Әсем ЕРЛАНҚЫЗЫ: Барлық мәселенің жауабы – кітапта

Әсем ЕРЛАНҚЫЗЫ:  Барлық мәселенің жауабы – кітапта aqshamnews.kz

·      Жан азығы

 

Әсем Ерланқызы Алматыдағы Amjilt Cyber Academy-да IT саласына маманданып жүр. Ол кітап оқығанды ұнатады. Жылдам оқу техникасын меңгерген Әсем, минутына 3 мың сөз оқи алады. Аптасына 7-8 кітапты еркін оқып бітіретін ол, енді жылына мың кітап оқуды мақсат етуде.  Әсем Ерланқызымен әңгімеміз кітап оқуға құштарлық пен оның маңызы төңірегінде өрбіді.

 

Әсем, кітапқа қызығушылығың қай кезде, қалай оянды? Оған кім себеп болды?

Кітапқа қызығушылығым 11 сыныпта оқып жүргенде оянды. Оған ұстазым Нұрберген ағай себепкер болды. Есте сақтау мәселесі бойынша сол кісіден көп нәрсе үйрендім. Өзімді дамыта бастағаннан кітаппен ерекше дос болдым. Қазір айтсам күлкілі шығар. Бірақ шындығында достыққа сенбейтін адамның бірімін. «Дос», «дос» деп адамға тәуелді болғанымды жасырмаймын. Кітаппен сырлас болғанға дейін адамдармен араласып жүргенде шынайылықты көрмейтінмін. Мүмкін, күйзеліс те болды. Айналамда қанша адам болса да, кей сәттерде ешкім менің ішкі күйімді шын мәнінде сезе алмайды. Ал кітап – үнсіз болса да мені тыңдайтын, менімен бірге уайымдайтын, мені сөгіп те, жұбатып та алатын серігім сияқты. Ол менің ойымды оқымаса да сол сәттегі күйімді дәл табады. Кейіпкерлердің жүріп өткен жолы, автордың ішкі толғанысы, бәрі ішкі әлеміммен үндесіп кетеді. Сонысымен де кітап – мен үшін ерекше, өзімді жалғыз түсінетін, ешқашан ренжітпейтін кеңесші. Алғашқы оқыған кітабым – Бердібек Соқпақпаевтың «Балалық шаққа саяхаты». Осылайша, кітап оқу бойынша жарыстарға, олимпиадаларға қатысып, керемет авторлардың туындыларын оқып шықтым.

Жылдам оқу техникасының құпиясы неде? Оны меңгерудің әдіс-тәсілі бар ма?

Жылдам оқу техникасының басты құпиясы – бұл тек жылдам ғана оқу емес, түсіну, зейін қою, оқылған ақпараттарды ұмытпау. Адам жылдам оқи бастағанда ми автоматты түрде көбірек ақпаратты өңдеуге бейімделеді. Бұл дағдыны дамыту үшін бірнеше нақты техника мен ішкі құпияны ұсынамын. Миды сендіру қажет. Жылдам оқудың арнайы жаттығулары бар. Мысалы, шульте кестесі, пирамида әдісі, миды жаттықтыратын әдістемелер, визуализацияны дамыту, ойды басқару және мықты дисциплина. Миды сендіру керек дегенде, мысалы, аам өз-өзіне, жылдам оқуды арттыратын жаттығуларға сенбесе, ми шындығында шектеліп қалады. Мақсат белгісіз болса, орындалмайды. Нақты мақсаттармен жұмыс жасау маңызды. «Мен осындай нәтижеге қол жеткіземін, қолымнан келеді, жылдам оқу әлемде бар, бір адамның жасағанын екінші адам жасай алады» деген сияқты сөздермен жігерлендіріп, миды толық сендіру керек. Егер кітап оқуға шынайы қызығушылығыңыз болса, жылдам оқуды меңгеру оңай.

Минутына 3 мың сөз оқу арқылы күніне, аптасына және айына неше кітап оқисың? Бұл әдіспен осы уақытқа дейін қанша кітап оқыдың?

Мен көлемді бір кітапты екі-үш сағатта оқып шығамын. Осылайша, күніне бір кітап оқысам, бір аптада жеті-сегіз кітап оқып бітіремін. Негізінен, жаз айында бір түннің ішінде, яғни 6 сағатта тоқтаусыз 6 кітап оқып шыққанмын. Мен өзімді шектемеймін. Қанша кітап оқығым келсе, сонша кітапты тез оқып тастаймын. Әрі Тони Бьюзон, Карнелло әдістерімен анализ жасап, кітаптағы білімді ертесі күні қолданып, өміріме енгіземін.

