ffin.kz

Әуе «дирижері»

Әуе «дирижері» almaty-akshamy.kz

Сәті түскен сұхбат


 


Аспан бақылаушысы – авиациялық диспетчер әуедегі сапарыңызды қауіпсіз етеді


Әлеуметтік желідегі парақшасында өзін «әуе жолсерігі» деп таныстырып, авиация туралы көпшілік біле бермейтін тың ақпараттарды жариялап жүрген әуе диспетчері Еркебұланның жазбаларын біраздан бері оқып жүрмін. Авиация – өте қызықты, әрі қиын сала. Оған қатысы бар барлық қызметтің маңызы зор екені де рас. Әуедегі сапарыңызды қауіпсіз ететін мамандардың бірі  Еркебұлан ӘЛІБЕКҰЛЫМЕН тілдестік. Ұшақтың ұшып-қонуына қолайлы жағдай жасайтын маман сағат сайын жүздеген адамның тағдырына жауап береді. Оның жұмысында кішкентай қателік үлкен қайғы-қасіретке әкелуі мүмкін. Қырағылықты талап ететін ерекше сала сізге де қызық болар?! Азаматтық авиацияның  беймәлім жұмбағы мен әуе кемесінің қозғалысын бақылайтын диспетчердің жұмысы туралы сұхбатымызды оқи отырыңыз!


 


ЕҢ ҚАУІПСІЗ ТРАНСПОРТ


– Жерде отырып, әуедегі бір емес, бірнеше ұшақтың бағытын бақылап, ұшқыштармен байланыс орнату –  оңай жұмыс емес. Алдымен, қызметіңіз туралы толығырақ айтып берсеңіз. Әуе қозғалысының диспетчері деген кім, ол қандай міндеттерді атқарады? Әуе қозғалысын қалай басқарады?


– Сіз білесіз бе, дәл қазір әлем бойынша әуеде 10 мыңдай ұшақ ұшып барады. Әуе диспетчерінің ең негізгі міндеті – сол ұшақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Яғни екі ұшқыш бірігіп, бір ұшақты басқарса, жалғыз диспетчер бір сәтте 40-қа жуық ұшақты басқаруы мүмкін. Ойлаңызшы, оның әрқайсысында жүздеген жолаушы бар. Бірақ әрдайым осындай интенсивтілік бола бермейді. Диспетчердің жұмысы бір қарағанда, компьютерлік ойынға ұқсайды. Экрандағы нүктелердің соғысып қалмауын қарап отырады. Алайда, бұл ойында қателікке жол жоқ.  «Ойынды» жеңіле салып, қайта бастай алмайсың. Мұндай аса маңызды міндетте диспетчерлерге инженерлік құрам ұшақтарды бақылау үшін радарларды орнатып, ұшқыштарға команда беру үшін радио құрылғыларды бермесе, олар «соқыр, мылқау» болып қалар еді.    




– Бізге сұхбат берген ұшқыштардың диспетчерлер дайындайтын флайт-жоспар туралы айтқаны бар еді. Әуе көлігінің сәтті ұшып-қонуында бұл құжаттың айтарлықтай маңызы болып тұр ғой, демек?


– Диспетчерлердің үш түрі болады. Әуе компанияның жеке диспетчері, әуежайда отыратын диспетчер және диспетчерлік мұнарадағы жергілікті диспетчерлер болады. Осылардың ішінде, мен мұнарада отыратын әуе диспетчерімін. Ұшақтарды дәл осы дипетчерлік құрам басқарады. Ал флайт-жоспарды әуе компаниялардың жеке диспетчері дайындайды. Олар тек өздерінің ұшақтарына қатысты жұмыстарды істесе, әуежайдағы диспетчерлер ұшып келген, қонған ұшақтарға қатысты мәліметтерді бақылап отырады. Ал біз ұшқыштармен тікелей байланысқа шығып, әуе көлігін басқарамыз.


