Сараптама
ұлттық және аймақтық мүдделерді қорғау үшін белсенділік қажет
- Бүгін, елордада Астана Халықаралық форумы өз шымылдығын ашады. «Диалог арқылы сын-қатерлерді еңсеру: Ынтымақтастық, даму және прогресс жолында» атты халықаралық іс-шара жаһандық түйткілді түйіндерді диалог арқылы шешіп, күрделі үрдістерді талқылауға Астананың ұсынып отырған ашық алаңы. Екі күнге жалғасатын шараға әлемнің көптеген елдері мен халықаралық ұйымдарының өкілдері қатысады.
Жаһандық жағдай: белсенділік бағдары
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан «көпвекторлы саясатты» барынша бекем ұстанып келді. Мұны еліміздің сыртқы саясатта жеткен жетістіктерінің бірі деп айтуға әбден болар. Саясаттануда «көпвекторлы» деген ұғым тым жағымды саналмағанымен, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін қалыптасқан жаңа геосаяси аймақта Қазақстан өз егемендігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін аталмыш ұғымның практикалық негізін қалауға ұмтылды. Оның астарында өзіне ықпал етуші өзге күштердің теңгерімін сақтап тұру деген мақсат тұрды. Соңғы 30 жылдан аса уақытта Қазақстанның сыртқы саясатта ұстанған осы бағыты аймақтағы елдер үшін де белгілі деңгейде көшбасшылық ұстанымға ие болды. Әлбетте, аймақта бейтараптылық ұстанымындағы Түркіменстан секілді көршілес әрі бауырлас елдер болғанына қарамастан, сыртқы күштер алдында аймақтың ортақ ұстанымы қазақстандық бағытқа жақын болды. Міне, бұл аймақтың қазірге дейінгі тұрақтылығы мен дамуына өзіндік оң әсерін тигізіп келді.
Дегенмен, қазір біз атап өткелі отырған көпвекторлық сыртқы саясатта жаңа қауіптер пайда болды. Бұған күрделі өзгерістерді бастан кешіріп жатқан жаһандық геосаяси жағдай себеп. Анықтап айтатын болсақ, Екінші дүниежүзілік соғыстан бері қалыптасып, біршама кемелді деңгейге жеткен халықаралық қатынастардың тәртібі қайта қаралу үстінде. Әлемдегі қалыптасқан және қалыптасу үстіндегі державалар (АҚШ, Британ, Қытай, Ресей, т.б.) арасындағы бәсекелестік қарым-қатынастары тұтас жаһандық іс-қимылдардың сипатын өзгертті. Бұл өзгерістердің басталу нүктесін саясаттанушылар да анық көрсетіп бере алмайды. Бірақ біздің аймақ тұрғысынан айтқанда, Ауғанстанда тәліптердің билікке келуі, Таулы Қарабақ соғысы, қырғыз-тәжік шекара жанжалдары және т.б. оқиғалар жаңа сын-қатерлердің өсіп шыққанын аңғартты.
Бұған дейін әлем үшін біршама «елеусіз» Орта Азия, ендігі жерде, ірі державалардың басты назарындағы геосаяси кеңістікке айналды. Нәтижесінде сыртқы саясатымыздың басым бағыты болған көпвекторлы саясат ұстанымына қауіп күшейді. Мұндай жағдай ұлттық және аймақтық мүдделерді қорғау үшін де белсенділікті талап етеді. Тіпті бұл қаласақ та, қаламасақ та біз орындауға тиісті міндеттердің бірі. Оның үстіне климат өзгерісі, құрғақшылық, су ресурсы секілді жаһандық және өңірлік мәселелерді шешу бір ғана мемлекеттің қолынан келмейді.
Қазақстанның егеменді ел ретінде аталған геосаяси, геоэкономикалық және ортақ жаратылыстық мәселелерді шешуге өзіндік жолы мен ұстанымын алдын ала ұсынуы маңызды. Елордадағы кезекті халықаралық жиын да міне сол үшін өткізіліп жатыр.
