрді жаңғыртып, жас буын ұрпақты ұлағатты жолға салу, бабалар дəстүрін адал атқару, уақыт есебін біліп, өмірді қастерлеу, жаңа жылды ерекше құрметпен қарсы алу, көне жылды шығарып салу – ұлтымыздың мызғымас асыл дəстүрі екенін білу бəрінен маңызды болмақ.


 


 Қыдыр атаның батасы


Наурыздың 22 жұлдызы күн мен түн теңелгенде, жер жүзін Бақ иесі Қыдыр ата аралайды. «Қыдыр ата аралаған ауылға бақ дариды, Қыдыр түнеген үйге құт қонады» деген халқымызда ескі наным бар. Сол түні əр үйдің төріне қос шырақ жағып Қыдыр атаның келуін күтіп, түні бойы ұйықтамай тілек тілеп ояу отыратын салт бар. Қыдыр ата өзі қалаған үйіне келіп, ақ бата береді екен. Қыдыр атаның батасының үлгісі:


Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Қайда барса жол болсын, Бағың шалқып алдыңнан, Бастарыңа кетпес бақ қонсын, Астарыңа алтын тақ қонсын! Əз халқым уайымысыз тоқ болсын! Жамандық жерден жоқ болсын, Қуаныш көп болсын, Сезім ыстық шоқ болсын! Ұлағатты ұл өссін, Қырмызы сұлу қыз өссін! Ақ бөкен орға түспесін, Ақ сұңқар торға түспесін! Ата ақылы бөлінбесін, Тұлпар тұяғы кетілмесін, Ел шеті сөгілмесін! Қара тау құйын соқса құламасын, Ақ шылауышты ана жыламасын! Қара жер шайқалмасын. Қара қос қирамасын!! Ел ішін дау алмасын, Ел шетін жау алмасын! Алып бəйтерек жығылмасын, Өзен-көл, бұлақ тартылмасын! Əділ хан тақтан айрылмасын, Бала бақтан айрылмасын!


Хақ Алла өзі қолдап, Ұлыс мереке-бірліктен айырмасын!


 


Күн мен түн теңеледі


Əз-Наурыз қазақ халқының салт-дəстүрді жаңғыртатын айтулы той мерекесі, жаңа жылы, көктем мейрамы. Бұл той халықтың ортақ қуанышы, ортақ берекесі. Бұл күні күн мен түн ғана теңелмейді. Аспан мен жер де, хан мен қара да, қараңғы мен жарық та, жылы мен суық та, ер мен əйел де, жас пен кəрі де теңеледі. Бəрі де демалып, бірдей пенде ретінде ұлы мерекенің қуаныш нұрына бөленіп бірге тойлайды.


Ұлыс күнінің қарсаңында жеті дəннен дəн салып, үлкен тайқазанға тілеу көже, той көже жасайды. Ол – жеті қат көктің астында, жеті қат жердің бетінде, жеті жұртпен, жетелі жеті ата ұрпақтары бас қосатын ұлы күн. Ұлыс күн деп, үй-үйді аралап тілеу көже ішіп мəре-сəре болып көңілді жүреді. Өкпелесіп, ренжісіп қалғандар болса, ұлыс күнін құрметтеп, төс қағысып амандасып, бірін-бірі кешіріседі. Бір дастархан басында ас ішіп, жайраң қағып, достасып, шаттыққа толы сезіммен, сыйласып, сырласып, ұлыс күнін құрметтесіп, ақ дастархан басында ақ ниетпен бірге қонақ болып отырады. Сондықтан бұл мереке мызғымас «Бірліктің мерекесі» деп аталады.


 


Наурыз дастарханы


Қазақ дастарханы – киелі. Қазақ əйелдері «Дастарханда кие болады, дастарханда ие болады», «Дастарханы тоқ үйге береке қонады, байлық оралады» деп дастарханнан аттамайды, дастарханды кірлетпей таза ұстайды, дастарханды аяқпен баспайды, дастарханды киім-кешекпен бірге жумайды. Олай етсе, үйден құт қашады, бақ үркеді. Байлық оралмайды деп ырымдап, дастархан əдептерін сақтап, Наурыз күні үй төріне үлкен ақ дастархан жаяды. Дастарханға төрт ырыстан ас пісіріп, молынан қояды.