Әрине, бұл құжат авиацияда үлкен рөл атқарады. Әуедегі мыңдаған ұшақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін 4 түрлі қорған бар деп айтар едім. Ең біріншісі – ұшуды жоспарлау кезеңі. Оған ұшу жоспары, яғни флайт-жоспар кіреді. Ол – рейс орындалмас бұрын алдын ала жіберетін маңызды құжат. Қай әуежайдан, қай әуежайға ұшатынын, оның биіктігі, жылдамдығы деген секілді маңызды ақпараттардың барлығы сол құжатта жазылады. Әуежай қызметкерлері мен әуе диспетчерлері алдағы болатын рейстерге дайын болады. Ұшу барысында рейстер жоспарға сәйкес орындалғанын тексеріп отырамыз.  


 


«ҚИЫНДЫҚТАР ШЫҢДАЙ ТҮСЕДІ»


– «Диспетчерлер бір уақытта 40-ға жуық ұшақтың бағытын есте сақтап, басқару керек» дедіңіз. Сіз қызмет ететін авиа мекемеде күніне қанша ұшақ ұшып, қонады? Жергілікті диспетчер қанша бағытты бақылайды?


Диспетчерлік жұмыс әуежайдың, авиа мекеменің үлкен-кішісіне қарамайтынын айта кетейін. Мен қызмет ететін Тараз қаласындағы авиа мекемеде кешегі ұшу-қонуларды санасам, транзиттік және облыстағы рейстерді қоспағанда, 38 ұшу-қону болған екен. Ал бүгін түске дейін 25 ұшу-қону орындалды.



Біздің әуежайдан күндегісін күнде Алматы, Астана және Атырау бағытына жолаушылар ұшағы ұшады. Онымен қоса, Ресейдің қалаларынан ұшып келіп, біз арқылы шетелге ұшады. Әсіресе, маусымдық кезеңде рейстер саны көбейеді. Одан бөлек, санитарлық рейстер орындалады. Яғни тікұшақтар, әскерилердің ұшақтары, ұшқышсыз басқарылатын ұшақтар ұшады. Еліміздегі қазіргі ахуалға сай, су тасқынын бақылайтын, егістік алқаптары мен ормандарды тексеретін арнайы ұшақтар бар. Сондай-ақ, Алматы қаласындағы Авиациялық академияның студенттері біздің әуежайда оқу, ұшу, қонуды орындайды.  Бір уақытта бес ұшаққа дейін ұшып, қонып жатады. Оларға да бағыт-бағдар беруіміз керек.




– Еліміздің әуе кеңістігімен өтетін транзиттік ұшақтарды бақылау да диспетчерлердің құзырында. Бұрын жоспарланбаған, рұқсаты жоқ рейстер жиі орындалатынын естіп жүрміз. Әуе қозғалысын дайындауда қиындық туғызбай ма? Мұндай жағдайда диспетчер не істейді?


– Әңгімеміздің басында әр рейстің алдында флайт-жоспар дайындалатынын айттық қой. Алайда, кейде ұшу жоспары жоқ ұшақтар да кездеседі. Мұндай жағдайда әуе диспетчерлері рұқсаты жоқ ұшақты байқаған бойда, сол жерде тоқтатуы тиіс. Әрине, әуедегі ұшақтың бірден тоқтауы екіталай. Алдымен шеңбер жасап, сол маңда айналып ұшып тұрады. Содан кейін ұшақ туралы мәліметтерді іздестіріп, жоспарда бар-жоғын анықтауға тырысамыз. Жоспарда жоқ ұшақтарды ұшып келген жағына кері қайтару керек. Егер рұқсаты жоқ ұшақ әуе диспетчерінің командасына бағынбаса, әскерилерге хабар береміз. Әскери ұшақтар дереу әуеге көтеріліп, мән-жайды анықтауға аттанады. Байланыс құралында ақау болуы мүмкін. Әскери ұшақтар жерге қондыруға әрекет жасайды.


 


ӘУЕДЕ ДЕ КӨЛІК КЕПТЕЛІСІ БОЛАДЫ


– Әуе диспетчерлерінің жұмысы ауа райымен тығыз байланысты болады. Әсіресе, бұлтты, тұманды күндері, қолайсыз ауа райында сіздерде қарбалас болатын шығар...


Ең жиі кездесетіні – тұман мен жел. Авиацияда ең қолайлы жел – ұшақтың алдынан соғатын жел. Ал артынан, жанынан соғатын жел қауіпті болады. Кейде жанынан соққан желдің әсерінен ұшақ ұшу-қону жолағына қиғаштап, теңселіп келе жатады. Сырттан қарағанда, өте қорқынышты. Тиісті жерге тоқтағанша уайымдап отырамыз. Ал ұшақтағы ұшқыштар мен жолаушылардың сол сәтте қандай жағдайда болатынын ойлай беріңіз. Ұшу жоспары жиі өзгереді. Ұшақ қондыру асқан шеберлікті қажет етеді.