Негізгі үш бағыт
Алғаш өткізіліп отырған Астана Халықаралық форумының күн тәртібінде бірқатар салмақты тақырыптар тұр. Олардан түгел дерлік қазіргі жаһандық ортақ сын-қатерлердің сипатын көреміз. Атап айтқанда, үш бағытқа бөліп көрсетуге болады: экономика, халықаралық қатынастар және климат тақырыптары.
Экономика тақырыбының аталған форумда көтерілуі тегін емес. Қазір әлем елдері тап болып отырған басты табиғи қиыншылықтар осы экономика саласына қатысты. Мәселен, экономикалық өсімнің төмендеуі барлық елдерге ортақ үрдіске айналғаны белгілі. Оның үстіне, пандемия мен ауқымды қақтығыстар жаһандық жеткізу тізбегін бұзды. Сауда-экономикалық байланыстар екпінін жоғалтып алды. Бұларға жоғары инфляцияны қосатын болсақ, экономика саласында жаһандық проблемалардың ауқымды екенін көреміз.
Соңғы жылдардағы ортақ экономикалық қиындықтарға байланысты дамыған елдерден гөрі дамушы елдердегі экономикалық өсім жоғары бола түсті. Бұл инвестициялардың жаңа ағымдарына әсер етуде. Инвесторлар бүгінде ыңғайлы және тұрақты дамушы елдерге қызығушылық таныта бастады. Міне, сондықтан форумда әлемнің әр елінен келген бизнес өкілдері болашақ инвестициялар үшін оңтайлы жауап іздейтіні анық.
Басты тақырыптардың бірінде тұрған климат мәселесі де Қазақстан мен Орта Азия үшін, тіпті тұтас әлем үшін де ортақ мәселенің бірі. Әрі бұл тұтас адамзат болашағына саятын салмақты тақырып. Оның елімізде өткізіліп жатқан халықаралық іс-шарада көтерілуі, ең алдымен, өзіміз үшін керек. Себебі, соңғы жылдары Қазақстанда климат дағдарысының айқын белгілері көріне бастаса да, мемлекет пен қоғам жағынан бұл мәселеге жеткілікті көңіл бөлінбей келеді. Ғасырлық үлкен қасіреттің бірі – Арал тағдыры да шешімін таппаған күйінде қалып тұр. Иран, Түркіменстан, Өзбекстанды және Қазақстанның батыс пен оңтүстік батыс аймақтарын қамтыған құрғақшылық, шөлейттену сынды климаттық құбылыс біртіндеп алып территориямыздың өзге өңіріне қарай кеңеюде. Ел болашағына қатысты мұндай сұрақтар халықаралық жиындардан тыс, өз ішімізде де қоғам болып талқылануға тиісті мәселе. Ал жаһандық климат өзгерістерін талқылайтын жаңа алаң ұсыну, бұл – Қазақ елінің әлемге деген жауапкершілігінің бірі ретінде сипатталады.
Форум тақырыптарының үшінші үлкен бағытында тұрған халықаралық қатынастар тақырыбының өзектілігі айтпаса да түсінікті. Ортақ шешуге тиісті жаһандық мәселелер алдында әлем елдері ұйысудың орына бірнеше геосаяси үйектерге бөліну үрдісіне бұрылды. Тиісінше, қайшылықтар да күшейіп, қақтығыстардың қаупі мен ауқымы үлкейді. Халықаралық қатынастардың таяу тарихтағы ең терең дағдарысқа тап болуы әлем елдерін «Үшінші дүниежүзілік соғыс» қаупімен алаңдатып отыр. Астанадағы форумда, міне, осы мәселелер де талқыға түседі.
Мақсат және міндет
Жоғарыда аталған мәселелер жаһандық ортақ шешімді талап еткенімен, әлем елдері арасында қожырау үрдісі бар. Қалыптасқан жағдайды шешу мақсатында әр елдің басын қосуда халықаралық қауымдастық та дәрменсіздік танытуда. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі тұрақты мүшелердің өзі бір-бірімен ұстаным қайшылығына ие. Демек, мұндай жағдайда қайшылықтар мен түрлі келіспеушілікті қақтығыспен емес, диалогпен шешуге бағыттайтын платформалардың болуы ауадай қажет. Өз тұрғымыздан айтқанда, Қазақстан өз тарапынан осындай платформа ұсыну арқылы ең алдымен қақтығыстарды жақтамайтынын, екіншіден бейбітшілік пен тұрақты дамуды қолдаушы екенін жеткізіп отыр.