1.Қызыл ырыстан: ет, жал-жая, қазы-қарта, кəрі жілік, қойдың басы, белдеме, қара жəне сүбе қабырға, асық жілік, ортан жілік, жамбас, жауырын, қыстан қалған сүрі еттерді де қосады. Ол – қыс тағамдармен қоштасып, жаз тағамдарына ауысу ырымы.


2.Ақ ырыстан: құрт-ірімшік, айран-қатық, қымыз-шұбат, іркіт, сары май, қаймақ, қымыран жəне т.б. Бұл – жаз тағамдарымен қауышу ырымы.


3.Көк ырыстан: алма, жүзім, банан, мандарин, қайын, қарбыз, өрік, көк бұршақ жəне т.б.


4.Дақыл ырыстан: нан, бауырсақ-шелпек, пешене, тоқаш, тары-талқан, жент жəне т.б.


Қазақ аналарының ұлыс күні ақ дастарханды төрт түрлі ырыспен толтыруының да өзіндік əдемілік сəні мен терең философиялық мəні бар. Ол – «төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, кереге басы пəле болады» деген ырымды танымнан туған озық ойдың отбасындағы құт дастарханынан тапқан тамаша көрінісі болып табылады.


«Төрт құбыламыз тең болсын, пиғылымыз оған тең болсын! Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді», – деп ақ дастарханын да төрт ырыспен толтырып, келген қонағының əр қайсысын «Қырықтың бірі – Қыдыр» деп бағалап, жайраң қаққан қабақпен күтіп алған.


 


Наурыз көже (Тілеу көже)


«Тілеу көже» – Наурыз мерекесінің бренді. Қазақ əйелдері Наурыз күні үлкен тайқазанға бидай, тары, бұршақ, ет, арпа, күріш, ұн сынды жеті дəннен (сарымсақ, тұз) салып, көже жасайды. Оны қазақ «Тілеу көже» немесе «Наурыз көже» деп атаған.


Қазақ ырымында тайқазаннан басқа ыдысқа «Тілеу көже» жасамайды. Өйткені қара қазан үй құты саналады. Сондықтан қыз жасауына қазан салмайды. Қыз жасауына қазан салса, бақ ырыс ауысады деп ырым етеді.


Тілеу көжеге жеті дəн салуды «Жеті қат көктің астында, жеті қат жер бетінде, жеті жұртпен, жеті атамен, жеті ағайынмен тату-тəтті берекелі өтейік, ұрпақтармыз жетелі ұрпақ болып өссін, дəм-тұзымыз арласып жүрейік, береке қашпасын» деген қонақжайлықтың кең пейілінен, берекені сақтап, ел бүтіндігін бұзбаудан туған ақ ниеттің символы деп таныған.


 


Ұлыс күн кейіпкерлері


Бағзы замандағы рауаятта Ұлыс күніне байланысты айтылатын кейіпкерлер болған. Олар: Қыдыр ата, Бақ бала,   Саққұлақ, Толағай, Əз ханым, Ақпан-Тақпан, Зымыстан.


Ұлыс күнінің кейіпкерлерінің əр қайсынына тəн образдық сипаттары болған: Қыдыр ата – бақ пірі,  Бақ бала – болашақ пірі, Саққұлақ – хабар пірі, Толағай – күш пірі, Əз ханым – көктем-жаз пірі, Ақпан-Тоқпан – қыс пірі, Зымыстан – боран-жел пірі.


 


Ұлыс күні ағаш егу салты


Орман – елдің дəулеті, орман – жердің сəулеті. Бағзы заманда Нұх пайғамбардың кемесі 40 күн, 40 түн топан суда жүзіп жүріпті. Оған ақ үкі жол бастап ұшып жүріпті. 40 тəулік өткенде кеме қара жерге ілініп, қазіргі Арабиядағы Жида тауынының басына тоқтапты. Нұх қуанып, кемедегі қауымын жерге түсіріп, топан судан аман қалғанына шүкірлік етіп, балшық басып қалған бұлақ көздерін тазалап, қисайып қалған ағаштарды тұрғыздырып жатқанда аяқ астынан ауа райы бұзылып, қайтадан қалың жаңбыр жауып, топан су көтеріліпті. Бұл наурыздың 9 күні екен. «Мəз» деген амал кіріпті. Сол мəз жауыны 7 күнге жалғасып, жерден көтерілген топан су кемені алып, Қазақтың Қазығұрт тауының басына бірақ əкеп тоқтатыпты. Содан бастап, тілеу көже жасау, ағаш егу, бұлақ көзін ашу сынды жақсы салт қалыптасыпты. Осы рауаятты жақсы білетін қазақ халқы содан бастап, ағаш егу салтын тамаша дəстүрге айналдырыпты. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген мақалдың түп бастауы осыдан қалған екен.


