Ауызашар беру: сауапты амал ма, бизнес пе?

Ауызашар беру: сауапты амал ма, бизнес пе? Элеонора Якия

АЛМАТЫДА АУЫЗАШАРДЫҢ БАҒАСЫ ҚАНША?

Айлардың сұлтаны Рамазанға да жеттік. Ал бұл айда ораза ұстау – дені сау балиғат жасына толған әрбір мұсылманға парыз.

Ауыз бекіткен мұсылман сәресін үйінен ішіп шыққанмен, қаланың қарбалас шаруасымен, қаптаған көлік кептелісімен ауызашарда үйіне жете алмауы да мүмкін. Немесе ораза тұтқан жақындарына ауызашар беруге ниеттеніп, бірақ үйінде қонақ күтуге уақыты, мұршасы бола бермейтіндер де бар. Осындай кезде қоғамдық тамақтандыру орындарына жүгінуге тура келеді.

Алматыда кафе мен ресторан көп. Аqshamnews.kz сайтының тілшісі солардың біршамасына хабарласып, рамазан айындағы ауызашар бағасын білген еді. Қаламызда тамақтанатын орын көп болғанымен, олардың кейбірі оразаға арнап мәзір құрмапты. Керісінше кейбір кішігірім кофеханалардың өзі ауызашар жасап жатқаны бар. Ауызашарға арнайы мәзір жасап, қызметін ұсынғандардың бірқатарының бағасы төмендегідей:

Сейфуллин көшесі 533 мекенжайында орналасқан DISCOVERY COFFEE кофеханаcында ауызашар сеттері 6490 теңгеден (бауырсақ пен құрма тегін) басталады.

Брусиловский көшесі 164-те орналасқан Arsha мейрамханасында ауызашарға арнайы мәзір жасалған, орташа чек 4900 теңге (су мен құрма тегін).

Первомайская промзона 11 Б-да орналасқан ZERNO гастро-пабында ауызашар 5500 теңгеден басталады.

NN GRAND HALL (Кенесары хан 44) мейрамханасында ауызашар бағасы 8000 теңгеден.

RABBAT шайханасында (Розыбакиев 133, Абылайхан 24) ауызашар сеті 4500 теңгеден басталады.

Байтұрсынов 98 мекенжайындағы TRENDY мейрамханасында ауызашар сеті 5490 теңге.

Алмагүл ықшамауданындағы «ХОДЖА-НАСРЕДДИН» мейрамханасында ауызашар бағасы 7000 теңге.

Төле би 279/1 мекенжайында орналасқан MUZ рестобарында ауызашар бағасы 5000 теңге.

ASTORIA мейрамханасында (ағайынды Абдуллиндер көшесі 55) ауызашар бағасы 9000 теңгеден басталады.

Нұрмақов көшесі 25-те орналасқан «Шыңғыс хан»  мейрамхана кешенінде 13500 теңге.

Жетісу ықшамауданында орналасқан Korkem hall-да ауыазашар бағасы 10000 теңгеден басталады.

ІШІМДІК САТЫЛАТЫН МЕЙРАМХАНАДА АУЫЗАШАР ӨТКІЗУ – РАМАЗАННЫҢ РУХЫНА ҚАЙШЫ

Қаламыздағы тамақтанатын орынның кейбірінде ішімдік ішілетінінен хабардармыз. Оразаға деген құрметі ме екен, әлде бизнестің талабы ма, соған қарамастан ауызашар ұсынып отырғандары да бар. Бұл жағы қалай болар екен деген оймен этнограф Болат Бопайұлының пікірін сұраған едік:

«Рамазан айы – мұсылмандар үшін ерекше қасиетті ай. Бұл айда пенде ораза ұстап, нәпсісін тәрбиелеп, рухани тазарады. Ораза ұстаудың негізгі мақсаты – тақуалыққа жету. Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді. Әрине, тақуалыққа жетулерің үшін» (Бақара: 183) делінген.

Яғни, Рамазан тек ас-сумен ауыз бекіту емес, ол – Алланың разылығын іздеп, күнәдан тазару, рухани кемелдену айы. Дегенмен қазіргі қоғамда Рамазан айында ауызашардың қайда өткізілуіне байланысты түрлі көзқарастар туындауда. Соның ішінде ішімдік сатылатын мейрамханалар мен кафелерде ауызашар ұйымдастыру мәселесі жиі кездеседі.