Жылдам оқу бойынша осы уақытқа дейін 350-400-ге жуық кітап оқып бітірдім. Кітап оқимын деген адам оған әрқашан уақыт таба алады. Мен минутына  үш мың сөз оқуға үш ай үздіксіз жаттығу арқылы және ұстазымның қолдауымен жеттім. Әлі есімде, үйдегілерге «жылдам оқу курсына қатысайыншы» дегенде, «ол не керек, оны қайтесің» деп түсінбеді. Бірақ маған ол сөз әсер етпеді. Себебі мен кітап оқудың қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Әуелде «жылдам оқу мүмкін емес қой» деген сынды қорқыныш болды... Ми шындығында күш түскенін қаламайды. Қорғаныс қызметімен барынша қорғанады. Бірақ кейіннен жаттығу жасаудың арқасында ми кітап оқу арқылы демалатынын түсінді. Егер өзіме  сенбегенімде дәл қазіргі болмысымды қалыптастырмас едім. Өзімді танымай, теріс көзқараспен әлемді басқа реңкте көрер едім. Қазіргі мақсатым – минутына 5 мың, 10 мың сөз оқуға қол жеткізу.

Оқығандарыңның ішінде өзіңе ерекше әсер қалдырған кітаптарды және олардың авторларын атай аласың ба? Олар несімен тартымды болды және өзіңе сабақ болардай қандай ерекше ой түйдің? 

Маған  ерекше әсер қалдырған І.Есенберлин, С.Мұратбеков, М.Мағауин, Имам Хазалидің кітаптары, «Абай жолы» (М.Әуезов), «Қарғын» (Д.Исабеков), «Көгілдір кітап» (Л.Хей) «Ойлан да, байы» (Б.Трейси), «Эго-Дұшпан» (Д.Кехо), «Қуыскеуде», «Өмірге ғашық болу» (С.Керімбай), айта берсем, өте көп..Фантастикалық жанрдағы кітаптарды зерттегенім бар. Қазір классикалық жанрға қызығып жүрмін. Менің әлі оқысам деген кітаптарым өте көп. Алдағы үлкен мақсаттарымның бірі – бір жылда мың кітап оқу.

Осы кітаптардың арасында өмірге болмаса басқа бірдеңеге көзқарасыңды өзгерткен қандай да бір шығарма туралы әңгімелеп бере аласың ба?

Кітаптар мендегі мәселелерді анық сипаттайды және оны шешудің амалын көрсетеді. Мысалы, «Қарғын» романы, бір жағынан, махаббатты түсіндірсе, бір жағынан, әкелік, ағалық мейірімді сездірді. «Қарғын» кітабын оқығанға дейін отбасыммен арамыз біртүрлі болатын. Мен сол сәттерде әке мен аға махаббатына зәру едім. Өзімдегі қателікті түсініп, ағаммен, әкеммен қарым-қатынасымды түзедім. Кітаптардың сондай даналығына таңғаламын, бағалаймын. Білімсіз адам әр сөзіне сақ болуы керек. Ал білімдінің тіліне тоқтау салмай, ерік берілуі тиіс. «Біле-білсең, білімдінің сөзі жерге себілген су секілді. Су ақса, жер көгереді, нығмет өнеді. Білімсіздің көңілі шөлдің құмы секілді. Өзен суын әкеп құйса да, түк өнбейді» дейді Жүсіп Баласағұн «Құтты білікте».

«Арман адамның қанаты емес пе? Олай болса, неге бізер жеткен соң тәтті қиялға берілуге, ізгі мақсатты армандауға уақыт таппай қаламыз? Тіпті бос арман, құрғақ қиял деп әлі де жас балаша армандай алатын жандарды мазақ ететін кездеріміз де болады. Бір кезде адамға қанат жасап, аспанға ұшыруды армандаған жандарды: «Есі ауысқан екен», – деп тірідей отқа тастап, өртегені көнекөз тарихқа жақсы мәлім. Бірақ табиғаттың бүкіләлемдік ұлы заңдарын ашқандар сол «қияли жандар, есі ауысқандар» ғой. Онда біз неге бүгінгі арманшылдарға миығымыздан күліп қараймыз? Қазіргі қолда бар нәрсенің бәрі бір кезде тек адамдардың қиялында ғана болды емес пе?» дейді Немат Келімбетов «Үміт үзгім келмейді» атты шығармасында.