«Мың шыбық егіп өсірсең, халқыңа орман салғаның. Бір шыбық үзіп сындырсаң, орманға салған ойраның» деп əр жылы көктем келгенде ағаш егуді əр адамның парызы деп таныпты. Бұл бүгінгі экологияны қорғауымызға да еш қайшылығы жоқ атадан қалған тамаша салтымыз болып табылады.


 


Əз- Наурыз ырымдары


1.Қазақ наурыз күні жаңа шыққан күннің жүзіне қарап, бетін сипайды. Онысы –жаңа күннен басыма бақыт дарысын дегені.


2.Қазақ наурыз күні алғаш жауған жаңбырға басын тосады. Аспаннан нұр жауады деп біледі. Осылай істесе, жылдар бойы басым ауырмайды, жолым жеңіл болады деп сенеді.


3.Қазақ наурыз күні үйіне қарлығаш ұшып кірсе, ерекше қуанады. Жыл құсы кірді, шаңырағыма құт кірді деп ырымдайды.


4.Қазақ наурыз күні тырнақ алмайды, шаш қиғызбайды. Олай етсе, бас кесіледі, жол тосылады деп ырым етеді.


5.Қазақ наурыз күні көңілді жүреді. Біреумен ренжісіп қалудан қорқады. Себебі «Жыл басында ренжіссем, жыл соңына дейін ісім оңбайды» деп ырым етеді.


6.Қазақ наурыз күнгі жауған қардың реңіне қарап ырым етеді. Ол ерекше аппақ болады. Наурыз күнгі жауған қарды күремейді, сыпырмайды. Сыпырса, құрғақшылық болады деп ырымдайды.


7.Қазақ наурыз күні баласын ұрмайды, зекімейді. Ұрса бала меселі қайтады, меселі қайтса, бақ байланады деп ырым етеді.


8.Қазақ наурыз күні ыдыс-аяғын сылдырлатпайды, «Құт қазанда тұрады» деп ырым етеді. «Ыдыс-аяқ сылдырласа, құт үркеді».


9.Қазақ наурыз күні отқа сүйек тастап күйдірмейді. Олай етсе, ата-баба аруағы шамырқанады.


10.Қазақ наурыз күні үйіне қыдырып келген баланы құр қол қайтармайды. Бала – бақыт, бала – бал, баламен бірге үйге бақыт кіреді, бала үйден өкплепе шықса, бақыт баламен ілесіп кетеді деп ырым етеді.


11.Қазақ наурыз күні алыс сапарға кеткен жолаушыға сыбаға сақтайды. Онысы – жолаушы аман келсін, мереке дəмі – береке, осы берекелі астан ауыз тисін дегені.


12.Қазақ наурыз күні үйіне қыдырып келген күйеу жігіт пен қызға ерекше құрмет көрсетеді. Күйеу баласына шапан жауып қайтарады. Онысы – қызымызға жақсы қарасын, қызымыз бақытты болсын дегені.


13.Қазақ наурыз күні мал төлдесе, оның төлін басқа біреуге сыйламайды. Себебі жыл басындағы құтымыз басқаға ауып кетпесін дегені.


14.Қазақ наурыз күнгі босанған əйелді құт деп ырымдайды. Оны Қызыр босандырды деп сенеді. Ол туылған бала елге құт болып қонады деп сенеді. Сондықтан ол баланың атын ұл болса Ұлысбек, Наурызбек, қыз болса Наурызгүл, Ұлысжан деп қояды.


15.Қазақ наурыз күні сауысқан үй төбесіне қонып шықылықтаса, жақсы ырымға балайды. Олжадан, жақсылықтан сүйінші келеді деп сенеді.


16.Қазақ наурыз күні ошағының астында от қаулап, лапылдап жанса биыл бақ жұлдызымыз көтеріледі, байимыз, бақытты боламыз деп ырымдайды.


17.Қазақ наурыз күні төріне қос шырақ жағып қояды. Онысы – отағасы мен отанасы аман болсын, ошақтағы отымыз сөнбесін деген ырым.