– Әуедегі ең қауіпті кезең деп нені айтар едіңіз? 


– Жағдайға қарап, әртүрлі кезеңді айтуға болады. Ең қауіпті сәт – қону. Ол кезде ұшқыштарға бір уақытта ұшақтың бірнеше параметрін басқаруға тура келеді. Оған қоса, тұман, жел әсер етеді. Ұшу-қону жолында да кедергілер болуы мүмкін.



Ұшаққа байланысты ең қауіпті жағдай – өрт. Ұшақ бірнеше секундтың ішінде толықтай жанып кетуі мүмкін. Көлік кептелісі әуеде де болады.  Бірде-бір ұшақ ұшпайтын кездер де болады. Ондай кезде арқаны кеңге жайып, алаңсыз отырасың. Ал кейде барлығы бірден басталып кетеді.  Неше түрлі тікұшақтар, әскери ұшақтар мен тәжірибеден өтіп жүрген болашақ ұшқыштардың ұшағы, жолаушылар көлігі бір сәтте ұшып келеді. Әсіресе, таңғы, кешкі уақытта осындай қарбалас жұмыстар басталып кетеді. Біз тек ұшқыштармен емес, басқа әуежайдағы диспетчерлермен де байланысып, 30–40 абонентпен хабар алмасамыз.  Ұшу, әсіресе қону кезінде ұшқыштардың да, диспетчерлердің де негізгі жұмысы басталады. 



 


ГУДЗОН ТАҢҒАЖАЙЫБЫ


– Ұшқыштар мен қырағы диспетчерлер талай мәрте әуе апаттарының алдын алды.  Бір орында тұру, бір жерде айналып ұшу, авиацияның тілімен айтқанда, 360 градустағы бұрылыс, т.б. өзіндік тактикалары бар. Сіз үшін әлемдегі болсын, өзіңіздің тәжірибеңізде болсын, өмірлік сабақ болған апаттың алды алынған оқиға?


Бүкіл әлемге сабақ болған Гудзон оқиғасы есіме түсіп отыр. Бұл таңғажайып оқиға 2009 жылы АҚШ-та болған. Ұшақ Нью-Йорк әуежайынан енді ұшып, әуеге көтерілген тұста екі қозағалтқышы бірдей істен шығады. Себебі, ұшаққа қарсы қаздар ұшып, қозғалтқышқа кіріп кетеді. Биіктік өте төмен болғандықтан, әуежайға қайтып қона алмайды.  Командир сол маңдағы Гудзон өзеніне қонуға шешім қабылдайды. Ұшақ өзеннің бетіне қонып, барлық жолаушы аман қалады. Апатқа ұшырап, жолаушылар аман қалған оқиға кемде-кем. Сондай-ақ, ұшақты су бетіне қондыру – қауіпті шешімдердің бірі.


Қазақстанның авиация тарихында қайғылы оқиғалар да болды. Барар жеріңе тез жететін ұшақпен ұшуды кез келгені қалайды. Бірақ ол үшін ұшқан ұшақ қауіпсіз болуы керек. Тарихтағы ұшақ апаттары қайталанбауы үшін не керек деп ойлайсыз?


Иә, біз қаламасақ та, Қазақстанда да, әлемде де әуе апаттары болып тұрады. Мейлінше, қайталанбауы үшін алдымен, авиацияның талаптары орындалуы керек. Заң бекерден-бекер шықпағаны белгілі. Қанмен жазылған заң деп айтуға болады. Тарихтағы түрлі оқиғадан кейін авиациялық заңдар шығып отырған. Кейде барлығы заң мен талаптағыдай бола бермейді. Қауіпсіздікті бірінші орынға қойып, талапқа сай келмейтін әрекет жасауға тура келетін кезеңдер болады. Әлемдік практикада әуе апатының себебін зерттейді. Қайта қайталанбауы үшін әуе компанияларға талапты күшейтеді. Бұл тәжірибені біздің елде де қолдануы керек деп ойлаймын.