Ауызашар – жай ғана кешкі ас емес, ораза тұтқан адамның Құдайға шүкіршілік ететін, дұғасы қабыл болатын ерекше сәті. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аузы берік жан ауыз ашқанда жасаған дұғасы қайтарылмайды» (Ибн Мажа) деген. Бұл – ораза ұстаушының тілегі мен ғибадатының қабыл болатын кезі. Сол себепті ауызашар жасалатын орта да рухани тазалыққа сай болуы қажет.

Ішімдік – Исламда ең үлкен күнәлардың бірі. Алла Тағала Құранда:

«Шын мәнінде, арақ, құмар ойындары, пұттар және бал ашатын жебелер – шайтанның лас істерінен. Ендеше, олардан барынша аулақ болыңдар, сонда құтыласыңдар» (Мәида: 90) деп қатаң тыйым салған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ішімдікке байланысты:

«Алла Тағала арақты, оны ішушіні, құйып берушіні, сатушыны, сатып алушыны, дайындаушыны, кімге дайындалса, соны және оның табысын харам етті» (Әбу Дәуіт, Тирмизи) деп айтқан. Осы хадистен түсінгеніміздей, ішімдік тек ішу ғана емес, оны сататын, тарататын, ұсынатын, тіпті сондай ортада болудың өзі мұсылманға лайық іс емес.

Демек, күнделікті ішімдік ұсынылатын, сатылатын, адамдар арақ-шарап ішетін орындарда ауызашар өткізу шариғат тұрғысынан да, рухани тазалық тұрғысынан да дұрыс емес.

Ауызашарды өткізуге ең лайықты жер – мешіттер, діни орталықтар, халал асханалар немесе ішімдік сатылмайтын отбасылық мейрамханалар. Себебі бұл орындарда адам өзін таза әрі жайлы сезінеді, Аллаға деген құлшылығы ешқандай күмәнді істермен араласпайды.

Бұдан бөлек, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Кімде-кім ораза ұстаған адамға ауызашар берсе, оған да сол адамның сауабындай сауап беріледі, бірақ ораза ұстаушының сауабы кемімейді» (Тирмизи) деген. Осы хадиске сай, ауызашарды нағыз мұқтаж жандарға, жетім-жесірлерге, жағдайы төмен отбасыларға беру – әлдеқайда сауапты амал.

Рамазан – тақуалық айы. Бұл айда мұсылман өзінің әрбір амалында шариғатқа сай жол іздеуі керек. Ауызашарды ішімдік сатылатын мейрамханаларда өткізу – Рамазанның рухына қайшы. Себебі бұл – құлшылық айында жасалған сауапты істің харам істермен қатар жүруіне себеп болады. Сол себепті мұсылмандар ауызашар ұйымдастырғанда оны рухани таза, шариғатқа сай ортада өткізуге ерекше мән беруі қажет.»

АУЫЗАШАР БӘСЕКЕГЕ АЙНАЛМАЙ МА?

Кредит алып той жасайтын қазақы ортада ауызашар беруді де жарысқа ұластырып жіберген жағдайлар кездеседі. Ауызашарға көбіне күнкөрісі төмен адам емес, керісінше кекіре тойып, ықылық атып жүрген шенді, шекпенділер шақырылады. Қоғамдық ұйымдар, арнайы мекемелер, кәсіп иелері жасаған ауызашарда ылғи төрден төмен түспейтін басшылық қызметтегі, онсыз да тоқ адамдар қонақ болатыны жасырын емес. Соған қарап ауызашар деген жақсы жоралғыны да сауапты амалдан гөрі жарысқа айналдырып жіберген жоқпыз ба деген күмәнді ойға ел аузында «тиктокер имам» болып танылған Нұрлан Байжігітұлының мына пікірі жауап берген секілді:

«Біз ауызашар дегенді тым бәсекеге айналдырып бара жатырмыз. Ауызашар деген жақсы, сауапты амал, бірақ біреуді қонақ қылып, дастарқан жаятын кейбіреудің жағдайы жоқ, енді біреулер ресторанды толтырып мыңдаған адам шақырып тамақ бергеніне мәз болады. Бірде маған бір облыстың әкімі «700 адамға ауызашар берейін деп едім» деген мәселемен хабарласты. «Сізге жарнама керек пе», десем «жоқ» дейді. Бізде ауызашар берген басшыны бәрі отырып алып мақтайды, құдды сол тамаққа шақырмаса, аштан өліп қалатын сияқты. Негізінде, сол тамаққа қарап отырған күні жоқ, сондықтан бас иіп, көпіртіп мақтауды қою керек. Ауызашар берсеңіз, қабыл болсын, бірақ 700 адамға тамақ беремін деп жарыс жасау жақсы нәрсе емес. Әркім өзінің шамасына қарасын, өзің кредитке батып жүріп, ресторан жалдап, мықты дастарқан жаямын деп тыраштанып, қарызға қарыз жамап не табасың, хадисте айтылғандай су мен құрма берсең де жеткілікті.»

ОРАЗА ҚОҒАМДЫҚ БІРЛІКТІ НЫҒАЙТАДЫ

Бас парыздың бірі саналатын оразаның құлшылықтан басқа не пайдасы бар деген сұраққа Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітінің наиб имамы Айдос Жамбылұлы былай жауап берген:

«Рухани пайдасы: ең әуелі тақуалықты күшейтеді. Ораза адамды Аллаға жақындатып, құлшылығын арттыруға көмектеседі.  Нәпсіні тәрбиелейді. Адамның сабырлы, ұстамды болуына ықпал етеді.    Күнәлардың кешірілуіне себепші болады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқандай, шынайы ықыласпен ораза ұстаған адамның өткен күнәлары кешіріледі. Ораза жан тыныштығын береді. Рухани тазару арқылы адам ішкі жан дүниесін тыныштандырады.

Физикалық пайдасы: ас қорыту жүйесін демалдырады. Ораза кезінде асқазан мен ішкі ағзалар демалып, қалыпқа келеді. Денені зиянды заттардан тазартады.  Ағзадан токсиндер мен қалдықтар шығарылады.     Иммунитетті нығайтады. Дене табиғи түрде өзін жаңартып, қорғаныс жүйесін күшейтеді. Артық салмақтан арылуға көмектеседі. Дұрыс тамақтану арқылы дене салмағын реттеуге болады.

Әлеуметтік пайдасы: аш адамдардың жағдайын түсінуге көмектеседі. Ораза ұстаған адам аштықтың не екенін сезініп, мұқтаждарға жәрдемдесуге ден қояды, ізгі істе ықыласты болады. Қоғамдық бірлікті нығайтады. Мұсылмандар бірге ауыз ашып, тарауих намазын оқып, бір-бірімен бауырмалдығын арттыра түседі. Жаман әдеттерден арылуға көмектеседі. Темекі шегу, ғайбат айту, ашулану сияқты зиянды әдеттерден тыйылуға ықпал етеді. Бұл ретте баса айта кетер жайт: ораза – тек ішіп-жеуден тыйылу емес, ол жан мен тәннің тазаруына, өзін-өзі тәрбиелеуіне және Аллаға жақындауға жетелейтін теңдессіз құлшылық.»

ӘЙЕЛДІҢ ТАБИҒИ ЖОЛМЕН БАЛА КӨТЕРУ ҚАБІЛЕТІ ҚАЛПЫНА КЕЛЕДІ

Оразаның денсаулыққа тигізетін әсері туралы медицина ғылымдарының кандидаты, С. Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың эндокринология кафедрасының меңгерушісі, Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының бас штаттан тыс эндокринологы Светлана Викторовна Большакова былай деді:

«Ораза ұстау да – жауапкершілік пен дайындықты қажет ететін күрделі процесс. Ашығуды қолға алмас бұрын қажетті талдауларды тапсыру жасырын тапшылықтарды анықтау, ағзаның стресске дайындығын бағалауға, ықтимал асқынулардың алдын алуға көмектеседі. Мұсылмандардың тамақтан тыйылатын оразасында адам алғаш рет ауыз бекітуге ниеттенсе және денсаулығында қандай да бір кінәрат болса, дәрігер мамандарға барып, кеңескен жөн.

Ашығу кезеңінде қандағы инсулин деңгейі төмендейді, бұл глюкозаның түсуінің азаюымен және энергияның май қорларынан пайдаланылуымен байланысты. Инсулиннің бұлай төмендеуі оған деген сезімталдықтың жақсаруына ықпал етеді, бұл инсулинге төзімділіктің және метаболикалық синдромның алдын алу мен емдеуде маңызды фактор болып табылады.