18.Қазақ наурыз күні кетік ыдыстарды пайдаланбайды, оған ас құйып ішпейді. Олай етсе, өмірдегі барлық ісіміз шала болады, жұмысымыз бітпейді, кетік ыдыстың шетілген жерінен шайтан бірге ас ішеді деп сенеді.


19.Қазақ наурыз күні үйіне дуалы ауызды адамды шақыртып, батасын алады. Барлық іс батадан басталса, баянды болады деп сенеді.


20.Қазақ наурыз күні босағасына, не төріне сарыала сапты қамшы, не садақ сынды құралдарды іледі. Сөйтсе, бұл үйге жын-жыбыр жуымайды деп сенеді.


 


 


Əз-Наурыздағы ауа райын болжау дəстүрі


Қазақ есепшілерінің арасында «Есепшінің есебі кісесінде, есепсіздің есебі тізесінде» деген тəмсіл сөз бар. Бұрынғы өткен ғасырлардағы қазақ есепшілерінде бір беті ақ шүберекпен, бір беті қара шүберекпен астарланып, бүктеліп тігілген, күнді есептеп, айды болжап, жылды жіліктеп жазған қойын дəптерін салатын ала дорбасы болады екен. Қазақ осы дорбаны «Кісе» деп атайды. Біреулер есепшіге жолығып, «Қане, есебіңді айтып жіберші» дегенде, сол дорбаның түйме бауын ағытып, ақтарылатын көрінеді. Сол дорбаны «Кісе» не «Есеп дорба» деп атаған екен.


Ал жай адамдардың күн бұлттанғанда жаңбыр не қар жауғанда, бірер күн ілгері тізесі ауырып, ревматизмі қозатын көрінеді. Сөйтіп олар тізесі ауырса болды, боран соғады, күн жауады деп байбалам салып жатады екен. Жоғарыдағы мəтел соның айғағы болса керек.


Қазақ есепшілері жаз есебін күн мен түннің теңелген күні наурыздың 21 күні жаңа жылдың басында жаңа туған айға қарап, есептейтін көрінеді. Қазақ есепшілері жұлдызды түнді күзетіп, төрт түлік малды бақылап, ұйықтамай таң аттырады. Егер осы түні түйе түлігі ернін жиі-жиі жыбырлатса, жылқы түлігі қайта- қайта оқыранса, сиыр түлігі мұрынын жиі-жиі жалай берсе, қой түлігі еміс- еміс екіренсе, таңертең мал қорадан жайбарақат шықса, онда көктем ерте оралады. Күн тез жылынады, көк ерте көктейді, жаз жайлы болады. Ал осы күні таңертең күн шоқтай жанып, ұясынан көтерілсе, кешке қарай ұясына қан қызыл болып қонса, ауа-райы жақсы болғанымен, адам арасында өлім-жітім көп ұшырайды. Соғыс апаттары болуы мүмкін. Аяқ астынан түйе түлігіне «Шелек», жылқы түлігіне «Талақ», сиыр түлігіне «Қарасан», қой түлігін «Топалаң», ешкі түлігіне «Кебенек» індеттері келуі, ал егінжайға шегіртке қаптауы ғажап емес деп болжам жасайды. Егер сол күні таңертең күн көкжиектен сарғайып көтерілсе, жер бетінде ыстығы шыңқиып түссе, қызуы маңдайдан өтсе, сол жылы құрғақшылық болады, қуаңшылық жүреді, құмды боран соғады, жауын-шашын мөлшері аз болады.


Тамыз айында таулы өңірде тасқын болуы мүмкін. Жазық жерлерде құрғақшылық болады. Қыста мал бақса, шығын болады деп ұйғарады. Егер сол күні таңертең күн көзі шұбартып, көкжиектен күңгірттеу болып көтерілсе, кешке батар күн бұлтқа сүңгіп барып батса, онда ол жылы жазда жауын-шашын мол болады. Жыл ырысты өтеді, ел іші тыныш болады. Егін мен шалғын қаулап, бітік өседі. Күзде аспа-төк мол өнім жиналады. Төрт-түлік мал жақсы қоңданады. Ерекше семіріп, шелденеді. Ел ішінде той-томалақ көбейеді деп ұйғарады.