 


«ҚАРА ЖӘШІКТІҢ» СЫРЫ


– Авиацияда әуе кемесінің апаттық жағдайға не себепті тап болғанын анықтайтын «қара жәшіктің» диспетчерлерге қатысы бар ма? Яғни көкке көтерілгеннен бастап, жерге қонғанға дейін қара жәшіктегі ақпаратты білу мүмкін бе?


– Әуе көлігі апаттық жағдайға ұшырап жатса, ең бірінші «қара жәшігін» іздейді. Неге? Себебі, онда ұшақтың бағыты, биіктігі, жылдамдығы, механизмдердің жұмысы, ұшқыштардың бір-бірімен әңгімесі деген секілді 200-ге жуық ақпарат сақталады. Ол ақпарат 6 километр су түбінде де, 1000 градус ыстық пен аса ауыр соққыда да сақталады. «Қара жәшікті» 1939 жылы француздар ойлап тапқан.


Шындығына келер болсақ, біздің «қара жәшік» деп жүргеніміз, қара да емес, жәшік те емес. Оны апат болған жерден тезірек табу үшін көбіне қызғылт сары түске бояйды. Екіншіден, «қара жәшік» пішіні жағынан жәшікке мүлде келмейді. Пішінін шар түрінде жасайды. Оған себеп, дәл осындай пішіндегі дене максималды қысым мен салмаққа төтеп бере алады. Қазіргі заманғы әуе кемелерінің бортында бір емес, екі бірдей «қара жәшік» орналасқан. Онда біздің ұшқыштармен сөйлескен сөзіміз де сақталып тұрады.


– Әлеуметтік желіде авиациялық блог жүргізуді бертінде ғана бастапсыз.


Бұл сала туралы кеш білдім. Басқа оқу оқып, басқа жұмыс істеп жүрсеңіз де, авиа диспетчер бола алатыныңызды айтқым келеді. Бұл жайлы өзім тым кеш білдім. Авиа диспетчер қызметі мен оқу бағдарламалары туралы көбісі білмейді. Авиациялық қазақша блог жүргізуіме осы себеп болды. 2020 жылдан бері авиацияның қыры-сыры туралы, ерекше, қызықты ақпараттарды оқырмандарға ұсынып жүрмін. Жүздеген адамның сұрақтарына жауап беремін. Мұнымен ғана шектеліп қалғым келмейді. Авиацияның қызметтерін үйретіп, оқытатын мектеп ашқым келеді. Бұл кішігірім армандарымның бірі десем болады.


 


                                                        ҚЫЗЫҚ ДЕРЕК



  •  

  • * Әлемдегі мыңдаған авиадиспетчерге күніне 5 миллионнан аса жолаушы өмірін сеніп тапсырады.

  • * Әуе қозғалысының диспетчерлері кез келген ауа райында күніне 2600 қону және ұшуды орындайды.

  • * Аспанда ұшып бара жатқан ұшақтың артында қалатын ақ жолақтың не екенін білесіз бе?  Шын мәнінде, ол – конденсациялық із, яғни су. Ұшқан кезде ұшақтың су буын шығаратын қозғалтқышы іске қосылады.  Ұшақтың артында қалатын су буы ұсақ мұз кристалдарына айналады да, ақ бұлт түзеді. Бізге түтін сияқты болып көрінеді.

  • *Бір мезетте әуеде 12 000 ұшаққа дейін болады екен. Қыс мезгілінде азайып, ал жазда саны 16 000-ға дейін жетеді. Абсолюттік рекорд 2018 жылдың шілде айында тіркелген. Ол кезде бір уақытта әуеде 19 000-нан аса ұшақ ұшып, 205 468 рейс орындалған. 

  • * Қазақстан әлемнің 27 елімен халықаралық әуе қатынасын орнатқан. Рейстер аптасына 484 рейс жиілігімен 86 бағыт бойынша 4 қазақстандық және 30 шетелдік әуекомпаниясымен жүзеге асырылады.


 


Сұхбаттасқан  Гүлжанат СЕМБАЕВА.


 


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32

12:13

11:56

11:52

11:40

11:29

11:11

11:05

10:49

10:47

10:36

10:16

10:08

09:54

09:17

09:03

08:49

08:05