Зерттеулер көрсеткендей, интервалды ашығу метаболизм көрсеткіштерінің жақсаруына әкелуі мүмкін, оның ішінде аш қарындағы глюкоза мен инсулин деңгейінің төмендеуі, сондай-ақ тамақтан кейін организмнің инсулинге реакциясының жақсаруы. Бұл өзгерістер жасушалардың глюкозаны тиімді пайдалануына ықпал етіп, 2-ші типті қант диабетінің даму қаупін азайтуы мүмкін.

Осылайша, ашықтыру метаболикалық денсаулықты жақсартуға және инсулинге сезімталдықты арттыруға пайдалы құрал бола алады.

Ашығу кезінде стресс гормоны болып табылатын кортизол деңгейі жоғарылауы мүмкін. Бұл ағзаның аштықты күйзеліс ретінде қабылдауымен және энергия теңгерімін сақтау механизмдерін белсендіруімен байланысты. Гипоталамус-гипофиз-бүйрек үсті безі жүйесі іске қосылып, кортизолдың бөлінуі артады. Бұл ағзаға энергия қорларын, мысалы, глюкоза мен май қышқылдарын жұмылдыруға көмектеседі.

Сондай-ақ, ашығу кезінде адреналин мен норадреналин сияқты гормондар да көбейеді, олар да стресс реакциясына қатысады. Бұл гормондар энергия деңгейін көтеріп, тамақ жетіспеген жағдайда физикалық жұмыс қабілетін жақсарта алады.

Созылмалы ашығу немесе ұзақ уақыт шектелген жағдайда тамақтану кортизол деңгейінің тұрақты жоғарылауы мүмкін, бұл денсаулыққа кері әсер етіп, күйзеліспен байланысты аурулардың даму қаупін арттыруы мүмкінОраза ұстау ер адамның жыныстық гормоны – тестостеронның төмендеуіне ешқандай әсер етпейді.

Бірақ әйел адамдарға әсер етеді. Рамазан айында 22-25 жас аралығындағы әйелдер арасында зерттеу жүргізілген. Оның барысында оразаның қан плазмасындағы прогестерон мен пролактин мөлшеріне және әйелдердің ұрпақ өрбіту физиологиясына әсері зерттелген. Нәтижелер көрсеткендей, олардың 80%-ында қан плазмасындағы пролактин деңгейі төмендеген, ал прогестерон деңгейі өзгеріссіз қалған. Осыдан кейін зерттеушілер бала емізетін аналарға оразаны тоқтатуды ұсынды. Бұл зерттеу пролактиннің жоғары мөлшерінен туындаған бедеулікті емдеуде  оразаның маңыздылығын көрсетеді. Өйткені, Ораза кезінде пролактин деңгейі төмендегенде, әйелдің табиғи жолмен бала көтеру қабілеті қалпына келеді.»

Ораза тұтушының ауыз ашу уақыты ақшам намазының уақыты, яғни күннің батуымен байланысты. Ауызашар беру – сауапты іс. Зәйд ибн Халид әл-Жуһайнидің (р.а.) риуаяты бойынша Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аузы берік жанды ауызашарға шақырып тамақ берген кісі – ораза ұстаған адамның алатынындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан да еш нәрсе кемімейді», – деген. (Тирмизи, Саум, 82; Ибн Мажә, Сиям, 40).

Тағы бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер кімде-кім Рамазан айында адал табысымен ауызашар берсе, періштелер Рамазан айының соңына дейін оған дұға жасайды», – деген. Сонда риуаят етуші: Уа, Расулалла! Ауызашарға ештеңе таппаса не істейді? – деді. – «Бір тілім нан берсін» – деді. – «Ол да болмаса ше?» – «Онда қара су берсін» – деді (әт-Тарғиб уәт Тархиб, 2/431.) Ораза тұтқан кісіге бір құрма немесе бір кесе сүт берген адам да ауызашар бергендей сауапқа ие болады.

Рамазан айы құтты, ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
2
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:13

11:57

11:52

11:50

11:46

11:42

11:34

11:31

11:25

11:14

10:57

10:54

10:37

10:13

10:06

09:01

07:35

07:02

18:05

17:51

17:39

17:30

17:08

17:00

16:55