Ал қыста қар қалың жауады. Күн бірде ысып, бірде суып, құбылмалы өтеді. Мал мен бас аман болады деп болжау айтады. Егер сол күні таңертең күн көкжиектен күлімсіреп, рауандап, ашық нұрын төге көтерілсе, кешке қарай алтын шапағын жерге қалдырып барып батса, онда ол жылы жыл есен болады. Күн сайын, ай сайын ырыздық тасиды. Адамдар ырғын өмірге кенеледі. Егер сол күні таңертең қар жауып тұрса, «Аспаннан нұр жауды», жыл есен болады, Наурыздың ақша қарындай ақ тілек қабыл болады деп қуанады.


Қазақ наурызда жауып, қатқан қардың үстіне қасарбас қойдың құмалағын тастап, көктем ерте, не кеш келуін болжайды. Егер құмалақ қарға батпай, қар үстінде қалса, көктем қырық күн кешігіп келеді. Ал құмалақ қарға бармақ бойы батса, көктем қырық күн ерт келеді, күн ерте жылынады, егінді ерте салу керек, төлеулікке ерте бару керек деп ұйғарады.


Қазақ есепшілері Таңшолпан жұлдызының көрінуіне қарап та ауа-райын болжап, жер ырысын жобалап айтады. Наурыз күні таңға жақын Таңшолпан жұлдызы айдай жарқырап, алтындай нұрын төгіп туса, сол жылы молшылық болады, жер жүзі қабағат көктейді. Мал мен бас егіз, атар өседі, бейбіт заман болады.


Ал сол күні таңға жақын Таңшолпан жұлдызы сарғайып, əлсіреп, нұры өшкіндеп туса, ырыздық тартылады, қауіп-қатер көп болады, жол апаттары көп болады деп долбар айтады.


Байырғы есепшілердің тəжірибесіне қарғанда, əр сегіз жылда бір рет Таңшолпан жұлдызы өшкін тартып туады екен. Сол жылдары апат көп болады деген ұғым бар.


Қазақ есепшілері наурыз күні көзі ашылмаған бұлақтың су қайнарын байқайды. Өзен суы мен көл суының жəне мал суаттарының жылдық мөлшерін тексереді. Сол арқылы суатты жерлерден ерте қоныс таңдап қонады.


Қазақ есепшілері тағы да наурыз күнгі қоңырқаз, аққу, үйрек, шағала, сарыала қаз, көкмойын, ұзақ қатарлы құстар келсе, көктем ерте келеді, жаз тез оралады, күн жылиды деп болжайды. Тағы да наурыздағы торғайлардың сайрауына мəн береді. Торғайлар топтасып ұшып, сайран салса, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман болады» деп жатады. Үй құстары – қаз бен тауыққа да көз жібереді. Егер тауық сол күні бір аяғын көтеріп тұрса, көктем жай оралады, екі аяғын тең басып тұрса, көктем келді дей бер дейді.


Қазақ есепшілері наурыз күні жұлдызды аспанды мұқият қадағалап бақылайды. Егер сол түнгі жұлдыздар шоқтай жанып, аспан аясынан тұтастай көрінсе, биыл көктем мен жаз айы мамыражай өтеді, ел тілегі қабыл болады, уайым жоқ, қарын тоқ өтеді деп сенеді.


Наурыз айындағы тоғыс күнді де бақылайды. Ай арасындағы таудың ар жағында, тасасында қалып, көрінбейді. Ай оғауы үш күнге созылады. Бірінші күні тоңғайды. Екінші күні ауыл үй қонады. Үшінші күні өріп шығады. Ай баяу жылжып, ай дидарына қарап ауа- райынан мəліметтер беріп жатады. Сол күні ай қораланып туса, күн жылынады. Ай құлақтанып туса, күн суытады. Апат болуы да ғажап емес. Ал, ай шалқасынан туса, күннің суығы ұзарады. Ай орағы еңкейіп туса, күн ысиды деп жорамал жасайды.


Қазақтың «ай қораланса, аяғыңды сайла, күн қораланса, күрегіңді сайла» деген мақалы да осыны меңзесе керек.


Қорыта айтқанда, табиғатпен бірге туып, біте қайнасып өскен қазекең ғасырлар бойы табиғаттан жинаған мол тəжірибесінің арқасында жаздан жайлы, қыстан есен өтіп, бүгінгі дамыған электронды ғасырға жетіп отырмыз.


 



Болат БОПАЙҰЛЫ,


жазушы-этнограф.


Фотосын қою керек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51

11:00

10:53

10:51

10:37

10:13

10:04

09:54

09:53

09:38

09:35

09:05

08:58