Әрине, бұның бәрі тек позитивтілік тұрғысынан берілетін баға екені шын. Елімізде жыл сайын түрлі халықаралық іс-шаралар, экономикалық форумдар өтіп жатады. Өз тұсында бәрінің де мәні мен маңызы бар десек те, қоғамдық пікір алаңында бұған қатысты көзқарастар көбінше негативті бағытқа бұрылатынын мойындауымыз керек. Оның себебі белгілі, ең алдымен, бұндай шаралардың мәні мен маңызына қатысты мемлекет тарапынан қоғамға дұрыс түсіндіру және ақпараттандыру жұмысы жеткілікті деңгейде емес. Басым көп аудитория еліміздегі бұндай оқиғалардан қағыс қалып жатса, ақпараттанған аудиторияның өзінде наразылық көңіл күй жоқ емес. Мұның өзі елдегі ішкі проблемалардың шешілу деңгейінен хабар берсе керек. Бұған дейін кейбір әлеуметтік сұрақтарды шешудің кең мүмкіндіктері болғанын жасыра алмаймыз. Бүгінгі таңдағы жаһандық ағынның екпіні бізге ішкі мәселелерді барынша жылдам реттеу міндетін жүктейді. Егер халықтың әлеуметтік жағдайына қатысты сұрақтардан тартып, инфрақұрылымға дейінгі мәселелер ертерек күн тәртібінен алынған жағдайда, біз сыртқы қауіптерді еңсеруде қазіргіден әлдеқайда қуатты ел боларымыз анық.
Ал форумның мән-маңызын тағы бір қырынан қарастыру үшін саясаттанушылардың пікірін оқырман назарына ұсындық.
- Тақырыпқа орай
Пердехан ШӘМШИЕВ, саясаттанушы: Форумның нәтижелілігі инвестициялар көлемімен бағаланады
«Астана» халықаралық форумы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биыл алғаш рет өтуде. Әлемдегі геосаяси жағдайдың шиеленісуі, санкциялық текетірес, қаржы-экономикалық жағдайдың нашарлауы климаттың өзгерісі, азық-түліктің тапшылығы және энергетикалық қауіпсіздік сияқты күллі адамзатқа төнетін қауіп-қатерлерге көңіл аудару мен оларды бірлесіп шешу сияқты мәселелер шетке ығысты. Осындай аумалы-төкпелі кезеңде бізге қарым-қатынасты қалпына келтіру, ортақ мәселелерді бірлесіп шешу үшін диалог алаңдары ауадай қажет. Бұл жағынан қарасақ алғашқы форумның тақырыбының өзекті екендігіне көзіміз жетеді.
Еліміздің климаты географиялық орналасуына, антропогендік факторларға байланысты түрлі экологиялық мәселелерді тудырды. Халық тұтынатын ауызсудың тапшылығы, Арал теңізі суының тартылуы, шөлді аумақтың кеңеюі сияқты экологиялық қауіп-қатерлерге мемлекет тарапынан аса мән берілуі тиіс екені сөзсіз. Сондықтан өтіп жатқан форумның нәтижелілігін әлемдік қауымдастық біздің мәселелерге көңіл аудара ала ма деген сұраққа жауап берсек қана бағалай аламыз.
Екіншіден, елімізде энергетикалық қауіпсіздік мәселелері өршіп тұр. Риддердегі ЖЭС авариясы және өзге де ЖЭС-індегі материалдық-техникалық базаның ескіруі Үкімет тарапынан баса назар аударатын мәселелер. Бұл тұрғыдан қарайтын болсақ, форумның нәтижелілігін елге осы мәселелерді шешу үшін тартылатын инвестициялар көлемімен бағалау қажет.