Мұндағы айтпағым, күнделікті күйбеңмен жүре бермей, жақсыны көруге, білуге ұмтылғанға, үйренуге тырысқанға не жетсін! 

Саған қай жанр көбірек ұнайды және не себепті?

Әдеби жанрдағы кітаптар ұнайды. Себебі ол адамның ішкі әлеміне үңіледі. Ондағы әр сөйлем жай сөз емес, жанға әсер ететін үн сияқты. Әдебиет шынайылықты бетке айтып салмайды, оны нәзік ишарамен жеткізеді. Сол үшін де оқыған сайын әр жолы өзіңді тереңірек түсіне бастайсың.

Маған әдеби жанрдың ұнайтыны – онда сезім бар, үнсіздік бар, ішкі арпалыс бар. Ол сұрақ қоюдан қорықпайды. Ол маған әлемді емес, адамды көрсетеді. Оның кейіпкерлері – идеал емес, нағыз тірі адамдар. Сол шынайылық мені баурайды. Бірақ барлық жанрдағы кітаптарды қатты оқығым келеді. Әдеби кітапты жан тыныштығы үшін оқысам, қазіргі заман талабына сай кітапты таңдап оқимын.

  Оқитын кітабыңды қалай таңдайсың?

Әуелі мазмұнына үйілемін. Беттеріне көз жіберіп өтемін. Ең қызығы, атауы ойландырып, өзіне тартып тұрады. Беттер санына назар аударамын. Соны қанша уақытта бітіре алатыныма мән беріп, екінші кітабымды басқа жанрдан таңдап алып оқимын.

Кітапты көбіне қандай форматта оқығанды ұнатасың?  Электронды ма әлде қағаз түріндегісін бе?

Кітапты көбінесе қағаз түрінде оқығанды ұнатамын. Сезініп, автордың жеткізер ойына үңіліп, пікір таластырып, кей тұстарын дәл сол сәтте өзіме түртіп аламын. Электрондық кітаптарды тек қатты оқығым келген кітаптар қолымда болмай, бірақ шыдамай, оқығым келген сәтте қолданамын. Кітабымды үйге қалдырып кеткен жағдайда, жолда жүргенде электронды нұсқасын ашып оқу маған өте ыңғайлы. Дегенмен қағаз кітап көзге пайдалы ғой.
Кітап оқу басқа шаруаларыңа, жұмыстарыңа кедергі болмай ма?

Жоқ, Кітап айналысатын істеріме, сабағыма мүлдем кедергі келдірмейді. Бес минуттың өзі маған кәдімгідей жеткілікті. Күнделікті таңертең бір немесе жарты сағатымды кітап оқуға арнап қоямын. Сондай-ақ бос болған сәттерімде, жоспарлаған нәрсем ерте бітіп қойған кезде оқу маған ерекше сезім сыйлайды. Оқып жатқан кітабымды сағынып, қайтадан қолыма алуға

Аудиокітаптарға қалай қарайсың? Сеніңше, ол да «кітап оқыған» болып есептеле ме?

Аудиокітаптарға жақсы көзқарастамын. Егер кітап оқуға шынында мүмкіндік болмаса, музыка орнына кітап тыңдаған керемет емес пе? Аудиокітап тыңдау да мен үшін кітап оқудың бір формасы. Тек үнемі аудиокітаппен жүру дегенді құптамаймын. Өзің оқыған әлдеқайда қолайлы.

Дәл қазір қандай кітап оқып жатырсың?

Қазір «Бриллиант Леди» (Е.Әбдіқадыр) мен «Үміт үзгім келмейді» (Н.Келімбетов) кітабын оқып жатырмын. Алда әлі оқитын шығармаларым өте көп. Өзімді қинап емес, нағыз жанның тыныштығын сыйлайтын кітап болғандықтан оқимын. Кеңесім: кітап оқыңыздар. Кітаптар да сіздерді күтеді. Отбасы, бала, мейірім, мотивация, қолдау, тәрбиелеу, барлық мәселенің жауабы кітапта. Мирас Кесебай айтқандай, «бір мәселең үшін үш кітап оқуға тиіссің».

Әңгімеңе рахмет, Әсем. Мақсатыңа жете беруіңе тілектеспіз.

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:45

17:44

17:21

17:08

16:30

16:27

16:08

15:43

15:17

15:11

15:11

15:09

15:03

14:59

14:45

14:38

14:34

14:32

14:29

14:21

14:12

13:44

13:43

13:40

13:29